Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Құдай рақымының арқасында күнәдан босадыңдар

Құдай рақымының арқасында күнәдан босадыңдар

“Күнә сендерге үстемдік етпесін, себебі сендер... Құдайдың рақымына бағыныштысыңдар” (РИМДІКТЕРГЕ 6:14).

ӘНДЕР: 2, 61

1, 2. Римдіктерге 5:12 бәрімізге қалай көмектеседі?

РИМДІКТЕРГЕ 5:12-де: “Бір адам арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді, осылайша адамдардың бәрі өлетін болды, себебі бәрі күнә жасады”,— делінген. Бұл — біз жақсы білетін әрі адамдарға тәлім бергенде жиі қолданатын тармақтардың бірі.

2 Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабында бұл тармақ көп кездеседі. Осы кітапты балаларымызбен не басқалармен зерттеу барысында 3, 5 және 6-тарауларды, яғни Құдайдың жерге қатысты ниеті, төлем мен өлген адамдардың күйі туралы қарастырғанда, Римдіктерге 5:12-ге тоқталып өтеміз. Бірақ бұл тармақ бәрімізге де Ехобамен қарым-қатынасымызды бағалай түсуге және оған барынша ұнамды болуға бел буып, оның болашаққа қатысты уәделерінен назарымызды тайдырмауға көмектеседі.

3. Күнәға қатысты нені мойындауымыз керек?

3 Күнәкар екенімізді барлығымыз да мойындауымыз қажет. Біздің қателеспейтін кезіміз жоқ. Алайда топырақтан жаралғанымыз Құдайдың есінде әрі ол бізге мейірімін түсіруге асық (Зәбүр 103:13, 14). Иса: “Күнәларымызды кешіре көр”,— деп Құдайдан өтінуіміз керектігін айтқан (Лұқа 11:2—4). Ал Ехоба кешірген соң, өткен күнәларымыз жайлы ойлай берудің қажеті жоқ. Десе де Ехоба бізді ненің арқасында кешіретініне ой жіберудің көп пайдасын көре аламыз.

ҚҰДАЙ РАҚЫМЫНЫҢ АРҚАСЫНДА КЕШІРІЛДІК

4, 5. а) Римдіктерге 5:12-ні түсінуге не көмектеседі? ә) “Рақым” сөзі нені білдіреді?

4 Римдіктерге 5:12-ні жақсы түсіну үшін оның көрші тарауларына, әсіресе 6-тарауға, жүгінсек болады. Бұл Ехоба бізді қалай кешіретінін түсінуге көмектеседі. Үшінші тарауда: “Барлығы да күнә жасады... Бірақ Құдайдың берген сыйы мынау — оның рақымының арқасында олар Иса Мәсіх төлеген құнның негізінде азат етіліп, әділ деп жарияланады”,— делінген (Римдіктерге 3:23, 24). Мұндағы “рақым” деп аударылған грек сөзінің астарында адам лайық болмаса да, ешқандай еңбек сіңірмесе де, оған кең пейілмен, есесіне ештеңе күтпей жақсылық жасау деген мағына жатыр.

5 Бір зерттеушінің түсіндіруінше, бұл грек сөзі жиі Құдайдың не Мәсіхтің адамзатты күнә мен өлімнен құтқару үшін не істегеніне нұсқайды. Олай болса, Құдай біз үшін не істеді? Оның рақымының игілігін бүгінде қалай көре аламыз? Бұл рақым болашаққа қандай үміт береді? Қазір осыған тоқталып өтейік.

Ехоба бүкіл адамзатқа Иса Мәсіх арқылы зор рақым танытты

6. Құдай рақымының игілігін кімдер көре алады және ол қандай игілік әкеледі?

6 “Бір адам”, яғни Адам ата арқылы күнә мен өлім “дүниеге келді”. Осылайша “бір кісі жасаған күнәнің кесірінен өлім патшалық етті”. Алайда Пауыл әрі қарай айтқандай, “[Құдайдың] зор рақымы” “бір кісінің, яғни Иса Мәсіхтің, арқасында” танытылды (Римдіктерге 5:12, 15, 17). Осы рақым бүкіл адамзатқа игілік әкеледі. “Бір кісінің [Исаның] мойынсұнуы көп адамды әділ қылады”. Олар “Иеміз Иса Мәсіхтің арқасында мәңгілік өмірге” үміттене алады (Римдіктерге 5:19, 21).

