Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба оны “досым” деп атаған

Ехоба оны “досым” деп атаған

“Ал сен, уа, Исраил, менің қызметшімсің, Уа, өзім таңдап алған Жақып, Досым Ыбырайымның ұрпағы” (ИШАЯ 41:8).

ӘНДЕР: 91, 22

1, 2. a) Адам баласы Құдаймен дос бола алатынын қайдан білеміз? ә) Бұл мақалада біз нені қарастырамыз?

ДҮНИЕ ЕСІГІН ашқаннан қара жердің қойнына кіргенше, біз сүйіспеншілікке мұқтажбыз. Адам баласы махаббатпен қатар, жақын әрі сүйіспеншілікке толы достықты қажет етеді. Алайда бізге ең керегі — Ехобаның сүйіспеншілігі. Бірақ Құдай көзге көрінбейтін әрі құдіретті болғандықтан, жұмыр басты пенде онымен жақын дос бола алады дегенге бүгінде көп адам сенбейді. Ал біз олай ойламаймыз.

2 Киелі кітапта Құдаймен дос болған адамдар туралы жазылған. Біз оларды үлгі тұтуымыз керек. Неліктен? Себебі Құдаймен достасу — өміріміздегі ең басты мақсат-мұратымыз. Қазір Құдайдың досы болған Ыбырайымның мысалын қарастырайық (Жақып 2:23 оқыңыз). Ол қалай Құдайдың жақын досы бола алды? Бұл достыққа қазық болған оның Құдайға деген сенімі еді. Сондықтан Ыбырайым “сенімі арқылы әділ деп есептелетіндердің бәрінің түп атасы” деп аталған (Римдіктерге 4:11). Оның мысалын қарастыру барысында әрқайсысымыз келесі сұрақтарды ой елегінен өткізсек болады: Ыбырайымның сенімін қалайша үлгі ете аламын? Ехобамен достығымды қалай нығайтуға болады?

ҚАЛАЙ ЫБЫРАЙЫМ ЕХОБАНЫҢ ДОСЫ БОЛА АЛДЫ?

3, 4. a) Ыбырайымның сенімі сыналған ең ауыр кезді сипаттап беріңіз. ә) Неге Ыбырайым Ысқақты құрбандыққа шалуға дайын болды?

3 Жасы шамамен 125-ке келген Ыбырайымның аяғын сылбыр басып, тауға көтеріліп бара жатқанын елестетіп көріңізші [1] (8-беттегі сілтемені қараңыз). Артында 25-тердегі ұлы Ысқақ келе жатыр. Ол отын арқалап алған, ал әкесінде пышақ пен от жағуға қажетті заттар бар. Сірә, бұл Ыбырайымның өміріндегі ең ауыр сапар болса керек! Бірақ бұның себебі кәрілік емес-тін. Оның күш-қайраты әлі де мол еді. Сапарын қиындатқан жайт: Ехоба оған өз ұлын құрбандыққа шалуды айтқан болатын! (Мұсаның 1-жазбасы 22:1—8).

Ыбырайым соқыр сенімнің жетегінде кетіп, Құдайға ойланбай мойынсұна салған жоқ

4 Бұл Ыбырайымның сенімі сынға алынған ең ауыр кез болған шығар. Кей адамдар одан ұлын құрбандыққа шалуды талап еткен Құдайды қатыгез деп жатады. Ал басқа біреулер ұлын құрбандыққа шалуға дайын болған Ыбырайымды баласын сүймеді деп ойлайды. Адамдардың бұлай дейтін себебі — олардың шынайы сенімі жоқ, әрі олар шынайы сенімнің не екенін білмейді, оның неден көрініс табатынын да түсінбейді (Қорынттықтарға 1-хат 2:14—16). Ыбырайым соқыр сенімнің жетегінде кетіп, Құдайға ойланбай мойынсұна салған жоқ. Оның шынайы сенімі болды, сондықтан ол Құдайдың айтқанын бұлжытпай орындады. Ехоба ешқашан орны толмастай залал келтіретін нәрсені талап етпейтінін ол білді. Сондай-ақ айтқанына мойынсұнса, Ехоба оның өзіне де, сүйікті ұлына да батасын төгетінін білді. Ыбырайымның мұндай берік сеніміне не арқау болды? Білімі мен бастан кешкен жайттары.

5. Ыбырайым Ехоба жайлы қайдан білген болуы мүмкін және білгендері оған қалай әсер етті?

