Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Мен Құдайдың... қайта тірілтетініне үміттенемін”

“Мен Құдайдың... қайта тірілтетініне үміттенемін”

“Соңғы Адам өмір беретін рух болды” (ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 1-ХАТ 15:45).

ӘНДЕР: 111, 12

1—3. а) Негізгі нанымдарымызға қандай ілім де кіреді? ә) Неге қайта тірілу ілімі өте маңызды? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

ӘЛДЕБІРЕУ дініңіздің негізгі ілімдері жайлы сұраса, не деп жауап берер едіңіз? Ехобаның Жаратушы екенін және өмірімізге бастама бергені жайлы айтарсыз. Сондай-ақ өмірін төлем ретінде берген Иса Мәсіхке сенетініңіз туралы да сөз қозғарсыз. Болашақта жер бетінде жұмақ орнайтынын, сонда Құдайдың қызметшілері мәңгі өмір сүретінін айтпай өтпейтініңіз анық. Ал қайта тірілу үмітін жаныңызға жақын тұтатын ілімдердің бірі ретінде ауызға аласыз ба?

2 Зор алапаттан тірі өтіп, жер бетінде мәңгі өмір сүруге үміттенсек те, қайта тірілуді негізгі ілімдерімізге жатқызуға бізде келелі себептер бар. Елші Пауыл қайта тірілу ілімінің неліктен өте маңызды екенін көрсетті. Ол: “Өлгендер қайта тірілмейтін болса, онда Мәсіхтің де қайта тірілмегені”,— деді. Иса қайта тірілмеген болса, көкте Патша ретінде билік ете алмас еді және біздің уағызымыз да бекер болар еді (Қорынттықтарға 1-хат 15:12—19 оқыңыз). Бірақ біз Исаның қайта тірілгенін білеміз. Осыған сенгендіктен, өлгендердің қайта өмір сүре алатынын қыңырлықпен мойындамаған саддукейлерден қатты ерекшеленеміз. Тіпті адамдар бізді келеке етсе де, Құдайдың өлгендерді тірілте алатынына деген сеніміміз еш мызғымайды (Марқа 12:18; Елшілердің істері 4:2, 3; 17:32; 23:6—8).

3 Пауыл “өлгендердің қайта тірілуі” туралы ілімнің “Мәсіх жайында бастапқы ілімдерге” жататынын жазған (Еврейлерге 6:1, 2). Ол қайта тірілуге сенетініне баса көңіл аударған (Елшілердің істері 24:10, 15, 24, 25). Бұл ілім бастапқы ілім, яғни Құдай Сөзіндегі негізгі шындық, болып табылса да, қайта тірілу жайлы мұқият зерттегеніміз жөн (Еврейлерге 5:12). Неге?

4. Қайта тірілу жайлы қандай сұрақтар туындауы мүмкін?

4 Әдетте Киелі кітапты зерттей бастаған адамдар Елазар сияқты бұрын өмір сүрген адамдардың қайта тірілгені жайлы оқып біледі. Сондай-ақ Ыбырайым, Әйүп және Даниял болашақта өлгендердің қайта өмір сүретініне нық сенгенін де біледі. Десе де әлдебіреу жүздеген жыл бұрын берілген бұл уәделерге не себепті сенетінімізді сұраса, Киелі кітаптан қандай дәлел келтірер едіңіз? Киелі кітапта болашақтағы қайта тірілудің қашан орын алатыны жайлы не делінген? Бұл сұрақтардың жауабы сенімімізді қатайта түседі.

ЖҮЗДЕГЕН ЖЫЛ БҰРЫН ПАЙҒАМБАРЛЫҚ ЕТІЛГЕН ҚАЙТА ТІРІЛУ

5. Біз алдымен нені қарастыратын боламыз?

