Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

29-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Өз істеріңізге қуаныңыз!

Өз істеріңізге қуаныңыз!

“Әркім өз іс-әрекетін тексерсін, сонда өзін басқалармен салыстырмай, өз істеріне қуанады” (ҒАЛ. 6:4).

34-ӘН Мінсіздік жолымен жүру

АҢДАТПА *

1. Неліктен Ехоба бізді өзгелермен салыстырмайды?

ТАБИҒАТ әлеміне қарайтын болсақ, Ехобаның әртүрлілікті сүйетінін көреміз. Адамдар да әртүрлі, әрқайсысы — дара тұлға. Сондықтан Ехоба бізді ешқашан бір-бірімізбен салыстырмайды. Ол біздің жүрегімізге, ішкі дүниемізге назар аударады (Сам. 1-ж. 16:7). Сондай-ақ ол мықты тұстарымыз бен әлсіз тұстарымызды және қандай ортадан шыққанымызды ескереді. Ол бізден шамамыз келмейтінді талап етпейді. Біз де өзімізге Ехоба сияқты қарауды үйренуіміз керек. Сонда есті болып, өзіміз жайлы жоғары да, төмен де ойда болмаймыз (Рим. 12:3).

2. Неге өзімізді басқалармен салыстырмауымыз керек?

2 Бауырластардың жемісті қызмет етіп жүргендерін байқағанымыз жақсы, әрине (Евр. 13:7). Өйткені олардың үлгісіне қарап қызметімізді жақсарта аламыз (Філіп. 3:17). Алайда бауырласымызды үлгі ету бір басқа, өзімізді онымен салыстыру бір басқа. Салыстыру бойымызда қызғаныш оятуы, көңілімізді түсіріп, тіпті түкке тұрғысыз сезіндіруі мүмкін. Ал бауырластармен бақталасатын болсақ, алдыңғы мақаладан білгеніміздей, рухани күйреуіміз мүмкін. Сондықтан да Ехоба бізге былай деп кеңес береді: “Әркім өз іс-әрекетін тексерсін, сонда өзін басқалармен салыстырмай, өз істеріне қуанады” (Ғал. 6:4).

3. Сіз шындық жолындағы қандай жетістіктеріңізге қуанасыз?

3 Ехоба сіздің шындық жолындағы өз жетістіктеріңізге қарап қуанғаныңызды қалайды. Мысалы, шомылдыру рәсімінен өткеніңізде, керемет мақсатқа қол жеткіздіңіз. Бұл маңызды шешімді сіз Ехобаны сүйгендіктен жасадыңыз. Енді содан бері қалай рухани өскеніңізді ойлап көріңізші. Мысалы, Киелі кітапты сүйіп оқитын болдыңыз. Жеке зерттеуіңіз де тереңдей түсті. Дұғаларыңыз да мән-мағынаға толы (Зәб. 141:2). Қызметте адамдармен жақсы әңгіме бастап, Тәлім беру құралдарын да тиімді пайдаланатын болдыңыз. Егер отбасылы болсаңыз, Ехобаның көмегімен жақсы отағасы, жақсы әйел, жақсы ата-ана болуды үйренген шығарсыз. Сіз өмірдің әртүрлі салаларында жақсарып жатқаныңызға қуанып, қанағат сезіне аласыз.

4. Бұл мақала не жайлы болмақ?

4 Біз де бауырластарға өзін өзгелермен салыстырмай, өз жетістіктеріне қуануға көмектесе аламыз. Мысалы, ата-аналар балаларына, ерлі-зайыптылар бір-біріне, ақсақалдар мен басқа бауырластар қауымдағыларға қалай көмектесе алады? Өз жағдайымызға, өз қабілеттерімізге сай мақсаттар қоюға қандай принциптер көмектеседі? Бұл мақалада осы сұрақтарға жауап аламыз.

АТА-АНАЛАР МЕН ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАР НЕ ІСТЕЙ АЛАДЫ?

