Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жастар, Жаратушы сендерге бақыт тілейді

Жастар, Жаратушы сендерге бақыт тілейді

“[Ол] бүкіл ғұмырымды игілікке толтырады” (ЗӘБҮР 103:5).

ӘНДЕР: 135, 39

1, 2. Болашақ өміріңе қатысты шешім алдында тұрғанда, неге Жаратушыны тыңдағаның дұрыс? (Мақаланың басындағы суреттерді қара.)

СЕН жас болсаң, ертеңгі күніңе байланысты талай кеңесті талай адамнан естіп жатқан шығарсың. Ұстаздарың, туыстарың болашақта күректеп ақша табуың үшін саған “жоғары оқуға түс те түс” деп жатқан болар. Бірақ Ехобаның саған берер кеңесі басқа. Әрине, ертеңгі күні өзіңді асырау үшін мектепте жақсы оқығаныңды ол қаламайды емес, қалайды (Қолостықтарға 3:23). Бірақ ол болашағыңа ықпал ететін маңызды шешімдер қабылдау керектігіңді де жақсы біледі. Сондықтан сені жетелейтін принциптер беріп, осы соңғы күндері оған ұнайтындай өмір сүруіңе жәрдем беріп жатыр (Матай 24:14).

2 Ехобаның бәрін көретінін ұмытпа. Ол осы дүниені не күтіп тұрғанын және оның соңы қаншалықты жақындап қалғанын да біледі (Ишая 46:10; Матай 24:3, 36). Ехоба сені де, сені не қуантып, не мұңайтатынын да жақсы біледі. Әрине, адамдардың кеңестері әдемі шығар, бірақ айтқандары Құдай Сөзімен үйлеспесе, бұларын даналық деу қиын (Нақыл сөздер 19:21).

ДАНАЛЫҚТЫҢ БАСТАУЫ — ТЕК ЕХОБА

3, 4. Жаман кеңесті тыңдаған Адам мен Хауа өздерін және балаларын не нәрсеге душар етті?

3 Жаман кеңестердің тарихы сонау тереңнен бастау алады. Шайтан — алғашқы жаман кеңесші. Ол Хауа ана мен Адам атаға қалай өмір сүретіндерін өздері шешетін болса, әлдеқайда бақытты болатынын айтты (Мұсаның 1-жазбасы 3:1—6). Шындығында, Шайтанның көксегені басқа еді. Ол Адам мен Хауа, олардың туылатын балалары Ехобаға емес, оған табынғанын қалады. Не деген өзімшілдік! Оның адамзат үшін жасаған дәнемесі де жоқ еді! Оларға бәрін берген Ехоба болатын. Мысалы, екеуін бір-біріне серік етті, тұратын әдемі бақ берді, мәңгі өмір сүруге жаралған кемелді тән сыйлады.

4 Ең өкініштісі — Адам мен Хауа Құдайды тыңдамай, өмір берушіден өздерін ажыратып тастады. Оның салдары удай ащы болды. Тамырынан ажыраған гүл сияқты олар да бірте-бірте қарттықтан солып, ақырында өлді. Күнәнің кесірі балаларына да, бізге де тиді (Римдіктерге 5:12). Бүгінде басым көпшілік Құдайды елемей, өз дегендерімен жүр (Ефестіктерге 2:1—3). Иә, Киелі кітапта айтылғандай, Ехобаға қарсы шығатын адамда даналық жоқ (Нақыл сөздер 21:30).

5. Адамдарға қатысты Құдайда қандай сенім болды? Оның сенімі ақталды ма?

5 Ехоба Адам мен Хауаның ұрпақтарының ішінен ол туралы біліп, оған қызмет етуді қалайтын адамдар шығатынына сенімді болды. Бұлардың ішінде жастар да болмақ еді (Зәбүр 103:17, 18; 110:3). Жастар Ехоба үшін алтындай бағалы! Сен де жастық шағыңда Құдайдың игілігіне молынан кенеліп, бақытты өмір сүріп жүрген боларсың (Зәбүр 103:5 оқы; Нақыл сөздер 10:22). Сол игіліктерге мыналар да кіреді: рухани ас-су, жақсы достар, мәнді мақсаттар мен шынайы еркіндік. Қазір соларға тоқталып өтеміз.

РУХАНИ АС-СУ

6. Неге рухани мұқтаждығыңды ойлағаның дұрыс және бұл орайда Ехоба қандай көмек ұсынып отыр?

