Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ақ некені қастерлеңіз

Ақ некені қастерлеңіз

“Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын!” (МАРҚА 10:9).

ӘНДЕР: 131, 132

1, 2. Еврейлерге 13:4 бізді не істеуге шақырады?

БӘРІМІЗ ДЕ Ехобаны құрметтейміз. Өйткені ол бұған әбден лайық. Өзін құрметтегенді ол да құрметтейді (Самуилдің 1-жазбасы 2:30; Нақыл сөздер 3:9; Аян 4:11). Ехоба біздің басқа адамдарға да, билік өкілдеріне де құрметпен қарағанымызды қалайды (Римдіктерге 12:10; 13:7). Алайда құрметпен қарауды ерекше талап ететін бір сала бар. Бұл — неке.

2 Елші Пауыл: “Барлығы некеге құрметпен қарасын, ешкім жар төсегін былғамасын!”— деп жазған (Еврейлерге 13:4). Пауыл бұл сөздерді неке туралы әңгіме болсын деп айтқан жоқ. Ол мәсіхшілерге некені қадір тұтып, бағалы санауды бұйырды. Сіз де, әсіресе отау құрған болсаңыз, некеге осылай қарайсыз ба?

3. Иса неке туралы қандай маңызды кеңес берді? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

3 Некені қастерлі деп білсеңіз, мұныңыз мақтауға тұрарлық. Иса да некеге құрметпен қараған. Парызшылдар ажырасу туралы сұраған кезде Иса: “Еркек әке-шешесін қалдырып, әйелі екеуі біртұтас болады”,— деп Құдайдың ең алғашқы неке туралы айтқан сөздерін қайталады. Сосын: “Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын!”— деп сөзін шегеледі (Марқа 10:2—12 оқыңыз; Мұсаның 1-жазбасы 2:24).

4. Ехоба некеге қатысты нені мақсат еткен?

4 Иса некеге бастама берген Құдай екеніне және некенің мәңгілікке құрылатынына дау келтірмеген. Ехоба ең алғашқы жұп Адам мен Хауаға ажыраса алатындарын айтпаған. Оның мақсаты бойынша, әйелі мен күйеуі мәңгі бақи бірге болу керек-тін.

НЕКЕ ҚҰРЫЛЫМЫНДАҒЫ УАҚЫТША ӨЗГЕРІСТЕР

5. Өлім некеге қандай өзгеріс әкелді?

5 Білетініміздей, Адам күнә жасағаннан кейін көп нәрсе өзгерді. Мысалы, адамдар өлетін болды. Бұл өз кезегінде некеге де әсер етті. Елші Пауыл мәсіхшінің жары қайтыс болса, ол қайтадан неке құруға құқылы екенін айтты (Римдіктерге 7:1—3).

Заңнан білеріміз — Құдай некені аса қастерлі одақ деп санаған

6. Құдайдың некеге деген көзқарасы жайында Мұса Заңында не айтылған?

6 Құдайдың Исраил халқына берген Заңынан оның некеге қалай қарайтынын көруге болады. Мысалы, Исраилде ер адам бірнеше әйел ала алатын. Бұл дәстүр халық арасында Мұса Заңы берілмей тұрып-ақ кең тараған. Алайда Заңның арқасында әйелдер мен балалар жапа шекпейтін болған. Егер ер кісі күңге үйленіп, кейіннен екінші әйел алатын болса, ол бірінші әйеліне бұрынғыдай қарау керек болған. Ехоба оның қамқорлық көрсеткенін, бұрынғыдай қорғаныш болғанын талап еткен (Мұсаның 2-жазбасы 21:9, 10). Әрине, бүгін біздер Мұса Заңын ұстанбаймыз. Бірақ одан Ехобаның некені қастерлі деп санағанын біле аламыз. Осылайша өзіміз де некеге құрметпен қарауды үйренеміз.

7, 8. а) Мұсаның 5-жазбасы 24:1-де жазылған заңда ажырасу туралы не делінген? ә) Ехоба ерлі-зайыптының ажырасуына қалай қарайды?

