Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Бүгінде Құдай халқын кім жетелеп жүр?

Бүгінде Құдай халқын кім жетелеп жүр?

“Араларыңда басшылықты қолға алғандарды ұмытпаңдар” (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 13:7).

ӘНДЕР: 11, 43

1, 2. Иса көкке көтерілген соң, елшілердің көкейінде қандай сұрақ туындаса керек?

ИСАНЫҢ ЕЛШІЛЕРІ Зәйтүн тауында көктен көз алмай тұрды. Олар жаңа ғана қожайындары әрі достары Исаның қалай көкке көтеріліп, бұлт ішінде ғайып болғанын көрді (Елшілердің істері 1:9, 10). Шамамен екі жыл бойы Иса оларға тәлім беріп, жігерлендіріп, жетелеп жүрген еді. Ал қазір ол қастарында жоқ. Елшілер енді не істемек?

2 Көкке кетпес бұрын, Иса ізбасарларына тапсырма беріп: “Иерусалимде, бүкіл Яһудея мен Самарияда және жердің қиыр шетіне дейін мен жайлы куәлік етесіңдер”,— деген болатын (Елшілердің істері 1:8). Олар бұл тапсырманы қалай атқармақ? Рас, Иса оларға Құдайдың киелі рухы көмектесетінін уәде еткен (Елшілердің істері 1:5). Бірақ бұл халықаралық уағыз ісіне кім басшылық беріп, кім ұйымдастырады? Елшілер ежелде Ехоба исраилдіктерді жетелеу үшін адамдарды қолданғанын білетін. Сондықтан олардың көкейінде “Ехоба жаңа бір басшыны тағайындар ма екен?” деген сұрақ туындаса керек.

3. а) Иса көкке көтерілген соң, адал елшілер қандай маңызды шешім қабылдады? ә) Осы мақалада қандай сұрақтарға жауап аламыз?

3 Осы оқиғадан екі аптаға жуық уақыт өткен соң, шәкірттер Жазбаларды қарастырып әрі Құдайдан басшылық сұрай отырып, Яһуда Исқариоттың орнына 12-нші елші етіп Матияны таңдады (Елшілердің істері 1:15—26). Неге бұл таңдау олар үшін де, Ехоба үшін де аса маңызды еді? Шәкірттер 12 елшінің саны түгел болу керектігін түсінген *. Иса елшілерін жай қасында еріп жүру үшін емес, Құдай халқының арасында өте маңызды рөл атқару үшін таңдап, тәлім берген. Бұл қандай рөл еді және Ехоба мен Иса елшілерді бұған қалай дайындады? Бүгінде Құдай халқының арасында осыған ұқсас шара бар ма? Біз арамызда “басшылықты қолға алғандарды”, әсіресе “адал да ақылды құлды” ұмытпайтынымызды қалай көрсете аламыз? (Еврейлерге 13:7; Матай 24:45).

ИСА БАСҚАРУШЫ КЕҢЕСТІ ЖЕТЕЛЕЙДІ

4. Иерусалимдегі елшілер мен басқа да ақсақалдар қандай рөл атқарды?

4 Б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында елшілер мәсіхшілер қауымында басшылықты қолға ала бастады. Сол кезде, Киелі кітапта айтылғандай, “Петір 11 елшімен бірге тұрып”, жиналған қалың жұртқа өмірге жетелейтін шындықтар жайлы айтты (Елшілердің істері 2:14, 15). Солардың ішіндегі көбісі мәсіхшілікті қабылдады. Кейін осы жаңа мәсіхшілер “елшілерден тәлім алып жүрді” (Елшілердің істері 2:42). Елшілер қауымның қаражатын игеруге жауапты болды (Елшілердің істері 4:34, 35). Олар Құдай халқының рухани мұқтаждығын ойлап: “Өзімізді дұға ету мен Құдай сөзін үйретуге арнаймыз”,— деді (Елшілердің істері 6:4). Сондай-ақ уағыз ісін алға жылжыту мақсатымен олар тәжірибелі мәсіхшілерді жаңа аумақтарға жіберді (Елшілердің істері 8:14, 15). Қауымдағы басшылықты қолға алу үшін елшілерге кейінірек басқа да майланған ақсақалдар қосылды. Басқарушы кеңес ретінде олар қауымдардың бәріне нұсқаулар беріп отырды (Елшілердің істері 15:2).

