Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба өзін шын жүректен іздейтіндерге сый береді

Ехоба өзін шын жүректен іздейтіндерге сый береді

“Құдайға жақындайтын әркім оның бар екеніне және өзін шын жүректен іздейтіндерге сый беретініне сену керек” (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 11:6).

ӘНДЕР: 85, 134

1, 2. а) Сүйіспеншілік пен сенімнің қандай байланысы бар? ә) Нендей сұрақтарды қарастыратын боламыз?

БІЗ Ехобаны сүйеміз, өйткені “ол бізді алдымен сүйді” (Жоханның 1-хаты 4:19). Оның сүйіспеншілігінің бір көрінісі — адал қызметшілеріне сый беремін деген уәдесі. Ехобаны қаттырақ сүйген сайын, оған деген сеніміміз нығая түсіп, оның бар екеніне ғана емес, сүйікті қызметшілерін сөзсіз жарылқайтынына көзіміз жете береді (Еврейлерге 11:6 оқыңыз).

2 Ехоба — сый беретін Құдай! Бұл — оның болмысының маңызды бір қыры. Олай болса, Құдайдың өзін шын жүректен іздейтіндерге сый беретініне сенбесек, сеніміміздің толыққанды болмағаны. Өйткені “сенім дегеніміз... үміттенгеннің жүзеге асатынына берік сену” (Еврейлерге 11:1). Расында да, сенім Құдайдың өз адал қызметшілерін жарылқайтынына еш күмәнданбауды білдіреді. Ал сыйға үміттенудің біз үшін қандай пайдасы бар? Ехоба өзінің қызметшілерін бұрын қалай жарылқаған және қазір қалай жарылқауда? Соны көрейік.

ЕХОБА ӨЗ ҚЫЗМЕТШІЛЕРІНЕ СЫЙ БЕРУДІ УӘДЕ ЕТЕДІ

3. Малахи 3:10-да қандай уәде жазылған?

3 Ехоба Құдай өз қызметшілерін жарылқауды өзінің парызы санайды. Сондықтан ол бізді баталарына ұмтылу үшін барымызды салуға шақырады. Ехоба өз Сөзінде былай дейді: “Мені сынап көріңдерші... Сонда сендерге көктің қақпаларын ашып, көл-көсір етіп батамды төкпес пе екенмін” (Малахи 3:10). Ехобаның “мені сынап көріңдер” деген сөздерін қабыл алғанда, оның бұл шақыруына деген зор ризашылығымызды көрсетеміз.

4. Исаның Матай 6:33-тегі уәдесіне неліктен сенім артамыз?

4 Иса шәкірттеріне Патшалықты бірінші орынға қойса, Құдай қамдарын жасайтынын уәде еткен (Матай 6:33 оқыңыз). Әкесінің үнемі өз сөзінде тұратынын білгендіктен, Исаның бұлай деуіне толық негіз болды (Ишая 55:11). Ехобаға қалтқысыз сенсек, оның келесі уәдесін орындайтынына біз де еш күмәнданбаймыз: “Мен сені ешқашан қалдырмаймын, ешқашан тастамаймын” (Еврейлерге 13:5). Ехобаның бұл уәдесі Исаның Матай 6:33-тегі сөздеріне сенім артуға көмектеседі.

Иса шәкірттерінің құрбандыққа барғандары үшін сыйға кенелетінін көрсетті (5-абзацты қараңыз)

5. Неге Исаның Петірге айтқан жауабы бәрімізге жігер береді?

5 Бірде елші Петір Исадан: “Міне, біз бәрін тастап, соңыңыздан ердік. Бұл үшін не аламыз?”— деп сұраған (Матай 19:27). Осылай сұрағаны үшін Иса Петірді сөккен жоқ. Қайта, шәкірттері жасап жатқан құрбандықтары үшін батаға кенелетінін айтқан. Елшілер мен басқа да адал қызметшілер болашақта Исамен бірге көкте билік ететін болады. Бірақ Иса олардың тіпті қазірдің өзінде сый алатындарын айтып: “Үй-жайын, бауырларын, әпке-қарындастарын, әкесін не шешесін, бала-шағасын не танабын қалдырған әркім бұларды жүз есе артығымен алады және мәңгілік өмірді мұра етеді”,— деген (Матай 19:29). Исаның ізбасарларының бәрі де бүгінде қауымнан рухани әке-шеше, аға-іні, әпке-қарындас пен ұл-қыз таба алады. Бұл біздің Құдай Патшалығы үшін барған кез келген құрбандығымыздан әлдеқайда артық емес пе?!

