Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨМІРБАЯН

Әртүрлі адамдар үшін қолдан келгеннің бәрін істеудемін

Әртүрлі адамдар үшін қолдан келгеннің бәрін істеудемін

“Шомылдыру рәсімінен өтсең, үйден кетемін!” 1941 жылы әкем анама осылай байбалам салды. Қанша қорқытса да, анам шешімінен таймады. Ал әкем, өзі айтқандай, бізді тастап кетті. Ол кезде мен бар болғаны 8 жаста едім.

МЕНІҢ шындыққа деген қызығушылығым бұл жағдайға дейін-ақ оянған еді. Анам үйге алып келген Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерден бас алмай отыратынмын, әсіресе ондағы суреттер ұнайтын. Анамның өз білгендері жайлы маған айтқанын әкем қаламады. Бірақ мен қатты қызығып, көп сұрақтар қоятынмын. Сондықтан анам әкем үйде жоқ кезде менімен зерттейтін. Ақырында мен де өмірімді Ехобаға бағыштағым келді. Содан 1943 жылы 10 жасымда Англияның Блэкпул қаласында шомылдыру рәсімінен өттім.

ЕХОБАҒА ҚЫЗМЕТ ЕТЕ БАСТАУЫМ

Содан бастап анам екеуміз қызметке үнемі шығып жүрдік. Ол кездері ізгі хабарды уағыздау үшін патефондарды қолданатынбыз. Олар үлкен әрі зілдей, салмағы 4,5 кг-дай болатын. Кіп-кішкентай мен сол патефонды ырсылдап көтеріп жүретінмін!

Мен 14-ке аяқ баспай жатып-ақ ізашарлық қызметті бастағым келді. Сонда анам алдымен бауырластарға қызмет көрсетушімен (қазір аудандық бақылаушы деп аталады) сөйлесіп көруді айтты. Ол бауырлас маған ізашар болғанда өзімді асырай алуым үшін бір істі игеріп алуға кеңес берді. Мен солай еттім. Екі жыл жұмыс істеген соң, басқа аудандық бақылаушыдан ізашар болу жайлы сұрадым. Ол маған: “Алға!”— деді.

Сонымен, 1949 жылдың сәуірінде анам екеуміз үйдегі барлық жиһаздың сататынын сатып, беретінін бердік те, Манчестердің қасындағы Мидлтон қалашығына көшіп барып, ізашарлық қызметті бастадық. Төрт айдан кейін мен бір ер бауырласты ізашарлық серігім етіп алдым. Сосын филиал бізге Ирламда жаңа құрылған қауымға ауысуды ұсынды. Анам болса бір әйел бауырласпен басқа қауымда ізашар болып қызмет етіп жүрді.

Небәрі 17-де болсам да, ізашар серігім екеумізге қауым кездесулерін өткізу жүктелді, өйткені жаңа қауымда бұл жауапкершілікті атқара алатын бауырластар жоқтың қасы еді. Кейін мен жариялаушылары аз әрі көмекті қажет ететін Бакстондағы қауымға ауыстырылдым. Осы жағдайлардың бәріне алдағы жаңа жауапкершіліктеріме дайындық деп қарайтынмын.

Рочестерде көпшілікке арналған баяндамаға шақырып тұрған кезіміз (Нью-Йорк, 1953 жыл)

1951 жылы Күзет мұнарасының Ғалақат Киелі кітап мектебіне өтініш толтырдым. Ал 1952 жылы желтоқсанда әскер қатарына шақыру қағазын алдым. Толық уақытты діни қызметші ретінде мені әскерден босатуларын сұрағанмен, сот өтінішімді қабылдамай, жарты жылға қамап тастады. Түрмеде болғанымда Ғалақаттың 22-сыныбына шақырылдым. 1953 жылы шілде айында, бостандыққа шыққан соң, “Георгик” кемесіне отырып, Нью-Йоркке тарттым.

Сол жаққа жеткен бойда 1953 жылы өткен “Жаңа дүние қоғамы” деп аталған конгреске қатыстым. Сосын пойызбен Нью-Йорктің Саут-Лансинг қаласына, мектеп өтетін жерге бардым. Түрмеден жаңа шыққандықтан қалтамда ақшам аз еді. Пойыздан түскен соң, Саут-Лансингке баратын автобусқа отырдым. Бірақ жолақысын төлейтін ақшам болмай, бір жолаушыдан 25 цент сұрауға тура келді.