5 Білімі. Ыбырайым Ур қаласында өсіп ержеткен. Ондағы жұрт жалған құдайларға табынатын, олардың арасында Ыбырайымның әкесі де болған (Ешуа 24:2). Олай болса, Ыбырайым Ехоба жайлы қайдан білді? Киелі кітап Нұхтың ұлы Шам Ыбырайымның туысы болғанын мәлім етеді. Ол Ыбырайым шамамен 150-ге келгенше өмір сүрген. Шам сенімі өте мықты кісі болған, сондықтан Ехоба жайлы өз туыстарына айтып берсе керек. Кесіп айту қиын, бірақ Ыбырайым Ехоба жайлы содан естіп білген болуы мүмкін. Осы білімнің арқасында оның Ехобаға деген сүйіспеншілігі оянып, сенімінің негізі қаланды.

6, 7. Басынан кешкен жайттары Ыбырайымның сенімін қалай нығайтты?

6 Бастан кешкен жайттары. Ыбырайымға Ехобаға деген сенімін нығайтуға басынан кешкен қандай жайттар септігін тигізді? Әдетте ойлар сезімге әсер етеді, ал сезім іс-әрекетке талпындырады деп жатады. Құдай жайлы білгендері Ыбырайымның бойында терең сезім, яғни “көк пен жердің Жаратушысы Алла Тағала Ехобаға” деген терең құрмет оятқан (Мұсаның 1-жазбасы 14:22). Киелі кітапта мұндай терең құрмет “Құдайдан қорқу” деп аталады (Еврейлерге 5:7). Мұндай қорқыныш Құдаймен жақын дос болу үшін аса қажет (Зәбүр 25:14). Дәл осы сезім Ыбырайымды Ехобаның тілін алуға талпындырған.

7 Бірде Құдай Ыбырайым мен Сараға Урдағы үйлерін тастап, бөтен елге көшуді тапсырды. Егде тартқан олар енді қалған өмірін шатырларда өткізбек еді. Алда талай қауіп-қатерге кезігетінін білсе де, Ыбырайым Ехобаға мойынсұнуға бел буды. Осындай мойынсұнғыш болғаны үшін Құдай оған батасын беріп, қорғап жүрді. Мысалы, сұлу әйелі Сара патша сарайына алдырылып, Ыбырайымның өмірі қыл үстінде тұрғанда, Ехоба керемет жасап, екеуін де бірнеше рет қорғап қалды (Мұсаның 1-жазбасы 12:10—20; 20:2—7, 10—12, 17, 18). Басынан өткен бұл жайттар Ыбырайымның сенімін нығайта түсті.

8. Ехобамен достығымызды қалай нығайта аламыз?

8 Біз де Ехобаның жақын досы бола аламыз ба? Әлбетте! Бұл үшін Ыбырайым сияқты, Ехоба жайлы білуіміз керек. Мұндай білім мен Құдайдың адал қызметшілерінің бастан өткерген оқиғаларын Киелі кітаптан таба аламыз. Ыбырайымда болмаған көп нәрсе біз үшін қазіргі таңда қолжетімді (Даниял 12:4; Римдіктерге 11:33). Киелі кітапта “көк пен жердің Жаратушысы” жайлы білім ағыл-тегіл. Ондағы білім бізді Ехобаны жақсы көруге және оны терең құрметтеуге талпындырады. Мұндай сүйіспеншілік пен терең құрмет, өз кезегінде, Құдайға мойынсұнуға қозғау салады. Ал мойынсұнған кезде біз оның қалай қорғап, батасын беретінін өз өмірімізде көреміз, бұдан сеніміміз нығая түседі. Ехобаға шын жүректен қызмет етер болсақ, қанағат, тыныштық пен қуаныш сезінеміз (Зәбүр 34:8; Нақыл сөздер 10:22). Ехоба жайлы көп білім алып, өмірімізде оның батасын көрген сайын, онымен достығымыз берік бола түседі.

ЫБЫРАЙЫМ ЕХОБАМЕН ДОСТЫҒЫН ҚАЛАЙ САҚТАДЫ?

9, 10. a) Достық нығая беру үшін не істеу қажет? ә) Ыбырайымның Ехобамен достығын аялап, күтіп-баптағаны неден көрінеді?

9 Шын достық — асыл қазына, сондықтан оны “әрқашан” сақтауымыз керек (Нақыл сөздер 17:17 оқыңыз). Достық тек сән үшін тұрған қымбат ваза сияқты емес. Ол суарып, баптап тұруды қажет ететін әсем тірі гүл іспетті. Ыбырайым Ехобамен достығын аялап, күтіп-баптаған. Ол мұны қалай істеді?

