Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехобаға қуанышпен қызмет ете берейік!

Ехобаға қуанышпен қызмет ете берейік!

ӨМІРІҢІЗДЕГІ ең бақытты күнді еске алыңызшы. Бұл неке құрған күніңіз бе, әлде сәбилі болған күніңіз бе? Жоқ әлде, шомылдыру рәсімінен өткен күніңіз шығар? Иә, сол күннің сіз үшін ең маңызды әрі ең қуанышты болғанында сөз жоқ. Бауырластар да сіздің Құдайды бар жүрегіңізбен, бүкіл жан-тәніңізбен, барлық ақыл-ойыңызбен және бар күш-қуатыңызбен сүйетініңізді көріп, қатты қуанды (Марқа 12:30).

Содан бері Ехобаға қызмет етіп, талай қуанышты күндерді бастан өткерген боларсыз. Алайда жариялаушылардың кейбірі осындай қуаныштарынан айырылып жатқан тәрізді. Мұның себебі неде? Ехобаға қуанышпен қызмет ете беруге қандай себептер бар?

НЕГЕ КЕЙБІР БАУЫРЛАРСТАР ҚУАНЫШЫН ЖОҒАЛТҚАН?

Патшалық туралы хабар бізді зор шаттыққа бөлейді. Өйткені Ехоба Патшалық арқылы осы зұлым дүниені жойып, орнына жаңа дүние орнататынын уәде етеді. Софония 1:14-ке сай, “Ехобаның ұлы күні жақын! Ол күн жақын, тез жақындап келеді!” Бірақ бұл күнді өзіміз ойлағаннан ұзағырақ күтсек, қуаныш оты сөне бастауы мүмкін. Ақырында Құдайға деген қызметіміз де “ақсаңдай” бастауы ғажап емес (Нақыл сөздер 13:12).

Бауырластармен бірге уақыт өткізгенде, Ехобаға қуанышпен қызмет етуге ықыласымыз артады. Бәлкім, Ехобаның халқының үлгілі жүріс-тұрысы шынайы ғибадатты бізге тартымды етіп, Құдайға қуана қызмет етуге қозғау салған шығар (Петірдің 1-хаты 2:12). Бірақ бауырластардың бірі Құдайдың талаптарын бұзып, оған жазалау шаралары қолданылып жатса ше? Бұл қауымдағы кейбіреулердің көңіліне қаяу түсіріп, қуаныштарын ұрлауы мүмкін.

Бізді қуаныштан айыратын жайттардың тағы бірі — дүниеқұмарлық. Шайтанның дүниесі бізді өзімізге шын мәнінде қажет емес нәрселерді де сатып алу керек дегенге сендіргісі келеді. Сондықтан Исаның келесі сөздерін естен шығармайық: “Ешкім екі қожайынға бірдей құл бола алмайды. Олай еткен күнде біреуін жек көріп, екіншісін жақсы көреді, немесе біріне адал болып, екіншісіне немкетті қарайды. Сендер Құдайға және байлыққа бірдей қызмет ете алмайсыңдар” (Матай 6:24). Рас, осы дүниенің әрбір қызығына жармасып жүріп, Ехобаға қуанышпен қызмет ете алмаймыз.

ҚУАНЫШҚА ТОЛЫ ҚЫЗМЕТ

Ехобаны жақсы көретін адам оған қызмет етуді ауыр жүк санамайды (Жоханның 1-хаты 5:3). Исаның келесі сөздерін еске түсірейікші: “Бейнет шеккендер мен еңселерін ауыр жүк басқандар, барлығың да маған келіңдер, мен жандарыңды сергітемін. Мойынтұрығымды алып, менен үйреніңдер, өйткені мен жұмсақ әрі кішіпейілмін. Сонда жандарың сергиді. Себебі мойынтұрығым ыңғайлы, жүгім жеңіл” (Матай 11:28—30). Расында да, шынайы мәсіхші болу адамның жанын сергітеді әрі қуанышқа бөлейді. Ехобаға қуанышпен қызмет етуге себеп көп. Қазір солардың үшеуін қарастырайық (Абақұқ 3:18).

Біз өмір беруші әрі бақытты Құдайға қызмет етеміз (Елшілердің істері 17:28; Тімөтеге 1-хат 1:11). Біз өміріміз үшін Жаратушымызға борыштар екенімізді білеміз. Сондықтан шомылдыру рәсімінен өткенімізге қанша болмасын, Құдайға қуанышпен қызмет ете берейік!

Патшалықтың баталарын есте ұстап, уағыз ісіне барынша қатысқанының арқасында Гектордың қуанышы ортаймайды

Аралаушы бақылаушы болып 40 жыл қызмет еткен Гектор “жасы ұлғайса да”, Ехобаға деген қызметін қуанышпен атқаруда (Зәбүр 92:12—14). Әйелі науқастанып қалғандықтан, ол Құдайға бұрынғыдай көп қызмет ете алмайды. Бірақ соған қарамастан Гектор қуанышын жоғалтқан жоқ. Ол былай дейді: “Әйелімнің денсаулығы барған сайын нашарлап жатқанын көріп көңілім түседі және оған күтім жасау да қиындап барады. Бірақ мен бұл жайттардың шынайы Құдайға қуанышпен қызмет етуіме кедергі жасауына жол бермеймін. Адам баласын белгілі бір мақсатпен жаратқан Ехобаға өмірім үшін қарыздармын. Осының өзі маған оны жақсы көруге, оған шын жүректен қызмет етуге қозғау салады. Қуанышымды сақтау үшін мен уағызда құлшынысымды жоғалтпауға тырысамын және Патшалықтың баталары жайлы көп ойланамын”.