Ата-аналар, әр балаңыздың қосып жатқан үлесін бағалаңыз (5, 6-абзацты қараңыз) *

5. Ефестіктерге 6:4-ке сай, ата-аналар неден аулақ болу керек?

5 Ата-ана балаларын бір-бірімен салыстырудан және олардан шамасы келмейтінді талап етуден аулақ болу керек. Өйткені бұдан бала ызаланып не түңіліп кетуі мүмкін (Ефестіктерге 6:4 оқыңыз). Сахико * деген әйел бауырлас былай дейді: “Мектепте мұғалімдерім менің үздік оқушы болғанымды қалайтын. Анам да осыны талап ететін, өйткені бұл сенуші емес әкеме және мұғалімдеріме жақсы куәлік болады дейтін. Бұған қоса, анам емтихандарда ең жоғары бал алғанымды қалайтын. Бірақ мен үшін бұл мүмкін емес еді. Қазір мектепті бітіргелі біраз жыл өтті. Ехобаға барымды салып қызмет етсем де, ол маған риза ма екен деп уайымдаймын”.

6. Зәбүр 131:1, 2-дегі сөздерден ата-аналар не үйрене алады?

6 Зәбүр 131:1, 2-де (оқыңыз) ата-аналар үшін жақсы кеңес бар. Дәуіт патша: “Тым ұлы мақсаттарға ұмтылмаймын, Әлім жетпейтін іспен де айналыспаймын”,— деген. Кішіпейіл әрі қарапайым болғандықтан, оның жаны тыныш болған. Осы орайда ата-аналар Дәуітке еліктесе болады. Кішіпейіл де қарапайым ата-аналар өздерінен ғана емес, балаларынан да көп нәрсе талап етпейді. Олар балаларының мықты және әлсіз тұстарын ескеріп, оларға қолжетімді мақсаттар қоюға көмектесе алады. Марина деген әйел бауырлас былай деп есіне алады: “Анам мені ешқашан үш бауырыммен не басқа балалармен салыстырмайтын. Ол әрбір адамның өзіне тән қабілет-дарыны бар және барлығымыз Ехоба үшін бағалымыз деп үйрететін. Соның арқасында мен қазір өзімді өзгелермен салыстырмаймын”.

7, 8. Әйелін құрметтейтін күйеу қандай болады?

7 Мәсіхші күйеулер әйелдеріне құрмет көрсетулері керек (Пет. 1-х. 3:7). Әйелін құрметтейтін күйеу оны сыйлайды, бағалайды. Одан шамасы жетпейтін нәрсені талап етпейді. Сондай-ақ оны өзге әйелдермен салыстырмайды. Ал салыстырса, бұл әйеліне қалай әсер етеді? Роза деген бауырласымызды Куәгер емес күйеуі басқа әйелдермен көп салыстырады екен. Күйеуінің ауыр сөздерінен кейін, Роза өзіне деген сенімділігін жоғалтқан. “Мен Ехоба үшін бағалы екенімді қайта-қайта есіме түсіріп отыруым керек”,— дейді ол. Алайда мәсіхші күйеулер бұлай етпейді. Өйткені бұл әйелімен және Ехобамен қарым-қатынасына әсер ететінін жақсы түсінеді *.

8 Әйелін құрметтейтін күйеу ол туралы жақсы сөздер айтады, мақтайды, жақсы көретінін, бағалайтынын айтып отырады (Нақ. с. 31:28). Алдыңғы мақалада айтылған Катерина бауырластың күйеуі осылай етеді екен. Катеринаны кішкентай кезінде анасы басқа қыздармен, тіпті достарымен салыстырып, кемсіте берген. Катерина шындыққа келгеннен кейін де өзін өзгелермен салыстыратын болған. Содан өзіне деген қадір-қасиетін жоғалтқан. Бірақ мәсіхші күйеуі оған осы бейімділігімен күресуге және өзі туралы дұрыс ойда болуға көмектескен. Катерина былай дейді: “Күйеуім мені сүйеді, жақсы істерім үшін мақтап отырады әрі мен үшін дұға етеді. Сондай-ақ ол Ехобаның керемет қасиеттерін есіме салып тұрады әрі жағымсыз ойларға берілмеуге көмектеседі”.

