Өмірбаян
Ехоба қызметімді жемісті етті
Мен офицерге соғысқа барудан бас тартқаным үшін түрмеде отырып шыққанымды айттым. Сосын одан: “Мені тағы да түрмеге қамайсыз ба?”— деп сұрадым. Бұл Америка Құрама Штаттарының әскеріне екінші рет шақырылуым еді.
МЕН 1926 жылы Круксвилде (Огайо, АҚШ) дүниеге келдім. Ата-анам аса діндар болмаса да, олар отбасымыздағы сегіз баланың бәрі шіркеуге барса екен деді. Содан мен методистер шіркеуіне бара бастадым. Бір жыл бойы әр жексенбі сайын шіркеуге қалмай барғаным үшін 14 жасымда шіркеу қызметкері маған сыйлық берді.
Шамамен сол кездері Маргарет Уолкер деген Ехоба куәгері анама келіп, Киелі кітап жайлы әңгімелесіп жүрді. Бір күні мен де қастарына отырмақшы болдым. Бірақ анам зерттеу сабағына кедергі жасайсың деп, мені сыртқа шығарып жіберді. Соған қарамай мен олардың әңгімелерін тыңдауға тырысып бағатынмын. Екі-үш рет келгеннен кейін Маргарет менен: “Сен Құдайдың атын білесің бе?”— деп сұрады. “Мұны бәрі біледі ғой, Құдайдың аты — Құдай”,— деп жауап бердім. Ол маған: “Киелі кітабыңды қолыңа алып, Зәбүр 83:18-ді қарашы”,— деді. Мен ол айтқандай, сол тармақты оқыдым. Сөйтсем, Құдайдың есімі Ехоба екен. Сонда достарыма жүгіріп барып: “Кешке үйге барғанда Зәбүр 83:18-ді ашып, Құдайдың атын көріңдер”,— дедім. Осылай мен бірден уағыздай бастадым деуге болады.
Содан мен Киелі кітапты зерттеуді бастадым, ал 1941 жылы шомылдыру рәсімінен өттім. Көп ұзамай, маған қауымның кітап зерттеу кездесуін жүргізу тапсырылды. Сол кездесуге анам мен бауырларымды шақырдым. Сөйтіп, олар келе бастады. Бірақ әкем бұған қызыға қоймады.
ӘКЕМНІҢ ҚАРСЫЛЫҒЫ
Қауымда көп міндеттер атқарғандықтан, мен Ехоба куәгерлері басып шығарған кітаптарды үйге жинап жүретінмін. Бір күні әкем сол кітаптарға нұсқап: “Мыналардың көзін құрт! Өзің де қоса құры!”— деді. Содан мен үйден кетіп, жақын маңдағы Зейнсвилге (Огайо) көшіп бардым. Бірақ отбасымды жігерлендіру үшін үйге келіп тұрдым.
Әкем енді анамды қауымға барғызбауға тырысып бақты. Кейде анам қауымға бара жатқанда, ол артынан қуып жетіп, сүйреп үйге апаратын. Бірақ анам басқа есіктен сытылып шығып, қауымға бәрібір баратын. Мен анама: “Көп уайымдама, ол сені қуа-қуа әлі-ақ шаршайды”,— дедім. Расында да,
әкем көп ұзамай анамды қуудан шаршады. Содан анам еш тосқауылсыз қауымға баратын болды.1943 жылы теократиялық қызмет мектебі құрылғанда, қауымда оқушылардың тапсырмасын орындай бастадым. Әр тапсырмамнан кейінгі берілген кеңестер маған баяндамашы ретінде жақсара түсуге көмектесті.
СОҒЫС КЕЗІНДЕГІ БЕЙТАРАПТЫҚ
1944 жылы, Екінші дүниежүзілік соғыс қайнап тұрған шақта, мен әскерге шақырылдым. Сөйтіп, Форт Хейс әскери бөліміне бардым да, дәрігерлік тексеруден өтіп, қажетті құжаттар толтырдым. Бірақ әскер қатарына қосылмайтынымды айттым. Сонда олар мені үйге қайтарып жіберді. Әйтсе де араға бірнеше күн салып полиция қызметкері үйіме келіп: “Корвин Робисон, сіз тұтқындалдыңыз”,— деді.
Екі аптадан кейін сот отырысы болды. Сот маған қарап: “Маған салса, сізді өмірлік қамау жазасына кесер едім. Сізге сөз беріледі: айтарыңыз бар ма?”— деп сұрады. Бұған мен былай дедім: “Құрметті сот, мен діни қызметкер деп саналуым керек. Әр үйдің табалдырығы — менің уағыз оқитын жерім. Сондықтан Патшалық жайлы ізгі хабарды көп адамға айттым”. Сонда сот алқабилерге қарап, былай деді: “Бұл кісі діни қызметкер деп саналуы керек пе, жоқ па — оны шешу сіздердің міндеттеріңіз емес. Сіздер оның әскер қатарына қосылудан бас тартқаны үшін жазаға тартыла ма, жоқ па — соны шешу үшін осында отырсыздар”. Жарты сағат өтер-өтпес алқабилер мені кінәлі деп тапты. Сөйтіп, сот мені 5 жылға Ашлендтегі (Кентукки) түрмеге қаматты.