Ехоба төлем құрбандығын беріп, қуанышқа толы өмірге жол ашты. “Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, өзінің жалғыз Ұлын құрбан етті. Енді оған сенген әркім жойылмай, мәңгілік өмірге ие бола алады” (Жохан 3:16). Иә, Құдайдың сүйіспеншілікпен берген төлем құрбандығына сенім танытсақ, күнәларымыз кешіріледі және мәңгілік өмірге қол жеткізе аламыз. Бұл сый Құдайға шексіз риза болуымызға негіз береді. Ал мұндай ризашылық Ехобаға қуанышпен қызмет етуге талпындырады.

Хесус өмірін қарапайым етіп, жылдар бойы Ехобаға қуанышпен қызмет етті

Бұрын Мексикада тұрған Хесус есімді бауырлас былай деді: “Мен бір уақыттары жұмыстың құлы болдым. Жұмыстан тыс уақыттары да көп жұмыс істеп жүрдім. Өйткені көбірек ақша тапқым келетін. Кейін мен Ехобаны танып, оның адамзат үшін аяулы Ұлын құрбан еткені жайлы білдім. Сонда оған қызмет етуге деген ыстық ықыласым оянды. Сондықтан өмірімді Ехобаға бағыштадым. Сөйтіп, 28 жыл бойы жұмыс істеген компаниядан кетіп, толық уақытты қызметті бастадым”. Хесус бауырлас Ехобаға қуанышпен қызмет етуін, міне, осылай бастады.

Құлықтылық жағынан таза өмір сүру қуанышқа кенелтеді. Ехобаны білгенге дейін өміріңіздің қандай болғаны есіңізде ме? Елші Пауыл Римдегі мәсіхшілердің бұрынғы өмірін есіне салып, оларға кезінде “күнәнің құлы” болғанын, ал енді “әділдіктің құлына” айналғанын айтты. Осылай олар Құдайдың көз алдында таза өмір сүргендіктен, мәңгілік өмірге үміттене алды (Римдіктерге 6:17—22). Біз де Ехобаның нормаларын ұстанып өмір сүреміз, сол себептен азғындық пен қатыгездіктің ащы зардабынан аман жүрміз. Бұл да қуанышты болуға бір себеп!

“Ехобаға қызмет етіп жүрген жылдарымды өмірімдегі ең бақытты кез дер едім” (Джейми)

Джейми есімді бір бауырлас бұрын Құдай жоқ деп, эволюцияға сенген әрі боксшы болған. Ол қауым кездесулеріне бара бастап, ондағы адамдардың сүйіспеншілігін көріп таңғалады. Бірақ бұрынғы өмір салтын тастау үшін Джейми Ехобадан сенім дамытуға көмек сұрайды. “Жайлап-жайлап мен сүйіспеншілікке толы Әкеміздің және мейірімді Құдайдың бар екенін түсіндім,— дейді Джейми.— Ехобаның әділ талаптары мен үшін қорғаныш болды. Егер өмірімді өзгертпегенімде, кім біледі, боксшы болған бұрынғы достарым сияқты өліп кетер ме едім?! Ехобаға қызмет етіп жүрген жылдарымды өмірімдегі ең бақытты кез дер едім”.

ЕШ БЕРІЛМЕЙІК!

Осы зұлым дүниенің ақырын күте жүріп, не істеуіміз керек? Мынаны естен шығармайық: біз Құдайдың еркін орындап, мәңгілік өмірді күтіп жүрміз. “Жақсылық жасаудан еш талмайық. Себебі шаршап қалмасақ, өз уақытында оның өнімін орамыз” (Ғалаттықтарға 6:8, 9). Ехобаның көмегіне жүгіне отырып табанды болайық, “зор алапаттан” аман қалу үшін қажетті қасиеттер дамытуға бар күшімізді салайық және Ехобаға қуанышпен қызмет ете берейік (Аян 7:9, 13, 14; Жақып 1:2—4).

Ехоба біздің танытқан табандылығымыз үшін сый беретініне сенімдіміз. Өйткені ол біздің ауыр еңбегімізді, оны және оның есімін жақсы көретінімізді біледі. Егер қызметімізді қуана атқара берсек, зәбүр жыршысы Дәуітке ұқсаймыз. Ол былай деген: “Ехобаны әрдайым ойымда ұстаймын. Ол менің оң жағымда, мен нық тұрып, еш шайқалмаймын. Сондықтан жүрегім қуанады, бар болмысым шаттанады. Қауіпсіз өмір сүремін” (Зәбүр 16:8, 9).