Жастар, өмірлеріңнің мәні кетпесін!
“Сен маған өмір жолын білдірдің” (ЗӘБҮР 16:11).
1, 2. Тонидің жағдайы қандай өзгерістер жасауға болатынын көрсетеді?
ТОНИ әкесіз өсті. Жоғары сыныпта оның сабақ оқуға еш зауқы соқпайтын. Ол тіпті мектептен кетіп қалуды ойлап жүрген. Демалыс күндері ол я кинотеатрға баратын, я достарымен уақыт өткізетін. Тони нашақор да, бұзақы да емес еді, бірақ ол желкенсіз кемедей мақсатсыз өмір кешіп жатты. Ол Құдайдың барына да күмәнмен қарайтын. Бірде ол екі Куәгерді кезіктіріп, өзінің осы күмәні туралы айтады. Куәгерлер оның қолына “Тіршілік өздігінен пайда болды ма?” және “Тіршіліктің бастауы. Бес маңызды сұрақ” деген екі кітапшаны ұстатып кетеді.
2 Куәгерлер екінші рет келсе, Тони мүлдем басқа ойда отыр екен. Ол кітапшаларды мұқият оқығаны сонша — әр беті умаждалып кетіпті! Тони Куәгерлерге: “Құдай бар болу керек!”— деді. Ол Киелі кітапты зерттей бастап, өмірге өзгеше көзқараспен қарайтын болды. Бұған дейін мектепте жақсы оқымаған ол енді үздік оқушылардың біріне айналды. Бұған мектеп директоры Зәбүр 68:5).
қатты таңғалды. Ол кісі Тониден былай деп сұрады: “Көзқарасыңды, оқу үлгеріміңді жақсарту үшін үлкен өзгерістер жасадың. Шын айтшы, бұған Ехоба куәгерлерімен араласқаның әсер етті ме?” Тони оның дұрыс тұжырым жасағанын айтып, оқып-білгендерімен де бөлісті. Ол мектепті бітіріп, қазір тұрақты ізашар әрі қызмет көмекшісі міндетін атқарады. Тони сүюші Әкесі Ехобаны тапқанына дән риза! (ЕХОБАҒА БАҒЫНЫП, ЖЕМІСТІ БОЛ
3. Ехоба жастарға қандай кеңес береді?
3 Тонидің оқиғасы Ехобаның жастар үшін қам жейтінін көрсетеді. Ол сенің мағыналы өмір сүргеніңді қалағандықтан: “Жастық шағыңда Ұлы Жаратушыңды есте ұста”,— деп кеңес береді (Уағыздаушы 12:1). Бұлай ету оңай бола бермейтін шығар, бірақ бұл қолыңнан келеді. Құдайдың қолдауымен сен қазір жас шағыңда да, ертең есейген шағыңда да жеңіске жете аласың. Бұл Жазбалардағы исраилдіктер мен Дәуіттің мысалынан айқын көрінеді. Олай болса, исраилдіктерге Уәде етілген жерді жаулап алуға, ал Дәуітке Ғолиятты жеңуге не көмек болғанын көрейік.
4, 5. Қанахандықтарды жаулап алған исраилдіктер мен Ғолиятты жеңген Дәуіттің оқиғасынан қандай маңызды жайтты білеміз? (Мақаланың басындағы суреттерді қара.)
4 Исраил халқы Уәде етілген жерге кірер алдында Ехоба оларға қандай нұсқау берген еді? “Соғысуды жақсылап үйреніп, мықты жауынгер болыңдар” деді ме? Жоқ! (Мұсаның 5-жазбасы 28:1, 2). Ол “маған бағыныңдар, маған сенім артыңдар” деді (Ешуа 1:7—9). Жай адамға бұл ақылға сыймайтын кеңес болып көрінер. Бірақ исраилдіктер үшін бұл ең жақсы нұсқау болды! Ехоба Қанахан жерінде халқын жеңістен жеңіске жеткізіп отырды (Ешуа 24:11—13). Әрине, Құдайдың тілін алу үшін сенім қажет. Ал сенім ешқашан жеміссіз қалдырмайды. Бұл бұрын да, қазір де солай.
