Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Нұх, Даниял, Әйүп үшеуінің сенімі мен мойынсұнғыштығына еліктейік

Нұх, Даниял, Әйүп үшеуінің сенімі мен мойынсұнғыштығына еліктейік

Нұх, Даниял, Әйүп үшеуі... әділ болғандарының арқасында тек өз жандарын сақтап қалар еді” (ЕЗЕКИЕЛ 14:14).

ӘНДЕР: 120, 54

1, 2. а) Нұх, Даниял мен Әйүптің үлгілерін қарастырғанымыз неге бізге жігер береді? ә) Езекиел 14:14-тегі сөздерді Езекиел қандай кезеңде жазған?

ДЕНСАУЛЫҚҚА, қаржыға не қудалауға байланысты қиындықтарды бастан өткізіп жүрсіз бе? Кейде Ехобаға қуанышпен қызмет ете беру қиын ба? Сондай кездерде Нұхтың, Даниялдың және Әйүптің оқиғаларын қарастырғаныңыз бойыңызға жігер құяды. Олар да кемелсіз болған және біздікіндей қиындықтарға кезіккен. Өмірлеріне қауіп төнген кездер де болған. Бірақ олар адал болып қалды, сондықтан Ехоба оларды сенім мен мойынсұнғыштықтың үлгілері деп білді (Езекиел 14:12—14 оқыңыз).

2 Езекиел осы мақаланың негізгі тармағын Бабылда б. з. б. 612 жылы жазған * (Езекиел 1:1; 8:1). Осыдан көп ұзамай б. з. б. 607 жылы Иерусалим қаласы жойылды. Сол уақыттары Иерусалимде санаулы ғана адам Нұх, Даниял мен Әйүп сияқты сенім мен мойынсұнғыштық танытты әрі құтқарылды (Езекиел 9:1—5). Солардың арасында Еремия, Барух, Әбдімәлік пен Рехаб әулетіндегілер бар еді.

3. Осы мақалада не жайлы білеміз?

3 Бүгінде де Ехоба әділ деп санайтын, яғни Нұх, Даниял мен Әйүпке ұқсаған адамдар ғана осы зұлым дүниенің соңында аман қалады (Аян 7:9, 14). Олай болса, Ехобаның не себепті осы үш кісіні әділ әрекет еткендер деп атағанын білейік. Біз 1) олардың әрқайсысы қандай қиындықтарға кезіккенін және 2) олардың сенімі мен мойынсұнғыштығына қалай еліктей алатынымызды талқылаймыз.

НҰХ 900 ЖЫЛДАН АСТАМ УАҚЫТ БОЙЫ СЕНІМ МЕН МОЙЫНСҰНҒЫШТЫҚ ТАНЫТТЫ!

4, 5. Нұхтың кейбір қиындықтары қандай болған? Нұхқа қатысты қандай жайт бізді таңғалдырады?

4 Нұх қандай қиындықтарға кезікті? Нұхтың арғы атасы Енохтың заманында-ақ адамдар өте зұлым болған. Олар Ехоба жайлы “сұмдық сөздер” айтқан (Яһуда 14, 15). Содан бері зұлымдық өршіген үстіне өрши түсіп, Нұхтың күндерінде дүние “зұлымдыққа толы” болды. Зұлым періштелер жерге адам кейпінде түсіп, әйелдерге үйленді. Олардан қатыгез де жауыз ұлдар туылды (Мұсаның 1-жазбасы 6:2—4, 11, 12). Бірақ айналадағылардың бәрі Нұхтың мүлдем басқа адам екенін байқаған. Киелі кітапта “Нұхқа Ехоба ықыласын түсіргені” жазылған. Ол дұрыс нәрсені жасауымен басқалардан қатты ерекшеленді. Нұх “Құдай жолымен жүрді” (Мұсаның 1-жазбасы 6:8, 9).

5 Бұл сөздерден Нұх туралы не білуге болады? Біріншіден, Топан судың алдында Нұхтың сол зұлым дүниеде Ехобаға қанша уақыт бойы адалдықпен қызмет еткенін ойға алайықшы. Бұл 70 не 80 жыл ғана емес, шамамен 600 жыл еді! (Мұсаның 1-жазбасы 7:11). Екіншіден, Нұхтың кезінде біздің кезіміздегідей көмек пен жігер беретін қауым болмаған. Тіпті туған бауырлары да оған қолдау көрсетпеген болса керек *.

6. Нұх қалай зор батылдық танытты?