Достық суарып, баптап тұруды қажет ететін әсем тірі гүл іспетті

10 Ыбырайым әрі қарай да Құдайдан қорқып, оған мойынсұнып өмір кешті. Мысалы, үй ішімен және қызметшілерімен бірге Қанахан жеріне жол тартқанда, ол үлкенді-кішілі мәселелердің бәрінде Ехобадан басшылық сұрап отырды. Ысқақтың туылуынан бір жыл бұрын, яғни Ыбырайым 99 жаста болғанда, Ехоба оның үйіндегі барлық еркек кіндіктілердің сүндетке отыруын талап етті. Сонда ол Ехобаның бұл тапсырмасын біртүрлі көрді ме, я болмаса одан жалтаруға тырысты ма? Жоқ. Ол Ехобаға сенім артып, “тап сол күні” оның айтқанын орындады (Мұсаның 1-жазбасы 17:10—14, 23).

11. Неге Ыбырайым Содом мен Ғомораны уайымдады және Ехоба оған қалай көмектесті?

11 Ыбырайым үнемі, тіпті кішкентай істе де, Ехобаға мойынсұнғандықтан, олардың достығы нығайған үстіне нығая берді. Ол көкейінде жатқан кез келген нәрсені, маза бермеген қиын мәселелерді де, Ехобаға ақтарып айта алған. Бірде Ехоба Содом мен Ғомора қалаларын жоятынын мәлімдегенде, ол уайымдап кетті. Өйткені зұлым адамдармен бірге жақсы адамдар құрып кетеді деп қорықты. Бәлкім, ол Содом қаласында тұрып жатқан немере інісі Лұт пен оның отбасын уайымдаған шығар. Қалай болған күнде де, ол “бүкіл әлемнің Төрешісі” Ехобаға сенім артып, оған сол уайымын кішіпейілділікпен айтты. Ехоба досын шыдамдылықпен тыңдап, өзінің мейірімді екенін көрсетті. Ол Ыбырайымға тіпті үкімін жүзеге асырғанда да жақсы адамдарды тауып, құтқарып қалатынын түсіндірді (Мұсаның 1-жазбасы 18:22—33).

12, 13. a) Білімі мен бастан кешкен жайттары Ыбырайымға кейінірек қалай көмектесті? ә) Ыбырайымның Ехобаға сенімді болғаны неден көрінеді?

12 Иә, Ыбырайымның бар білімі мен бастан кешкен жайттары Ехобамен достығын берік етіп сақтауға көмектескені анық. Кейінірек Ехоба оған өз ұлын құрбандыққа шалуды айтқанда, ол оның шыдамды да мейірімді, сенім артуға тұрарлық әрі қорғаушы Құдай екенін есте ұстады. Ол Ехобаның әп-сәтте өзгеріп, қатыгез не жауыз болып кетпегеніне нық сенімді болды. Неге бұлай деуімізге болады?

13 Ыбырайым жанындағы қызметшілерін жолда қалдырып, оларға былай деді: “Сендер есекпен осында қалыңдар. Балам екеуіміз ана жаққа барып, Құдайға ғибадат етіп келеміз” (Мұсаның 1-жазбасы 22:5). Мұнымен ол не дегісі келді? Ұлын құрбандыққа шалатынын біле тұра, Ысқақпен қайтып келетінін айтып, қызметшілерін алдады ма? Жоқ. Киелі кітапта Ыбырайым Ехобаның Ысқақты тірілте алатынын білгені жазылған (Еврейлерге 11:19 оқыңыз). Әйелі Сара екеуінің қартайған шағында балалы болғандары Ехобаның құдіреті екенін ол жақсы білген (Еврейлерге 11:11, 12, 18). Сондықтан Ехобаның қолынан бәрі келетінін түсінген. Ыбырайым сол күні не болатынын білген жоқ. Бірақ Ехоба өз уәделерін орындау үшін, қажет болса, Ысқақты қайта тірілтіп алатынына сенімді болған. Міне, сол себептен де Ыбырайым “сенімі арқылы әділ деп есептелетіндердің бәрінің түп атасы” деп аталған.

Ехоба өз уәделерін орындау үшін, қажет болса, Ысқақты қайта тірілтіп алатынына Ыбырайым сенімді болған

14. Құдайға қызмет етуде қандай қиындықтарға кезігіп жүрсіз және бұл ретте Ыбырайымның үлгісі қалай көмектесуі мүмкін?

