ӨМІРБАЯН
Бәрін тастай сала, Қожайынның соңынан еріп келемін
16 жаста болғанымда, әкем маған: “Уағыздайтын болсаң, үйге келуші болма. Осыдан қайтып келсең, аяғыңды сындырамын!”— деген еді. Содан мен үйден кетуді шештім. Осылай мен алғаш рет Қожайынымыз Исаның соңынан еру үшін біраз нәрседен бас тарттым.
ӘКЕМНІҢ неге соншама ашуланғанын толығырақ айтып берейін. Мен 1929 жылдың 29 шілдесінде туылып, Филиппиндегі Булакан провинциясындағы бір ауылда өстім. Отбасымыз ақшалы емес еді, өте қарапайым өмір сүрдік. Жас кезімде жапон әскері Филиппинге баса-көктеп кіріп, елде соғыс басталды. Бірақ тұрып жатқан ауылымыз шалғай орналасқандықтан, соғыстың зардабы бізге қатты тимеді. Ауылда радио, теледидар мен газеттер жоқ болғандықтан, соғыс жайлы біз жұрттың аузынан ғана еститінбіз.
Үйдегі сегіз баланың екіншісімін. Сегіз жасымда ата-әжем мені өз қолдарына алды. Католик болсақ та, атам дін жайлы емін-еркін әңгімелесе беретін. Достарынан діни әдебиеттерді де алып тұратын. Атамның маған жалған діннің ілімдерін әшкерелейтін тагаль тіліндегі кітапшаларды және Киелі кітапты көрсеткені әлі есімде. Мен Киелі кітапты, әсіресе Інжілді қызығып оқитын едім. Оқығандарым Исаның үлгісіне еліктеуге деген қалауымды оятты (Жохан 10:27).
ҚОЖАЙЫНЫМЫЗДЫҢ СОҢЫНАН ЕРУГЕ ҮЙРЕНУІМ
Жапон әскері Филиппиннен 1945 жылы кері қайтты. Шамамен сол уақытта ата-анам үйге оралуымды сұрады. Атам да солай еткенім дұрыс екенін айтты. Сөйтіп, мен өз үйіме қайттым.
1945 жылдың желтоқсанында ауылымызға Ангат қаласынан Ехоба куәгерлері келіп уағыздады. Бір егде жастағы Куәгер біздің үйге келіп, Киелі кітапта “соңғы күндер” жайлы жазылғандарды түсіндіріп берді (Тімөтеге 2-хат 3:1—5). Ол бізді көрші ауылда өтетін Киелі кітапты зерттеу сабағына шақырды. Ата-анам бармаса да, мен бұл кездесуге қатыстым. Онда 20-ға жуық адам жиналды, арасында Киелі кітап жайлы сұрақтар қойып отырғандары да болды.
Онда айтылып жатқандарды аса түсінбегендіктен, кетуге оқталдым. Бірақ артынан жиналғандар Патшалық әнін айта бастады. Ән маған қатты ұнады. Сол үшін соңына дейін қалдым. Ән мен дұғадан соң, келгендердің бәрі Ангатта келесі жексенбіде өтетін кездесуге шақырылды.
Кездесу Круз отбасының үйінде өтті. Кейбіріміз бұл жерге 8 шақырымдай жаяу жүріп келдік. Кездесуге 50 шақты адам жиналды. Кішкентай балалардың өзі күрделі Киелі кітап тақырыптарына қойылған сұрақтарға жауап беріп отырғанын көргенде, қатты қайран қалдым. Осындай бірнеше кездесуге қатысқаннан кейін, бұрын әкім болған Дамиан Сантос есімді қарт ізашар мені үйіне қонуға шақырды. Біз түннің бір уағына дейін Киелі кітапты талқылаумен болдық.