7. Қалайша Құдайдың төлем сыйы оның зор мейірімін көрсетеді және неге біз оған лайық емеспіз?

7 Мына жайлы ойланып көріңізші: Ехоба өзінің Ұлын төлем ретінде беруге міндетті емес еді. Бірақ ол бізді күнә мен өлімнен азат етудің қамын жасап, зор мейірім көрсетті. Күнәкар, кемелсіз болғандықтан, ешқайсысымыз да Құдай мен Исаның танытқан рақымына лайық емеспіз. Күнәміздің кешірілуіне және мәңгі өмір сүруімізге жол ашқаны үшін оларға шексіз риза емеспіз бе?! Ендеше, Құдайдың рақымын жоғары бағалайтынымызды өмір салтымызбен көрсетейік!

ҚҰДАЙ РАҚЫМЫНА ДЕГЕН РИЗАШЫЛЫҚ

8. Біз қандай ойдан аулақ болуымыз керек?

8 Құдай біздің күнәларымызды, тіпті ауыр күнәларымызды, кешіруге дайын екенін білеміз. Бірақ “Ехоба кешіреді ғой” деп ешқашан оның рақымын бұрыс істерімізді ақтау үшін қолданбауымыз керек. Бірінші ғасырда, кейбір елшілердің көзі тірісінде де, осындай көзқарас танытқан мәсіхшілер болған (Яһуда 4 оқыңыз). Бүгінде біз өзгелердің ықпалына беріліп, бірте-бірте солай ойлап кетуден сақ болғанымыз жөн.

9, 10. Пауыл мен басқа да мәсіхшілер қалай күнә мен өлімнен босаған еді?

9 Пауыл мәсіхшілерге “күнә жасай берсем болады, Құдай бәрібір кешіреді” деген ойда болудың дұрыс емес екенін айтқан. Неге? Өйткені олар, Пауыл айтқандай, “күнә үшін өлі” еді (Римдіктерге 6:1, 2 оқыңыз). Бұл сөздер нені білдірді?

Біз не күнәкар ойлар мен құмарлықтарымызға бой алдырамыз, не оларды тізгіндейміз

10 Құдай төлемді қолданып, Пауылдың және сол кездегі басқа да мәсіхшілердің күнәларын кешірді, оларды киелі рухымен майлап, рухани балалары етті. Содан оларда көкте өмір сүру үміті пайда болды. Егер ақырына дейін адал болып қалса, олар көкте Исамен билік етпек еді. Бірақ олар әлі де жер бетінде өмір сүріп, Құдайға қызмет етіп жүрген кезінде Пауыл олардың “күнә үшін өлі” екенін айтты. Қай мағынада? Пауыл олардың жағдайын Исанікімен салыстырды. Иса өліп, кейін өлмес рух ретінде көкке қайта тірілді. Сондықтан да оған енді қайтып “өлімнің билігі жүрмеді”. Сол сияқты, майланған мәсіхшілер де, былайша айтқанда, өлген еді. Олар өмірлерін түбегейлі өзгертті және бұдан былай күнәкар қалауларының билігінде жүрмейтін болды. Содан бастап олар Құдайға ұнамды өмір сүруге барларын салды. Осылайша олар “күнә үшін өлі, ал Мәсіх Иса арқылы Құдай үшін тірі” болды (Римдіктерге 6:9, 11).

11. Мәсіхшілер қалайша “күнә үшін өлі”?

11 Ал біз жайлы не деуге болады? Біз қалайша “күнә үшін өліміз”? Бұрын Ехобаның көз алдында іс-әрекетіміздің қаншалықты дұрыс емес екенін түсінбей, көп күнә жасадық. Біз “арам істер мен заңсыздықтың құлы” іспетті болдық, былайша айтқанда, “күнәнің құлдығында” жүрдік (Римдіктерге 6:19, 20). Кейін Киелі кітаптағы шындықты біліп, өмірімізді өзгерттік, өзімізді Құдайға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өттік. Содан бері Ехобаның ілімдері мен талаптарына “шын жүректен мойынсұнуға” деген ықыласымыз зор. Біз “күнәнің құлдығынан босатылып, әділдіктің құлы болдық” (Римдіктерге 6:17, 18). Демек, біз де “күнә үшін өліміз” деуге болады.

12. Бәріміз де қандай таңдау жасауымыз керек?

