Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехобаның ниеті міндетті түрде орындалады!

Ехобаның ниеті міндетті түрде орындалады!

“Айтқанымды міндетті түрде орындаймын. Ниетімді міндетті түрде жүзеге асырамын” (ИШАЯ 46:11).

ӘНДЕР: 147, 149

1, 2. а) Ехоба бізге нені ашты? ә) Ишая 46:10, 11 және 55:11-де сенімімізді нығайтатын қандай сөздер бар?

“ӘУЕЛ БАСТА Құдай аспан мен жерді жаратты”. Киелі кітаптағы бұл алғашқы сөздер қарапайым болғанмен, мәні терең (Мұсаның 1-жазбасы 1:1). Рас, Ехобаның қолынан шыққан көп жаратылысы жайлы, мысалы кеңістік, жарық, тартылыс күші туралы, түсінігіміз шектеулі, әрі ұлан-ғайыр ғаламның кішкентай бөлшегін ғана көрдік (Уағыздаушы 3:11). Бірақ Ехоба бізге өзінің жерге және адамзатқа қатысты ниетін ашқан. Жер Құдайға ұқсас етіп жаратылған адамдардың мекендейтін әсем тұрағы болу керек-тін (Мұсаның 1-жазбасы 1:26). Олар Ехобаның балалары, ал ол оларға Әке болмақ еді.

2 Мұсаның 1-жазбасының 3-тарауынан білетініміздей, Ехобаның ниетін сынға алған бір жағдай болды (Мұсаның 1-жазбасы 3:1—7). Алайда Ехоба шеше алмайтын түйін жоқ. Оған ешкім кедергі бола алмайды (Ишая 46:10, 11; 55:11). Сондықтан Ехобаның әуелгі ниеті дәл өз уақытында орындалатынына күмәнданбасақ болады!

3. а) Киелі кітап хабарын түсінуге көмектесетін маңызды ілімдер қандай? ә) Бұл ілімдерді неге қазір қарастырамыз? б) Қандай сұрақтарға тоқталамыз?

3 Әрине, біз Құдайдың жер мен адамзатқа қатысты ниетін және оның ниетіндегі Исаның негізгі рөлін білеміз. Бұлар маңызы зор Киелі кітап шындықтары, әрі олар Құдай Сөзін зерттей бастағанымызда ашылған алғашқы ілімдер болар. Енді өзгелердің де осы маңызды ілімдерден хабардар болғанын қалаймыз. Қазір біз адамдарды Мәсіхтің өлімін еске алу кешіне шақырып жүргендіктен, осыны істеудің керемет мүмкіндігі туып тұр (Лұқа 22:19, 20). Осы жиынға келгендер Құдайдың тамаша ниеті жайлы көбірек білетін болады. Сондықтан қазір адамдардың осы елеулі жиынға келуге ықыластарын оятуға көмектесетін маңызды сұрақтар жайлы ой жүгірткеніміз жақсы. Осы мақалада келесі үш сұрақты қарастырамыз: Құдайдың жер мен адамзатқа қатысты ниеті қандай еді? Бірақ қандай мәселе туындады? Неге Исаның төлем құрбандығы Құдай ниетінің орындалуына есік ашатын кілт болып табылады?

ЖАРАТУШЫНЫҢ НИЕТІ ҚАНДАЙ ЕДІ?

4. Қалайша жаратылыс “Құдайдың салтанатын жариялайды”?

4 Ехобаның қандай жасампаз Жаратушы екенін ойлағанда, бойымызды қастерлі сезім билейді. Оның әрбір жаратылысы ең жоғарғы талаптарға сай келеді (Мұсаның 1-жазбасы 1:31; Еремия 10:12). Жаратылыстың әдемілігі мен ондағы тәртіпке қарап, нені түсінуге болады? Ехоба жасаған титтей нәрседен бастап ең үлкеніне дейін, әрқайсысының өзіндік пайдасы бар. Бұған қоса, сіз адам жасушасының күрделілігі жайлы ойланғанда, жаңа туған нәрестенің сүйкімділігін көргенде немесе күннің ұясына қызарып батқанын тамашалағанда, қандай сезімде боласыз? Әрине, біз мұның бәріне тамсанамыз, өйткені Ехоба бізді шынайы сұлулықтың не екенін түсіну қабілетімен жаратқан (Зәбүр 19:1; 104:24 оқыңыз).

5. Жаратылыстардың бәрі бір-бірімен үйлесе әрекеттесуі үшін Ехоба не істеген?