Сол кездері адамдар Киелі кітаптың негізгі ілімдерімен танысқаннан көп ұзамай-ақ шомылдыру рәсімінен өтетін. Мен небәрі бірнеше кездесуге қатысқаннан кейін, бауырластар менен және басқалардан: “Шомылдыру рәсімінен өткілерің келе ме?”— деп сұрады. Сонда мен: “Иә, әрине”,— дедім. “Қожайынымыз Мәсіхке құл болып қызмет еткім” келетінін мен нақты білдім (Қолостықтарға 3:24). Содан 1946 жылдың 15 ақпанында мен және тағы бір бауырлас жақын маңдағы өзенде шомылдыру рәсімінен өттік.
Мен шомылдыру рәсімінен өткен мәсіхшілердің Иса сияқты уағыз ісіне жүйелі түрде қатысу керектігін түсіндім. Бірақ әкем басқаша ойда еді. Ол маған әлі тым жассың, шомылдыру рәсімінен өткенмен, уағыздаушы болуға әлі дайын емессің дейтін. Бірақ мен оған Құдай Патшалығы жайлы ізгі хабарды уағыздағанымызды Құдайдың өзі қалайтынын айтып түсіндірдім (Матай 24:14). Оның үстіне, Құдайға берген уәдемді орындауым керектігін де айттым. Сол кезде әкем маған өмірбаянымның басында келтірген сөздерді айтты. Әкем уағыздауыма кедергі жасауға барынша бекінген еді. Осы кезде маған алғаш рет Ехобаға қызмет ету үшін бәрін тастау, яғни құрбандықтарға бару қажет болды.
Круз отбасы мені Ангатта өздерімен бірге тұруға шақырды. Олар мені және кенже қыздары Нораны ізашарлық қызметті бастауға талпындырды. Содан 1947 жылы 1 қарашада екеуміз де ізашарлық қызметке кірістік. Нора ізашарлық қызметін басқа қалада атқарды, ал мен Ангатта қалдым.
БӘРІН ТАСТАУДЫҢ ТАҒЫ БІР МҮМКІНДІГІ
Ізашар болғаныма екі жыл болған соң, Эрл Стьюарт есімді бетелдік бауырлас Ангаттың қала алаңында 500-ден аса адамға баяндама айтты. Ол баяндамасын ағылшын тілінде айтты, сосын мен тагаль тілінде оның қысқаша мазмұнын айтып жеткіздім. Бұл мен жылдар бойы аударып келген көп баяндамалардың алғашқысы еді. Аударуға маған не көмектесті? Мектепте 7 жыл ғана оқысам да, мұғалімдерім әрдайым ағылшын тілінде сөйлейтін. Бұған қоса, тагаль тілінде әдебиеттеріміз өте аз болғандықтан, олардың көбісін ағылшын тілінде оқитынмын. Осылардың арқасында ағылшын тілін баяндамаларды аударуға жеткілікті болатындай деңгейде меңгеріп алған едім.
Эрл бауырлас жергілікті қауымға миссионерлердің “Теократияның өсуі” деп аталатын конгреске
кеткелі жатқанын айтты. Бұл конгресс 1950 жылы Нью-Йоркте өткізілмек еді. Сондықтан филиал комитеті бір не екі ізашардың Бетелге көмекке келгендерін қалаған екен. Шақырылған бауырластардың арасында мен де болдым. Бетелде қызмет ету үшін мен осы жолы да үйреніп қалған нәрселердің бәрін тастадым.Мен Бетелге 1950 жылы 19 маусымда келдім. Бетел бір гектар жерде орналасқан, биік ағаштармен қоршалған үлкен ескі үй екен. Онда оннан аса бойдақ ер бауырластар қызмет етіп жатты. Таң сәріде мен ас бөлмесінде көмектесетінмін. Ал тоғыздан бастап кір жуатын бөлімде киім үтіктейтінмін. Түстен кейін де дәл сол тәртіппен жұмыс істейтінмін. Миссионерлер халықаралық конгрестен оралған соң да, мен Бетелде қызметімді жалғастыра бердім. Бауырластар не тапсырмасын, бәрін де орындадым. Поштамен жіберетін журналдарды орадым, оларға берілген тапсырыстармен жұмыс істедім және қабылдау бөлмесінде де отырдым.
