Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Оның... тірілетінін білемін”

“Оның... тірілетінін білемін”

“Досымыз... ұйықтап жатыр, ал мен оны оятуға барамын” (ЖОХАН 11:11).

ӘНДЕР: 129, 154

1. Марта бауырымен не болатынына сенді? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

ИСАНЫҢ жақын досы әрі шәкірті Марта қайғырып отыр. Оның бауыры Елазар көз жұмды. Ол енді қалай жұбанбақ? Иса оған: “Бауырың қайта тіріледі”,— деді. Әрине, бұл сөздерден оның жан жарасы толықтай жазылып кетпеді. Бірақ ол Исаның уәдесіне сеніп: “Оның ақырғы күні болатын қайта тірілу кезінде тірілетінін білемін”,— деді (Жохан 11:20—24). Марта болашақта қайта тірілу болатынына кәміл сенімді еді. Алайда сол кезде Иса керемет жасады. Ол Елазарды дәл сол күні қайта тірілтті!

2. Мартанікіндей сенімділік сізде де болғанын неліктен қалар едіңіз?

2 Бізде Иса не оның Әкесі дүниеден өткен жақын адамдарымызды дәл қазір тірілтеді деп күтуімізге негіз жоқ. Алайда сіз жақындарыңыздың болашақта қайта тірілетініне тура Марта сияқты сенімдісіз бе? Мүмкін, сіз жан жарыңызды, анаңызды, әкеңізді, жақсы көретін ата-әжеңізді не тіпті жаныңызға қымбат балаңызды жоғалтқан шығарсыз. Сол аяулы адамдарды құшағыңызға алып, әңгімелесіп, бірге қуанышты сәттерді өткізуді аңсайтын боларсыз. Қуанышқа орай, Марта сияқты: “Қайта тірілу болғанда, жақыным өмірге оралатынын білемін”,— деуге сізде де келелі себептер бар. Десе де барлық мәсіхші бұған неліктен сенімді екені жайлы ойланғаны жөн.

3, 4. Елазармен болған жағдайға дейін Иса не істеген еді және бұл Мартаның сенімін қалай нығайтты?

3 Марта Иерусалимнің маңында тұрғандықтан, Иса Ғалилеяның Наин қаласында жесір әйелдің баласын тірілткенін көрмеген болуы мүмкін. Әйтсе де бұл туралы естіген болса керек. Бәлкім, ол Исаның Жайырдың қызын тірілткенін де естіген шығар. Ол үйдегі әрбір адам “қыздың өліп қалғанын білетін”. Сонда да Иса қызды қолынан ұстап: “Балам, түрегел!”— деді. Ол бірден орнынан тұрды (Лұқа 7:11—17; 8:41, 42, 49—55). Марта да, оның сіңлісі Мәриям да Исаның науқастарды жаза алатынын білген. Сондықтан Иса қастарында болғанда, Елазар өлмейтін еді деп ойлаған. Ал енді ол қаза болғанда, Марта неге үміттенді? Байқасақ, ол Елазардың болашақта, “ақырғы күні” өмірге оралатынын айтты. Ол неге соншалықты сенімді болды? Сіз де болашақта адамдардың қайта тірілетініне, оның ішінде сіздің де жақындарыңыз болуы мүмкін екеніне неге сенімді бола аласыз?

4 Қайта тірілуге сенуімізге келелі себептер бар. Солардың кейбірін бүгін қарастырамыз. Бәлкім, Құдай Сөзінен бұрын аса мән бермеген, бірақ сүйікті адамдарыңызбен қайта көрісуге деген сеніміңізді нығайта түсетін жайттарды тауып қаларсыз.

ҮМІТ СЫЙЛАЙТЫН ОҚИҒАЛАР

5. Марта Елазардың қайта тірілетініне неге сенімді болды?

5 Байқасаңыз, Марта: “Бауырым тіріледі деп үміттенемін”,— деген жоқ. Ол: “Оның тірілетінін білемін”,— деді. Ол неге сондай сеніммен сөйледі? Өйткені ол бұрынғы кезде адамдардың қайта тірілгені туралы оқиғаларды білген. Бұл жайында ол үйінде және мәжілісханада естіп өскен болса керек. Қазір біз Жазбаларда келтірілген сол қайта тірілу жайлы оқиғалардың үшеуін талқылаймыз.

6. Мартаның қандай оқиғаны білгені сөзсіз?