14 Әрине, бүгінде Ехоба бізден балаларымызды құрбандыққа шалуды талап етпейді. Алайда бізден талап ететіні — өсиеттеріне мойынсұну. Кейде сол өсиеттерді не үшін орындауымыз керектігін түсінбеуіміз мүмкін, я болмаса оларды орындау қиынға соғатын шығар. Бұл жайт сізге де таныс па? Мысалы, кейбіреулерге уағызға шығу қиынның-қиыны болар. Ұялшақ болғандықтан, оларға бейтаныс адамдармен әңгімелесу оңай емес шығар. Ал тағы біреулер жұмыста не мектепте елден ерекше болудан қорқар (Мұсаның 2-жазбасы 23:2; Салоникалықтарға 1-хат 2:2). Құдайдың қандай да бір талабы сіз үшін бағынбас белестей көрінсе, сенім мен батылдық танытқан Ыбырайымның керемет үлгісі жайлы ойланыңыз. Адал ерлер мен әйелдердің үлгілері жайлы ойланғанымыз оларға еліктеуге талпындырып, Досымыз Ехобаға жақындата түседі (Еврейлерге 12:1, 2).

БАТАҒА БӨЛЕЙТІН ДОСТЫҚ

15. Ыбырайым Ехобаға қалтқысыз мойынсұнғанына еш өкінбеді деп неге сеніммен айта аламыз?

15 Ыбырайым Ехобаға қалтқысыз мойынсұнғанына өкінді ме? Әрине, жоқ. Киелі кітапта оның “мағыналы да ұзақ ғұмыр кешкені” айтылған (Мұсаның 1-жазбасы 25:8). 175 жасында ол өткен өміріне көз жіберіп, қанағат сезінген. Өйткені Ыбырайым үшін дүниеде ең маңыздысы Ехобамен достығы еді. “Мағыналы да ұзақ ғұмыр кешкен” Ыбырайым болашақта мәңгі өмір сүруді қалады.

16. Ыбырайым жұмақта қандай қуанышқа кенеледі?

16 Киелі кітапта Ыбырайым жайлы: “Ол сәулетшісі де, құрылысшысы да Құдайдың өзі болған, іргетасы берік қаланған қаланы күтті”,— делінген (Еврейлерге 11:10). Ыбырайым күндердің күнінде сол қаланы, яғни Құдай Патшалығын, көретініне сенген. Иә, жер бетіне билік жүргізіп жатқан сол қаланы ол көреді де! Ыбырайымның жердегі жұмақта өмір сүріп, әрі қарай да Құдаймен достығын нығайтып, шат-шадыман боп жүргенін көз алдыңызға елестетіңізші. Өзінің сенімі Ехобаның басқа да қызметшілеріне мыңдаған жыл бойы үлгі болғанын естігенде, қуанышында шек болмас! Жұмақта ол Мория тауындағы құрбандығы әлдеқайда зор құрбандықтың нышаны болғанын біледі (Еврейлерге 11:19). Сондай-ақ ол ұлын құрбандыққа шалуға дайындап жатқанда сезінген жан қайғысы кейін миллиондаған адал адамға Ехобаның жалғыз Ұлын, Иса Мәсіхті, төлем ретінде құрбан еткенде не сезінгенін түсінуге көмектескенін естиді (Жохан 3:16). Ыбырайымның үлгісі әлемдегі ең зор сүйіспеншіліктің көрінісі болып табылатын төлем құрбандығына деген ризашылығымызды арттыра түседі емес пе?!

17. Сіз не істеуге бел будыңыз және келесі мақалада не талқыланады?

17 Әрқайсысымыз Ыбырайымның сенімін үлгі тұтуға бел буайық. Біз де Ехоба жайлы әрі қарай да білім алып, оған мойынсұна берсек, оның қалай батасын беріп, қорғап жатқанын өз өмірімізде көреміз (Еврейлерге 6:10—12 оқыңыз). Ендеше, Ехоба мәңгілік Досымыз болғай! Келесі мақалада Құдайдың жақын досы болған тағы да үш адал адамның мысалын қарастырамыз.

^ [1] (3-абзац) Ыбырайым мен Сараның бұрынғы есімдері Ыбырам мен Сарай болатын. Бірақ бұл мақалада Ехобаның оларға кейіннен берген есімдері қолданылды.