5 Ехоба жаратылыстарының әрбіріне белгілі бір шек қойған. Ол табиғат заңдары мен моральдық заңдарды орнатқан. Осы заңдардың арқасында әлемдегі жаратылыстардың бәрі бір-бірімен үйлесе әрекеттеседі (Зәбүр 19:7—9). Ғаламдағы әр нәрсенің өз орны мен атқаратын қызметі бар. Мысал үшін, тартылыс заңы атмосфераны жерге тартып тұрады, мұхиттарды және ондағы сулардың көтерілуі мен қайтуын ретке келтіреді. Тартылыс күші болмаса, жер бетінде тіршілік мүмкін болмас еді. Ғаламдағы керемет тәртіп Ехобаның шек қойғанының нәтижесінде болып отыр. Бұдан Құдайдың жер мен адамдарды белгілі бір ниетпен жаратқаны көрінеді. Біз қызметте адамдарға осы тамаша ғаламның Жаратушысын танып-білуге көмектесе аламыз (Аян 4:11).

6, 7. Ехобаның Адам мен Хауаға берген сыйларының кейбірі қандай?

6 Ехоба адамдардың жер бетінде мәңгі бақи өмір сүргенін ниет еткен (Мұсаның 1-жазбасы 1:28; Зәбүр 37:29). Ол жомарт Құдай болғандықтан, Адам ата мен Хауа анаға таңғажайып сыйлар берген (Жақып 1:17 оқыңыз). Ехоба оларға ерік бостандығын берді және ойлану, жақсы көру, достасу сияқты қабілеттер дарытты. Жаратушымыз Адамға тікелей сөйлеп, мойынсұнушылығын қалай көрсете алатынына қатысты нұсқау берді. Адам өзіне, жануарлар мен тұрып жатқан жеріне күтім жасауды да үйренді (Мұсаның 1-жазбасы 2:15—17, 19, 20). Сонымен қатар Ехоба Адам мен Хауаны дәм сезу, сипап сезу, көру, есту, иіс сезу қабілеттерімен жаратты. Соның арқасында олар жұмақ бағының рақатын молынан көре алатын. Екеуінің көптеген қызықты тапсырмалары болды. Олар мәңгілік бойы жаңа нәрселерді танып-біле бермек еді.

7 Құдайдың ниетіне тағы не кірді? Ехоба алғашқы жұпқа кемелді балаларды дүниеге әкелу қабілетін сыйлады. Уақыт өте балаларының да балалары болып, жер беті толғанша осылай жалғасу керек-тін. Ехоба алғашқы балалары Адам мен Хауаны жақсы көргені сияқты, ата-аналар да өз балаларын жақсы көрсе екен деді. Ол адамзат отбасын әдемі әрі тамаша сыйларға толы жерге қоныстандырды. Ехоба сый етіп берген бұл үйді олардан ешкім де тартып ала алмайтын еді (Зәбүр 115:16).

ҚАНДАЙ МӘСЕЛЕ ТУЫНДАДЫ?

8. Неге Құдай Адам мен Хауаға Мұсаның 1-жазбасы 2:16, 17-дегі заңды берді?

8 Бірақ бәрі бірден Ехоба қалағандай болмады. Бұған не себеп болды? Адам мен Хауа ерік бостандықтарының шектеулі екенін түсінулері үшін Ехоба қарапайым бір заң берген болатын. Ол: “Бақтағы жеміс ағаштарының бәрінен тойғанша жеуіңе болады. Бірақ жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жеме! Өйткені одан жеген күні өлесің”,— деді (Мұсаның 1-жазбасы 2:16, 17). Адам мен Хауа үшін бұл заңды түсіну қиын болған жоқ. Оны орындау да қиын болмас еді, өйткені бақта басқа да дәмді жеміс-жидектер ағыл-тегіл болды.

9, 10. а) Шайтан Ехобаға қандай жала жапты? ә) Адам мен Хауа не шешті? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

9 Шайтан Ібіліс жыланды қолданып, Хауаны Ехобаның тілін алмауға азғырды (Мұсаның 1-жазбасы 3:1—5 оқыңыз; Аян 12:9). Ол “Құдай сендерге бақтағы ешбір ағаштың жемісін жемеңдер деп шынымен айтты ма?” деуімен Ехобаның бұйрығынан дау шығарып, Құдай әділетсіз шектеу қойғандай етіп көрсетті. Былайша айтқанда, ол: “Сонда сендер өз қалағандарыңды істей алмайсыңдар ма?”— дегендей болды. Кейін ол Хауаға қып-қызыл өтірік айтып: “Жоқ, өлмейсіңдер”,— деді. Бұдан соң оны Құдайға мойынсұнудың қажеті жоқ дегенге иландырды. Шайтан: “Оны жеген күні көздерің ашылатынын... ол біледі”,— деді. Осылайша олар ағаштың жемісін жеп, ерекше білімге ие болмаулары үшін, Ехоба оны жегендерін қаламады дегенге меңзеді. Соңында Шайтан “Құдай сияқты боласыңдар” деген жалған уәде берді.