7 Ал Заңда ажырасу туралы не айтылған? Ехоба ерлі-зайыптының ажырасқанын ешқашан қаламағанмен, исраилдік ер кісі “әйелінің қандай да бір ұнамсыз қылығын көрсе”, Заң оған ажырасуға рұқсат берген (Мұсаның 5-жазбасы 24:1 оқыңыз). Заңда “ұнамсыз қылыққа” не жататыны жайында ештеңе айтылмаған. Бірақ бұл жай болмашы ағаттық емес, ұятты не өте ауыр әрекет болса керек (Мұсаның 5-жазбасы 23:14). Бір қынжылтатыны — Исаның заманында көптеген яһудилер әйелдерімен “кез келген себеппен” ажыраса берген (Матай 19:3). Әрине, мұндайдың беті аулақ.

8 Малахи пайғамбардың тұсында ер адамдардың әйелдерін тастап кетуі жиілеп кеткен. Олар Ехобаға қызмет етпейтін жас қыз алуды көздесе керек. Құдай бұған қалай қарайтынын анық білдіріп: “Мен ерлі-зайыптының ажырасқанын жек көремін”,— деді (Малахи 2:14—16). Оның некеге деген көзқарасы о баста “еркек әйеліне қосылады, сөйтіп, екеуі біртұтас болады” деп айтқаннан бері өзгермеген еді (Мұсаның 1-жазбасы 2:24). Иса да: “Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын!”— деп, некеге дәл Әкесі сияқты қарайтынын көрсетті (Матай 19:6).

АЖЫРАСУҒА ЖАЛҒЫЗ СЕБЕП

9. Исаның Марқа 10:11, 12-дегі сөздерін қалай түсіндірер едіңіз?

9 Кейбіреулер: “Қандай жағдайда мәсіхшінің ажырасып, қайта неке құруына болады?”— деп білгісі келер. Исаның не дегеніне назар аударайықшы: “Кім әйелін тастап, өзге біреуге үйленсе, бұрынғы әйеліне қатысты неке адалдығын бұзады. Ал әйел күйеуінен кетіп, басқаға тұрмысқа шықса, ол да неке адалдығын бұзады” (Марқа 10:11, 12; Лұқа 16:18). Исаның өзі де некеге құрметпен қараған әрі басқалардың да солай істегендерін қалаған. Күйеуі адал әйелін тастап, қайтадан үйленсе, ол неке адалдығын бұзады. Адал күйеуімен ажырасқан әйел де күнә жасайды. Өйткені ерлі-зайыптының ажырасуымен неке одағы үзілмейді. Құдайдың көз алдында олар әлі де “біртұтас”. Иса айтқандай, күйеуі адал әйелімен ажырасса, әйеліне неке адалдығын бұзу қаупі төнеді. Қалайша? Мысалы, ежелде күйеуі тастап кеткен әйел қаржылай қиындық көрмеу үшін қайтадан күйеуге шығуым керек деп ойлауы мүмкін еді. Бірақ бұлай ету неке адалдығын бұзумен пара-пар болар еді.

10. Мәсіхшінің ажырасып, қайтадан неке құра алуына жалғыз себеп қандай?

10 Иса ажырасуға болатын жалғыз жағдайды былай деп түсіндірді: “Сендерге былай деймін: кім әйелімен азғындықтан басқа себеппен ажырасып, өзге біреуге үйленсе, неке адалдығын бұзады” (Матай 19:9). Бұл ойға ол Таудағы уағызында да көңіл бөлді (Матай 5:31, 32). Екі жерде де Иса “азғындық” туралы айтқан. Бұған жарының көзіне шөп салу, жезөкшелік, жұбайлық байланыстары жоқ адамдардың төсек қатынасы, гомосексуализм және малмен жыныстық қатынаста болу кіреді. Күйеуі зина жасаса, әйелі онымен ажыраса алады. Ондай кезде Құдай алдында екеуінің неке одағы үзіледі.

11. Жұбайы көзіне шөп салса да, неге кейбір мәсіхшілер ажыраспауды ұйғарады?

11 Байқасаңыз, Иса адам азғындық жасаса, кінәсіз жары одан ажырасып кетуі керек демеген. Кей жағдайда әйелі күнә жасаған күйеуімен бірге өмір сүре беруді шешуі мүмкін. Неге дейсіз ғой? Ол күйеуін жақсы көргендіктен оны кешіріп, екеуі бірге некелерін берік етуге ұмтылуы мүмкін. Ал әйел күйеуімен ажырасса және қайтадан тұрмысқа шықпаса, біраз қиындыққа кезігері өтірік емес. Мысалы, оның материалдық және жыныстық мұқтаждығымен не болмақ? Ол жалғызсырап қалмай ма? Ажырасудың кесірі балаларына тиіп жүрмей ме? Балаларды шындықта тәрбиелеу қиындап кетпей ме? (Қорынттықтарға 1-хат 7:14). Несін жасырайық, кінәсіз жақ ажырасуды шешсе, үлкен қиындықтарға кезігеді.