6 Нұх өзім жақсы адам болсам, сол да жетеді деп ойлаған жоқ. Ол Ехобаға деген сенімі жайлы адамдарға батыл айтты. Киелі кітапта ол “әділдікті уағыздаушы Нұх” деп аталған (Петірдің 2-хаты 2:5). Елші Пауыл ол туралы: “[Нұх] сенімі арқылы дүниені айыптады”,— деген (Еврейлерге 11:7). Жұрт Нұхты келеке-мазақ етіп, оған бөгет жасауға тырысқаны сөзсіз. Тіпті күш көрсетеміз деп қорқытқан да шығар. Десе де ол адамнан қорыққан жоқ (Нақыл сөздер 29:25). Өйткені сенімі болғандықтан Ехоба оған батылдық дарытты. Бүгінде де сенімі мол барлық қызметшілеріне Ехоба дәл сондай батылдық береді.

7. Кемені соққанда Нұх қандай қиындықтарға кезікті?

7 Нұхтың Ехобаға адалдық сақтап жүргеніне 500 жылдай болып қалғанда, Ехоба оған үлкен кеме соқ деді. Бұл кеме кейбір адамдарды және жануарларды топан судан құтқарып қалу үшін қажет болды (Мұсаның 1-жазбасы 5:32; 6:14). Алып кеме соғу Нұх үшін аса қиын тапсырмадай көрінсе керек. Адамдар оны одан бетер күлкі-мазақ қылып, өмірін қиындата түсетінін де білгені сөзсіз. Бірақ Нұх сенім танытты және Ехобаға мойынсұнды. “Құдай қалай айтса, дәл солай істеді” (Мұсаның 1-жазбасы 6:22).

8. Ехоба отбасын қажетімен қамтамасыз ететініне Нұх қалай сенім артты?

8 Нұхтың қиындығы бұл ғана емес еді. Оған әйелі мен бала-шағасын асырау қажет еді. Топан суға дейін адамдар егін өсіру үшін ерекше күш салатын. Нұх та солай етті (Мұсаның 1-жазбасы 5:28, 29). Әйткенмен ол отбасының қам-қарекеті ең басты уайымы болып кетуіне жол бермеді. Ол үшін Ехобаға қызмет ету әрқашан да басты орында тұрды. Кеме соғу ісі 40-50 жылдай уақытқа созылса да, Нұхтың назары Ехобадан еш таймады. Топан судан кейін тағы 350 жыл бойы да ол осы бағытынан тайған емес (Мұсаның 1-жазбасы 9:28). Нұх — сенім мен мойынсұнушылықтың керемет үлгісі!

9, 10. а) Нұхтың сенімі мен мойынсұнғыштығына қалай еліктей аламыз? ә) Құдай заңдарына мойынсұнуға бел бусаңыз, не нәрсеге сенімді бола аласыз?

9 Нұхтың сенімі мен мойынсұнғыштығына қалай еліктей аламыз? Бұл үшін Ехобаның дұрыс пен бұрысқа қатысты көзқарасын жақтауымыз, Шайтанның дүниесінің бір бөлігі болмауымыз және Ехобаны ең басты орынға қоюымыз керек (Матай 6:33; Жохан 15:19). Осы себепті де мына дүние бізді жақтырмайды. Мысалы, жыныстық қатынас пен некеге қатысты Құдай заңдарына мойынсұнуға бекінгендіктен, ақпарат құралдары біз жайлы жағымсыз сөздер таратады (Малахи 3:17, 18 оқыңыз). Біз де, Нұх сияқты, адамдардан қорықпаймыз. Біз Ехобадан қорқамыз. Бұл біздің оны терең қастерлейтінімізді және көңілін қалдырғымыз келмейтінін білдіреді. Біз тек Ехоба ғана мәңгілік өмір сыйлай алатынын білеміз (Лұқа 12:4, 5).

10 Өзіңізді былай деп тексеріп көріңіз: “Басқалар мені мазақтап не сынап-мінесе де, Құдайдың алдында дұрыс нәрсені істей беремін бе? Күн көру қиындап кеткен күнде де, Ехоба отбасымды қамқорлай алатынына сенемін бе?” Нұх сияқты, Ехобаға сенім артып, мойынсұнғыш болсаңыз, ол сіздің қамыңызды жасайтынына сенімді бола аласыз (Філіпіліктерге 4:6, 7).