ҒАЛАҚАТ МЕКТЕБІНДЕ ОҚУ ҮШІН ФИЛИППИННЕН КЕТУІМ
1952 жылы Филиппиннен жеті ер бауырлас Ғалақат мектебінің 20-сыныбына шақырылдық. Шақырылғаныма қатты мәз болдым! Құрама Штаттарда болғанда, өмірімізде көрмеген көптеген нәрселерді көріп, бастан өткердік. Мен өскен кішкентай ауылмен салыстырғанда, ондағы өмір мүлде басқаша еді.
Мысалы, бізге бұрын ешқашан көріп-білмеген тұрмыстық құралдар мен аспаптарды қолданып үйрену керек болды. Ауа райының өзі мүлдем өзгеше еді! Бірде таңертең тұрсам, даланың бәрі аппақ. Қарды алғаш рет көргенім осы еді. Бұл ерекше әсем көрініс еді, бірақ жаман қатты суық екен.
Ғалақаттағы оқуымның қызықты болғаны сонша, бұл өзгерістер мені еш алаңдатпады. Оқытушыларымыз өте жақсы тәлімгерлер еді, олар бізге зерттеуді әрі ізденіс жүргізуді үйретті. Ғалақат мектебі Ехобамен қарым-қатынасымды нығайтуға көмектескені сөзсіз.
Мектепті бітіргеннен кейін, Нью-Йорк қаласының Бронкс ауданына арнайы ізашар ретінде уақытша тағайындалдым. Содан 1953 жылдың шілдесінде осы ауданда өткен “Жаңа дүние қоғамы” деп аталған конгреске қатысуға мүмкіндігім болды. Конгрестен кейін өз елім Филиппинге тағайындалдым.
ҚАЛАДАҒЫ ЖАЙЛЫ ӨМІРІМДІ ТАСТАУЫМ
Бетелдегі бауырластар мені аудандық қызметке тағайындады. Бұл қызмет түрінде Исаға еліктеуге көбірек мүмкіндігім болды. Өйткені ол Ехобаның халқына көмектесу үшін алыстағы қалалар мен ауылдарға барған (Петірдің 1-хаты 2:21). Қызмет ететін ауданым Филиппиндегі ең үлкен Лусон аралының басым бөлігін қамтыды. Оған Булакан, Нуэва-Эсиха, Тарлак және Самбалес провинциялары кірді. Кейбір қалаларға жету үшін жартасты Сьерра-Мадре тауларын асып өту керек еді. Бұл жерлерге ешқандай автобус не пойыз бармайтын, сондықтан жүк көлігімен баруыма тура келетін. Жүргізушілерден тасымалдап келе жатқан ағаштарының үстіне отырып баруды сұрайтынмын. Жиі олар рұқсат ететін, бірақ бұлай жол жүрген өте ыңғайсыз еді.
Қауымдардың көбісі жаңадан құрылған әрі кішігірім еді. Сол себепті де бауырластарға қауым кездесулерін және қызметті жақсырақ ұйымдастыруға көмектескенде, олар бұған өте риза болатын.
Кейінірек мен Бикол аймағын түгел қамтыған ауданға тағайындалдым. Бұл аймақта оқшау топтар көп еді. Сол топтарда қызмет ететін арнайы ізашарлар Куәгерлер аяқ баспаған жерлерде уағыздап жүрді. Бір үйге барсам, әжетханасы ортаңғы жағына екі ағаш қойылған шұңқыр ғана екен. Аяғымды сол ағаштарға қойғаным сол еді, ағаштар әлгі шұңқырға түсіп кетті де, артынан мен де құлап түстім. Содан не керек, үсті-басымды тазалап біткенімше бірталай уақыт өтті!