10 Енді Адам мен Хауа не істейтіндерін шешу керек еді. Олар Құдайға мойынсұна ма, әлде жыланның айтқанына құлақ аса ма? Өкінішке қарай, олар Құдайдың тілін алмай, бүлікші Шайтанға еріп кетті. Осылайша Әкелері Ехобадан теріс айналып, оның қорғанышынан құралақан қалды (Мұсаның 1-жазбасы 3:6—13).

11. Не себепті Ехоба Адам мен Хауаның күнәсіна көз жұма алмады?

11 Адам мен Хауа Құдай заңын бұзған соң, кемелсіз болып қалды. Оған қоса, бүліктерінің кесірінен олар Ехобаның жауына айналды, себебі оның “көзі тым таза... озбырлыққа қарап тұра алмайды”. Оның “зұлымдыққа жаны төзбейді” (Абақұқ 1:13). Егер Ехоба Адам мен Хауаның күнәсіна көз жұмғанда, жердегі және көктегі барлық жаратылыстың тыныштығы мен бірлігі бұзылар еді. Періштелер мен адамдар Құдайдың айтқан сөздеріне сенім артуға болатынына күмәнданып қалар еді. Бірақ ол өз нормаларына адал және ешқашан олардан аттап кетпейді (Зәбүр 119:142). Адам мен Хауаның ерік бостандығы болғанмен, бұл оларға Ехоба орнатқан заңды таптауға құқық берген жоқ. Ехобаға қарсы шыққандарының кесірінен олар өлім құшып, қайтадан топыраққа айналды (Мұсаның 1-жазбасы 3:19).

12. Адам атаның балаларымен не болды?

12 Адам мен Хауа тыйым салынған жемісті жегенде, Ехоба оларды өз отбасының мүшесі етуден бас тартты. Екеуін Едем бағынан қуып шығып, онда қайтып кірмейтіндей етті (Мұсаның 1-жазбасы 3:23, 24). Ехоба оларға таңдаған шешімдерінің салдарын тартқызды (Мұсаның 5-жазбасы 32:4, 5 оқыңыз). Енді кемелсіз болғандықтан, олар Ехобаның қасиеттерін кемелді түрде таныта алмайтын болды. Жарқын болашақтан Адам атаның өзі ғана емес, бүкіл ұрпағы құралақан қалды. Ол балаларына кемелсіздік, күнә мен өлімнен басқа ештеңе қалдырмады (Римдіктерге 5:12). Осылай Адам ата оларды мәңгі өмір сүру мүмкіндігінен айырды. Оның да, балаларының да дүниеге келген балалары кемелсіз болмақ еді. Адам мен Хауаны Құдай жолынан тайдырғалы бері, Шайтан адамзатты әлі күнге дейін адастырып келеді (Жохан 8:44).

ҚҰДАЙМЕН ТАТУЛАСУҒА ЖОЛ АШҚАН ТӨЛЕМ

13. Ехоба адамзат үшін нені қалады?

13 Ехоба өзінің адамдарға деген сүйіспеншілігінен айныған жоқ. Адам мен Хауа өзінен теріс айналып кетсе де, ол адамзатпен жақсы қарым-қатынаста болғысы келді. Құдай олардың ешқайсысының өлгенін қаламады (Петірдің 2-хаты 3:9). Сол себептен ол бірден шара қолданып, адамзаттың өзімен достасуына мүмкіндік жасады. Бірақ қалай ол мұны өзінің әділ нормаларына қайшы келмейтіндей етіп істеді? Көрейік.

Адам мен Хауа өзінен теріс айналып кеткен соң, Құдай бірден шара қолданып, адамзаттың өзімен татуласуына қам жасады

14. а) Жохан 3:16-ға сай, Құдай адамдарды күнә мен өлімнен құтқару үшін не істеді? ә) Адамдармен қай сұрақты талқыласақ болады?

14 Жохан 3:16 оқыңыз. Біз Еске алу кешіне шақырып жүрген адамдардың кейбірі бұл жазба орнымен таныс болуы мүмкін. Бірақ Исаның төлем құрбандығы мәңгілік өмірге қалай жол ашты? Еске алу кешіне шақырған кезде, сол кешке бірге барғанда және кейінірек кездескенде, шындықты іздеген ақжүрек адамдарға осы сұрақтың жауабын түсінуге көмектесе аламыз. Мұндай адамдар төлем жайлы көбірек білген сайын, Ехобаның адамзатты қаншалықты жақсы көретініне және оның қаншалықты дана екеніне көздері жете түседі. Оларға төлеммен байланысты қандай негізгі жайттарды айтып беруге болады?