“ЖАНЫМЫЗДЫҢ ЗӘКІРІ”

6. Неліктен Ехоба өзінің адал қызметшілеріне сый беруді уәде етеді?

6 Қазіргі рухани баталардан бөлек, біз болашақтан бұдан да зор баталар күтудеміз (Тімөтеге 1-хат 4:8). Ехобаның өз адал қызметшілерін жарылқайтынын уәде еткені бізге қиындықтарға төтеп беруге күш береді. Ехоба “өзін шын жүректен іздейтіндерге сый беретініне” нық сенсек, оған адалдық сақтай аламыз (Еврейлерге 11:6).

7. Қалайша үміт зәкір іспетті?

7 Таудағы уағызында Иса: “Қуанып, шаттаныңдар, өйткені көкте сендерді зор сый күтіп тұр. Жұрт сендерден бұрынғы пайғамбарларды да солай қудалаған”,— деген (Матай 5:12). Құдайдың кейбір қызметшілері көкте өмір сүру сыйын алады. Ал басқалары жер бетінде орнайтын жұмақта мәңгі өмір сүру сыйына ие болады. Бұл да “қуанып, шаттануға” бір себеп (Зәбүр 37:11; Лұқа 18:30). Көкте не жерде өмір сүруге үміттенбейік, “сенімді әрі берік” бұл үміт “жанымыздың зәкірі іспетті” бола алады (Еврейлерге 6:17—20). Зәкір дауыл кезінде кемені мықтап ұстап тұратыны сияқты, берік үмітіміз де ой-санамыздың, эмоциялық және рухани күйіміздің шайқалмай, бекем болуына көмектеседі. Үміт бізге өмірдің алай-дүлей шақтарында табанды болуға күш береді.

Ехобаның адал қызметшілерін жарылқайтынын уәде еткені оларға қиын кезде табанды болуға күш береді

8. Үмітіміз уайым-қайғыны қалай сейілте алады?

8 Үмітіміз уайым-қайғымызды сейілтуге көп септігін тигізеді. Құдайдың уәделері рухани шипамай секілді жүрегіміздің мазасыз күйін жайландырады. “Бар ауыртпалығымызды Ехобаға артқанда”, оның демейтінін білу неткен жұбаныш! (Зәбүр 55:22). Құдайдың “біз сұраған не ойлаған нәрселердің бәрінен әлдеқайда көп нәрсе істей алатынына” толықтай сенімді болсақ болады (Ефестіктерге 3:20). Ойлап көріңізші, Ехоба біз үшін көп нәрсені ғана емес, “әлдеқайда көп нәрсені” істейді!

9. Ехобаның батасына кенелетінімізге неге сенімді бола аламыз?

9 Ехобадан сый алу үшін, біз оған қалтқысыз сеніп, нұсқауларына мойынсұнуымыз қажет. Мұса Исраил халқына былай деген болатын: “Ехоба Құдайларың иеліктеріңе беретін жерде тұрып жатқандарыңда, Ехоба міндетті түрде сендерге батасын береді. Тек Ехоба Құдайларыңның айтқандарына толықтай мойынсұнып, мен бүгін беріп отырған заңдардың бәрін бұлжытпай орындаңдар. Өйткені Ехоба Құдайларың, өз уәдесіне сай, сендерді жарылқайды” (Мұсаның 5-жазбасы 15:4—6). Ехобаға әрі қарай да адал қызмет ете берсеңіз, оның батасын көретініңізге нық сенесіз бе? Бұлай етуге сізде келелі себеп бар.

ЕХОБА ОЛАРДЫ ЖАРЫЛҚАДЫ

10, 11. Ехоба Жүсіпті қалай жарылқады?

10 Киелі кітаптағының бәрі бізге тәлім болсын деп жазылған. Одан Құдай қалай бұрында өзінің адал қызметшілерін молынан жарылқағанын білеміз (Римдіктерге 15:4). Мұның бірден-бір көрнекті мысалы — Жүсіп. Алдымен, бауырлары оны құлдыққа сатып жіберді. Ал кейінірек қожайынының әйелі жала жауып, ол мысырлықтардың түрмесінен бір-ақ шықты. Түрмеде отырған кезінде Жүсіп Ехобадан ажырап қалды ма? Жоқ, әрине! Киелі кітапта былай делінген: “Ехоба Жүсіпке жар болып, оған айнымас сүйіспеншілігін төкті... Ехоба оның барлық ісін оңғарып отырды” (Мұсаның 1-жазбасы 39:21, 23). Басына қиын күн туған шақтарда Жүсіп Ехобаны шыдаммен күтті.