12, 13. а) Ошияның некесінде қандай жағдай болды? ә) Ошия неліктен Гомермен қайта қосылды және біз оның некелік өмірінен не үйренеміз?

12 Ошия пайғамбардың оқиғасынан Құдайдың некеге қатысты көзқарасы жайлы тереңірек білеміз. Құдай оған Гомер деген қызға үйленуді бұйырды. Құдайдың айтуынша, Гомер кейін “азғындық жасап, азғындықтан балалар тумақ” еді. Екеуі үйленген соң, дүниеге ұл бала келді (Ошия 1:2, 3). Кейіннен Гомер дүниеге тағы бір қыз бен ұл әкелді. Бірақ бұлар басқа еркектен туылса керек. Ол бірнеше рет азғындық жасаса да, Ошия онымен ажыраспады. Бірақ Гомер үйден кетіп, сосын құлдыққа сатылып кетті. Ошия болса оны қайтарып алды (Ошия 3:1, 2). Ошияны мысал ете отырып, Ехоба өзіне сатқындық жасап, басқа тәңірлерге табынып кеткен Исраил халқын сан рет кешіргенін көрсетті. Ал біз Ошияның некелік өмірінен не нәрсеге үйрене аламыз?

13 Мәсіхші ерлі-зайыптының бірі жар төсегін былғаса, кінәсіз жаққа шешім қабылдау қажет. Иса айтқандай, бұл жағдайда оның ажырасып, қайтадан неке құруға құқы бар. Алайда ол жұбайын кешірсе де болады, бұл — ағаттық емес. Ошия Гомерді кешіріп, үйіне қайтарып алды. Сосын оған “бұдан былай басқа еркекпен жақындаспа” деді. Ошия біраз уақыт әйелімен жақындаспай жүрді (Ошия 3:3). Бірақ кейіннен қайтадан жақындасса керек. Бұл оқиғадан Ехобаның Исраил халқын қайта қабылдауға, олармен қарым-қатынасын қалпына келтіруге дайын болғанын көреміз (Ошия 1:11; 3:3—5). Осы жағдайдан некеге қатысты өзімізге не түйеміз? Егер кінәсіз жақ азғындыққа барған жарымен жыныстық қатынасқа түссе, бұл — кінәлі жақты кешіргені (Қорынттықтарға 1-хат 7:3, 5). Бұдан кейін ажырасуға ешқандай негіз жоқ. Кешіргеннен кейін некеге Құдайдың көзқарасымен қараулары үшін, ерлі-зайыптының бірлесе күш салып, бір-біріне көмектесулері қажет.

ҚИЫНДЫҚҚА ҚАЙЫСПАЙ, НЕКЕНІ ҚҰРМЕТТЕҢІЗ

14. Қорынттықтарға 1-хат 7:10, 11-ге сүйенсек, некеде нендей жайт орын алуы мүмкін?

14 Некеге Ехоба мен Иса сияқты қарау — әрбір мәсіхшінің парызы. Бірақ кейде пендешілік басым түсіп, кейбіреулер мұны ұмыт қалдырып жатады (Римдіктерге 7:18—23). Сондықтан ертедегі мәсіхші жұбайлардың арасында ауыр қиындықтар болғанына таңғалмаймыз. Пауыл “әйел күйеуінен кетпеу керек” деп жазса да, кейбіреулер солай еткен (Қорынттықтарға 1-хат 7:10, 11 оқыңыз).

Ерлі-зайыптылар некелерін қалай сақтап қала алады? (15-абзацты қараңыз)

15, 16. а) Некеде қиындықтар туса, жұбайлардың нені мақсат еткені дұрыс және неліктен? ә) Бұл мақсат жұбайы Куәгер емес бауырласқа қалай көмектесе алады?

