Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Рухани адам ретінде алға баса беріңіз!

Рухани адам ретінде алға баса беріңіз!

“Киелі рухтың жетелеуімен жүруді доғармаңдар” (ҒАЛАТТЫҚТАРҒА 5:16).

ӘНДЕР: 136, 10

1, 2. Бір бауырлас өзі туралы нені түсінді және мұны қалай қолға алды?

РОБЕРТ жасөспірім кезінде шомылдыру рәсімінен өткен. Бірақ шындық оның өмірінде басты орында тұрмайтын. Ол былай дейді: “Мен ешқандай бұрыс қылық жасаған емеспін, бірақ рухани істерді әдет бойынша еш ойланбастан атқарып жүретінмін. Қауымнан қалмай, жылына бірнеше рет қосалқы ізашар болып тұратындықтан, рухани күшті адам болып көрінетін едім. Бірақ маған бір нәрсе жетіспейтін”.

2 Роберт өзіне ненің жетіспейтінін үйленгеннен кейін ғана түсінді. Әйелі екеуі кейде ойын түрінде бір-біріне Киелі кітап жайлы сұрақтар қоятын. Әйелі Киелі кітапты жақсы білетіндіктен, сұрақтарға қиналмай жауап беретін. Ал Роберт болса жиі жауап бере алмай, ұялып қалатын. Ол былай дейді: “Өзімді түк білмейтіндей сезіндім. Сонда ішімнен “әйеліме рухани басшы болғым келсе, бірдеңе істеуім керек қой” деп ойладым”. Содан ол іске кірісті. “Мен Киелі кітапты көп зерттедім. Зерттей бердім, зерттей бердім. Бірте-бірте бәрінің мәнін анығырақ ұға бастадым да, нәтижесінде түсінікке ие болдым. Ал, ең бастысы, Ехобамен тығыз қарым-қатынас дамыттым”,— дейді ол.

3. а) Роберттің жағдайынан қандай сабақ аламыз? ә) Қазір қандай маңызды ойларға назар аударамыз?

3 Роберттің жағдайынан өзімізге маңызды сабақ аламыз. Киелі кітапты шамалы білгеніміз, қауым кездесулері мен уағыз қызметіне жүйелі түрде қатысқанымыз біздің рухани адам екенімізді білдірмейді. Бәлкім, рухани өсу үшін біраз қадамдар жасаған да шығармыз. Бірақ өзімізді тексере келе, жақсаратын жақтарымыз бар екенін түсінеміз (Філіпіліктерге 3:16). Осы мақаладан біз үш маңызды сұрақтың жауабын білеміз: 1) Рухани адамбыз ба, жоқ па — соны қалай тексере аламыз? 2) Рухани өсу үшін не істеу керек? 3) Рухани мықты болғанымыздың күнделікті өмірде қандай көмегі бар?

РУХАНИ КҮЙІМІЗДІ ҚАЛАЙ ТЕКСЕРЕ АЛАМЫЗ?

4. Ефестіктерге 4:23, 24-тегі кеңес кімдерге арналған?

4 Құдайға қызмет ете бастағанда, біз өміріміздің әрбір саласына әсер ететін өзгерістер жасадық. Шомылдыру рәсімінен өткен соң да, бұлай етуді доғармадық. Киелі кітапта: “Ой-саналарыңды әрекетке талпындыратын күшті жаңарта беріңдер”,— делінген (Ефестіктерге 4:23, 24). Иә, кемелсіз болғандықтан, бізге өзгере беру керек. Ехобаға көп жыл қызмет етіп келе жатсақ та, онымен қарым-қатынасымызды тығыз күйінде сақтау маңызды (Філіпіліктерге 3:12, 13).

5. Қандай сұрақтар рухани күйімізді тексеруге көмектеседі?

5 Жас болайық, ересек болайық, бәрімізге өзімізді шыншылдықпен тексеру қажет. Өзімізге мына сұрақтарды қойсақ болады: “Рухани өсіп жатқанымды байқаймын ба? Мәсіхке барған сайын ұқсап келемін бе? Қауым кездесулерінде танытатын көзқарасым мен жүріс-тұрысымнан не байқалады? Айтатын әңгімем өмірде шын мәнінде неге ұмтылатыныма қатысты нені аян етеді? Жеке зерттеу дағдымнан, киімім мен сыртқы көрінісімнен және берілген кеңеске қалай қарайтынымнан өзім жайлы не білуге болады? Бұрыс қылыққа азғырылғанда қалай әрекет етемін? Мен толысқан мәсіхші болдым ба?” (Ефестіктерге 4:13). Осы сауалдар біздің қаншалықты рухани өскенімізді анықтауға көмектеседі.