6 Ең алғашқы қайта тірілу Құдай Ілияс пайғамбарға керемет жасайтын күш берген кезде орын алды. Исраилдің солтүстігіндегі Финикияның Сарепта қаласында тұратын бір кедей жесір әйел бұл пайғамбарға қонақжайлылық көрсетті. Кейін Ехоба керемет жасап, оның үйіндегі ұны мен майы таусылмайтындай етті. Соның арқасында жесір әйел мен оның баласы жан сақтады (Патшалар 1-жазба 17:8—16). Алайда уақыт өте келе оның ұлы ауырып, қайтыс болды. Бірақ Ілияс оған көмекке келді. Ол Ехобаға былай деп дұға етті: “Уа, Құдайым Ехоба, мына баланың өмірін қайтара көр”. Құдай оның тілегін орындап, баланың өмірін бойына қайтарды! Бұл — Киелі кітапта жазылған алғашқы қайта тірілу (Патшалар 1-жазба 17:17—24 оқыңыз). Мартаның бұл таңғажайып оқиғаны білгенінде күмән жоқ.

7, 8. а) Еліше қайғы шеккен әйелге қалай жұбаныш сыйлады? ә) Еліше жасаған керемет Ехобаның не істей алатынына дәлел болды?

7 Киелі кітапта жазылған екінші қайта тірілу Еліше пайғамбардың қатысуымен болды. Шунем деген қалада бала сүйе алмаған бір исраилдік әйел тұратын. Еліше пайғамбарға ерекше қонақжай болғандықтан, Ехоба бұл әйел мен оның егде тартқан күйеуіне батасын беріп, балалы етеді. Бірақ бірнеше жылдан соң, бұл бала қайтыс болады. Сонда анасының жүрегі қарс айырылғаны айтпаса да түсінікті. Қайғысы жанына батқаны сонша, Кармил тауындағы Елішеге жету үшін ол 30 шақырым жол жүреді. Еліше алдымен қызметшісі Гехезиді баланы қайта тірілтсін деп Шунемге жібереді. Әйткенмен Гехези оны қайта тірілте алмайды. Кейін қайғы шеккен әйел үйіне Елішемен бірге келеді (Патшалар 2-жазба 4:8—31).

Құдай марқұмдарды тірілтуге құдіретті екенін дәлелдеді

8 Еліше үйге кіріп, өлі бала жатқан бөлмеге барады да, дұға етеді. Ехоба оның дұғасына жауап беріп, баланы керемет түрде өмірге қайтарады. Баласының тірілгенін көргенде, анасының қуанышы қойнына сыймайды! (Патшалар 2-жазба 4:32—37 оқыңыз). Осы кезде бұл әйел Ханнаның дұғасын есіне алған шығар. Ханна да бедеу еді. Бірақ кейін Ехоба оны жарылқап, Самуил есімді ұл сыйлады. Сонда Ханна: “Ол көрге түсіре де, одан шығара да алады”,— деп Ехобаға мадақ жаудырды (Самуилдің 1-жазбасы 2:6). Шунемдегі баланы өлі жатқан жерінен қайта тұрғызғанда, Ехоба марқұмдарды тірілтуге құдіретті екенін дәлелдеді.

9. Жазбаларда жазылған үшінші қайта тірілуді айтып беріңіз.

9 Елішенің өлімінен кейін болған тағы бір ғажайып оқиғаны көрейік. Елу жылдан аса пайғамбар болып қызмет атқарған Еліше “науқастанып, хал үстінде жатып” көз жұмған еді. Біраз уақыт өте оның денесі шіріп, сүйегі ғана қалды. Бір күні бірнеше исраилдік бір кісіні жерлеп жатты. Кенет олар жаулардың келе жатқанын көріп қалды. Тезірек қашып құтылу үшін олар мәйітті Елішенің қабіріне тастай салды. Әрі қарай Киелі кітапта былай делінген: “Сонда Елішенің сүйектерімен жанасқан мәйіт тіріліп кетіп, аяғына тік тұрды” (Патшалар 2-жазба 13:14, 20, 21). Осы оқиғалардан Марта Құдайдың өлімнен үстем екеніне көз жеткізді. Сіз де бұдан Құдайдың құдіреті шексіз, орасан зор екеніне сенімді бола аласыз.

ЕЛШІЛЕРДІҢ ЗАМАНЫНДА БОЛҒАН ОҚИҒАЛАР

10. Бір мәсіхші әйелмен не болды және Петір не істеді?