ЕХОБА МЕНІ ТҮРМЕДЕ ҚОРҒАДЫ
Бастапқы екі апта бойы Колумбустағы (Огайо) түрмеде отырдым. Алғашқы күні жалғыз өзім бір камерада жаттым. Сонда Ехобаға дұға етіп: “Мен мынадай камерада 5 жыл бойы отыра алмаймын. Енді қайтемін?”— дедім.
Келесі күні күзетшілер мені камерадан шығарды. Мен бір ұзын бойлы, иықты жігітке жақындадым да, екеуіміз терезеден сыртқа қарап тұрдық.
— Ей, қортық, бұл жерде не үшін отырсың?— деп сұрады ол.
— Ехоба куәгері болғандықтан.
— Рас па? Куәгер болсаң, мұнда неғып жүрсің?
— Ехоба куәгерлері соғысқа қатыспайды, адам өлтірмейді.
— Сонда олар сені адам өлтірмегенің үшін қамағаны ғой. Ал басқа жігіттерді адам өлтіргені үшін қамаған. Мұнысы қызық екен.
— Соны айтам!— дедім мен.
Сосын ол былай деді: “Мен бұған дейін басқа бір түрмеде 15 жыл отырдым. Сол жерде сендердің әдебиеттеріңді оқыған едім”. Мұны естігенде, мен: “Ехоба, мына жігіт маған жақтас болсыншы”,— деп дұға еттім. Тура осы кезде Пол есімді сол жігіт: “Егер мұндағылардың біреуі тиіссе, айқайласаң болғаны, жетіп келіп, көкесін танытамын”,— деді. Осының арқасында мен отырған секциядағы
50 адамның ешқайсысы маған қолының ұшын да тигізген жоқ.Ашлендтегі түрмеге ауыстырылғанымда, ол жерде отырған рухани толысқан бауырластармен таныстым. Олар маған да, басқа бауырластарға да Ехобаға жақын болып қалуға көмектесті. Олар бізге апта сайын Киелі кітап тарауларын оқуды тапсыратын, ал біз сол тарауларға негізделген сұрақтар мен жауаптар дайындайтынбыз. Сөйтіп, бауырластармен бас қосып, оқылған тарауларды талқылайтынбыз. Бұл жиындарды біз “Киелі кітап бәйгесі” деп атадық. Біздің камерада кереуеттер қабырғаны жағалай орналасқан еді. Бір бауырлас уағыздау аймағына жауапты болды. Ол маған келіп былай дейтін: “Корвин, сен мына кереуеттер мен ана кереуеттерге жауаптысың. Сол кереуеттер сенің учаскең болады. Сонда жататын адамдар кеткенше, оларға уағыздап үлгеруің қажет”. Осылай біз ұйымдасқан түрде уағыздап жүрдік.
ТҮРМЕДЕН КЕЙІНГІ ӨМІРІМ
1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталды, бірақ мен бостандыққа бірден шыққан жоқпын. Сол кездері отбасымды ойлап, уайымдап жүрдім, өйткені әкем маған: “Сенен құтылсам, қалғандарын қайтаруға шамам жетеді”,— деген еді. Бірақ түрмеден шыққанымда, мені тосын сый күтіп тұрды. Әкемнің қарсылығына қарамастан, отбасымдағы жеті адам қауым кездесулеріне барып жүр екен, ал бір қарындасым шомылдыру рәсімінен өтіпті.
1950 жылы Кореяда соғыс басталғанда, Құрама Штаттар бұл соғысқа араласып кетті. Сөйтіп, мен екінші рет әскерге шақырылып, Форт Хейске баруыма тура келді. Қабілет жағынан мені тексеріп болған соң, әскер офицері: “Сен тобыңдағы жігіттердің арасында жоғары ұпай жинағандардың бірісің”,— деді. Сонда мен оған: “Бұл жақсы ғой, бірақ мен әскерге бармаймын”,— дедім де, Тімөтеге 2-хат 2:3-тегі сөздерді келтіріп: “Мен Мәсіхтің сарбазымын”,— деп айттым. Біраз үндемей тұрып, ол: “Кете бер!”— деді.
Көп ұзамай Цинциннатиде (Огайо) өткен конгресте Бетелде қызмет еткісі келетіндерге арналған кездесуге қатыстым. Милтон Хеншель бауырлас Патшалық үшін ауыр еңбектенуге дайын ер бауырластар Бетелге аса қажет екенін айтты. Содан мен өтініш қағазын толтырдым. Ал 1954 жылы тамызда Бруклиндегі Бетелде қызмет ете бастадым. Мен әлі күнге шейін сонда қызмет етемін.