6. Рухани күйімізді тексеруге тағы не көмектеседі?

6 Кейде рухани күйімізді тексеру үшін өзгелердің көмегін қажет етуіміз мүмкін. Елші Пауыл тәндік адам өз өмір салтының Құдайға ұнамсыз екенін аңғармайтынын айтқан. Ал рухани адам Құдайдың белгілі бір мәселеге қатысты көзқарасын түсінеді. Ол Ехобаның тәндік көзқараспен өмір сүруді құптамайтынын біледі (Қорынттықтарға 1-хат 2:14—16; 3:1—3). Ақсақалдар Мәсіхтің ой-санасын танытатындықтан, олар тәндік көзқараспен әрекет ете бастағандарды бірден байқап, қол ұшын беруге тырысады. Егер олар бізге көмектесуге тырысып жатса, олардың көмегін қабыл алып, қажетті өзгерістерді жасаймыз ба? Осылай етсек, шынында да рухани өскіміз келетінін көрсетеміз (Уағыздаушы 7:5, 9).

РУХАНИ ӨСЕ БЕРІҢІЗ

7. Рухани адам деген жай ғана Киелі кітапты білетін адам емес екенін қайдан білеміз?

7 Рухани адам болу үшін Киелі кітаптан алған біліміміз жеткіліксіз. Мысалы, Сүлеймен патша Ехоба жайлы көп білген, тіпті оның кейбір дана сөздері Киелі кітапқа енген. Бірақ кейіннен оның Ехобамен қарым-қатынасы құлдырап, ол сенімінен тайып кетті (Патшалар 1-жазба 4:29, 30; 11:4—6). Демек, Киелі кітаптан алған біліммен қатар бізге не керек? Сенімімізді нығайта беруіміз қажет (Қолостықтарға 2:6, 7). Бұған қалай қол жеткізе аламыз?

8, 9. а) Сенімімізді нығайтуға не көмектеседі? ә) Зерттеу жүргізіп, ой жүгірткенде, қандай мақсатты көздеуіміз керек? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

8 Пауыл І ғасырдағы мәсіхшілерді “рухани толыса беруге” шақырған (Еврейлерге 6:1). Ал біз бұл кеңесті қалай қолдана аламыз? Бір маңызды жолы — “Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар” кітабын зерттеу. Бұл кітап сізге Киелі кітап принциптерін өмірде қалай қолдануға болатынын түсінуге көмектеседі. Ал егер оны зерттеп қойған болсаңыз, сеніміңізді нығайтуға көмектесетін басқа да басылымдарды оқып-зерттей аласыз (Қолостықтарға 1:23). Бұған қоса, білгеніміз жайлы ой жүгіртуіміз және Ехобадан оны өмірде қолдана білуге көмектесуін сұрауымыз қажет.

9 Зерттеу жүргізіп, ой жүгірткенде, Ехобаға мойынсұнуға және оған ұнамды болуға деген ыстық ықылас дамытуды көздегеніміз жөн (Зәбүр 40:8; 119:97). Сондай-ақ рухани өсуге кедергі жасайтын кез келген нәрседен бас тартуымыз керек (Титке 2:11, 12).

10. Рухани өсу үшін жастар не істесе болады?

10 Жастар, сендерде рухани мақсаттар бар ма? Бетелде қызмет ететін бір ер бауырлас аудандық конгресте шомылдыру рәсімінен өткелі жатқан жастармен сөйлесіп, рухани мақсаттары жайлы сұрайды екен. Ол көп жастардың болашақта Ехобаға қалай қызмет еткісі келетіні жайлы жақсылап ойланғандарын байқаған. Кейбірі толық уақытты қызметті мақсат етсе, кейбірі жариялаушыларға қажеттілік бар жерге көшкісі келеді. Бірақ кейбір жастар оның сұрағына не деп жауап берерін білмей жатады. Сонда олар рухани мақсаттар қоюды онша маңызды санамағаны ма? Жас болсаң, өзіңді былай деп тексеріп көрсең болады: “Қауымға және уағызға ата-анам қалағандықтан ғана барамын ба? Әлде Ехобамен жеке қарым-қатынас дамыттым ба?” Әрине, жас болайық, үлкен болайық, бәрімізге де рухани мақсаттар қою қажет. Олар бізге рухани өсе беруге қозғау салады (Уағыздаушы 12:1, 13).