15. Исаның Адамнан айырмашылығы қандай болды?

15 Ехоба өмірін төлем ретінде бере алатын кемелді адамды жіберді. Бұл кемелді адам Ехобаға адал болып қалуы қажет еді және адамзат үшін өмірін құрбан етуге дайын болу керек-тін (Римдіктерге 5:17—19). Ехоба өзінің тұңғыш жаратылысы Исаның көктегі өмірін жерге ауыстырды (Жохан 1:14). Осылайша Иса тура Адам ата сияқты кемелді адам болды. Бірақ Адамнан айырмашылығы — ол Ехобаның кемелді адамға қоятын талабына сай өмір кешті. Тіпті ең ауыр сынақтардың өзінде Иса Құдайдың бірде-бір заңынан мүлт кетпеді.

16. Неге төлем теңдессіз сый болып табылады?

16 Кемелді адам ретінде өмірін қиюымен Иса адамзатты күнә мен өлімнен құтқара алды. Иса Адам ата қандай болу керек болса, соның барлығына тұп-тура сай келді: ол кемелді болды және Ехобаға қалтқысыз адалдық пен мойынсұнғыштық танытты (Тімөтеге 1-хат 2:6). Исаның берген төлем құрбандығы “көптеген адамдар үшін” — ерлер, әйелдер мен балалар үшін — мәңгі өмір сүруге жол ашты (Матай 20:28). Расында да, төлем — Құдайдың о бастағы ниетінің орындалуына есік ашатын кілт (Қорынттықтарға 2-хат 1:19, 20).

ЕХОБА ҚАЙТА ОРАЛУҒА ЕСІК АШТЫ

17. Төлемнің арқасында не нәрсе мүмкін болды?

17 Ехоба төлемді беру үшін өте жоғары құн төледі (Петірдің 1-хаты 1:19). Адам баласын қымбат тұтқаны сонша — өз Ұлын біз үшін өлімге қиюға дайын болды (Жоханның 1-хаты 4:9, 10). Қандай да бір мағынада Иса бізге Адамның орнына әке болды (Қорынттықтарға 1-хат 15:45). Ол бізге мәңгі өмір сүруге ғана емес, келешекте Құдай отбасына қайта оралуға да жол ашты. Иә, Исаның құрбандығының негізінде, Ехоба өз әділдігіне қайшы келместен, адамзатты өз отбасына қайта қабылдай алады. Ехобаға адал адамдардың барлығы кемелділікке жететінін ойлағанда, бойымызды керемет сезім билейді емес пе?! Түбінде Құдай отбасының көктегі және жердегі бөлігі толық бірлікте болады. Сонда бәріміз де Құдайдың балалары боламыз (Римдіктерге 8:21).

18. Қашан Ехоба “бірден-бір Билеуші болмақ”?

18 Алғашқы адам жұбы өзінен бас тартса да, Ехоба адамдарды сүюін доғарған жоқ. Қанша кемелсіз болсақ та, Шайтан біздің Ехобаға адалдық сақтауымызға бөгет бола алмайды. Төлем құрбандығы арқылы Ехоба барлығымызға толықтай әділ болуға көмектеседі. Оның Ұлына “сенген әркім” мәңгі өмір сыйын алғанда, өмір қандай болатынын елестетіп көріңізші! (Жохан 6:40). Бізді жақсы көретін әрі дана Әкеміз өзінің әуелгі ниетіне сай, адамзатты кемелділікке жеткізеді. Сонда ол “бірден-бір Билеуші болады” (Қорынттықтарға 1-хат 15:28).

19. а) Төлемге деген ризашылық бізді не істеуге талпындыру керек? (“ Лайық адамдарды іздей берейік” деген қоршауды қараңыз.) ә) Келесі мақалада не қарастырылады?

19 Төлемге деген ризашылығымыз бізді осы теңдессіз сый жайлы басқаларға айтуға талпындыру қажет. Ехоба сүйіспеншілікпен осы төлем арқылы бүкіл адамзатқа мәңгі өмір сүруге мүмкіндік беріп отырғанын адамдар білулері керек. Бірақ төлемнің әкелетін игілігі бұл ғана емес. Төлем Шайтанның Едем бағында көтерген дауына нүкте қояды. Бұл қалай болатыны жайлы келесі мақалада сөз етеміз.