Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Төлем — Әкенің берген “кемелді сыйы”

Төлем — Әкенің берген “кемелді сыйы”

“Игі де кемелді сыйдың бәрі... Әкеден келеді” (ЖАҚЫП 1:17).

ӘНДЕР: 148, 109

1. Төлем қандай баталарға жол ашты?

ИСА МӘСІХТІҢ төлем құрбандығы көп батаға кенелуімізге мүмкіндік берді. Мысалы, төлем Адам атаның әділдікті сүйетін бүкіл ұрпағына келешекте Құдай отбасының мүшесі болуға жол ашады. Сондай-ақ төлемнің арқасында мәңгі бақи бақытты ғұмыр кешуге үмітіміз бар. Әйтсе де Мәсіхтің төлем құрбандығы адамзатқа бақытты болашақ сыйлап қана қоймайды. Төлем көктегілер мен жердегілердің әрқайсысы үшін маңызы зор жайттармен байланысты (Еврейлерге 1:8, 9).

2. а) Иса дұғасында көктегілер мен жердегілер үшін маңызы зор қандай жайттарды қозғады? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.) ә) Біз нені қарастырамыз?

2 Өлерінен екі жылдай уақыт бұрын Иса шәкірттеріне былай деп дұға етуді үйретті: “Көктегі Әкеміз, сенің есімің киелі тұтылсын! Сенің Патшалығың келсін! Сенің еркің көктегідей жер бетінде де орындалсын!” (Матай 6:9, 10). Төлемге деген ризашылығымыз арта түсу үшін, оның Құдай есімінің киелі тұтылуымен, Құдай Патшалығының билік етуімен және Құдай ниетінің орындалуымен қандай байланысы бар екенін қарастырып өтелік.

“ЕСІМІҢ КИЕЛІ ТҰТЫЛСЫН”

3. Ехобаның есімі нені паш етеді және Шайтан қалай осы есімге кір келтірді?

3 Үлгілі дұғасында Иса ең алдымен Ехобаның есімінің киелі тұтылуын сұрады. Ехобаның есімі оның өзін, қандай Тұлға екенін паш етеді. Ол — әлемдегі ең құдіретті әрі ең әділ Тұлға. Басқа бір дұғасында Иса Ехобаны “Киелі Әке” деп атаған (Жохан 17:11). Өзі киелі болғандықтан, Ехоба орнатқан принциптер пен заңдардың бәрі киелі. Соған қарамастан Едем бағында Шайтан қулықпен Ехобаның адамзат үшін ненің жақсы, ненің жаман екенін шешуге құқы бар екеніне күмән келтірді. Ехоба туралы өтірік айтуымен ол Құдайдың қасиетті есіміне кір келтірді (Мұсаның 1-жазбасы 3:1—5).

4. Иса Құдай есімінің киелі тұтылуына қалай үлес қосты?

4 Иса болса Ехобаның есімін шын жүректен жақсы көрді және оны киелі тұту үшін бәрін істеді (Жохан 17:25, 26). Кемелді жүріс-тұрысы мен тәлімі арқылы Иса Ехобаның нормаларының қаншалықты дұрыс екенін әрі біздің пайдамыз үшін екенін көрсетті (Зәбүр 40:8—10 оқыңыз). Шайтан азапты өлімге душар етсе де, ол Әкесіне қалтқысыз адал болып қалды. Осылайша кемелді адам Құдайдың әділ нормаларына толықтай мойынсұна алатынын дәлелдеді.

5. Қалай біз Ехобаның есімінің киелі тұтылуына үлес қоса аламыз?

5 Ал біз Ехобаның есімін жақсы көретінімізді қалай көрсете аламыз? Жүріс-тұрысымыз арқылы. Ехоба бізден киелі болуды талап етеді (Петірдің 1-хаты 1:15, 16 оқыңыз). Бұл тек оған ғана ғибадат етуді және оған бар жүрегімізбен мойынсұнуды білдіреді. Тіпті қуғын-сүргінге ұшыраған кезде де, оның әділ принциптері мен заңдарына сай әрекет етуге барынша тырысамыз. Ехобаның талаптарымен өмір сүргеніміздің арқасында оның есімі мадақталады (Матай 5:14—16). Осылайша оның заңдарының игілікті екенін, ал Шайтанның суайт екенін дәлелдейміз. Әрине, кемелсіз болғандықтан, қателіктер жібереміз. Бірақ ондай кездері шын жүректен өкініп, Ехобаның есімін қаралайтын істерден бойымызды барынша аулақ ұстаймыз (Зәбүр 79:9).