6 Рухани азықты қажет етпейтін жануарлардан ерекшелігіміз — біз Жаратушымыз жайында білуге зәруміз (Матай 4:4). Біз Құдайды тыңдасақ, түсінікке, даналыққа, бақытқа ие боламыз. Иса: “Құдайды танып-білгісі келетіндер бақытты”,— деген (Матай 5:3). Ехоба бізге Киелі кітапты берді, сенімімізді қайрай түсетін әдебиеттермен қамтамасыз етіп жатқан “адал да ақылды құлды” тағайындады (Матай 24:45). Бұл әдебиеттер сенімімізге нәр беріп, Ехобаға жақындата түсетіндіктен, оларды “рухани ас-су” деп атаймыз. Рухани ас-су бізде көл-көсір! (Ишая 65:13, 14).

7. Құдай беріп отырған рухани ас-судың сен үшін қандай пайдасы бар?

7 Рухани ас-судың арқасында дана боласың, көп жағдайда сені қорғап қалатын саналылыққа ие боласың (Нақыл сөздер 2:10—14 оқы). Осы қасиеттер Жаратушы Құдай жоқ деген немесе бақыттың көзі ақша мен байлықта деген өтірікке еріп кетпеуге көмектеседі. Сондай-ақ өзіңе кейін таяқ болып тиетін қалаулар мен әдеттерге бой алдырмауға да ерік-жігер береді. Ендеше, даналық пен саналылыққа ие болу үшін бар күшіңді сала бер. Сонда Ехоба сені жақсы көретініне, саған ең жақсыны тілейтініне көзің жетеді (Зәбүр 34:8; Ишая 48:17, 18).

8. Неліктен қазір Құдайға жақындай бергенің жөн? Мұның болашақта қандай пайдасы тиеді?

8 Жақында Шайтан билеген мына дүние толығымен жойылады. Сол уақытта Ехоба ғана бізді қорғап, қажетімізді береді, бұл тіпті жейтін нанымызды да қамтуы мүмкін (Абақұқ 3:2, 12—19). Сол үшін қазірден еш мүмкіндікті жібермей, Құдайға жақындап, оған көбірек сенім артуды үйрену қажет (Петірдің 2-хаты 2:9). Сонда басыңа қандай күн тумасын, Дәуіт сияқты: “Ехобаны әрдайым ойымда ұстаймын. Ол менің оң жағымда, мен нық тұрып, еш шайқалмаймын”,— дейтін боласың (Зәбүр 16:8).

ЕҢ ЖАҚСЫ ДОСТАР

9. а) Жохан 6:44-ке сай, Ехоба не істейді? ә) Басқа Куәгерлерді кезіктіргенде, қандай ғажап нәрсе болады?

9 Шындықты білмейтін бейтаныс бір адамды кезіктірдің делік. Сен ол туралы не айта аласың? Бәлкім, оның есімін айтып, түр-келбетін ғана сипаттап берерсің. Ал егер ол кісі шындықты білетін болса, онда жағдай мүлдем басқа болар еді! Сен оның Ехобаны сүйетінін, Ехоба одан бір жақсылықты байқап, өз отбасына шақырғанын білесің (Жохан 6:44 оқы). Ол қандай ортадан шықпасын, қандай тәрбие көріп өспесін, оған қатысты көп жайт саған айқын. Ол да сен жайында дәл солай көп білетінінде сөз жоқ!

Ехоба сенің адал достарыңның болғанын және мәнді мақсаттар қойғаныңды қалайды (9—12 абзацтарды қара)

10, 11. Ехобаның халқында ортақ не бар? Бұның біз үшін қандай пайдасы бар?

10 Куәгермен кездесе салысымен-ақ, сендерді байланыстыратын бір нәрсе бар екенін білесің: ана тілдерің бөлек болса да, екеуің ортақ тілде — шындықтың “таза тілінде” сөйлейсіңдер (Софония 3:9). Бұл дегеніміз — екеуің де Құдайға сеніп, ортақ өнегелілік талаптарды орындайсыңдар, болашаққа деген үміттерің де бір. Осы жайттар бір-біріңе сенім артуға әрі мәңгілікке ұласатын достықты бастауға негіз болады.

11 Ехобаға ғибадат еткенде, сен нағыз достарды табасың десек, артық айтқандық емес. Күллі жер жүзінде сен танымайтын қаншама достарың бар екенін сен тіпті білмейсің де! Осы сыйдың жемісін бізден басқа көріп жүрген кім бар?!

МӘНДІ МАҚСАТТАР

12. Алдыңа қандай мәнді мақсаттар қойсаң болады?