5 Ғолият өте мықты жауынгер болған. Оның бойы үш метрдей, өзі мұздай қаруланған еді! (Самуилдің 1-жазбасы 17:4—7). Ал Дәуіттің қолында сақпаны, жүрегінде сенімі болды. Құдайға сенімі жоқ адам Ғолиятқа қарсы шыққан Дәуітті барып тұрған ақымақ дер еді. Бірақ ақымақ Дәуіт емес, Ғолият болып шықты! (Самуилдің 1-жазбасы 17:48—51).
6. Бұл мақалада не туралы білеміз?
6 Алдыңғы мақаладан біз бақытты да мәнді өмірге бастайтын төрт нәрсені білдік. Олар: рухани мұқтаждықты қанағаттандыру, Құдайды сүйетін адамдармен дос болу, мәнді мақсаттар қою және Құдай сыйлаған еркіндікті бағалау. Бұл мақаладан осы игі істердің пайдасын көру үшін тағы не істей алатынымызды білеміз. Осы орайда Зәбүр кітабының 16-жырындағы принциптерге көңіл бұрайық.
РУХАНИ МҰҚТАЖДЫҒЫҢДЫ ҚАНАҒАТТАНДЫР
7. а) Рухани адам деген қандай адам? ә) Дәуіттің “еншісі” не еді және мұның әсері қандай болды?
7 Рухани бағытта ойланатын адам Құдайға сенеді, әрі өмірдегі жағдайларға Құдайдың көзімен қарайды. Ол Ехобаның жетегіне еріп, оған мойынсұнып өмір сүруге шындап бекінген Қорынттықтарға 1-хат 2:12, 13). Осындай адамның бірден-бір мысалы — Дәуіт. Ол: “Ехоба — менің еншім”,— деп жырлаған (Зәбүр 16:5). Мұнда “енші” деп оның Құдаймен жақын қарым-қатынасы айтылып отыр. Дәуіт осы еншісін қатты бағалаған және Құдайды “панам” деп білген (Зәбүр 16:1). Сондықтан да ол: “Бар болмысым шаттанады”,— деген. Иә, Дәуітті ең бақытты еткен Ехобамен достығы еді! (Зәбүр 16:9, 11 оқы).
(8. Өміріңді мән-мағынаға толтыратын кейбір істер қандай?
8 Ақша мен ойын-сауықтың соңынан қуған адам Дәуіт сияқты бақытты бола алмайды (Тімөтеге 1-хат 6:9, 10). Канадада тұратын бір ер бауырлас былай дейді: “Нағыз қанағат неден келеді дейсіз ғой? Бұл өмірден не алатыныңа емес, әрбір игі сыйдың көзі Ехоба Құдайға не беретініңе байланысты” (Жақып 1:17). Ехобаға сенім дамытсаң әрі оған қызмет етсең, өмірің шынымен де мағыналы болады. Ал сеніміңді қалай өсіре аласың? Ехобамен бірге уақыт өткізу арқылы. Бұл үшін оның Сөзін оқы, керемет жаратылыстарын тамашала, оның қасиеттері жайлы, сені қаншалықты жақсы көретіні жайлы ойлан (Римдіктерге 1:20; 5:8).
9. Құдай Сөзі сені қалыптастыру үшін не істеуің қажет?
9 Ехоба бізді жақсы көретінін көрсету үшін, тура бір сүюші әке іспетті түзетіп жатады. Дәуіт: “Маған ақыл-кеңес айтқан Ехобаны мадақтаймын, Тіпті түнде де көңіл түбіндегі ойларым мені түзетеді”,— деп, оның түзетулерін бағалаған (Зәбүр 16:7). Ол Ехобаның ойлары жайлы толғанып, оларды өз ойлары етті. Осы ойлары Дәуітті қалыптастырды, оның адами қасиеттерін ұштады. Сен де солай етсең, Құдайға деген сүйіспеншілігің де, оған ұнамды болуға деген ықыласың да артады. Сөйтіп, толысқан мәсіхші боласың. “Мен жеке зерттеп, оқығаным жайлы ойланғанда, Ехоба мұны маған арнап жазғандай сезімде боламын!”— дейді Кристин деген жас бауырлас.
10. Ишая 26:3-тен білгеніміздей, рухани адам болудың қандай пайдасы бар?