ЗҰЛЫМ ҚАЛАДА ТҰРСА ДА, СЕНІМ МЕН МОЙЫНСҰНҒЫШТЫҚ ТАНЫТҚАН ДАНИЯЛ

11. Даниял мен үш досы Бабылда қандай үлкен сынақтарға ұшырады? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

11 Даниял қандай қиындықтарға кезікті? Даниял жалған тәңірлер мен сиқыршылыққа белшесінен батқан бөтен қала Бабылда тұруға мәжбүр болған. Ондағы тұрғындар яһудилерді жақтырмайтын әрі оларды және Құдайлары Ехобаны келеке ететін (Зәбүр 137:1, 3). Бұл Ехобаны сүйетін Даниял мен басқа да яһудилердің жанына батқаны шүбәсіз! Оған қоса, Даниял мен оның үш досы Хананиях, Мишаел мен Азариях Бабыл патшасына қызмет етуге үйренетін болғандықтан, көбісі оларды жіті бақылап жүрген. Оларға патшаның тағамы берілді. Оның ішінде Ехоба өз халқына жеуге тыйым салған тағамдар болатын. Бірақ Даниял “патшаның тағамын жеп,.. өзін арамдамады” (Даниял 1:5—8, 14—17).

12. а) Даниял қандай адам болған? ә) Ехоба Даниялға қалай қарады?

12 Даниялдың бір қарағанда соншалықты қиын болып көрінбейтін өзге бір сынағы болды. Ол өте қабілетті еді, сол себепті патша оған ерекше артықшылықтар берді (Даниял 1:19, 20). Бірақ Даниял мақтаншақ болып кетпеді, я болмаса менің айтқаным әрқашан да дұрыс деп санамады. Ол кішіпейіл де қарапайым болып қала берді. Жеткен жетістіктері Ехобаның арқасында екенін әрдайым айтып отырды (Даниял 2:30). Ойлап қараңызшы, Ехоба Нұх пен Әйүп сияқты үлгі етерлік тұлғалардың қатарына Даниялды да қосқан. Ол кезде Нұх пен Әйүп Ехобаға өмір бойы адал болып, дүниеден өтіп кеткен еді. Ал Даниял әлі жас жігіт болған. Иә, Ехоба оған кәміл сенген! Даниял оның сенімін ақтады да. Ол өмірінің ақырына дейін Құдайға деген сенімі мен мойынсұнғыштығынан айнымады. Жасы жүзге таяғанда Құдай періштесі оған: “Уа, Даниял, аса бағалы жан”,— деп мейірімге толы сөздер айтты (Даниял 10:11).

13. Ехобаның Даниялға жоғары дәрежеге ие болуға көмектесуінің бір себебі қандай болуы мүмкін?

13 Ехобаның қолдауының арқасында Даниял алдымен Бабыл, ал кейіннен Мидо-Персия империясында лауазымды уәзір болды (Даниял 1:21; 6:1, 2). Ехоба өз халқына көмектесу үшін оның осындай жоғары дәрежеге ие болуына қам жасаған болуы мүмкін. Мысалы, Мысырда болған Жүсіптің және Персия жерінде болған Естер мен Мардохайдың жағдайында да солай болды * (Даниял 2:48). Елестетіп көріңізші, Езекиел мен тұтқындағы басқа яһудилер Ехобаның өздеріне Даниял арқылы көмектесіп жатқанын көргенде, не сезінді? Бұл олардың көңілдеріне медет бергені айтпаса да түсінікті!

Ехобаға деген адалдығымыздан таймасақ, ол үшін бағалы боламыз (14, 15-абзацты қараңыз)

14, 15. а) Біздің жағдайымыз Даниялдікіне қай жағынан ұқсайды? ә) Бүгінде ата-аналар Даниялдың ата-анасынан не нәрсеге үйренсе болады?

14 Даниялдың сенімі мен мойынсұнғыштығына қалай еліктей аламыз? Бүгінгі дүние азғындық пен жалған ғибадатқа белшесінен батқан. Адамдар Киелі кітапта “жындардың ордасы” деп аталған Ұлы Бабылдың, яғни дүниежүзілік жалған діндер империясының ықпалында (Аян 18:2). Ал біз осы дүниеде жатжерліктер іспеттіміз. Адамдар біздің қатты ерекшеленетінімізді байқайды, тіпті кейде келеке-мазақ етеді (Марқа 13:13). Сондықтан Даниял іспетті, Құдайымыз Ехобаға жақындай түсейік. Кішіпейіл болсақ, Ехобаға сенім артсақ және оған мойынсұнсақ, ол бізді де бағалы санайтын болады (Хагей 2:7).