12 Уағыздаушы 11:9—12:1 оқы. Қол жеткізгің келетін қандай мақсаттарың бар? Мүмкін, Киелі кітапты күн сайын оқимын деп, қауымда түсініктемелерім мен тапсырмаларымды жақсартамын деп мақсат қойған шығарсың. Я болмаса қызметте Киелі кітапты тиімдірек қолдануға тырысып жүрген боларсың. Жақсарғаныңды өзің байқап я өзгелер айтқанда, бойыңды қандай сезім билейді? Әрине, қуаныш сезімі, әрі бұл орынды да. Неге? Өйткені сен дәл Иса сияқты өзіңнің емес, Ехобаның қалауын істедің (Зәбүр 40:8; Нақыл сөздер 27:11).

13. Құдайға қызмет ету осы дүниедегі мақсаттардан не себепті артық?

13 Бар назарыңды Ехобаға қызмет етуге бұр. Бұл өміріңе мән-мағына беріп, сені бақытты етеді. Елші Пауыл: “Берік болыңдар, мызғымай тұрыңдар, Иеміздің ісінде әрқашан көп еңбектеніңдер. Себебі Иеміздің жолындағы еңбектеріңнің бекер емес екенін білесіңдер”,— деп жазған (Қорынттықтарға 1-хат 15:58). Ал адамдар ақша табу, атақты болу сияқты мақсаттарға ұмтылғанда, бақытсыз күй кешеді. Тіпті өркендеп тұрса да, жан дүниелері тоналғандай бос болып жатады (Лұқа 9:25). Сүлеймен патша — осының бір дәлелі (Римдіктерге 15:4).

14. Сүлейменнің оқиғасынан не біле аласың?

14 Тарихтағы ең бай, ең беделді болған Сүлеймен бір сынақ өткізбекші болады. Ол: “Кәне, ләззат-ермекке беріліп, оның не жақсылығы бар екенін көрейін”,— деді (Уағыздаушы 2:1—10). Сөйтіп, ол зәулім үйлер соғып, көздің жауын алатын бау-бақшалар мен саябақтар жасады. Не керек, көңілі қалағанды істеді. Соның бәрі оны бақытты етті ме? Содан қанағат тапты ма? Істеген бар ісіне қарап: “Бәрі де... бос әурешілік екенін көрдім”,— деді ол. Сосын: “Нағыз құны бар ештеңе жоқ екен”,— деп түйіндеді (Уағыздаушы 2:11). Сүлейменнің оқиғасынан сен де соны түсіндің бе?

Ехобаға мойынсұнғанымыз өзімізге игі әрі шынайы еркіндік әкеледі

15. Сенім саған не үшін қажет және Зәбүр 32:8-ден оқығанымыздай, оның қандай пайдасы бар?

15 Кейбір адамдар шекесіне тиіп барып қана өмірден сабақ алады. Бірақ Ехоба сенің олай үйренгеніңді қаламайды. Оның бар қалайтыны — тілін алып, мойынсұнғаның. Бұлай ету үшін сенім қажет. Ал сеніміңе сүйеніп қабылдаған шешімдеріңе ешқашан өкінбейсің. Ехоба ешқашан “есіміне деген сүйіспеншілігіңді ұмытпайды” (Еврейлерге 6:10). Сондықтан сеніміңе сенім қосу үшін барыңды сал. Сонда өмірде дұрыс шешімдер қабылдайсың және көктегі Әкеңнің саған ең жақсыны тілейтініне көз жеткізесің (Зәбүр 32:8 оқы).

ШЫНАЙЫ ЕРКІНДІК

16. Еркіндікті не үшін бағалап, не үшін ақылмен пайдалану қажет?

16 Пауыл: “Ехобаның рухы бар жерде азаттық бар”,— деп жазған (Қорынттықтарға 2-хат 3:17). Ехоба еркіндікті жақсы көреді. Ол сені еркіндікті қалайтындай етіп жаратқан. Бірақ еркіндігіңді ақылмен пайдаланса екен дейді. Сонда бұл сені қорғайды. Мүмкін, сенің жасыңдағылар порнографияға әуестеніп, азғын өмір кешетін шығар немесе жанкешті спорт түрлерімен айналысатын болар. Не болмаса ішімдік ішіп, есірткі қабылдайтын шығар. Басында осы нәрселер қызықты да әсерлі болып көрінуі мүмкін, бірақ түбінде ауруға, тәуелділікке, тіпті өлімге әкеп соқтырады (Ғалаттықтарға 6:7, 8). Сондай жастар өздерін еркінмін деп ойлайтын шығар, бірақ бұл — олардың ойы ғана (Титке 3:3).