10 Мәсіхшілердің грек жазбаларында да Құдайдың қызметшілері адамдарды қайта тірілткені жазылған. Мысалы, жоғарыда Иса Наин қаласының маңында және Жайырдың үйінде осындай керемет жасағанын атап өттік. Кейінірек елші Петір Табита деп те аталған Дорка есімді мәсіхші әйелді қайта тірілтті. Петір оның денесі жатқан бөлмеге кіріп, дұға етті де: “Табита, тұр!”— деді. Сол сәтте әйел өмірге қайта оралды. Сонда Петір жиналған мәсіхшілерге “қайта тірілген Табитаны көрсетті”. Бұл оқиға бұлтартпас дәлел болғандықтан, қаладағы “көптеген адам Иемізге сенді”. Бұл жаңа шәкірттер адамдарға Иса жайлы ізгі хабарды уағыздай алатын, сондай-ақ барша жұртқа Ехобаның өлгендерді тірілтіп алуға құдіретті екенін айта алатын еді (Елшілердің істері 9:36—42).

11. Дәрігер Лұқа жас жігіттің халі туралы не деді және бұл оқиға басқаларға қалай әсер етті?

11 Кейінірек жұрт басқа бір қайта тірілуге куә болды. Бұл оқиға елші Пауыл Троядағы бір үйдің жоғарғы бөлмесінде өткен кездесуде болғанда орын алды. Қазір бұл жер Түркияның солтүстік-батыс жағында орналасқан. Пауыл түн ортасына дейін сөз сөйледі. Оны Еутіх есімді жас жігіт терезеде отырып тыңдап жатқан еді. Бірақ ол ұйықтап кетіп, үшінші қабаттан құлап түсті. Сонда Еутіхтің жанына барған бірінші адам Лұқа болған болса керек. Дәрігер болғандықтан, ол әлгі жас жігіттің жай жарақаттанып не есінен танып қалмағанын білді. Ол өліп қалған еді! Пауыл да төменге түсті. Ол Еутіхті құшақтады да, бәрін таңғалдырып: “Ол тірі”,— деді. Бұл кереметке куә болғандардың барлығы қатты әсер алды. Көз алдарында қайтыс болған жас жігіттің өмірге оралғаны оларға “зор жұбаныш берді” (Елшілердің істері 20:7—12).

МЫЗҒЫМАС ҮМІТ

12, 13. Қайта тірілу болған оқиғаларды қарастыра келе, бізде қандай сұрақтар туындауы мүмкін?

12 Жоғарыда қарастырған қайта тірілу жайлы оқиғалар бойыңызда Мартанікіндей сенімділік ұялатқаны жөн. Біз өмір беруші Құдайдың қайтыс болғандарды өмірге қайтара алатынына сенімді бола аламыз. Атап өтерлік бір жайт, Ілияс, Иса және Петір сияқты Құдайдың адал қызметшілері қайта тірілу болған сол оқиғаларға қатысқан. Бұл оқиғалар Ехоба кереметтер жасаған кезеңде орын алған. Ал мұндай кереметтер жасалмаған уақытта өмірден өткен адамдар ше? Адал әйелдер мен ерлер Құдайдың болашақта өлгендерді тірілтетініне үміттене алды ма? “Оның ақырғы күні болатын қайта тірілу кезінде тірілетінін білемін”,— деген Марта сияқты сенімділіктері болған ба? Неге Марта болашақта қайта тірілу болатынына сене алды және біз бұған неліктен сенімді бола аламыз?

13 Құдай Сөзінде жазылған бірнеше оқиғадан көрінетіндей, ертедегі Құдайдың адал қызметшілері болашақта қайта тірілу болатынын білген. Сол оқиғалардың кейбірін қарастырып көрейік.

14. Ыбырайыммен болған оқиғадан қайта тірілу жайлы не білеміз?

14 Ехоба Ыбырайымға ұлы Ысқаққа байланысты қандай өтініш жасағаны жайлы ойлап көріңізші. Ыбырайым бұл баласын көптен күткен еді. Ал Ехоба оған: “Өтінем, қатты жақсы көретін жалғыз ұлың Ысқақты ертіп, Мория жеріне бар. Сол жерде мен көрсететін тауда оны құрбандыққа шалып, өртеп жібер”,— деді (Мұсаның 1-жазбасы 22:2). Осы нұсқауды естігенде, Ыбырайым не сезінді деп ойлайсыз? Ехоба Ыбырайымға ұрпағы арқылы жер бетіндегі барлық халық жарылқанатынын уәде еткен еді (Мұсаның 1-жазбасы 13:14—16; 18:18; Римдіктерге 4:17, 18). Ехоба “ұрпақ Ысқақтан шығатынын” да айтқан болатын (Мұсаның 1-жазбасы 21:12). Бірақ Ыбырайым ұлын құрбандыққа шалса, бұл қалай мүмкін болар еді? Пауыл киелі рухтың жетелеуімен жазғанындай, Ыбырайым Құдайдың Ысқақты тірілтуге құдіретті екеніне сенген (Еврейлерге 11:17—19 оқыңыз). Десе де Киелі кітапта Ыбырайым Ысқақты сол уақытта, бәлкім бірнеше сағат, бір күн не тіпті бір аптадан кейін, қайта тіріледі деп күткені айтылмаған. Ол ұлының қашан тірілетінін біле алмаған. Бірақ Ехобаның Ысқақты міндетті түрде өмірге қайтаратынына сенімді болды.