І ғасырдағы мәсіхшілер басқарушы кеңесті Иса арқылы Ехобаның өзі жетелеп отырғанын білді

5, 6. а) Басқарушы кеңеске киелі рух қалай көмектесті? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.) ә) Басқарушы кеңеске періштелер қалай қолғабыс етті? б) Құдай Сөзі қалай басқарушы кеңеске бағыт-бағдар берді?

5 Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер басқарушы кеңесті Иса арқылы Ехобаның өзі жетелеп отырғанын білді. Олар бұған неге сенімді болды? Біріншіден, басқарушы кеңеске киелі рух күш берді (Жохан 16:13). Майланған мәсіхшілердің барлығы киелі рухқа кенелген еді, бірақ киелі рух Иерусалимдегі елшілер мен ақсақалдарға бақылаушылық міндеттерін атқаруға ерекше көмектесті. Мысалы, б. з. 49 жылы киелі рух басқарушы кеңесті сүндеттелу мәселесіне қатысты шешім қабылдауға жетеледі. Қауымдағылар осы нұсқауға құлақ асып, соның арқасында олардың “сенімі нығайып, күннен-күнге саны арта берді” (Елшілердің істері 16:4, 5). Әлгі нұсқау жазылған хаттан басқарушы кеңес Құдай рухының жемісін, соның ішінде сүйіспеншілік пен сенім, танытқаны да көрінеді (Елшілердің істері 15:11, 25—29; Ғалаттықтарға 5:22, 23).

6 Екіншіден, басқарушы кеңеске періштелер қолғабыс етті. Мәселен, бір періште Корнелге елші Петірді шақыртуды айтты. Петір Корнел мен оның туыстарына уағыздағаннан кейін, олар, араларындағы ер адамдар сүндеттелмеген болса да, киелі рухқа кенелді. Осылайша Корнел сүндеттелмеген басқа ұлт адамдарының ішінен шыққан алғашқы мәсіхші болды. Елшілер мен басқа бауырластар бұл туралы естігенде, Құдай еркіне бағынып, сүндеттелмеген басқа ұлт адамдарын мәсіхшілер қауымына жылы қабылдады (Елшілердің істері 11:13—18). Бұдан періштелердің басқарушы кеңес жетекшілік етіп отырған уағыз ісіне белсенді түрде қолдау көрсеткені көрінеді (Елшілердің істері 5:19, 20). Үшіншіден, басқарушы кеңеске Құдай Сөзі бағыт-бағдар берді. Сол ер кісілер нанымдарға не қауымдағы ұйымдастыру ісіне қатысты маңызды шешімдер қабылдағанда, Жазбаларға жүгінді (Елшілердің істері 1:20—22; 15:15—20).

7. Неге ертедегі мәсіхшілерді Иса жетелеген деп айтуға болады?

7 Басқарушы кеңестің қауымда билігі болса да, оның мүшелері өздерінің Басшысы Иса Мәсіх екенін мойындаған. Мұны қайдан білеміз? “Ол [Мәсіх] біреулерін елші ретінде берді”,— деп жазды елші Пауыл. Сондай-ақ ол қауымның “басы — Мәсіх” екенін айтқан (Ефестіктерге 4:11, 15). Өздерін қандай да бір беделді елшінің атымен атамай, “шәкірттер Құдайдың басшылығымен... мәсіхшілер деп аталды” (Елшілердің істері 11:26). Пауыл жетекшілікті қолға алған елшілер мен басқа да ер адамдардың Жазбаларға негізделген ілімдерін ұстанудың маңызды екенін білген. Десе де ол: “Мынаны да білгендеріңді қалаймын: әрбір еркектің басы — Мәсіх”,— деген. Бұл сөздер басқарушы кеңестің әрбір мүшесіне де қатысты еді. Пауыл артынан былай деді: “Ал Мәсіхтің басы — Құдай” (Қорынттықтарға 1-хат 11:2, 3). Расында да, Ехоба қауымды жетелеу үшін өзінің Ұлы Иса Мәсіхті тағайындаған.

“БҰЛ — АДАМНЫҢ ЕМЕС, ҚҰДАЙДЫҢ ІСІ”

8, 9. Расселл бауырлас қандай маңызды рөл атқарды?