17, 18. а) Неліктен Ехобаға мойынсұну шынайы еркіндікке жеткізеді дей аламыз? ә) Неліктен Адам мен Хауа бүгінгі адамдарға қарағанда әлдеқайда еркін болған?

17 Ехобаға мойынсұнғанымыз өзімізге игі. Солай еткеніміз денсаулығымызға жақсы әрі бізге шынайы еркіндік әкеледі (Зәбүр 19:7—11). Еркіндігіңді ақылмен пайдаланғанда, яғни Құдайдың кіршіксіз заңдары мен принциптеріне мойынсұнғаныңда, Құдай да, ата-анаң да сенің жауапты адам екеніңді көреді. Келе-келе ата-анаң саған көбірек сенім артып, көбірек еркіндік береді. Ехоба өзінің адал қызметшілеріне жақында мінсіз еркіндік сыйлайды. Киелі кітапта бұл “Құдай балаларының салтанатты бостандығы” деп аталады (Римдіктерге 8:21).

18 Адам мен Хауада дәл осындай бостандық болған. Едем бағында Ехоба оларға тек бір ғана шектеу қойды: олар бір ғана ағаштың жемісін жемеу керек еді (Мұсаның 1-жазбасы 2:9, 17). Қалай ойлайсың, бұл заң әділетсіз не тым қатал болды ма? Жоқ, әрине! Ойлап көрші, адамдар неше түрлі заңдар шығарып, оларға бағынуды талап етеді. Ал Ехоба Адам мен Хауаға бір-ақ заң берді.

19. Ехоба мен Иса үйретіп жатқан не нәрсе бізді бостандыққа жеткізеді?

19 Ехоба — өте дана Құдай. Ол бізге түрлі заңдарды үйіп берудің орнына, сүйіспеншілік заңына мойынсұнуды шыдамдылықпен үйретеді. Принциптері бойынша өмір сүруге, жамандықтан жиренуге баулиды (Римдіктерге 12:9). Оның Ұлы Иса Таудағы уағызында жаман істердің қайдан басталатыны туралы айтқан (Матай 5:27, 28). Жамандық пен жақсылықты өзі сияқты ажырата алуды Иса Құдай Патшалығының Патшасы ретінде жаңа дүниеде де үйрете бермек (Еврейлерге 1:9). Ол біздің ой-санамыз бен денсаулығымызды да мінсіздікке жеткізеді. Елестетіп көрші, жаман іс жасауға бізді ештеңе тартпайтын болады, кемелсіздіктің кесірінен енді қиналмаймыз! Ал соңында Ехоба уәде еткен “салтанатты бостандыққа” ие боламыз!

20. а) Ехоба өзінің еркіндігін қалай пайдаланады? ә) Сен оған қалай еліктей аласың?

20 Дегенмен жаңа дүниеде еркіндігіміз шектеулі болады. Сонда оны не шектемек? Біз барлық кезде Құдайға және адамдарға деген сүйіспеншіліктің жетегінде жүруге тиіс боламыз. Сүйіспеншіліктің дегенімен жүрсек, Ехобаға еліктейміз. Ехоба шексіз еркіндікке ие бола тұра, әрбір ісін сүйіспеншілікпен істейді. Мысалы, бізге сүйіспеншілікпен қарайды (Жоханның 1-хаты 4:7, 8). Бұдан шығатын түйін — Ехобаға еліктесек қана, шынайы еркіндікке жете аламыз.

21. а) Дәуіт Ехобаға қатысты не сезінген? ә) Келесі мақала не туралы болады?

21 Саған сыйлаған барлық игіліктері үшін Ехобаға ризасың ба? Ол рухани ас-суды, ең жақсы достар мен мәнді мақсаттарды, болашақта мінсіз еркіндікке ие болу үмітін және тағы да басқа керемет сыйларды берді (Зәбүр 103:5). Бәлкім, сен Зәбүр 16:11-дегі: “Сен маған өмір жолын білдірдің, Алдыңда зор қуанышқа кенелттің. Оң жағыңда болу мәңгілік бақытқа бөлейді”,— деген Дәуіттің сөздерімен келісетін шығарсың. Келесі мақалада біз Зәбүрдің 16-тарауындағы басқа да құнды шындықтар туралы сөз қозғаймыз. Бұл саған ең керемет өмірге аяқ басуға көмек болады.