ҚАМҚОР АҚСАҚАЛДАР МЕН ӨЗГЕЛЕР НЕ ІСТЕЙ АЛАДЫ?

9, 10. Өзін басқалармен салыстырып, маңызсыз сезінген әйел бауырласқа ақсақалдар қалай көмектесті?

9 Өзін өзгемен салыстыруға бейім бауырластарға ақсақалдар қалай көмектесе алады? Хануни деген әйел бауырласымыз бала кезінде мақтау сөз естімей өскен екен. “Мен өте ұялшақ болатынмын және өзімді басқа балалардан кем санайтынмын. Өзімді өзгелермен салыстыра беретінмін”,— дейді ол. Тіпті шындыққа келгеннен кейін де Хануни өзін басқа бауырластармен салыстырып, қауымға керексіз сезінген екен. Бірақ қазір ол бақытты әрі ізашарлық қызметін қуана атқарып жүр. Оған көзқарасын өзгертуге не көмектесті?

10 Хануниге қамқор ақсақалдар көмектесті. Олар оған сенім артып, тапсырмалар берді, адалдығы үшін мақтады. Хануни былай дейді: “Ақсақалдар менен бірнеше рет жігерге мұқтаж әйел бауырластарға көңіл бөлуді өтінді. Осындай кезде өзімнің қауымға керек екенімді сезінетінмін. Бірде ақсақалдар мені бірнеше жас қыз бауырласқа көмектескенім үшін мақтап, Салоникалықтарға 1-хат 1:2, 3-ті оқып берді. Сол кезде жүрегім елжіреп, өзімді шексіз бақытты сезіндім. Осындай тамаша бағушыларымның барына өте ризамын. Қазір мен Ехобаның ұйымындағы орнымды қатты бағалаймын”.

11. Бейшара әрі күйреген жандарға қалай көмектессек болады? (Ишая 57:15)

11 Ишая 57:15 оқыңыз. Ехоба “бейшараның рухын, күйрегендердің жүрегін” жандандырғысы келеді. Осындай бауырластарымызды тек ақсақалдар ғана емес, бәріміз де жігерлендіре аламыз. Мұның бір керемет жолы — оларға көңіл бөлу. Ехоба осы асыл жандарды жақсы көретінін біз арқылы көрсеткісі келеді (Нақ. с. 19:17). Сондай-ақ біз осындай бауырластармен араласқанда кішіпейіл әрі қарапайым болғымыз келеді. Өйткені өз қабілеттерімізбен мақтанып, өзімізге назар аударсақ, олардың бойында қызғаныш тууы мүмкін. Одан да білімімізді, қабілетімізді бір-бірімізді жігерлендіру үшін қолданайық (Пет. 1-х. 4:10, 11).

Иса ешқашан өзін өзгелерден жоғары ұстамаған. Шәкірттері оның қасында өздерін еркін сезінген. Ол достарымен араласып, мәз-мейрам болып отыр (12-абзацты қараңыз)

12. Қарапайым адамдар Исаны не үшін жақсы көрген? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

12 Исаның өз ізбасарларына қалай қарағанынан біз көп нәрсе үйрене аламыз. Ол жер бетінде өмір сүрген ең ұлы тұлға болса да, “жұмсақ әрі кішіпейіл” болған (Мат. 11:28—30). Ол тірі жанның ешбірінде жоқ білімі мен даналығын көрсетіп мақтана алар еді. Бірақ ол қарапайым адамдардың жүрегіне жақын тілде сөйлеп, олар бірден ұғатын мысалдар келтірген (Лұқа 10:21). Өркөкірек діни жетекшілерден айырмашылығы, Исаның алдында адамдар өздерін Құдай үшін бағалы екендерін сезінген (Жох. 6:37). Иса қадір-қасиеттерін көтеріп, оларға құрметпен қараған.