15. Адал Әйүптің қандай үміті болды?

15 Адал Әйүп те болашақта болатын қайта тірілуге сенген. Ол қандай да бір ағаш кесіліп тасталса да, қайта өсіп, жаңа ағаш болып шыға келетінін білген. Бірақ адам баласымен бұлай болмайды (Әйүп 14:7—12; 19:25—27). Адам өлсе, өзін өмірге қайтара алмайды (Самуилдің 2-жазбасы 12:23; Зәбүр 89:48). Бірақ бұл Құдай адамды тірілте алмайды дегенді білдірмейді. Әйүп Ехобаның оны есте сақтайтынына сенді (Әйүп 14:13—15 оқыңыз). Ол болашақтағы қайта тірілудің нақты қашан болатынын біле алмады. Десе де адамға өмір берген Жаратушы оны есте сақтап, тірілте алатынына және сөзсіз солай ететініне сенді.

16. Періште Даниялды қалай жігерлендірді?

16 Енді адал кісі Даниял жайлы ойлап көріңізші. Ол бар ғұмырын Ехобаға адалдықпен қызмет етуге арнаған әрі Ехоба оны демеп отырған. Бірде періште Даниялды “аса бағалы жан” деп атаған және оған “амандық тілеп”, “мықты болуды” айтқан (Даниял 9:22, 23; 10:11, 18, 19).

17, 18. Ехоба Даниялға қандай уәде берді?

17 Даниял жасы 100-ге таяп, ғұмыры үзілуге шақ тұрғанда, ол өзін не күтіп тұрғаны жайлы ойлаған шығар. Даниял қайта өмір сүремін деп үміттенді ме? Әлбетте! Даниял кітабының соңғы жағында Құдайдың оған келесідей уәде бергені жазылған: “Өзің соңына дейін адалдық сақта. Сен тыным табасың” (Даниял 12:13). Даниял өлгендердің тыным табатынын және ол барғалы жатқан “көрде... жоспарлау да, білім де, даналық та жоқ” екенін білді (Уағыздаушы 9:10). Десе де Даниял үшін барлығы осымен бітпек емес еді. Ехоба оған болашаққа қатысты тамаша уәде берді.

18 Ехобаның періштесі оған: “Күндердің соңында үлесіңді алу үшін тұрасың”,— деген. Даниял бұл уәденің нақты қашан орын алатынын білмеген. Ол қайтыс болып, тыным табатынын түсінген. Бірақ “үлесіңді алу үшін тұрасың” деген уәдені естігенде, ол өзінің болашақта қайта тірілетінін түсінді. Бұл оның өлімінен ұзақ уақыт өткеннен кейін, “күндердің соңында” орын алмақ еді. Бұл ой “Таурат” аудармасында былай деп расталады: “Ақтық күндерде өз сыбағаңды алу үшін қайта тұратын боласың”.

Марта сияқты, сіз де қайта тірілудің болатынына сенімді бола аласыз (19, 20-абзацты қараңыз)

19, 20. а) Біз қарастырған оқиғалардың Мартаның Исаға айтқан сөздерімен қандай байланысы бар? ә) Келесі мақаладан не білеміз?

19 Күмән жоқ, Мартада адал бауыры Елазардың “ақырғы күні болатын қайта тірілу кезінде тірілетініне” сенуге берік негіз болды. Ехобаның Даниялға берген уәдесі, сондай-ақ Мартаның болашақтағы қайта тірілуге деген мықты сенімі біздің де мынаған сенімділігімізді нығайтады: қайта тірілу міндетті түрде болады.

20 Біз бұрын болып кеткен қайта тірілу жайлы оқиғаларды білдік. Бұл марқұмдардың қайта өмір сүруі мүмкін екеніне дәлел болып табылады. Оған қоса, біз Құдайға адал қызмет еткен ерлер мен әйелдердің болашақта қайта тірілу болады деп күткенін де қарастырдық. Бірақ қайта тірілу уәде етілген кезден ұзақ уақыттан кейін болатынына қандай да бір дәлел бар ма? Егер бар болса, бізде болашақтағы қайта тірілуді асыға күтуге бұдан да көп себеп болады. Ал ол кез қашан келеді? Бұл сұрақтарды келесі мақаланың еншісіне қалдырайық.