8 1870 жылдан бастап, Чарлз Тейз Расселл мен оның жолдастары мәсіхшілердің шынайы ғибадатын қалпына келтіру үшін аянбай күш салды. Киелі кітаптағы шындықты әртүрлі тілде жеткізу үшін 1884 жылы “Сион күзет мұнарасы мен трактаттар қоғамы” заңды түрде құрылды. Расселл бауырлас оның президенті болды *. Киелі кітапты тыңғылықты зерттеген ол үштік сенім, жанның өлмейтіндігі сияқты шіркеу ілімдерінің жалған екенін батыл әшкереледі. Сондай-ақ Мәсіхтің көзге көрінбей келетінін және “басқа ұлттарға белгіленген уақыт” 1914 жылы бітетінін түсінді (Лұқа 21:24). Расселл бауырлас өзгелерге шындықты үйрету үшін уақытын, күш-қайраты мен ақшасын аямады. Тарихтағы сол бір елеулі кезеңде Ехоба мен Иса жетекшілік етуге Расселл бауырласты қолданғаны анық.

9 Расселл бауырлас адамдардан атақ-даңқ іздемеген. 1896 жылы ол былай деп жазды: “Біз өзіміз үшін де, жазғандарымыз үшін де ешқандай сый-құрмет күтпейміз. Біреудің бізді “Аса мәртебелі” не “Равви” деп атағанын да қаламаймыз. Әлдекімдердің біздің атымызбен аталғанын да құптамаймыз”. Кейінірек ол: “Бұл — адамның емес, Құдайдың ісі”,— деді.

10. а) Иса “адал да ақылды құлды” қашан тағайындады? ә) Басқарушы кеңес пен Күзет мұнарасы қоғамының аражігі қалай анық бола түскенін түсіндіріп беріңіз.

10 1919 жылы, Расселл бауырластың көз жұмғанынан үш жыл өткен соң, Иса “адал да ақылды құлды” тағайындады. Қандай мақсатпен? “Үйіндегі басқа құлдарға ас-суын уақтылы беріп тұру” үшін (Матай 24:45). Тіпті сол бастапқы жылдары Бруклиндегі (Нью-Йорк) бас басқармада қызмет еткен майланған ер бауырластардың шағын тобы Исаның ізбасарларына рухани ас дайындап, үлестіріп жүрді. “Басқарушы кеңес” деген тіркес басылымдарымызда 1940 жылдан кейін қолданыла бастады. Ол кездері басқарушы кеңес, жалпы алғанда, Күзет мұнарасы, Киелі кітап және трактаттар қоғамының директорларына нұсқайды деген түсінік болған. Алайда 1971 жылы Басқарушы кеңестің және заң мәселелеріне ғана жауапты болған Күзет мұнарасы қоғамының аражігі анық болды. Сол уақыттан бастап майланған бауырластар аталмыш Қоғамның директоры болмай-ақ Басқарушы кеңестің құрамына кіре алды. Соңғы жылдары Құдай халқы қолданатын Күзет мұнарасы қоғамы мен басқа да корпорациялардың директорлары болып “басқа қойларға” жататын жауапты ер бауырластар қызмет етіп келеді. Соның нәтижесінде Басқарушы кеңес бар назарын тек рухани нұсқаулар мен басшылықтар беруге аудара алады (Жохан 10:16; Елшілердің істері 6:4). 2013 жылғы “Күзет мұнарасының” 15 шілдедегі санында “адал да ақылды құл” деген Басқарушы кеңесті құрайтын майланған ер бауырластардың шағын тобы екені түсіндірілді.

1950 жылдардағы басқарушы кеңес

11. Басқарушы кеңес шешімдерді қалай қабылдайды?

11 Басқарушы кеңес маңызды шешімдерді бірлесе отырып қабылдайды. Қалайша? Оның мүшелері апта сайын бас қосады, осының арқасында олар жақын араласып, бірлікте бола алады (Нақыл сөздер 20:18). Бұл кеңестің мүшелері бірін екіншісінен артық санамайды, сондықтан кездесулерде төрағалық міндетті жыл сайын кезектесіп атқарады (Петірдің 1-хаты 5:1). Басқарушы кеңестің алты комитетінде де төрағалық қызмет тура солай ауысып тұрады. Басқарушы кеңестің ешбір мүшесі өзін бауырластарының үстінен қарайтын басшы деп есептемейді. Қайта, олардың әрқайсысы өзін “үйдегі басқа құлдарға” жатқызып, адал құлдың рухани ас-суын қабылдайды әрі басшылығына мойынсұнады.

1919 жылы тағайындалғаннан бері адал құл Құдай халқына рухани ас-су дайындап келеді (10, 11-абзацты қараңыз)

“АДАЛ ДА АҚЫЛДЫ ҚҰЛ КІМ?”

12. Қандай сұрақтарға жауап аламыз?

