Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Оқырман сауалдары

Оқырман сауалдары

Елші Пауыл Ехобаның “шамадан тыс сыналуымызға жол бермейтінін” айтқан (Қорынттықтарға 1-хат 10:13). Бұл Ехоба не нәрсеге шыдай алатынымызды алдын ала біліп, сосын қандай сынақтар жіберу керектігін шешеді дегенді білдіре ме?

Егер бұл солай болса, онда бұл өмірімізге қалай әсер ететінін ойлап көріңізші. Баласы өз-өзіне қол жұмсаған бір ер бауырлас былай деді: “Әйелім екеуміз ұлымыздың өлімін көтере алады деп Ехоба алдын ала шешкен бе? Құдай бізді төтеп бере алады деп есептегендіктен осылай болды ма?” Бұл дүниеде көпшілігіміз қайғылы жайттарға кезігеміз. Олай болса, Ехоба өмірімізде болып жатқан әрбір нәрсені қадағалайды деп ойлағанымыз дұрыс па?

Қорынттықтарға 1-хат 10:13-ті қарастыра келе, Ехоба біздің не нәрсеге шыдай алатынымызды алдын ала біліп, сосын қандай сынақтар жіберу керектігін шешеді деген ойды Киелі кітап құптамайтынын көреміз. Бұндай тұжырымға келуіміздің төрт себебін қарастырайық.

Біріншіден, Ехоба адам баласына таңдау еркіндігін берген. Ол өмірде өзіміз шешім қабылдағанымызды қалайды (Мұсаның 5-жазбасы 30:19, 20; Ешуа 24:15). Егер Ехобаға ұнамды шешім қабылдасақ, оның қадамдарымызды бағыттайтынына үміт арта аламыз (Нақыл сөздер 16:9). Ал дұрыс емес шешім қабылдасақ, соның салдарын тартатын боламыз (Ғалаттықтарға 6:7). Егер Ехоба басымызға қандай қиындықтар түсетінін шешіп қоятын болса, бізде таңдау еркіндігі бар деп айта алар ма едік?

Екіншіден, Ехоба бізді “кездейсоқ жағдайлардан” қалқаламайды (Уағыздаушы 9:11). Адам қолайсыз уақыт пен қолайсыз жерде болып қалғаны үшін апатқа ұшырауы мүмкін. Иса үстеріне мұнара құлап өлген 18 адам жайлы айтып, олардың өліміне Құдайдың себепші болмағанын анық көрсеткен (Лұқа 13:1—5). Ендеше, оқыс оқиға орын алмай тұрып, Құдай кім өліп, кім тірі қалатынын шешіп қояды деп ойлау ақылға сыймайды.

Үшіншіден, әрбіріміз Ехобаға деген мінсіздігімізді дәлелдеуіміз қажет. Шайтан Ехобаның қызметшілерінің бәрі тек қара басының пайдасы үшін ғана қызмет етеді деп, олардың мінсіздігін дауға салды. Ол сынаққа кезіккенде бізді адалдығымыздан тайып кетеді дегенге меңзеді (Әйүп 1:9—11; 2:4; Аян 12:10). Егер Ехоба бізді шыдай алмайды деп белгілі бір сынақтардан қорғайтын болса, Шайтанның жаласы рас болып шықпай ма?

Төртіншіден, Ехоба бізбен болатын әрбір нәрсені алдын ала біліп отыруға міндетті емес. Әрине, Ехоба білгісі келсе, болашақта не болатынын біле алады (Ишая 46:10). Бірақ Киелі кітаптан көретініміздей, ол әрбір нәрсені алдын ала біле бермеуді жөн көреді (Мұсаның 1-жазбасы 18:20, 21; 22:12). Осылайша Ехоба өзінің келешекті көре білу құдіреті мен біздің таңдау еркіндігімізді сыйлауға келгенде, таразы басын тең ұстайды. Ерік бостандығымызды құрметтейтін және үнемі қасиеттерін бір-бірімен кемелді түрде үйлестіре отырып танытатын Құдайдан осыны күтуіміз керек емес пе? (Мұсаның 5-жазбасы 32:4; Қорынттықтарға 2-хат 3:17).