5 Қайтыс болған адамның өмірге көп ұзамай оралғанын елестету бізге қиын емес (Жохан 11:11; Елшілердің істері 20:9, 10). Алайда біреудің жылдар өте, тіпті жүздеген жылдан кейін, қайта тірілетіні уәде етілсе ше? Мейлі ұзақ уақыт бұрын қайтыс болған адамға не жақында көз жұмған адамға қатысты айтылсын, мұндай уәдеге сене аламыз ба? Түптеп келгенде, біз жүздеген жыл бұрын уәде етіліп, кейіннен жүзеге асқан бір қайта тірілуге сеніп те жүрміз. Ол кімнің қайта тірілуі? Оның болашақта болатын қайта тірілумен қандай байланысы бар?

6. Зәбүрдің 118-тарауындағы пайғамбарлықтың Исаға қандай қатысы бар?

6 Зәбүрдің 118-тарауының көмегімен көптеген жыл бұрын пайғамбарлық етілген қайта тірілу жайлы қарастырайық. Бұл тарауды Дәуіт жазған болса керек. Бұл зәбүр жырында “Ехоба, бізді құтқара көрші, жалынамыз!” және “Ехобаның атынан келе жатқан жарылқансын” деген сөздер бар. Иса 9 нисанда, өлімінен бірнеше күн бұрын, Иерусалимге тайқарға мініп кіргенде, жұрт осы пайғамбарлық сөздерді айтқан болатын (Зәбүр 118:25, 26; Матай 21:7—9). Ал қалайша Зәбүр 118-тарау көптеген жылдан кейін болатын қайта тірілуге нұсқаған? Осы Зәбүр жырында тағы мынандай сөздер бар: “Құрылысшылар бас тартқан тас негізгі бұрыштық тасқа айналды” (Зәбүр 118:22).

Құрылысшылар” Мәсіхтен “бас тартты” (7-абзацты қараңыз)

7. Яһудилер Исадан қалай бас тартты?

7 Мәсіхтен бас тартқан “құрылысшылар” яһуди басшыларын білдіреді. Олар жай ғана Исаны елемей не Мәсіх ретінде мойындамай қойған жоқ еді. Пилаттың алдында Исаның өлім жазасына кесілуін талап етуімен көптеген яһудилер одан бас тартты (Лұқа 23:18—23). Иә, олар Исаның өліміне жауапты еді.

Құдай Мәсіхті “негізгі бұрыштық тас” қылу үшін қайта тірілтті (8, 9-абзацты қараңыз)

8. Қалай Иса “негізгі бұрыштық тасқа” айналмақ еді?

8 Исадан бас тартып, өлтірген болса, қалай ол “негізгі бұрыштық тасқа” айналмақ еді? Бұл ол қайта тірілсе ғана мүмкін болатын. Иса бұл ойды жүзім бағын жүзімшілерге жалға берген бір кісі жайлы мысалмен аша түсті. Бұл кісі жүзімшілерге хабаршыларын жіберіп тұрады, бірақ әлгілер хабаршыларға жәбір көрсетеді. Ақырында жүзімдік иесі ұлыма құлақ асар деген оймен ұлын жібереді. Алайда олар оның ұлын өлтіріп тастайды. Иса осы мысалды айтқан соң, Зәбүр 118:22-дегі пайғамбарлықты келтірді (Лұқа 20:9—17). Елші Петір де Иерусалимде яһуди “ел билеушілері, ақсақалдар мен дін мұғалімдерінің” алдында сөз сөйлегенде, дәл осы тармақты келтірген болатын. Петір олар “бағанаға іліп өлтірген, бірақ Құдай тірілтіп алған назареттік Иса Мәсіх” жайлы айтқан. Сосын: “Осы Иса — “құрылысшылар, яғни сіздер, менсінбеген тас. Ол негізгі бұрыштық тасқа айналды”,— деді (Елшілердің істері 3:15; 4:5—11; Петірдің 1-хаты 2:5—7).

9. Зәбүр 118:22-де қандай елеулі оқиға пайғамбарлық етілген?