13. Исаның шәкірттеріне деген мейірімділігі мен сүйіспеншілігі неден көрінді?

13 Иса шәкірттеріне мейіріммен қарайтын, сүйіспеншілік танытатын. Олардың қабілеттері де, жағдайлары да әртүрлі екенін ескеретін. Иса бір шәкірттің істегеніне басқасының шамасы келмейтінін, барлығы бірдей көлемде қызмет ете алмайтынын жақсы түсінген. Ол әрбір шәкіртінің жан-тәнімен атқарған қызметін бағалаған. Оның шәкірттеріне түсінікпен қарайтынын талант туралы келтірген мысалынан байқаймыз. Мысалда қожайын құлдарының әрқайсысына “қабілетіне қарай” жұмыс тапсырады. Кейін екі құлдың біреуі көбірек табыс түсіреді. Бірақ қожайындары екеуін де: “Жарайсың, жақсы да адал құл!”— деп бірдей мақтайды (Мат. 25:14—23).

14. Өзгелермен қарым-қатынасымызда Исаға қалай еліктесек болады?

14 Иса бізге де сүйіспеншілікпен, мейіріммен қарайды. Ол әрқайсысымыздың қабілетіміз, жағдайымыз әртүрлі екенін ескереді және бар күшімізді салып жатқанымызға қуанады. Біз де өзге бауырластарға Иса сияқты қарауымыз керек. Бауырластар біздің қасымызда өздерін лайықсыз сезінгенін, біз сияқты қызмет етпей жатқандарына ұялып, қысылғандарын қаламаймыз. Қайта, біз оларды Ехобаға ең жақсыларын беріп жатқандары үшін мақтағымыз келеді.

ҚОЛЖЕТІМДІ МАҚСАТТАР ҚОЙЫҢЫЗ

Қолжетімді мақсаттар қойып, өз жетістігіңізге қуаныңыз (15, 16-абзацты қараңыз) *

15, 16. Бір әйел бауырлас қандай қуанышқа кенелді?

15 Рухани мақсаттар өмірімізді мән-мағынаға толтырып, бізді алға ұмтылдырады. Бірақ біз өзгелер қойған мақсатқа ұмтылмаймыз. Керісінше, өз жағдайымызды, өз қабілеттерімізді ескеріп мақсат қоямыз. Өйткені шамамыз келмейтін нәрсеге ұмтылып, содан көңіліміз түсіп, жігеріміз жасығанын қаламаймыз (Лұқа 14:28). Қазір Мидори деген ізашардың мысалын қарастырайық.

16 Мидоридің әкесі — Куәгер емес. Ол оны бала кезінде інісімен, сіңлісімен және сыныптастарымен салыстырып, кемсітетін болған екен. “Мен өзімді адам құрлы сезінбейтінмін”,— дейді Мидори. Бірақ есейе келе оның өзіне деген құрметі арта бастады. Ол былай дейді: “Киелі кітапты күнде оқығанымның арқасында жүрегімде тыныштық пайда болды және Ехоба мені сүйетінін сезе бастадым”. Сондай-ақ Мидори алдына шамасы жететін мақсаттар қойып, соларға жету үшін нақты дұға айтты. Нәтижесінде өз жетістіктеріне қуанды.

ӘРІ ҚАРАЙ ДА ЕХОБАҒА ЕҢ ЖАҚСЫҢЫЗДЫ БЕРЕ БЕРІҢІЗ

17. “Ой-санамызды әрекетке талпындыратын күшті жаңарта беруге” не көмектеседі және мұның нәтижесі қандай болады?

17 Жағымсыз ойлар мен сезімдер бір күнде жоқ болып кетпейді. Сондықтан Ехоба бізге: “Ой-саналарыңды әрекетке талпындыратын күшті жаңарта беріңдер,— дейді (Ефес. 4:23, 24). Бұл үшін дұға етуіміз, Құдай Сөзін зерттеуіміз және ой жүгіртуіміз керек. Осы істерді үзбей атқарыңыз және Ехобадан күш сұраңыз. Ол сізге киелі рухын беріп, өзіңізді өзгелермен салыстырмауға көмектеседі. Сондай-ақ бойыңызда қызғаныш немесе менмендік сияқты жаман қасиеттер пайда болса, Ехоба оларды дереу байқауға және арылуға көмектеседі.