15 Бүгінде ата-аналар Даниялдың ата-анасынан маңызды жайттарға үйрене алады. Даниялдың балалық шағында, Яһудадағы адамдардың басым бөлігі өте зұлым болған. Десе де Даниял Ехобаны сүйіп өскен. Бұл өздігінен болды ма? Жоқ. Оған Ехоба жайлы ата-анасы үйреткен болса керек (Нақыл сөздер 22:6). Даниялдың “Менің төрешім — Құдай” деген мағынаны беретін есімінің өзі ата-анасының Ехобаны жақсы көргенін көрсетеді (Даниял 1:6, сілтеме). Олай болса, ата-аналар, балаларыңызға Ехоба жайлы тәлім бергенде шыдамды болыңыздар. Еш берілмеңіздер (Ефестіктерге 6:4). Олармен бірге дұға етіңіздер. Олар үшін дұға айтыңыздар. Ехобаның көзінде дұрыс болып табылатын нәрсені жақсы көруді үйрету үшін барыңызды салыңыздар. Сонда Ехоба сіздерді молынан жарылқайды (Зәбүр 37:5).

ӘЙҮП МОЛШЫЛЫҚТА ДА, ЖОҚШЫЛЫҚТА ДА СЕНІМ МЕН МОЙЫНСҰНҒЫШТЫҚ ТАНЫТТЫ

16, 17. Әйүп өмірінің түрлі кезеңінде қандай сынақтарды бастан өткерді?

16 Әйүп қандай қиындықтарға кезікті? Әйүп өмірінде үлкен өзгерістерді бастан кешті. Алғашында, ол “Шығыстағы ең беделді адам” болған (Әйүп 1:3). Ол өте бай еді, көп адам оны танитын әрі қатты сыйлайтын (Әйүп 29:7—16). Десе де Әйүп өзін басқалардан артық санамаған не Құдайсыз-ақ өмір сүре аламын деп ойламаған. Бұны қайдан білеміз? Ехоба оны “қызметшім” деп атаған. Сондай-ақ ол жайлы: “Әділ де мінсіз, Құдайдан қорқып, жамандықтан аулақ жүреді”,— деген (Әйүп 1:8).

17 Алайда әп-сәтте Әйүптің өмірі күрт өзгерді. Ол барлығынан айырылды. Жаны күйзелген ол тіпті өлгісі келді. Бүгінде біз Әйүптің қиындықтарына Шайтан себепкер болғанын білеміз. Ол Әйүп қара басы үшін ғана Ехобаға қызмет етеді деді (Әйүп 1:9, 10 оқыңыз). Ехоба Шайтанның бұл зұлым айыбын бейжай қалдырмады. Оның залым өтірікші екенін дәлелдеу үшін Құдай не істеді? Әйүпке адалдығын дәлелдеуге және оны жақсы көргендіктен қызмет ететінін көрсетуге мүмкіндік берді.

18. а) Әйүпке қатысты қандай жайт сізге әсер етті? ә) Ехобаның Әйүпке қалай қарағанынан не нәрсеге үйренеміз?

18 Шайтан Әйүпке қайта-қайта аяусыз шабуыл жасады және оларды Құдай жіберіп жатыр деп ойлауына түрткі болды (Әйүп 1:13—21). Сосын Әйүптің үш доссымағы оған жанға бататын сөздер айтты. Олар Құдай оны зұлымдығы үшін жазалап жатыр деді (Әйүп 2:11; 22:1, 5—10). Осының барлығына қарамастан, Әйүп Ехобаға адал болып қалды. Оның кейде аңдамай сөйлегені рас (Әйүп 6:1—3). Бірақ ол зардап шегіп, жаны күйзелгендіктен осылай еткенін Ехоба жақсы түсінді. Шайтан Әйүпке қайта-қайта шабуылдап әрі қорлық сөздер айтып әлімжеттік жасаса да, Ехоба Әйүптің өзінен теріс айналмағанын көрді. Осы ауыр сынақтан кейін, Ехоба Әйүпке иелігіндегі нәрселерін екі есе етіп қайтарды және тағы 140 жыл ғұмыр сыйлады (Жақып 5:11). Осы уақыт аралығында да ол Құдайға бар жүрегімен қызмет етті. Біз мұны қайдан білеміз? Осы мақаланың негізгі тармағы, Езекиел 14:14, Әйүп қайтыс болғаннан кейін жүздеген жыл өткен соң жазылған.