11 Арада жылдар өте, перғауын Жүсіпті түрмеден босатып, осы бір кішіпейіл құлды Мысыр елінде өзінен кейінгі екінші билеуші етті (Мұсаның 1-жазбасы 41:1, 37—43). Әйелі екі ұлын дүниеге әкелгенде, Жүсіп: “Құдай менің шеккен бар азабымды және әкемнің үй ішін ұмыттырды”,— деп, тұңғыш ұлына Манаса деген есім берді. Ал екіншісін: “Құдай қасірет шеккен елімде ұрпағымды көбейтті”,— деп, атын Ефрем қойды” (Мұсаның 1-жазбасы 41:51, 52). Ехоба Жүсіпті адалдығы үшін жарылқап, ол исраилдіктердің де, мысырлықтардың да өмірін сақтап қалды. Жүсіп бұл баталарға Ехобаның арқасында кенелгенін түсінді (Мұсаның 1-жазбасы 45:5—9).

Иса Құдайдың есімін қастерлі ете алғанына қуанғаны сөзсіз

12. Сынақ кезінде Иса қалай адалдық сақтады?

12 Иса Мәсіх те сенімі сыналған шақтарда Құдайға мойынсұнушылығынан таймады, сол үшін Ехобаның сыйына кенелді. Оған адалдық сақтауға не көмектесті? Құдай Сөзінде: “Өзін күтіп тұрған қуаныш үшін ол қорлықты елемей, азап бағанасында өлді,”— деп түсіндіріледі (Еврейлерге 12:2). Иса Құдай есімін қастерлі ете алғанына қуанғаны сөзсіз. Оның үстіне, ол жарылқанып, Әкесінің ықыласына және басқа да көптеген керемет мәртебеге ие болды. Киелі кітапта оның “Құдай тағының оң жағына отырғаны” айтылған. Сонымен қатар онда: “Құдай оны бұрынғыдан да жоғарылатып, барлық есімнен жоғары есімді сыйлады”,— делінген (Філіпіліктерге 2:9).

ЕХОБА ЕҢБЕГІМІЗДІ ҰМЫТПАЙДЫ

13, 14. Өзі үшін жасап жатқандарымызға Ехоба қалай қарайды?

13 Ехоба өзіне қызмет ету үшін атқарған әрбір ісімізді жоғары бағалайды. Ол өзімізге сенімсіз болғанда не қабілеттерімізге шек келтіргенімізде, бізге түсінушілікпен қарайды. Жұмысты не отбасын қалай асырауды ойлап, қамығып жүргеніміз оны бей-жай қалдырмайды. Денсаулығымызға я жан күйзелісіне байланысты бұрынғыдай көп қызмет ете алмай жатсақ, ол жағдайымызды жақсы түсінеді. Қиыншылықтарға қарамастан, өзіне адалдық сақтау үшін жасап жатқан әрбір талпынысымызды Ехоба қымбат көретініне еш күмәнданбасақ болады (Еврейлерге 6:10, 11 оқыңыз).

14 Мына жайтты ұмытпайық: Ехоба “дұғаларды тыңдайтын” Құдай, сондықтан уайымымызды айтқанда, ол үнімізге құлақ асатынына сенімді болсақ болады (Зәбүр 65:2). “Қайырымы мол Әке және жұбаныш атаулының қайнар көзі” бізге қажетті эмоциялық және рухани күш береді, кейде ол мұны бауырластар арқылы істейді (Қорынттықтарға 2-хат 1:3). Басқаларға жанашырлық танытқанымыз Ехобаның жанына жылу береді. Киелі кітапта: “Бейшараны қамқорлаған Ехобаға қарыз береді, Істеген жақсылығы Құдайдан қайтады”,— делінген (Нақыл сөздер 19:17; Матай 6:3, 4). Демек, бауырластарымызға дарқан жүрекпен көмек қолын ұсынғанда, Ехоба бұл жақсылығымызды өзіне қарыз бергендей көреді. Сондай-ақ жасаған жақсылығымыздың қарымтасын қайтаратынын уәде етеді.

ҚАЗІРГІ ЖӘНЕ МӘҢГІЛІК СЫЙЛАР

15. Сіз қандай сыйларды күтіп жүрсіз? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

15 Майланған мәсіхшілер Иса сыйлайтын “әділдік тәжін” алуға үміттенеді (Тімөтеге 2-хат 4:7, 8). Бірақ сіздің үмітіңіз басқа болса, бұл Құдайдың көз алдында құныңыз төмендеу дегенді білдірмейді. Исаның “басқа қойларына” жататын миллиондаған адам жұмақ орнаған жерде мәңгі өмір сүруді асыға күтуде. Сол кезде олар “керемет тыныштық орнағанын көріп, шаттыққа кенеледі” (Жохан 10:16; Зәбүр 37:11).