12 Бірақ біз бәрібір таңдау алдында тұрамыз. Пауыл: “Тән құмарлығының жетегінде кетпеулерің үшін, ажалды тәндеріңе күнә патшалық етпесін”,— деген (Римдіктерге 6:12). “Патшалық етпесін” деп аударылған тіркес түпнұсқа тілде “патшалық етуіне жол бермеңдер” дегенді білдіреді. Олай болса, күнәкар ойлар мен құмарлықтарға бой алдырамыз ба, жоқ әлде оларды тізгіндейміз бе — өз қолымызда. Сондықтан “Бұрыс қалауларымның мені жамандыққа бұрып әкетуіне жол беремін бе? Әлде олардан бірден бас тартамын ба?” деп ойланып көрейік. Құдайдың рақымын шынымен бағаласақ, оның көңілінен шығу үшін барымызды саламыз.

КҮНӘМЕН КҮРЕС

13. Дұрыс нәрсені істеу қолымыздан келетініне неге сенімді бола аламыз?

13 Бірінші ғасырда Қорынт қаласындағы кейбір адамдар ұры, гомосексуалист, азғындық жасаушы, пұтқа табынушы және маскүнем болған. Бірақ Ехобаны танып-білгенде, оны жақсы көріп, өмірлерін өзгерткен. Олар өздерінің бұрынғы істері үшін ұялған (Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11; Римдіктерге 6:21). Римдегі мәсіхшілерге де осындай өзгерістер жасау керек еді. Пауыл оларға: “Тәндеріңді күнә жасау үшін әділетсіздіктің қаруы етуге арнамаңдар, қайта, өлі болып, енді тірілгендер ретінде, өздеріңді Құдайға арнап, тәндеріңді әділдіктің қаруы етіңдер”,— деген (Римдіктерге 6:13). Пауыл олардың дұрыс нәрсені істеп, Құдай рақымының игілігін әрі қарай да көре алатындарына сенімді болған.

14, 15. Біз қандай сұрақтар жайлы ойлануымыз керек?

14 Біздің күнімізде де кейбір бауырластарымыз Қорынттағылар сияқты өмір кешкен болар. Ал Ехоба туралы білген соң, олар да өмірлерін өзгертіп, “тазарды”. Ехобаға ұнамды болу үшін барлығымыз да өмірімізде өзгерістер жасадық. Біз қазір де Құдайдың рақымына риза екенімізді көрсеткіміз келеді. Сондықтан бұрыс қалауларымызбен күресуге және өмірімізді Ехобаға деген қызметке арнауға бекінгенбіз.

15 Әрине, біз Қорынттағы кейбіреулер жасаған ауыр күнәлардан аулақ болуға тиіспіз. Құдайдың бізге өз рақымын көрсетіп, кешіргенін қаласақ, мұндай істерге жоламағанымыз маңызды. Алайда кейбіреулер болмашы деп есептейтін күнәлар жайлы не деуге болады? Ехобаға барлық жағдайда “шын жүректен мойынсұнуға” бел будық па? (Римдіктерге 6:14, 17).

16. Қорынттағы мәсіхшілер жасаған күнәлардан бөлек, басқа да күнәлардан аулақ болуымыз керектігін қайдан білеміз?

16 Елші Пауылды алайық. Ол Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11 тармақтарда айтылған ауыр күнәларды істемегенімен, өзінің бәрібір күнә жасайтынын мойындаған. Ол: “Мен күнәнің құлы болуға сатылған пендемін. Себебі мен не істеп жүргенімді түсінбеймін: өзім қалағанды істемеймін, керісінше, жек көретінді істеймін”,— деген (Римдіктерге 7:14, 15). Бұдан Пауыл күнә деп қарастырған басқа да жайттардың болғаны әрі оның сол бұрыс нәрселермен де күрескені көрінеді (Римдіктерге 7:21—23 оқыңыз). Біз де оны үлгі тұтып, Ехобаға “шын жүректен мойынсұнуға” барынша талпынайық.

17. Неге сіз шыншыл болғыңыз келеді?

17 Мысалы, шыншыл болу — мәсіхшілерге қойылатын талап (Нақыл сөздер 14:5; Ефестіктерге 4:25 оқыңыз). Біз “өтіріктің әкесі” Шайтанға ұқсағымыз келмейді. Оның үстіне, жалған сөйлегені үшін өлім құшқан Анани мен әйелінің оқиғасы есімізде. Сондықтан біз өтірікке бармаймыз (Жохан 8:44; Елшілердің істері 5:1—11). Алайда шыншыл болу бұдан да көп нәрсені білдіреді. Егер Құдайдың рақымына шынымен де риза болсақ, басқа жағынан да шыншыл боламыз.