Сонымен, Ехоба “шамадан тыс сыналуымызға жол бермейді” деп Пауыл не айтқысы келген? Ол Ехобаның сынақтарға дейін емес, сынақ кезінде не істейтінін түсіндірген. Ехобаға сенім артсақ, өмірде қандай қиындыққа кезіксек те, ол бізге қол ұшын береді (Зәбүр 55:22). Пауылдың бұлай деуіне негіз болған екі себепті қарастырайық.

Бірінші себеп — біз кезігіп жүрген сынақтар “өзгелердікінен ерекше емес”. Шайтанның дүниесінде өмір сүріп жатқандықтан, бәріміз де қиындықтарға, тіпті қайғылы жағдайға ұшыраймыз. Бірақ Ехобаға арқа сүйейтін болсақ, мұндай сынақтарға төтеп беріп, адалдығымызды сақтай аламыз (Петірдің 1-хаты 5:8, 9). Қорынттықтарға 1-хат 10:13-тің мәнмәтінінде Пауыл исраилдіктердің шөл далада кезіккен сынақтары жайлы айтқан (Қорынттықтарға 1-хат 10:6—11). Ол сынақтардың ешқайсысы да адам баласы бұрын-соңды кезікпеген немесе адал исраилдіктердің көтеруге шамасы жетпейтіндей сынақ емес-тін. Алайда кейбір исраилдіктер Ехобаға мойынсұнбады. Оған арқа сүйемегендіктен, олар жаман қалауларының жетегінде кетті.

Екінші себеп — “Құдай өз сөзіне адал”. Бұл нені білдіреді? Тарих бойы өз халқын қалай қамқорлап келгенінен Ехоба “өзін жақсы көріп, заңдарын орындайтындарға” адалдықпен көмектесетінін көреміз (Мұсаның 5-жазбасы 7:9). Сондай-ақ бұдан ол әрдайым уәдесінде тұратынын білеміз (Ешуа 23:14). Осыны ескерсек, Ехобаны сүйетін әрі оған мойынсұнатын адамдар оның келесі екі уәдесіне сенім арта алады: 1) Ехоба қиындықтың шыдау мүмкін еместей деңгейге жетуіне жол бермейді және 2) “одан шығудың жолын көрсетеді”.

Ехоба “бізді қиындық көрген кездің бәрінде жұбатады”

Қалай Ехоба өзіне арқа сүйейтіндерге қиындықтан “шығудың жолын көрсетеді”? Әрине, егер еркі болса, Құдай қиындықты жолымыздан алып тастай алады. Алайда Пауылдың не дегенін еске түсірсек, ол: “[Ехоба]... адал болып қалуларың үшін, одан шығудың жолын көрсетеді”,— деген. Демек, көп жағдайда Ехоба бізге адалдық сақтай алуымыз үшін қажетті нәрсені беру арқылы қиындықтан “шығудың жолын көрсетеді”. Қазір сол жолдардың кейбіріне тоқталып өтейік.

  • Ехоба “бізді қиындық көрген кездің бәрінде жұбатады” (Қорынттықтарға 2-хат 1:3, 4). Ол Киелі кітап, киелі рух және адал құл беріп отырған рухани ас-су арқылы ойымызды, жүрегіміз бен сезімдерімізді жайландырады (Матай 24:45; Жохан 14:16; Римдіктерге 15:4).

  • Ехоба бізді киелі рухы арқылы жетелеуі мүмкін (Жохан 14:26). Сынақтарға кезіккенде, киелі рух ақылмен әрекет ете алуымыз үшін Құдай Сөзіндегі оқиғаларды, принциптерді есімізге түсіруге көмектеседі.

  • Ехоба бізге періштелер арқылы көмектесуі мүмкін (Еврейлерге 1:14).

  • Ехоба бізге көмектесу үшін бауырластарды қолдануы мүмкін. Олар сөздерімен, істерімен бізге тірек бола алады (Қолостықтарға 4:11).

Сонымен, Пауылдың Қорынттықтарға 1-хат 10:13-тегі сөздерінен қандай қорытынды жасауға болады? Ехоба қандай сынақтарға кезігетінімізді шешпейді. Бірақ қиындыққа кезіккенде, мынаған сенімді болсақ болады: егер Ехобаға толық сенім артсақ, ол сынақтардың адам шыдай алмайтын деңгейге жетуіне ешқашан жол бермейді. Ехоба өзіне адал болып қалуымыз үшін қиындықтан шығудың жолын әрдайым көрсетеді. Бұл неткен жұбаныш!