12 Басқарушы кеңес Құдайдан аян алмайды және олар кемелді емес. Сондықтан Киелі кітап ілімдерін түсіндіргенде не ұйымға басшылық бергенде, қателесуі мүмкін. Шынында да, “Күзет мұнарасы басылымдарының көрсеткішіндегі” (ор.) “Түсінігіміздің молая түсуі” деген тақырыпшаны қарасақ, 1870 жылдан бергі Киелі кітапты түсінуге қатысты өзгерістер тізімін көруге болады *. Әрине, Иса бізге адал құлдың дайындайтын рухани ас-суы мінсіз болады деп айтпаған. Олай болса, оның: “Адал да ақылды құл кім?”— деген сұрағына қалай жауап беруге болады? (Матай 24:45). Басқарушы кеңестің адал да ақылды құл екеніне қандай дәлел бар? Қазір елшілердің заманындағы басқарушы кеңеске көмектескен үш жайтқа тағы да тоқталайық.

13. Киелі рух Басқарушы кеңеске қалай көмектесіп келеді?

13 Киелі рухтың көмегі. Киелі рух Басқарушы кеңеске бұрын түсініксіз болған Киелі кітап шындықтарын ұғуға көмектесті. Мысалы, алдыңғы абзацта айтылып кеткен нанымдарымызға қатысты айқындала түскен түсініктер тізімін алайық. Осындай “Құдайдың терең даналығын” ешбір адам өз бетінше байыбына жетіп, түсіндіре алмас еді! (Қорынттықтарға 1-хат 2:10 оқыңыз). Басқарушы кеңес елші Пауылдың келесі сөзімен толық келіседі: “Солар туралы айтып та жүрміз, әрі мұны адам баласының даналығымен емес, киелі рух үйреткен сөздермен жеткіземіз” (Қорынттықтарға 1-хат 2:13). Ғасырлар бойы орын алған жолдантаюшылық пен рухани түнектен кейін, 1919 жылдан бері рухани түсінігіміздің жылдам арта түсуіне киелі рухтан басқа не себеп болуы мүмкін?!

14. Аян 14:6, 7-ге сай, періштелер бүгінде қалай Басқарушы кеңес пен Құдай халқына көмектесіп жатыр?

14 Періштелердің көмегі. Басқарушы кеңестің мойнына өте үлкен жауапкершілік жүктелген: олар дүниежүзілік уағыздау ісінде 8 миллионнан аса жариялаушыға басшылық береді. Бұл іс ненің арқасында алға басуда? Мұның бір себебі — періштелердің қолдауы (Аян 14:6, 7 оқыңыз). Көп жағдайда періштелер жариялаушыларды Құдайдан көмек сұрап дұға еткен адамдарға бірден бағыттаған *! Тіпті қатты қарсылық көріп жатқан елдерде де уағыздау мен тәлім беру ісі өркендеп жатыр. Періштелердің көмегінсіз бұл да мүмкін болмас еді.

15. Басқарушы кеңес мәсіхшілер әлемінің жетекшілерінен несімен ерекшеленеді? Мысал келтіріңіз.

15 Құдай Сөзінің көмегі (Жохан 17:17 оқыңыз). 1973 жылы қандай жайт болғанын көрейік. “Күзет мұнарасының” 1 маусымдағы санында “Темекісін тастамаған адам шомылдыру рәсімінен өтуге лайық па?” деген сұрақ көтерілген. Мұның жауабы келесідей болды: “Жазбалардағы дәлелдерге сүйеніп, олар лайық емес деген тұжырым жасауға болады”. Сол “Күзет мұнарасында” бірнеше тармақтар келтіріліп, темекісін қоймаған адамның неге қауымнан шығарылуы керектігі түсіндірілді (Қорынттықтарға 1-хат 5:7; Қорынттықтарға 2-хат 7:1). Онда айтылғандай, бұл қатаң талапты қойған — адам баласы емес, “ойын өзінің жазылып қалдырылған Сөзі арқылы жеткізетін Құдай”. Келушілерінің кейбіріне қиындық тудырса да, Құдай Сөзін толық ұстануға дайын басқа ұйым бар ма? Жуырда Құрама Штаттарда дін тақырыбындағы бір кітапта былай делінді: “Діни жетекшілер шіркеу мүшелерінің арасында және қоғамда белең алып жатқан нанымдар мен ой-пікірлерге бейімдеу үшін өз тәлімдерін жүйелі түрде қайта қарастырып тұрады”. Ал Басқарушы кеңес көпшілікке ұнайтын көзқараспен емес, Құдай Сөзінің жетелеуімен жүреді. Бұл бүгінде өз халқын Ехобаның өзі жетелеп келе жатқанын дәлелдейді.