6. Неге кемелсіз болсақ та, Ехоба бізді әділ деп санай алады?

6 Майланғандардың не “басқа қойлардың” қатарында болайық, төлем құрбандығына сенім танытсақ, Ехоба күнәларымызды кешіреді. Ол өзіне бағышталғандарды өзіне ғибадат ететін қызметшілері ретінде қабылдайды. Ол майланған мәсіхшілерді балалары ретінде, ал “басқа қойларды” достары ретінде әділ деп жариялайды (Жохан 10:16; Римдіктерге 5:1, 2; Жақып 2:21—25). Сондықтан қазірдің өзінде төлем бізге Әкеміздің көз алдында әділ болуға және оның есімін киелі тұтуға мүмкіндік береді.

“ПАТШАЛЫҒЫҢ КЕЛСІН”

7. Төлемнің арқасында не нәрсе мүмкін болды?

7 Үлгілі дұғасында Иса тағы: “Патшалығың келсін”,— деген. Төлемнің Құдай Патшалығына қандай қатысы бар? Төлемнің арқасында 144 000 адамның көктегі өмірге қайта тіріліп, патша әрі діни қызметкер ретінде қызмет етуі мүмкін болды (Аян 5:9, 10; 14:1). Олар Исамен бірге Құдай Патшалығында 1000 жыл бойы билік етіп, мойынсұнғыш адамдардың төлем құрбандығының игілігін көруіне қам жасайды. Ехоба осы Патшалықты қолданып, жер бетін жұмаққа айналдырады және бүкіл адамзатты кемелділікке жеткізеді. Сонда Ехобаның көктегі және жердегі қызметшілерінің бәрі бір отбасын құрайтын болады (Аян 5:13; 20:6). Иса Шайтанның “басын мыжиды” әрі оның бүлігінің салдарын толықтай жояды (Мұсаның 1-жазбасы 3:15).

8. а) Иса шәкірттеріне Құдай Патшалығының маңыздылығын қалай көрсетті? ә) Бүгінде Құдай Патшалығын қолдайтынымызды қалай көрсете аламыз?

8 Иса жерде болған кезінде шәкірттеріне Құдай Патшалығының маңыздылығын түсінуге көмектескен. Ол шомылдыру рәсімінен өте сала, жүрген жерінің бәрінде “Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды жариялай” бастады (Лұқа 4:43). Ал көкке барар алдында шәкірттеріне “жердің қиыр шетіне дейін” куәлік етуді тапсырды (Елшілердің істері 1:6—8). Бүгінде Патшалық жайлы уағыздау ісінің арқасында шартараптағы адамдардың төлем жайлы біліп, Құдай Патшалығының азаматы болуға мүмкіндігі бар. Біз Мәсіхтің жер бетіндегі бауырларына Патшалық жайлы ізгі хабарды жер-жаһанға таратуға көмектесуімізбен Құдай Патшалығының адал азаматтары екенімізді көрсетеміз (Матай 24:14; 25:40).

“ЕРКІҢ ОРЫНДАЛСЫН”

9. Ехобаның адамдарға қатысты ниеті жүзеге асатынына неге сенімді бола аламыз?

9 Исаның “еркің орындалсын” деген келесі сөздері нені білдіреді? Ехоба бір нәрсені уәде етсе, ол орындалмай қоймайды (Ишая 55:11). Шайтанның бүлігі Ехобаға ниетін іске асыруға бөгет бола алмайды. Ехобаның жерге қатысты еркі қандай еді? Оның еркі бойынша, бүкіл жер беті Адам мен Хауаның кемелді ұрпағымен толуы керек-тін (Мұсаның 1-жазбасы 1:28). Егер Адам мен Хауа балалы болмай дүниеден өткенде, Құдайдың жер бетін олардың ұрпағымен толтыру ниеті құрдымға кетер еді. Сондықтан Ехоба Адам мен Хауаға балалы болуға жол берді. Төлемнің арқасында Құдай сенім танытқандардың бәріне кемелділікке жетіп, жұмақта мәңгі өмір сүруге мүмкіндік береді. Ехоба адамдарды жақсы көреді және бастапқыда біз үшін ниет еткен керемет өмірге жеткенімізді қалайды.