16. Жоханның 1-хаты 3:19, 20-да жұбаныш беретін қандай сөздер бар?

16 Кейде қызметте көп істеп жатқан жоқпын, я болмаса істеп жатқандарым Құдайдың көңілінен шыға ма екен деген ойлар келуі мүмкін. Тіпті өзімізді қандай да бір сый алуға лайықсыз сезінетін шығармыз. Алайда “Құдай жүрегімізден жоғары әрі ол бәрін білетінін” ешқашан естен шығармайық (Жоханның 1-хаты 3:19, 20 оқыңыз). Ехобаға қызмет етуге бізді сенім мен сүйіспеншілік талпындырар болса, істеп жатқанымыз өзімізге қаншалықты мардымсыз көрінбесін, Ехоба құралақан қалдырмайтынына күмәнданбасақ болады (Марқа 12:41—44).

17. Қазірдің өзінде ие болған сыйларымыздың кейбірі қандай?

17 Тіпті Шайтанның зұлым дүниесінің соңғы күндерінде де Ехоба өз халқына батасын беруде. Ол өзінің шынайы қызметшілерінің рухани жағынан бұрын-соңды болмағандай деңгейде өркендеуіне қам жасауда (Ишая 54:13). Өзі уәде еткендей, Ехоба қазірдің өзінде бізді жарылқап, халықаралық бауырластықтың бір бөлігі етті (Марқа 10:29, 30). Сонымен қатар өзін шын жүректен іздейтіндерге ол керемет жантыныштығын, қанағат пен бақыт сыйлайды (Філіпіліктерге 4:4—7).

18, 19. Ехобаның қызметшілері өздерінің кенеліп жатқан сыйлары туралы не ойлайды?

18 Дүниежүзі бойынша Ехобаның қызметшілері Әкеміздің керемет сыйларына кенеліп жатқанын растай алады. Мысалы, Германияда тұратын Биянка былай дейді: “Уайым меңдегенде, маған әрдайым демеу болып, күнде жанымнан табылатыны үшін Ехобаға алғысымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Мына сұм дүниенің астан-кестені шығуда. Ал Ехобамен бірге еңбектенгенде, оның қолында өзімді қауіпсіз сезінемін. Ол үшін жасаған әрбір құрбандығым жүз есе бата болып қайтады”.

19 Ал енді Канадада тұратын 70 жастағы Паула есімді бауырластың мысалын алайық. Арқа омыртқасының жарығымен ауыратын оған қозғалу өте қиын. Паула былай дейді: “Қимыл-қозғалыстың азайғаны міндетті түрде қызметті азайту керек дегенді білдірмейді. Мен қызметтің басқа түрлеріне қатысамын, мысалы телефонмен уағыздаймын не бейресми куәлік беремін. Өз-өзіме жігер беріп отыру үшін қойындәптеріме тармақтарды және әдебиеттеріміздегі ойларды жазып, ара-тұра оқып тұрамын. Мен оны “құтқарушы қойындәптерім” деп атаймын. Бар назарымызды Ехобаның уәделеріне тіксек, ұнжырғаның түсуі уақытша ғана. Жағдайымыз қандай болмасын, Ехоба қол ұшын беру үшін қасымыздан табылады”. Бәлкім, сіздің жағдайыңыз Биянка мен Пауланікіне мүлдем ұқсамайтын шығар. Әйтсе де Ехоба сізді және айналаңыздағыларды қалай жарылқағанын көрген шығарсыз. Ехобаның өзіңізге қазір төгіп жатқан баталары мен болашақта беретін сыйлары жөнінде ой жүгірту неткен керемет!

20. Ехобаға жан-тәнімізбен адал қызмет ете берсек, неге үміттене аламыз?

20 Шын жүректен айтқан дұғаларыңыз үшін “зор сыйға ие болатыныңызды” ешқашан ұмытпағайсыз. “Құдайдың еркін орындағанның” нәтижесінде “оның уәде еткенін иемденетініңізге” кәміл сенімді болыңыз (Еврейлерге 10:35, 36). Ендеше, қазір сенімімізді одан бетер күшейтіп, Ехобаға жан-тәнімізбен қызмет ете берейік. Сонда оның бізді жарылқайтынына нық сенеміз! (Қолостықтарға 3:23, 24 оқыңыз).