18, 19. Шыншыл болу деген нені білдіреді?

18 Адам өтірік айтпағанмен, шыншыл болмауы мүмкін. Ехоба ежелгі исраилдіктерге: “Ұрлық жасамаңдар, ешкімді алдамаңдар, бір-біріңе арамдық істемеңдер”,— деген. Бұлай ету неге маңызды еді? Өйткені Ехоба оларға: “Киелі болыңдар, себебі мен, Құдайларың Ехоба, киелімін”,— деген болатын (Мұсаның 3-жазбасы 19:2, 11). Біз басқаларға өтірік сөйлемейтін шығармыз. Бірақ өзгелердің жалған нәрсеге сеніп қалуына себепші болсақ, онда шыншыл болмағанымыз.

Біз өтірік айтпауға және алдамауға бел будық па? (19-абзацты қараңыз)

19 Мысал келтіріп көрейік. Бір адам бастығына не әріптестеріне дәрігерге көріну үшін жұмыстан ертерек кетуі керектігін айтады. Бірақ оның кетуінің басты себебі бұл емес. Шын мәнінде, ол демалысқа бару үшін ертерек кеткісі келеді. Оның “дәрігерге көрінемін” деп тұрғаны — дәріханаға кіріп-шығу не ауруханадан анализдерінің нәтижесін алып кету ғана. Оның сөзінде шындықтың ұшқыны бар да шығар, бірақ ол шыншыл болды деп айта аламыз ба? Әлде ол өзгелерді алдап жатыр ма? Ол өзгелерді жаңылыстырып, өтірікке иландырды. Кейде адамдар өз қалауына қол жеткізу үшін немесе жазадан қашу үшін алдауы мүмкін. Бірақ біз Ехобаның: “Ешкімді алдамаңдар”,— деген бұйрығына мойынсұнамыз. Сондай-ақ ол дұрыс әрі қасиетті деп санайтын нәрселерді істегіміз келеді (Римдіктерге 6:19).

20, 21. Құдайдың рақымын бағаласақ, қандай нәрселерден де аулақ боламыз?

20 Әрине, Ехобаның рақымын бағаласақ, біз неке адалдығын бұзу, маскүнемдік сияқты ауыр күнәлардан іргемізді аулақ саламыз. Алайда тек бұдан емес, Ехобаны ренжітетін кез келген нәрседен қашық болғымыз келеді. Мысалы, жыныстық азғындықтан ғана емес, азғын көңіл көтеру түрлерінен де аулақпыз. Сондай-ақ маскүнемдіктен ғана емес, мас болғанша ішуден де сақпыз. Мұндай бұрыс қалауларға қарсы тұру өте қиын шығар, бірақ бұл қолымыздан келеді.

21 Біздің мақсатымыз — ауыр күнәларға да, соншалықты ауыр көрінбейтін күнәларға да жоламау. Рас, мінсіз ешкім жоқ, сондықтан бұны жүз пайыз істей алмаймыз. Дегенмен де бұл орайда Пауылға ұқсап, аянбай күш салуымыз керек. Ол бауырластарды: “Тән құмарлығының жетегінде кетпеулерің үшін, ажалды тәндеріңе күнә патшалық етпесін”,— деп шақырған (Римдіктерге 6:12; 7:18—20). Егер күнәнің кез келген түріне қарсы күрессек, Құдайдың Мәсіх арқылы танытқан рақымын шынымен бағалайтынымызды көрсетеміз.

22. Ехобаның рақымын шынымен бағаласақ, қандай сый аламыз?

22 Ехоба күнәларымызды кешірді, ол әрі қарай да кешіруге дайын. Оның осындай рақымына қаншалықты ризамыз десеңізші! Олай болса, ол күнә деп санайтын істерден, тіпті өзгелер күнә деп есептемесе де, аулақ болуға барынша тырысайық. Бұл үшін біз қандай сый аламыз? Пауыл былай деген: “Енді сендер күнәдан босап, Құдайдың құлы болдыңдар. Сондықтан жемістерің — қасиеттілік, ал нәтижесі — мәңгілік өмір” (Римдіктерге 6:22).