19, 20. а) Әйүптің сенімі мен мойынсұнғыштығына қалай еліктей аламыз? ә) Қалай өзгелерге Ехоба сияқты жанашыр бола аламыз?

19 Әйүптің сенімі мен мойынсұнғыштығына қалай еліктей аламыз? Жағдайымыз қандай болса да, өміріміздегі ең басты Тұлға әрқашан да Ехоба болуы керек. Біз оған толық сенім артуымыз және бар жүрегімізбен мойынсұнуымыз қажет. Әйүпке қарағанда, бізде бұлай етуге себеп көбірек. Ойланып көрсек, бүгінде бізге көп жайт мәлім. Біз Шайтан мен оның айла-амалдарын жақсы білеміз (Қорынттықтарға 2-хат 2:11). Киелі кітаптың, әсіресе Әйүп кітабының, арқасында Құдайдың неге қасіретке жол беріп отырғанын түсінеміз. Даниялдың пайғамбарлығынан Құдай Патшалығы Иса Мәсіх билеп отырған шынайы үкімет екенін де білеміз (Даниял 7:13, 14). Бұған қоса, бұл Патшалық жуық арада бүкіл жер бетіне билік жүргізіп, қайғы-қасірет атаулыны жоқ қылатынынан хабардармыз.

20 Әйүптің оқиғасынан қасірет шеккен бауырластарымызға жанашыр болуды үйренеміз. Әйүп іспетті, олар да аңдамай сөйлеуі мүмкін (Уағыздаушы 7:7). Бірақ біз олар туралы жаман ойламауымыз, я болмаса кінәламауымыз керек. Қайта, оларға түсінушілікпен қарауға тырысқанымыз жөн. Солай істесек, мейірімді де сүйіспеншілігі мол Әкеміз Ехобаға ұқсай түсеміз (Зәбүр 103:8).

ЕХОБА СІЗДІ “КҮШЕЙТЕДІ”

21. Петірдің 1-хаты 5:10-дағы сөздер қалайша Нұх, Даниял мен Әйүптің бастан өткізгендерін еске салады?

21 Нұх, Даниял мен Әйүп тарихтың әртүрлі кезеңінде өмір сүрген әрі жағдайлары бір-бірінікіне мүлде ұқсамаған. Әйтсе де үшеуі де өз қиындықтарына төтеп берді. Олардың бастан өткізгендеріне қарап, елші Петірдің мына сөздері есімізге түседі: “Аз уақыт қасірет шеккендеріңнен кейін,.. рақым атаулының қайнар көзі — Құдайдың өзі тәлімдеріңді ақырына дейін жеткізіп, сендерді нығайтып, күшейтеді, негіздеріңді берік етеді” (Петірдің 1-хаты 5:10).

22. Келесі мақаладан не жайлы білеміз?

22 Петірдің 1-хаты 5:10-дағы сөздердің қазіргі таңдағы Құдай халқына да қатысы бар. Ехоба бізге өз қызметшілерін нығайтып, күш беретінін уәде етеді. Бәріміз Ехобаның бізді күшейткенін қалаймыз және ақырына дейін берік болып, адалдық сақтағымыз келеді. Сол себепті Нұхтың, Даниялдың және Әйүптің сенімі мен мойынсұнғыштығына еліктеуді қалаймыз. Келесі мақалада бұл кісілердің адалдық сақтағанының себебі Ехобаны жақсы білгендері екенін білеміз. Ехобаға ұнамды болу үшін не істеу қажет болса, олар соның “бәрін түсінді” (Нақыл сөздер 28:5). Бұл біздің де қолымыздан келеді!

^ 2-абзац Езекиел б. з. б. 617 жылы Бабылға тұтқынға әкетілді. Ол Езекиел 8:1—19:14 дейінгі сөздерді тұтқынға әкетілгеннен кейінгі “алтыншы жылы”, яғни б. з. б. 612 жылы, жазды.

^ 5-абзац Нұхтың әкесі Ләмех Құдайға сенген, бірақ Топан судан бес жылдай бұрын дүниеден өткен. Егер Нұхтың анасы мен бауырлары Топан су басталғанда тірі болған болса, олар аман қалмаған.

^ 13-абзац Ехоба Хананиях, Мишаел және Азарияхтың да яһуди халқына көмектесу үшін жоғары дәрежеге ие болуларына қам жасаған болуы мүмкін (Даниял 2:49).