18. Шежірелер 2-жазба 6:29, 30-дағы сөздер бізге қандай жұбаныш береді?

18 Шежірелер 2-жазба 6:29, 30 оқыңыз. Ехоба біздің жүрегімізді көреді. Осы дүниенің рухымен және өз кемелсіздігімізбен күресіп жүргеніміз де оған мәлім. Ехоба осындай жағымсыз әсерлерге берілмеу үшін қаншалықты күш салып жүргенімізді көргенде, бізді одан сайын жақсы көріп кетеді.

19. Ехобаның бізге деген сезімі қандай? Мысал келтіріңіз.

19 Ехоба бізге деген сезімін ананың сәбиіне деген сезіміне теңейді (Ишая 49:15). Рейчел деген бауырластың сөзіне назар аударайық. “Менің қызым Стефани шала туылды. Ол өте кішкентай әрі дәрменсіз еді. Стефани бір ай бойы инкубаторда жатқанда, дәрігерлер оны күнде құшағыма алып тұруыма рұқсат берді. Сол сәттердің арқасында біз бір-бірімізге байланып, ерекше жақын болып кеттік. Қазір Стефанидің жасы алтыда. Бірақ ол өз қатарластарынан әлдеқайда кішкентай. Мен оны сонда да жақсы көремін, өйткені оның өмір үшін қалай күрескенін жақсы білемін. Ол менің өмірімді қуанышқа толтырды”. Ехоба бізді осындай ана сияқты жақсы көреді. Өйткені оған жан-тәнімізбен қызмет ету үшін қалай күресіп жүргенімізді біледі. Бұл бізге зор жұбаныш береді емес пе?!

20. Ехобаға қызмет ететіндіктен сізде қуануға қандай себеп бар?

20 Сіз Ехобаға қызмет етіп жатқандықтан, оның отбасының дара әрі бағалы мүшесісіз. Ол сізді өзгелерден артық болғандықтан шындыққа жақындатып тартқан жоқ. Ол жүрегіңізге қарап, момын әрі одан үйренуге дайын екеніңізді көрді де, өзіне жақындатып тартты (Зәб. 25:9). Оған қызмет етуге барыңызды салып жүргеніңізді ол қатты бағалайды. Сіздің табандылығыңыз бен адалдығыңыз “жүрегіңіздің таза да ізгі” екенінің дәлелі (Лұқа 8:15). Ендеше, оған бар жақсыңызды беруге күш сала беріңіз. Сонда өз ісіңізге қарап қуанатын боласыз.

38-ӘН Құдай саған күш береді

^ 5-абзац Ехоба ешқашан бізді өзгемен салыстырмайды. Бірақ кейде біз өзімізді өзгелермен салыстырып, өз-өзімізге көңіліміз толмай, ұнжырғамыз түсіп жатады. Бұл мақалада өзімізді салыстыру неліктен зиян екенін қарастырамыз. Сондай-ақ отбасымыздағылар және қауымдағылар өз-өздеріне Құдайдың көзімен қараулары үшін, біз не істей алатынымызды талқылаймыз.

^ 5-абзац Кейбір есімдер өзгертілген.

^ 7-абзац Бұл ойлар күйеуге қатысты айтылса да, мұндағы көп принциптер әйелдерге де қатысты.

^ 58-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Отбасылық ғибадат кезінде ата-анасы Нұхтың кемесін соғуға қатысып отырған әрбір баласы үшін қуанып отыр.

^ 62-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Кішкентай баласы бар бір жалғызбасты ана қосалқы ізашар болып қызмет ету үшін жоспар құрып жатыр, кейін ол сол қызметті атқара алғанына қуанды.