Осы ауданда қызмет етіп жүргенімде, менімен ізашарлық қызметті қатар бастаған Нора жайлы ойлай бастадым. Сол уақыттары ол Думагете қаласында арнайы ізашар болып қызмет етіп жүрді. Мен оған барып-келуді шештім. Бұдан кейін біраз уақыт хат алысып тұрдық. Ал 1956 жылы некеге тұрдық. Некелескеннен кейінгі бірінші аптамызда Рапу-Рапу аралындағы қауымды бірге араладық. Мұнда тауға өрмелеп, ұзақ жол жүруге тура келсе де, біз бірге болғанымызға және шалғайдағы бауырластарға көмектесіп жатқанымызға бақытты болдық.
БЕТЕЛДЕ ҚАЙТА ҚЫЗМЕТ ЕТУГЕ ШАҚЫРЫЛУЫМЫЗ
Шамамен төрт жыл аудандық қызметте болғаннан кейін, біз филиалға шақырылдық. Бетелдік қызметімізді 1960 жылдың қаңтарында бастадық. Осында қызмет еткен көп жыл ішінде мен Ехобаның ұйымында үлкен жауапкершіліктері бар бауырластармен қызметтесіп, олардан көп үйрендім. Нора да Бетелде түрлі тапсырмаларды атқарудан көп қуаныш алды.
Филиппинде Ехобаға қызмет ететін адамдардың саны артып жатқанын көру мен үшін зор бата болды. Бетелде жас әрі бойдақ кезімде қызметімді бастағанда, елде 10 000-ға жуық жариялаушы болған еді. Қазір болса Филиппинде 200 000-нан аса жариялаушы бар. Сондай-ақ жүздеген ер мен әйел бауырластарымыз Бетелде қызмет етіп, уағыз ісін қолдап жүр.
Уақыт өте Бетел аумағын кеңейту қажеттілігі туындады. Сонда Басқарушы кеңес бізден үлкенірек Бетел ғимаратын соғу үшін жер іздестіруімізді сұрады. Содан баспахананың бақылаушысы екеуміз Бетелге көршілес үйлерді араладық. Бұл жердің тұрғындарының көбі қытай ұлтынан еді. Біз олардан жерлерін сатуға ойлары бар-жоғын сұрастырдық. Ешқайсысы сатқысы келмеді. Бір кісі тіпті: “Қытайлар сатпайды. Біз тек сатып аламыз”,— деді.
Алайда бір күні күтпеген жағдай орын ала бастады. Бір көршіміз Құрама Штаттарға көшкелі жатқандықтан, жерін сатып алуды сұрады. Сосын басқа бір көршіміз де жерін сатпақ болды. Ол айналасындағы көршілерін де сатуға талпындырды. Тіпті “қытайлар сатпайды” деп айтқан кісінің өзі де бізге жерін сатып жіберді. Қысқа уақыттың ішінде Бетел ғимараты үш есе үлкен болып соғылды. Мұның бәрі Ехобаның қалауымен болғанына мен сенімдімін.
1950 жылы Бетелдегі ең жасы мен едім. Қазір әйелім екеуміз ең үлкеніміз. Қайда бағыттаса да, Исаның соңынан еріп жүргеніме мен еш өкінбеймін. Ата-анам үйден қуып жіберсе де, Ехоба маған өзін жақсы көретін үлкен отбасын сыйлады. Қандай тапсырмамыз болса да, ол қажеттінің бәрін беретініне мен толықтай сенімдімін. Нора екеуміз Ехобаға мейірімділікпен жасап жатқан барлық шарасы үшін дән ризамыз және басқаларды да Ехобаны сынап көруге талпындырып жүрміз (Малахи 3:10).
Бірде Иса Леуі деп те аталған салықшы Матайды өзінің соңынан еруге шақырды. Сонда Матай не істеді? “Ол бәрін тастай сала, орнынан тұрып, Исаның соңынан ерді” (Лұқа 5:27, 28). Менің де Исаның соңынан еру үшін бәрін тастауға мүмкіндігім болды. Мен басқаларды да солай етіп, көл-көсір батаға кенелуге талпындырып жүрмін.