9 Зәбүр 118:22-дегі пайғамбарлықтың жүздеген жылдан соң орын алған қайта тірілуге нұсқағаны анық. Жұрт Мәсіхтен бас тартып, өлтірді. Бірақ ол қайта тіріліп, негізгі бұрыштық тасқа айналды. Қайта тірілгеннен кейін жердегілердің ешқайсысына берілмеген “бізді құтқаратын есім” тек Исада болды (Елшілердің істері 4:12; Ефестіктерге 1:20).

10. а) Зәбүр 16:10-да қандай пайғамбарлық жазылған? ә) Зәбүр 16:10-дағы сөздер Дәуітке қатысты емес екенін қайдан білеміз?

10 Енді қайта тірілу жайлы алдын ала айтылған басқа бір тармақты талқылайық. Бұл сөздер мыңдаған жылдан кейін жүзеге асқан еді. Осы жайт қайта тірілудің пайғамбарлық етілгеннен не уәде етілгеннен ұзақ уақыттан кейін орын алуы мүмкін екеніне сенімділік береді. Зәбүрдің 16-тарауында Дәуіттің келесі сөздерін оқимыз: “Сен мені көрде қалдырмайсың, Адал қызметшіңнің орға түсуіне жол бермейсің” (Зәбүр 16:10). Мұнымен Дәуіт өзінің ешқашан өлмейтінін не көрде болмайтынын айтқысы келмеген. Құдай Сөзінде Дәуіттің қартайып, көз жұмғаны және “сүйегі Дәуіттің қаласына қойылғаны” анық етіп жазылған (Патшалар 1-жазба 2:1, 10). Олай болса, бұл сөздер кімге қатысты еді?

11. Петір Зәбүр 16:10-ды қашан түсіндірді?

11 Дәуіт осы сөздерді жазғаннан мыңнан аса жыл өткен соң, Петір Зәбүр 16:10-да кім туралы айтылғанын түсіндірді. Исаның өліп, қайта тірілгеніне бірнеше апта болғанда, Петір мыңдаған яһудилер мен яһуди дінін қабылдағандарға сөз арнады (Елшілердің істері 2:29—32 оқыңыз). Ол Дәуіттің дүниеден озып, қабірге қойылғанын жұрттың есіне салды. Сондай-ақ Дәуіт “Мәсіхтің қайта тірілетінін алдын ала біліп”, сол туралы айтқанын да тілге тиек етті. Сол кезде әлдекімнің Петірмен келіспегені Киелі кітапта жазылмаған.

12. Зәбүр 16:10-дағы сөздер қалай орындалды және бұдан қайта тірілуге қатысты уәде туралы не білеміз?

12 Сөзін растау үшін Петір Дәуіттің Зәбүр 110:1-дегі сөздерін келтірді (Елшілердің істері 2:33—36 оқыңыз). Ол Жазбалардың көмегімен ой түзгеннің арқасында жиналған қауым Исаның “Иеміз әрі Мәсіх” екеніне сенді. Олар Иса өлімнен қайта тірілген кезде Зәбүр 16:10-дағы сөздер орындалғанын мойындады. Кейін Писидияның Антиохия қаласында яһудилердің алдында сөз сөйлеген елші Пауыл да осы айғақты қолданды. Бұл жұртқа қатты әсер етіп, олар оны әрі қарай тыңдай бергісі келді (Елшілердің істері 13:32—37, 42 оқыңыз). Бұдан, жүздеген жыл өткен соң ғана орындалса да, қайта тірілу жайлы аталмыш Киелі кітап пайғамбарлықтары сенім артуға тұрарлық болғанына біздің де көзіміз жетеді.

ҚАЙТА ТІРІЛУ ҚАШАН БОЛАДЫ?

13. Қайта тірілуге қатысты қандай сұрақтарымыз болуы мүмкін?