11. а) Рухани өсу үшін не істеуіміз қажет? ә) Киелі кітаптағы кімнің үлгісіне еліктесек болады?

11 Жақсаратын жақтарымызды анықтаған соң, өзгеруге кірісуіміз керек. Мұның маңыздылығы сонша — өмір сүретініміз не өлетініміз осыған байланысты (Римдіктерге 8:6—8). Ехоба бізден кемелділікті талап етпейді әрі ол бізге көмекші ретінде киелі рухын береді. Бірақ өз тарапымыздан да барынша тырысуымыз қажет. Басқарушы кеңестің мүшесі болған Джон Барр бауырлас бірде Лұқа 13:24-ті түсіндіріп жатып былай деді: “Көп адамның тар есіктен кіре алмайтын себебі — берік болу үшін жеткілікті күш салмайды”. Біз періштемен күресіп, батаны алмайынша еш берілмеген Жақыпқа еліктеуіміз қажет (Мұсаның 1-жазбасы 32:26—28). Киелі кітапты зерттеу бізге қанағат әкеле алады, алайда ол қызықты аңыз әңгіме сияқты оқылады деп ойламауымыз керек. Оның ішінен өзімізге көмек болатын құнды шындықтарды табу үшін күш салуымыз қажет.

12, 13. а) Римдіктерге 15:5-ті іс жүзінде қолдануға бізге не көмектеседі? ә) Петірдің үлгісі мен кеңесі бізге қалай көмектеседі? б) Рухани мықты болу үшін не істей аласыз? (“ Рухани өсуге көмектесетін қадамдар” деген қоршауды қараңыз.)

12 Рухани өсу үшін күш салғанда, киелі рух ой қалпымызды өзгертуге көмектеседі. Соның арқасында бірте-бірте Мәсіх сияқты ойлауды үйренеміз (Римдіктерге 15:5). Киелі рух бұрыс қалауларымыздан арылуға және Құдайға ұнамды қасиеттер дамытуға көмектеседі (Ғалаттықтарға 5:16, 22, 23). Ойымыз дүние-мүлікке не көңіл көтеруге ауып кеткенін аңғарсақ, салымыз суға кетпесін. Ехобадан ойымызды дұрыс нәрсеге бағыттауға көмектесуін талмай сұрай берейік (Лұқа 11:13). Елші Петірдің мысалын еске алайықшы. Ол барлық жағдайда Мәсіх сияқты ойламаған (Матай 16:22, 23; Лұқа 22:34, 54—62; Ғалаттықтарға 2:11—14). Бірақ ол еш берілмеді әрі Ехоба оған көмектесті. Уақыт өте Петір Исанікіндей ой қалып танытуды үйренді. Біз де үйрене аламыз.

13 Кейінірек Петір бізге көмек болатын қасиеттерді нақты атап өткен (Петірдің 2-хаты 1:5—8 оқыңыз). Ұстамдылық, табандылық, бауырластық сүйіспеншілік және басқа да қасиеттерді дамыту үшін көп тер төгуіміз керек. Әр күні былай деп ойланайық: “Рухани күшейе түсу үшін бүгін қандай қасиетті шыңдасам болады?”

КҮНДЕЛІКТІ ӨМІРДЕ КИЕЛІ КІТАП ПРИНЦИПТЕРІН ҚОЛДАНЫҢЫЗ

14. Рухани адам болғанымыз өмірімізге қалай әсер етеді?

14 Мәсіх сияқты ойлағанымыз жұмыста не мектепте қалай жүріп-тұратынымызға, қалай сөйлейтінімізге және әр күні қандай шешімдер қабылдайтынымызға әсер етеді. Шешімдеріміз Мәсіхке еліктеуге тырысып жатқанымызды көрсетеді. Рухани адам болғандықтан, еш нәрсенің Ехобамен қарым-қатынасымызға нұқсан келтіргенін қаламаймыз. Бұрыс істерге еліктірілгенде, рухани мықты болғанымыз азғыруға қарсы тұруға көмектеседі. Қандай да бір шешім қабылдамас бұрын, біз сәл кідіріп, былай ойланатын боламыз: “Осы орайда Киелі кітаптың қандай принциптері маған көмек болады? Бұл жағдайда Мәсіх не істер еді? Қандай шешім Ехобаға ұнамды болады?” Біз осылай ой жүгіртуге дағдылануымыз керек. Қазір өмірде кезігуіміз мүмкін бірнеше жағдайды алайық. Әр жағдайда дана шешім қабылдауға көмектесетін Киелі кітап принципін талқылайық.