ШЕТЕЛГЕ ТАҒАЙЫНДАЛУ

Ғалақат мектебінде алған тамаша білім бізді “әртүрлі адамдарды... құтқару үшін қолдан келгеннің бәрін істеуге” үйретті (Қорынттықтарға 1-хат 9:22). Мен, Пауль Бруун, Реймонд Лич үшеуміз Филиппин еліне тағайындалдық, бірақ виза алу үшін бірнеше ай күтуіміз керек болды. Содан біз кемемен Нидерландының Роттердам қаласына сапар шектік. Ол жақтан Жерорта теңізін кесіп өтіп, Суэц каналы арқылы Үнді мұхитымен Малайзияға, сосын Гонконгқа бардық. Ақыры, теңізде 47 күн жүріп, 1954 жылдың 19 қарашасында Филиппиннің Манила қаласына жеттік-ау.

Реймонд Лич екеуміз Филиппиндегі миссионерлік қызметімізге кемемен 47 күн жүзіп бардық

Мұнда біз жаңа мәдениетке, жаңа жерге үйреніп, жаңа тілді меңгеруіміз керек еді. Бірақ басында үшеуміз көбісі ағылшынша сөйлейтін Кесон-Сити қаласындағы қауымға тағайындалдық. Сондықтан жарты жылдың ішінде біздің тагаль тілінде білетін сөздеріміз санаулы-ақ болатын. Әйткенмен кейінгі тағайындалған жерімізде бұл жағдай түзелмек еді.

Бір күні, 1955 жылдың мамырында, Реймонд бауырлас екеуміз уағыздан келсек, үйде бірнеше хат жатыр екен. Онда біздің аудандық бақылаушы болып тағайындалғанымыз айтылыпты. Менің жасым 22-де ғана болатын, бірақ осы қызметтің арқасында мен әртүрлі адамдарды құтқарудың жаңа тәсілдерін үйрендім.

Биколь тіліндегі аудандық конгресте баяндама айтып тұрмын

Мысалы, мен алғашқы көпшілікке арналған баяндамамды ауылдағы дүкеннің алдында тұрып айттым. Ол кезде Филиппинде көпшілікке арналған баяндама шынымен де көпшілік жиналатын жерлерде айтылатын! Аудандағы әртүрлі қауымды аралап жүріп, жұрт жиналатын бастырмаларда, базарларда, қоғамдық залдардың алдында, баскетбол алаңдарында, саябақтар мен көше қиылыстарында баяндама айтқан кездерім болды. Бірде Сан-Пабло Ситиде жауын шелектеп құйғандықтан, базарда баяндама айта алмай қалдым. Сөйтіп, жауапты бауырластарға Патшалық сарайына баруды ұсындым. Бұл баяндама көпшілік жиналатын жерде айтылмағандықтан, кейінірек бауырластар менен бұл кездесуді есепке көпшілікке арналған кездесу ретінде жаза аламыз ба деп сұрағаны бар.

Мен әрқашан бауырластардың үйінде тоқтайтынмын. Үйлері қарапайым болса да, ылғи тап-таза тұратын. Жиі ағаш едендегі жұқа көрпешеде жататынмын. Шомылатын жерлері сыртта болғандықтан, жұрттың көзінен таса қала алмайтынсың. Осылайша мен жеңіл-желпі жуынып-шайынуды үйрендім. Басқа аралдарға бару үшін автобусқа не кемеге отыратынмын. Қызмет еткен жылдары өз көлігім болған емес.

Ешқашан арнайы тіл курсын оқымасам да, тагаль тілін игеріп кеттім. Тілді қызметте және қауым кездесулерінде бауырластарды тыңдап жүріп меңгердім. Бауырластар маған барынша көмектескісі келетін, олардың шыдамдылығы мен ашық кеңес бергендеріне риза болушы едім.

Уақыт өткен сайын алған жаңа тапсырмаларыма қарай, жан-жақты бейімделуді үйрендім. 1956 жылы бізге Нейтан Норр бауырлас келгенде, елдегі барлық жариялаушыларға арналған конгресс өтті. Маған бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен сөйлесу тапсырылды. Мұндай жағдайға ешқашан кезікпегендіктен, өзге бауырластардың көмегіне жүгіндім. Содан бір жыл өтпей, тағы да сондай конгресс ұйымдастырылып, оған дүниежүзілік бас басқармадан Фредерик Френц бауырлас келді. Сол кезде конгресс бақылаушысы болып қызмет еткен мен Френц бауырластан адамдарға икемделуге дайын болу жағынан жақсы үлгі алдым. Ол көпшілікке арналған баяндамасын айтарда филиппиндердің баронг тагалог деп аталатын ұлттық киімін киіп шыққанда, жергілікті бауырластар дән риза болды.

