Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Білім мен байлық кемел келешектің кепілі ме?

Білім мен байлық кемел келешектің кепілі ме?

Көптің ойынша, жоғары білімің, мол байлығың болмаса, кемел келешекке жете алмайсың. Олар жоғары оқу орнын бітірген адам жақсы жұмысшы, қоғамға да, өз отбасына да пайдасы тиетін адам болады деп ойлайды. Сондай-ақ олар жақсы білімі бар адам жақсы ақша табады, ал жақсы ақша тапса, бақытты өмір кешеді деп ойлайды.

КӨПТІҢ ТАҢДАУЫ

Қытайлық Чжан Чэнь деген ер кісі былай дейді: “Мен кедейліктен құтылудың жалғыз жолы диплом алу деп ойладым. Сонда ғана табысты жұмыс тауып, қамсыз, бақытты өмір кешемін деп сендім”.

Көп адам жақсы өмір іздеп, атақты университеттерде оқуға ұмтылады, тіпті сол үшін шетел асып кетеді. Шетелде оқу үрдісі COVID-19 шегараларға шек қойғанша шарықтап тұрды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының 2012 жылғы есебіне сай, “шетелде оқып жатқан студенттердің 52% азиялықтар екен”.

Ата-аналар “балаларым шетелде оқысыншы” деп тынбай күндіз-түні жұмыс істейді. Тайвандық Цзян былай дейді: “Өздері шалқып өмір сүрмесе де, ата-анам үйдегі төртеумізді де Құрама Штаттардағы колледжіге түсірді”. Цзянның ата-анасы сияқты басқа ата-аналар да балаларының оқуын төлеу үшін әбден қарызға батқан.

ҮМІТТЕРІ АҚТАЛДЫ МА?

Білім мен байлық қуғандардың жиі көңілі қалады

Білімнің пайдасы бар екені рас. Бірақ білім алған студенттердің үміттері ақтала бермейді. Оқудың ақшасын төлеу үшін олар сонша жыл тер төгіп, қарызға батады, бірақ көбі өздері қалағандай жұмыс таппайды. Сингапурдағы “Бизнес Таймс” газетінің журналисі Рэйчел Муи былай деген: “Дипломы бар, бірақ жұмысы жоқ түлектер күн санап көбейіп жатыр”. Доктор дәрежесі бар тайвандық Цзян-Цзе былай дейді: “Көбісі мамандығына еш қатысы жоқ жұмысқа келісуге мәжбүр”.

Мамандықтары бойынша жұмыс тапқандардың да үміттері ақталып жатқан жоқ. Ұлыбританияда оқып, Тайландқа қайтып келген Ниран мамандығы бойынша жұмыс тапқан. Ол былай дейді: “Дипломның арқасында ақшасы көп жұмысқа тұрдым. Бірақ ақшасы жоғары жұмыстың талабы да жоғары. Оған көп күш пен уақыт кетеді. Бірде компанияда қысқарту болып, жұмыстан шығып қалдым. Сонда түсінгенім — болашағымды көркейтеді деп ешбір жұмысқа үміт артуға болмайды екен”.

Баршылықта өмір сүріп жатқан байлардың өзін қиындықтар айналып өтпейді. Олардың да отбасында қиындықтар туындайды, денсаулықтары сыр береді, тіпті ақшаны да уайымдайды. Жапондық Кацутоши былай дейді: “Ақшам болса да, бақытсыз едім. Өйткені басқалар мені көре алмайтын, қастандық ойлайтын”. Ал вьетнамдық Лам деген әйел: “Көп ақша табу үшін өліп-талып жұмыс істейтіндерді білемін. Олар уайым-қайғысыз өмір кешеміз деп ойлайды. Бірақ, керісінше, уайымға батып, денсаулықтары құрып, тозып жатады”,— дейді.

Өмірде білім мен байлық қуудан да артық нәрселер бар екенін Франклин ғана емес, көп адам түсінген. Олар жақсы адам болсаң, басқаларға жақсылық жасасаң, болашағың жақсы болады деп ойлайды. Бірақ бұл солай ма? Келесі мақала сол жайлы болмақ.