15, 16. Мәсіх сияқты ойлағанымыз келесі жағдайларда дұрыс шешім қабылдауға қалай көмектеседі: а) жар таңдағанда? ә) достар таңдағанда?

15 Жар таңдау. Қорынттықтарға 2-хат 6:14, 15-те (оқыңыз) жазылған Киелі кітап принципін алайық. Пауыл рухани адам мен тәндік адамның көзқарасы екі бөлек болатынын анық көрсетті. Бұл принцип өмірлік жар таңдауға қалай көмектеседі?

16 Достар таңдау. Қорынттықтарға 1-хат 15:33-те (оқыңыз) жазылған Киелі кітап принципін алайық. Рухани адам сенімін әлсіретуі мүмкін адаммен дос болмайды. Ендеше, бұл принципті түрлі жағдайда қалай қолдануға болатыны жайлы ойланыңызшы. Мысалы, әлеуметтік желіні қолдануға байланысты шешім қабылдағанда бұл принцип қалай көмектеседі? Онлайн ойындарды бейтаныс адаммен ойнау-ойнамауды шешкенде ше?

Шешімдерім рухани өсуге көмектесе ме? (17-абзацты қараңыз)

17—19. Рухани адам болғанымыз келесі жағдайларда қалай көмектеседі: а) еш пайдасы жоқ істерден аулақ болуға? ә) жақсы мақсаттар қоюға? б) келіспеушіліктерді шешкенде?

17 Рухани күйімізге нұқсан келтіретін істер. Еврейлерге 6:1-де (оқыңыз) маңызды ескертуді оқимыз. Тармақта жазылған аулақ болуымыз керек “өлі істерге” не жатады? Бұл рухани өсуімізге еш септігін тигізбейтін пайдасыз бос істер. Осы ескерту келесідей сұрақтарға жауап беруімізге көмектеседі: Бұл іс пайдалы ма, әлде “өлі іске” жата ма? Ақша табуға байланысты осы ұсынысты қабылдауым керек пе? Неге дүниенің жағдайын өзгертуге тырысып жүрген осы дүниелік топтарға қосылмауым керек?

Шешімдерім рухани мақсаттар қоюға көмектесе ме? (18-абзацты қараңыз)

18 Рухани мақсаттар. Таудағы уағызында Иса мақсаттар қоюға қатысты жақсы кеңес берген (Матай 6:33). Рухани адам Патшалықты өмірінде бірінші орынға қояды. Осы принцип мынандай сұрақтарға жауап беруге көмектеседі: Орта білімді алған соң, жоғары оқу орнына түсуім керек пе? Ұсынылып жатқан жұмысқа тұрғаным дұрыс бола ма?

Шешімдерім басқалармен тату болуға көмектесе ме? (19-абзацты қараңыз)

19 Келіспеушіліктер. Басқалармен кикілжің туындағанда, Пауылдың Римдегі мәсіхшілерге берген кеңесі көмек болады (Римдіктерге 12:18). Мәсіхке еліктегендіктен, біз “барлық адамдармен тату болуға” тырысамыз. Біреумен арада келіспеушілік туындағанда, қалай әрекет етеміз? Басқаның ой-пікірін ескеру біз үшін қиын ба? Әлде басқалар бізді татулық сақтауға тырысатын адам ретінде біле ме? (Жақып 3:18).

20. Неге рухани алға басқыңыз келеді?

20 Бұл мысалдардан білетініміз — Киелі кітап принциптері Құдай рухының жетелеуімен жүретінімізді көрсететін шешімдер қабылдауға көмектеседі. Рухани адам болсақ, бақытты да мағыналы өмір сүреміз. Мақаланың басында айтылып кеткен Роберт былай дейді: “Ехобамен шынайы қарым-қатынас дамытқанның арқасында жақсы күйеу, жақсы әке болдым. Қанағат пен бақыт сезіндім”. Рухани адам ретінде алға басу үшін қолдан келгеннің бәрін жасасақ, мұның көп пайдасын көреміз. Қазірдің өзінде бақытты өмір кешеміз, ал болашақта “шынайы өмірге” ие боламыз (Тімөтеге 1-хат 6:19).