Облыстық бақылаушы болып тағайындалғанда, тағы да көбірек икемделу керек болды. Ол уақыттары біз “Жаңа дүние қоғамының бақыты” деген бейнефильмді көрсететінбіз. Барлық кезде дерлік бұл фильмді көпшілік жиналатын жерде, ашық аспан астында көрсететіндіктен, шыбын-шіркейлер маза бермейтін. Жарыққа үймелеген олар проекторға жабысып қалатын, ал кейін оның ішін тазалаудың өзі бір жұмыс-тұғын! Осындай жиындарды ұйымдастыру оңай болмаса да, адамдардың келіп, Ехобаның халықаралық ұйымымен танысып жатқанын көріп қанағат сезінетінбіз.

Кей жерде католик діни қызметкерлері бізге конгресс өткізуге рұқсат бергізбеу үшін билік иелерін қысымға алатын. Шіркеудің жанында баяндама айтылатын кездері олар ешкім баяндамашыны ести алмас үшін шіркеудің қоңырауларын соғып қоймайтын. Бірақ адамдар сонда да шындықты біле берді, әрі сол аймақтағылардың көбісі қазір Ехобаға ғибадат етеді.

ЖАҢА ТАҒАЙЫНДАЛУ, ЖАҢАША БЕЙІМДЕЛУ

1959 жылы мен филиалда қызмет етуге тағайындалдым. Ол жерде көп сабақ алатын жағдайларды бастан өткердім. Біраз уақыт өткен соң, маған филиалдарды аралаушы бақылаушы ретінде өзге елдерге сапармен бару тапсырылды. Солардың бірінде мен Тайландта миссионер болып жүрген Жанет Думонд есімді қызбен таныстым. Біз біраз уақыт бойы хат алысып тұрдық та, кейін үйлендік. Міне, 51 жыл бойы екеуміз Ехобаға қуана қызмет етіп келеміз.

Жанет екеуміздің Филиппиндегі көп аралдың бірінде болған кезіміз

Жалпы алғанда 33 елге сапармен баруға мүмкіндігім болды. Осыған дейін алған әртүрлі тапсырмалардың арқасында сан алуан орта мен мәдениеттен шыққан адамдармен тіл табысуды үйренгеніме өте қуаныштымын! Осындай сапарлар кезінде менің ой-өрісім одан бетер кеңейіп, Ехобаның барлық адамдарды, қандай ортадан шықпасын, жақсы көретінін анық көрдім (Елшілердің істері 10:34, 35).

Куәгерлердің саны өсіп жатқанына шексіз ризамыз

БІЗ ӘЛІ ДЕ ИКЕМДЕЛІП ЖАТЫРМЫЗ

Жанет екеуміз Филиппиндегі бауырластармен қызметтескенімізге өте қуаныштымыз. Біз әлі де Кесон-Сити қаласындағы филиалда қызмет етеміз. Осыдан 60 жыл бұрын, мен осында қызметті енді бастаған кезбен салыстырғанда, жариялаушылар саны он есеге көбейді. Осыншама жыл өтсе де, маған әлі де Ехоба не айтса, соған қарай икемделе білу керек. Мәселен, ұйымда жақында болған өзгерістерді ескерсек, Құдайға қызмет ету үшін бізге иілгіш болып қала беру қажет.

Қызметке жүйелі түрде шығып тұруға тырысамыз

Ехобаның нұсқауларын орындау үшін біз қолымыздан келгенді істедік, нәтижесінде зор қанағатқа толы өмір кешудеміз. Сондай-ақ бауырластарға жақсырақ қызмет ету үшін қажетті өзгерістердің бәрін жасауға тырыстық. Біз Ехобаның қалауы болып тұрғанда, “әртүрлі адамдарды... құтқару үшін қолдан келгеннің бәрін істеуге” дайынбыз.

Біз әлі Кесон-Сити қаласындағы филиалда қызмет етіп жүрміз