13 Алдын ала айтылған қайта тірілу көптеген ғасырлардан кейін жүзеге асуы мүмкін екенін білгеніміз бізге жігер береді. Десе де кейбіріміздің көкейімізде: “Сонда жақын адамыммен қайта қауышу үшін мен ұзақ уақыт күтуім керек пе? Қайта тірілу қашан болады?”— деген сұрақтар туатын шығар. Есімізде болса, Иса елшілеріне олар білмейтін және біле де алмайтын жайттардың бар екенін айтқан. “Әкенің құзырындағы уақыттар мен мерзімдерге” қатысты жайттар да бар (Елшілердің істері 1:6, 7; Жохан 16:12). Әйткенмен қайта тірілудің қашан болатынына қатысты мәлімет мүлде жоқ емес.

14. Исаның қайта тірілуі оған дейінгілерден несімен ерекше болды?

14 Киелі кітапта жазылған ең маңызды қайта тірілу — Исаның тірілуі. Егер ол өлімнен қайта тірілмегенде, ешқайсысымыз да өмірден өткен жақындарымызды көруге үміттене алмас едік. Исаға дейін қайта тірілген адамдар, мысалы Ілияс пен Еліше тірілткен адамдар, мәңгі ғұмыр кешкен жоқ. Олар қайтадан жер құшып, тәндері шіріп кетті. Бірақ Иса “өлімнен қайта тірілді”. Ол “енді қайтып өлмейді және оған өлімнің билігі жүрмейді”. Көкте ол “мәңгі өмір сүреді” (Римдіктерге 6:9; Аян 1:5, 18; Қолостықтарға 1:18; Петірдің 1-хаты 3:18).

15. Неге Иса “өлім ұйқысындағылардың алғашқысы” деп аталған?

15 Исаның көкке рухани тұлға ретінде қайта тірілгені осындай қайта тірілудің ең алғашқысы әрі ең бастысы болды (Елшілердің істері 26:23). Бірақ көкте өмір сүру үшін қайта тірілетін одан басқалар да бар. Иса адал елшілерінің өзімен бірге көкте билік ететінін уәде еткен (Лұқа 22:28—30). Олар осы сыйға көз жұмған соң ғана ие болмақ еді. Иса сияқты олар да рухани денемен қайта тірілмек еді. Пауыл “Мәсіх өлім ұйқысындағылардың алғашқысы болып тірілгенін” айтқан. Сосын ол басқалардың да қайта тіріліп, көкке баратынын айтты: “Барлығы өз кезегімен: алғашқысы — Мәсіх, сосын Мәсіх осында болатын кезде оның меншігіндегілер тіріледі” (Қорынттықтарға 1-хат 15:20, 23).

16. Көктегі өмірге қайта тірілудің қашан болатынына қатысты не білеміз?

16 Пауылдың сөздерінен көктегі өмірге қайта тірілудің қашан болатынын білуге болады. Бұл Мәсіх осында болатын кезде орын алады. Көптеген жыл бойы Ехоба куәгерлері Киелі кітаптан Мәсіхтің “осында болатын кезі” 1914 жылы басталғанын дәлелдеп келеді. Біз әлі де Исаның “осында болатын кезінде” өмір сүріп жатырмыз және осы зұлым дүниенің ақыры өте жақын.

17, 18. Мәсіх осында болатын кезде кейбір майланғандармен не болады?

17 Көктегі өмірге қайта тірілу жайында Киелі кітапта тағы мынадай мәлімет бар: “Сендерді өлім ұйқысында жатқандар туралы да бейхабар қалдырғымыз келмейді. Исаның өліп, қайта тірілгеніне сенсек,.. өлім ұйқысына кеткендерге онымен бірге болу үшін Құдайдың өмір беретініне де сенеміз... Иеміз осында болатын кезде әлі тірі жүретіндеріміз өлім ұйқысына кеткендерден еш озбаймыз. Себебі Иеміздің өзі көктен бас періштенің даусымен бұйрық беріп,.. Мәсіх жолында өлгендер бірінші болып тіріледі. Сосын біз — тірі жүргендер — солармен бірге Иемізбен ауада кездесу үшін бұлт ішінде әкетілеміз, сөйтіп, үнемі Иемізбен бірге боламыз” (Салоникалықтарға 1-хат 4:13—17).