Бетелде атқаратын жұмысым жетіп-артылатын. Мен бірнеше жыл бойы типография мен кеңсе ғимараттарын жылыту бөлімінде жұмыс істедім. Механиктің қызметін атқардым, құлыптарды да жөндедім. Сондай-ақ Нью-Йорктегі Конгресс сарайларында жұмыс істедім.
Мен Бетелде өтетін бағдарламаларды жақсы көремін, атап айтқанда, таңғы ғибадат пен Бетел отбасының “Күзет мұнарасын” зерттеуін. Сондай-ақ қауыммен бірге уағыздағанды ұнатамын. Меніңше, мұның бәрін Ехоба куәгерлерінің әрбір отбасы үнемі
істеу керек. Егер ата-аналар балаларымен бірге күнделікті тармақты оқып тұрса, жүйелі түрде отбасылық ғибадат өткізсе, қауым кездесулеріне қатысса және ізгі хабарды уағыздау ісінде құлшынысты болса, бүкіл отбасы Ехобаға етене жақын жүреді.Бетелде және қауымда менің достарым көп. Олардың кейбірі майланған бауырластар еді, қазір олар көкте. Ал басқалары майланған емес. Әрине, Ехобаның барлық қызметшілері кемелсіз, бетелдіктер де. Егер бір бауырласыммен ренжісіп қалсам, үнемі татуласуға ұмтыламын. Сондай кездері Матай 5:23, 24-тегі сөздерді есіме алып, мәселені қалай шешуіміз керектігі жайлы ойланамын. “Кешірші” деп айту оңай емес, әрине, бірақ келіспеушіліктің көбісі осылай шешіледі.
ҚЫЗМЕТІМНІҢ ЖЕМІСІ
Қазір жасым келіп қалғандықтан, үйме-үй жүріп уағыздау маған қиынға соғады. Бірақ мен барымды салуға тырысамын. Мен аздап қытай тілін үйреніп алдым, сондықтан көшеде қытайлармен әңгімелесемін. Кейде таңғы уақыттары қызығушылық танытқан адамдарға 30—40 журнал таратамын.
Мен тіпті Қытайда жүрген адамға “қайта бардым”. Бірде жеміс-жидек дүкенін жарнамалайтын қағаз таратып жүрген бір сүйкімді жас қыз маған күлімсіреп қарады. Мен де жымиып, оған қытай тіліндегі “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналын ұсындым. Ол журналдарды қолына алып, есімі Кэти екенін айтты. Содан ол мені көрген сайын, қасыма келіп әңгімелесіп тұратын болды. Мен оған жеміс-жидектердің ағылшынша атауын айтатынмын, ал ол қайталайтын. Бұған қоса, Киелі кітап тармақтарын түсіндіріп беретінмін. Тағы мен оған “Киелі кітап үйретеді” кітабын бердім. Бірнеше аптадан кейін, бұл қыз көрінбей кетті.
Бірнеше айдан кейін мен жарнама қағаздарын таратып жүрген басқа бір қытайлық қызға журналдар бердім. Келесі аптада сол қыз маған ұялы телефонын созып: “Сіз Қытаймен сөйлесу”,— деді. “Мен Қытайда ешкімді танымаймын ғой”,— дедім. Бірақ ол қоймаған соң, телефонды алып: “Алло, тыңдап тұрмын”,— дедім. Сонда арғы жақтағы дауыс: “Робби, бұл Кэти ғой. Мен Қытайға қайтып кеттім”,— деді. “Қытай?”— деп сұрағанымда, Кэти: “Иә, Қытайға. Робби, сізге телефонды берген қыз бар емес пе, ол — менің сіңлім. Сіз маған көп нәрсе үйреткен едіңіз ғой. Соның бәрін оған да үйретіңізші”,— деп өтінді. Сонда мен: “Кэти, мен барынша тырысамын. Қайда екеніңді айтып, хабардар еткенің үшін рақмет”,— дедім. Бұдан кейін көп ұзамай, Кэтидің сіңлісімен соңғы рет сөйлестім. Қазір бұл екі қыз қайда болмасын, Ехоба жайлы көбірек білді деп үміттенемін.
Мен 73 жыл бойы Ехобаға қызмет етіп келемін. Ол кезінде маған бейтараптық сақтауға әрі түрмеде өзіне адал болып қалуға көмектесті. Сол үшін де дән ризамын. Ал бауырларым әкеміздің қарсылығына төзгенім оларға жігер бергенін айтты. Анам да, тағы алты бауырым да шомылдыру рәсімінен өтті. Тіпті әкем де кішкене жүрегі жібіп, қайтыс болардан бұрын бірнеше қауым кездесуіне барды.
Құдай қаласа, жаңа дүниеде туыстарым мен достарым тіріліп, олармен қайта қауышамын. Осылай жақын адамдарымызбен бірге Ехобаға мәңгі бақи қызмет етеміз. Осы бір қуанышты кезді көз алдыңызға елестетіп көріңізші! * (Сілтемені қараңыз.)
^ 38-абзац Бұл мақала басылымға дайындалып жатқанда, Корвин Робисон бауырласымыз өмірінің соңына дейін Ехобаға адал болып қайтыс болды.