10. Дүниеден өткендер қалай төлемнің игілігін көре алады?

10 Ехоба жайлы білуге мүмкіндігі болмай дүниеден озған миллиардтаған адаммен не болмақ? Төлем құрбандығының арқасында олар қайта тіріледі. Көктегі сүюші Әкеміз оларға қайта өмір сыйлап, өзінің ниеті жайлы білуге және мәңгі өмір сүруге мүмкіндік береді (Елшілердің істері 24:15). Ехоба адамдардың өлгенін емес, өмір сүргенін қалайды. Өмірдің қайнар көзі болғандықтан, ол қайта тірілген әрбір адам үшін Әке болады (Зәбүр 36:9). Сондықтан Исаның “Көктегі Әкеміз” деп дұға айтуды үйреткені орынды-ақ (Матай 6:9). Ехоба марқұмдарды қайта тірілту ісінде Исаға өте маңызды рөл берген. Иса: “Қайта тірілу және өмір — менмін”,— деген (Жохан 6:40, 44; 11:25).

11. Құдайдың “ұлы жамағатқа” қатысты ниеті қандай?

11 Сонымен қатар Иса: “Кім Құдай еркін орындаса, сол — менің бауырым, әпке-қарындасым және анам”,— деген (Марқа 3:35). Ехоба әрбір ұлттан, рудан, халықтан және тілден шыққан адамдардың өзіне ғибадат еткенін қалайды. Олар Киелі кітапта “ешбір адам баласы санай алмайтындай ұлы жамағат” деп аталған. Төлемге сенетін және Құдайға мойынсұнғысы келетін олар: “Құтқарылғанымыз үшін біз тақта отырған Құдайымыз бен Тоқтыға борыштымыз”,— деп Ехобаға мадақ айтады (Аян 7:9, 10).

12. Исаның үлгілі дұғасынан Ехобаның адамзатқа қатысты ниеті жайлы не білеміз?

12 Исаның үлгілі дұғасынан Ехобаның ниетіне қатысты біраз жайтты білдік. Біріншісі, Ехобаның есімін киелі тұту үшін және оны мадақтау үшін барымызды салуымыз керек (Ишая 8:13). Исаның есімінің өзі “Ехоба — Құтқарушы” дегенді білдіреді және біздің төлем арқылы құтқарылуымыз Құдайдың атын даңққа бөлейді. Екіншісі, мойынсұнғыш адамдар төлемнің толық игілігін көру үшін Ехоба өзінің Патшалығын қолданады. Үшіншісі, үлгілі дұға Құдай еркінің орындалуына ештеңе тосқауыл бола алмайтынына сенімділік береді (Зәбүр 135:6; Ишая 46:9, 10).

ТӨЛЕМГЕ ДЕГЕН РИЗАШЫЛЫҒЫҢЫЗДЫ КӨРСЕТІҢІЗ

13. Біз неге шомылдыру рәсімінен өтеміз?

13 Төлемге деген ризашылығымызды білдірудің бір маңызды жолы — Ехобаға өмірімізді бағыштап, шомылдыру рәсімінен өту. Осылайша төлемге сенетінімізді және “Ехобаның меншігі” екенімізді анық көрсетеміз (Римдіктерге 14:8). Сондай-ақ бұл — Құдайдан таза ар-ұждан сұрағанымыздың белгісі (Петірдің 1-хаты 3:21). Сонда Ехоба бұл өтінішімізге Исаның күнәмізді жуу үшін төгілген қанын біздің игілігімізге қолдана отырып жауап береді. Сондықтан ол бізге уәде еткендерінің бәрін беретініне толықтай сенімдіміз (Римдіктерге 8:32).

Төлемге деген ризашылығымызды қалай көрсетеміз? (13, 14-абзацты қараңыз)

14. Неге Ехоба бізге “өзге адамды сүюге” қатысты заң берген?