“БАСШЫЛЫҚТЫ ҚОЛҒА АЛҒАНДАРДЫ ҰМЫТПАҢДАР”

16. Басқарушы кеңесті ұмытпаудың бір жолы қандай?

16 Еврейлерге 13:7 оқыңыз. Бұл тармақтағы “ұмытпаңдар” деп аударылған сөзді “ауызға алу” деп те тәржімелеуге болады. Демек, “басшылықты қолға алғандарды ұмытпаудың” бір жолы — Басқарушы кеңесті дұғаларымызда ауызға алу (Ефестіктерге 6:18). Олардың иықтарына жүктелген жауапкершіліктері өте көп. Солардың ішінде рухани ас-су дайындау, дүниежүзілік уағыз ісін басқару мен ұйымға садақа етілетін қаржыны игеру де бар. Сол себептен олар өздері үшін дұға еткенімізді өте қажет етеді!

17, 18. а) Басқарушы кеңеспен қалай қызметтесеміз? ә) Неге уағызға қатысу үшін күш салуымыз керек?

17 Басқарушы кеңесті ұмытпауға олардың басшылықтары мен нұсқауларын ұстану да жатады. Бұл нұсқауларды біз әдебиеттеріміз, қауым кездесулері мен конгрестер арқылы аламыз. Сондай-ақ Басқарушы кеңес аудандық бақылаушыларды тағайындайды, ал олар өз кезегінде ақсақалдарды тағайындайды. Аудандық бақылаушылар мен ақсақалдар Басқарушы кеңесті ұмытпайтындарын өздеріне берілген басшылықты мұқият ұстануларымен көрсетеді. Бәріміз де Иса бүгінде қолданып жатқан ер адамдарға мойынсұну арқылы оны Басшымыз ретінде құрметтейтінімізді көрсетеміз (Еврейлерге 13:17).

18 Басқарушы кеңесті ұмытпайтынымызды көрсетудің тағы бір жолы — уағыз ісіне барымызды салу. Еврейлерге 13:7-де Пауыл мәсіхшілерді басшылықты қолға алғандардың сеніміне еліктеуге шақырған. Адал да ақылды құл Патшалық туралы ізгі хабарды құлшына тарату арқылы зор сенім танытады. Біз осы маңызды істе сол бауырластарға қолдау көрсетіп жүрміз бе? Егер көрсетіп жүрсек, Басшымыз Исаның келесі сөздерін естігенде, бойымызды қуаныш кернейтіні анық: “Бұларды ең кіші деген бауырларымның біріне жасағандарың — маған жасағандарың” (Матай 25:34—40).

19. Неге сіз Басшымыз Исаның соңынан еруге бекіндіңіз?

19 Көкке қайта көтерілгенде Иса шәкірттерін тастап кеткен жоқ еді (Матай 28:20). Ол жерде болған кезінде басшылықты қолға алуға киелі рух, періштелер мен Құдай Сөзі қаншалықты көмектескенін өз тәжірибесінен көрді. Сондықтан ол бүгінде адал құлды да дәл сондай көмекпен қамтамасыз етіп отыр. Басқарушы кеңес “Тоқты [яғни Иса] қайда бармасын, оған еріп” келеді (Аян 14:4). Демек, Басқарушы кеңестің нұсқауы бойынша жүргеніміз — Басшымыз Исаға еріп жүргеніміз. Ал Иса бізді жақын арада мәңгі өмірге жетелейді (Аян 7:14—17). Адами басшылардың ешқайсысы да мұндай уәде бере алмайды!

^ 3-абзац Ехоба болашақтағы Жаңа Иерусалимнің “12 іргетасын” он екі елшінің құрағанын ниет етсе керек (Аян 21:14). Сол себептен де кейін жердегі өмірін аяқтаған адал елшілердің орнына басқа біреулерді таңдаудың қажеті болмады.

^ 8-абзац 1955 жылдан бері бұл корпорация “Күзет мұнарасы, Киелі кітап және трактаттар қоғамы (Пенсильвания)” деген атпен танымал.

^ 12-абзац “Ехоба куәгерлерінің ізденіс құралындағы” “Түсінігіміздің молая түсуі” деген тақырыпшаны да қараңыз.

^ 14-абзац “Құдай Патшалығы туралы түбегейлі куәлік береміз” (ор.) кітабының 58, 59-беттерін қараңыз.