18 Алғашқы қайта тірілу, яғни көктегі өмірге қайта тірілу, Мәсіхтің осында болатын кезі басталғаннан кейін орын алмақ еді. Зор алапат кезінде тірі жүретін майланғандар “бұлт ішінде әкетіледі”. Бұл нені білдіреді? “Бұлт ішінде әкетілетіндер” “өлім ұйқысына кетпейді”, бұл олардың ұзақ уақыт өлі күйде жатпайтынын білдіреді. Өлген кезде олардың “бәрі де өзгереді. Бұл кенеттен, қас қағым сәтте, соңғы керней тартылып жатқанда іске асады” (Қорынттықтарға 1-хат 15:51, 52; Матай 24:31).

19. “Анағұрлым жақсы қайта тірілу” деген қандай қайта тірілу?

19 Бүгінде адал мәсіхшілердің басым көпшілігі майланбаған, яғни көкте Мәсіхпен бірге билік етуге таңдалмаған. Олар осы зұлым дүние жойылатын кезді, “Ехобаның күнін” асыға күтеді. Бұл кез қашан келетінін ешкім нақты білмейді, бірақ айғақтарға қарасақ, ол күннің жақын екенін білеміз (Салоникалықтарға 1-хат 5:1—3). Құдайдың жаңа дүниесі орнағанда, қайта тірілудің басқа түрі орын алады. Ол кезде адамдар жердегі өмірге қайта тіріледі әрі кемелді болып, енді қайтып өлмеуге үміттене алады. Осы қайта тірілу бұрындары болған кездегі қайта тірілуден “анағұрлым жақсы” болады, өйткені бұрын тірілген адамдар кейінірек қайтадан көз жұмған (Еврейлерге 11:35).

20. Қайта тірілу белгілі бір тәртіппен болатынына неге сенімдіміз?

20 Киелі кітапта көктегі өмірге қайта тірілетіндердің “барлығы өз кезегімен” тірілетіні айтылған (Қорынттықтарға 1-хат 15:23). Ендеше жердегі өмірге қайта тірілу де өз кезегімен немесе тәртіппен болатынына сенімді болсақ болады. Осы орайда келесідей сұрақтар туындауы мүмкін: Жақында қайтыс болғандар Мәсіхтің мыңжылдық билігінің бас жағында қайта тіріліп, жақындарымен қауыша ма? Ежелде адал да қабілетті жетекші болған ер кісілер жаңа дүниеде Құдай халқын ұйымдастыруға көмектесу үшін ертерек тұра ма? Ехобаға ешқашан қызмет етпеген адамдармен не болады? Олар қашан және қай жерде қайта тіріледі? Санамызда сансыз сұрақтар туатын шығар. Бірақ бұның бәрін ойлап уайымдаудың қажеті жоқ. Оны өз уақыты келгенде көрелік. Ехоба қалай бәрін жайғастыратынын көргенде, аң-таң болып, қуанатынымызға сенімдіміз.

21. Сіздің нендей үмітіңіз бар?

21 Ол уақыт келгенше, біз Ехобаға деген сенімімізді қатайтуымыз керек. Ол марқұмдарды есте сақтайтынын және олардың қайта өмір сүретінін Иса арқылы уәде еткен (Жохан 5:28, 29; 11:23). Иса Ехоба үшін Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың “бәрі тірі” екенін айтқанда, Құдайдың өлгендерді тірілтетініне қосымша дәлел келтірді (Лұқа 20:37, 38). Олай болса, бізде де елші Пауыл сияқты былай деуге себеп жетіп артылады: “Мен Құдайдың... қайта тірілтетініне үміттенемін” (Елшілердің істері 24:15).