14 Төлемге деген ризашылығымызды білдірудің тағы бір жолы қандай? Ехоба әрбір ісін сүйіспеншілікпен істейтіндіктен, өзіне ғибадат ететіндердің бәрі де осы негізгі қасиетті танытқанын қалайды (Жоханның 1-хаты 4:8—11). Өзге адамдарды сүйсек, біз “көктегі Әкеміздің балалары болғымыз” келетінін көрсетеміз (Матай 5:43—48). “Өзге адамды сүй” деген заң Ехобаны сүюден кейінгі екінші басты заң болып табылады (Матай 22:37—40). Бұл талапты орындаудың ең маңызды жолы — Құдай Патшалығы жайлы ізгі хабарды уағыздау. Егер өзге адамды, әсіресе бауырластарды, сүюге қатысты заңға мойынсұнатын болсақ, Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз “кемеліне жетеді” (Жоханның 1-хаты 4:12, 20).

ТӨЛЕМНІҢ АРҚАСЫНДА ЕХОБАНЫҢ БАТАЛАРЫНА КЕНЕЛЕМІЗ

15. а) Қазір біз Ехобаның қандай баталарына кенеліп жатырмыз? ә) Болашақта бізді қандай баталар күтіп тұр?

15 Ехоба төлемге сенім танытатын болсақ, күнәмізді өшіретініне, яғни толықтай кешіретініне сендіреді (Елшілердің істері 3:19—21 сілтеме, оқыңыз). Жоғарыда айтылып кеткендей, Ехоба төлемді негізге ала отырып, рухпен майланған қызметшілерін өзінің балалары етеді (Римдіктерге 8:15—17). Ал “басқа қойларға” келсек, Ехоба, былайша айтқанда, оларды өзінің балалары ету туралы құжат дайындап, оған есімдерін жазып қояды. Олар кемелділікке жетіп, ақырғы сынақтан өткенде, ол бұл құжатқа қуана-қуана қол қояды. Сөйтіп, оларды өзінің жердегі сүйікті балалары етеді (Римдіктерге 8:20, 21; Аян 20:7—9). Ехобаның өз балаларына деген сүйіспеншілігі ешқашан сөнбейді. Төлемнің игілігі мәңгілікке жалғасатын болады (Еврейлерге 9:12). Ехоба біз үшін теңдессіз сый берген, оны бізден ешкім де тартып ала алмайды.

16. Төлем бізді қалай азат етті?

16 Егер күнәларымызға өкінетін болсақ, түбінде Ехобаның отбасының мүшесі болуымызға Шайтан еш кедергі жасай алмайды. Иса “бір рет” өлді, осылайша төлем біржола берілді (Еврейлерге 9:24—26). Исаның құрбандығы адамзатқа шығарылған үкімнің күшін толықтай жояды. Төлемнің арқасында біз Шайтанның уысындағы осы дүниенің құлдығынан азат етілдік, әрі өлім алдындағы қорқыныштан арылдық (Еврейлерге 2:14, 15).

17. Ехобаның сүйіспеншілігі бойыңызда қандай сезім оятады?

17 Құдайдың уәделері әрқашан орындалады. Ехоба орнатқан табиғат заңдары ешқашан өзгермейтіні сияқты, Ехоба да ешқашан өзгермейді. Ол ешқашан көңілімізді қалдырмайды (Малахи 3:6). Ехоба бізге өмір сыйлап қана қойған жоқ, өзінің сүйіспеншілігіне де бөледі. “Құдайдың бізді сүйетінін өзіміз танып-білдік, әрі бұған сендік. Құдай — сүйіспеншілік” (Жоханның 1-хаты 4:16). Жақында бүкіл жер беті жасыл желегі жайқалған жұмаққа айналады және онда өмір сүретін әрбір адам Ехобаның сүйіспеншілігін танытатын болады. Сонда Құдайдың көктегі және жердегі қызметшілері бірауыздан: “Мадақ, даңқ, даналық, ризашылық, құрмет, құдірет пен күш мәңгілік бойы Құдайымызға тиесілі болсын! Аумин”,— дейді (Аян 7:12).