15 Пауыл жұбайлардың бір-бірінен бөлек кетуіне не себеп болғанын нақтыламаған. Бірақ бір білетініміз — күйеуінің тарапынан ешқандай азғындық болмаған. Әйтпесе әйелі одан кетпек түгіл, онымен ажырасып, қайта тұрмысқа шығуына болар еді. Бірақ бұл жағдайда күйеуінен бөлек кеткен әйел, Пауылдың нұсқауы бойынша, “салтбасты болып қалуы немесе күйеуімен қайта татуласуы” қажет-тін. Себебі Құдай оларды әлі де жұбайлар деп есептейтін. Сонымен, Пауылдың айтқысы келгені — некеде қандай қиындық тумасын, егер ешқандай тарап неке адалдығын бұзбаса, екеуі татуласу керек. Бұл дегеніміз — олар мәселелерін шешіп, бір-бірінен ажырамаулары керек. Олар ақсақалдардың көмегіне жүгінсе де болады. Ақсақалдар ешкімге жақтаспай, Жазбалардан қажет кеңестер береді.

16 Мәсіхшінің жұбайы Ехобаға қызмет етпейтін болса ше? Екеуінің ара-жігі бұзылса, бір-бірінен бөлек кете ала ма? Жоғарыда айтып өткендей, Киелі кітап неке адалдығы бұзылғанда ғана ажырасуға рұқсат береді. Ал бөлек тұруға себеп болатын жайттар онда атап өтілмеген. Бірақ Пауыл әйелдерге “күйеуі бір сенімде болмағанмен, бірге тұруға келіссе, оны тастамасын” дегені өтірік емес (Қорынттықтарға 1-хат 7:12, 13). Бүгінде біздер үшін де осы сөздердің маңызы зор.

17, 18. Некедегі қиындықтың жүгі өте ауыр болса да, неліктен кей мәсіхшілер жұбайларынан кетпеуді шешкен?

17 Бір сенімді ұстанбайтын күйеу кейде бірге тұруға келіспейтінін әрекеттерімен көрсетуі мүмкін. Мысалы, ол аяусыз қатыгездік көрсететіні сонша, әйелі денсаулығы мен өмірі үшін қорқа бастайды. Немесе әйелі мен бала-шағасын асыраудан бас тартады, болмаса әйеліне Құдайға қызмет етуге жол бермейді. Күйеуі не демесін, мұндайда әйелі оны бірге тұрғысы келмейді деп шешіп, бөлек тұруды жөн көруі мүмкін. Дәл осы жағдайда басқа мәсіхшілер жұбайынан кетпеуді ұйғарып жатады. Олар қиындыққа төзіп, некелеріне түскен сызатты бітеуге бар күштерін жұмылдырады. Мұндай жолды таңдауларына не себеп?

18 Бөлек кеткен жұбайлар бәрібір ерлі-зайыпты болып қала береді. Сондай-ақ олар алдында айтылып кеткен қиындықтарға кезігеді. Елші Пауыл жұбайлардың бірге қалғандары дұрыс екеніне тағы бір себеп келтірді: “Сенуші емес күйеуі әйелі арқылы, ал сенуші емес әйел сенуші күйеуі арқылы қасиетті болады. Әйтпесе балаларың таза болмас еді, ал қазір олар қасиетті” (Қорынттықтарға 1-хат 7:14). Некедегі қиындықтың жүгі өте ауыр болса да, көп мәсіхшілер Куәгер емес жұбайларымен бірге қалуды шешкен. Жұбайлары кейіннен Ехобаға қызмет ете бастағанда, кезінде құрбандыққа барғандары үшін бауырластарымыз қалай қуанды десеңізші! (Қорынттықтарға 1-хат 7:16 оқыңыз; Петірдің 1-хаты 3:1, 2).

19. Мәсіхшілердің қауымында бақытты некелер неге көп?

19 Иса ажырасу турасында кеңес берсе, елші Пауыл бөлек тұруға қатысты айтқан. Бірақ екеуінің де көздегені — Құдай қызметшілерінің некеге құрметпен қарағандары. Дөңгеленген дүниенің түкпір-түкпірінде бақытты некенің қызығын көріп жүрген мәсіхшілер қаншама! Сіздің де қауымыңызда әйелін сүйетін адал ерлер мен ер-азаматын құрметтейтін әйелдер көп шығар. Олардың бәрі де — некенің қастерлі бола алатынына дәлел. Құдайдың: “Еркек әке-шешесін қалдырып, әйеліне қосылады, сөйтіп, екеуі біртұтас болады”,— деген сөздерін растап жүрген сол миллиондаған ерлі-зайыпты үшін біздің де қуанышымыз шексіз! (Ефестіктерге 5:31, 33).