10 Рухани адам болсаң, сен бүгінгі дүниеге және ертеңгі күнге Құдай сияқты қарайсың. Өйткені Ехоба саған теңдесі жоқ білім мен түсінік беріп жатыр. Ол өміріңді дұрыс нәрсеге арнағаныңды, жақсы шешімге келгеніңді, болашаққа сеніммен көз тіккеніңді қалайды (Ишая 26:3 оқы). АҚШ-та тұратын Джошуа есімді жас бауырлас бір жайтты байқапты: адам Ехобаға жақын болса, ненің маңызды, ненің маңызсыз екенін анық ажырата біледі.
ШЫНАЙЫ ДОСТАР ТАП
11. Дәуіт кімдермен дос болған?
11 Зәбүр 16:3 оқы. Дәуіт жақсы достарды қайдан табуға болатынын білген. Ол Ехобаны жақсы көретіндердің арасында жүріп, “зор қуанышқа бөленген”. Бұл достарын Дәуіт “қасиеттілер” деп атады, өйткені олар Ехобаның өнегелілік заң-талаптарын ұстануға тырысатын. Басқа бір зәбүр жыршысы таңдаған достары жайында дәл сондай ойда болған. Ол: “Мен өзіңнен қорқатындардың, Нұсқауларыңды орындайтындардың досымын”,— деді (Зәбүр 119:63). Алдыңғы мақалада талқылағанымыздай, сен де Ехобаны сүйіп, оған мойынсұнатындардың арасынан жастары әртүрлі көп дос таба аласың.
12. Дәуіт пен Жонатанның достығына не арқау болды?
12 Дәуіт дос ретінде тек құрдастарын ғана таңдамаған. Дәуіттің жанына жақын болған досын атай аласың ба? Ойыңа бірден Жонатан келген шығар. Екеуінің достығы — Киелі кітапта жазылған ең әдемі достықтың бірі! Бірақ Жонатан Дәуіттен 30 жастай үлкен болғанын білгенсің бе? Ендеше олардың достықтарына арқау болған не? Құдайға деген сенімдері. Сондай-ақ бір-біріне деген құрметтері, Құдайдың жауларымен шайқасқанда көрсеткен батылдықтары және бір-бірінің басқа да жақсы қасиеттерін бағалағандары (Самуилдің 1-жазбасы 13:3; 14:13; 17:48—50; 18:1).
13. Көп достар табудың сыры неде? Мысал келтір.
13 Ехобаға сенетін, оны жақсы көретін адамдармен дос болғанда, біз де Дәуіт пен Жонатан сияқты “зор қуанышқа бөленеміз”. Құдайға көп жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Киера: “Мен дүниенің әртүрлі бұрышында тұратын, тәрбиесі мен мәдениеті әртүрлі адамдармен достастым”,— дейді. Сен де достық құшағыңды кең жайсаң, бізді бір отбасындай біріктіріп отырған күш Киелі кітап пен киелі рух екенін көресің!
МӘНДІ МАҚСАТТАР ҚОЙ
14. а) Мәнді мақсаттар қоюға не көмектеседі? ә) Кейбір жастар мақсаттары жайлы не дейді?
14 Зәбүр 16:8 оқы. Құдайға қызмет ету Дәуіттің өміріндегі ең маңызды іс болған. Сен де мақсаттар қойғанда Дәуітке еліктесең, Ехобаның ойын ескерсең, өмірің мәнді болады. Стивен есімді бауырлас былай деп ой бөлісті: “Мақсатыма ұмтылып, оған қол жеткізіп, сосын жақсарған жақтарымды көргенде, қуанышқа кенелемін”. Германияның тумасы, бірақ қазір өзге елде қызмет ететін жас ер бауырлас: “Ертең қартайғанда өмір бойы тек өзімді ойлағанымды түсінсем, менен өткен бақытсыз адам болмас еді”,— деді. Сен осы сөздермен келісесің бе? Онда қабілеттерің мен дарындарыңды Құдайды мадақтау үшін әрі өзгелерге көмектесу үшін жұмса (Ғалаттықтарға 6:10). Алдыңа рухани мақсаттар қойып, соларға жету үшін Ехобадан көмек сұра. Ол мұндай дұғаларға қуана жауап береді! (Жоханның 1-хаты 3:22; 5:14, 15).
15. Қандай мақсаттарға ұмтылсаң болады? (“ Ұмтылуға тұрарлық мақсаттар” деген қоршауды қара.)
15 Алдыңа қандай мақсаттар қойсаң болады? Мысалы, кездесулерде өз сөзіңмен түсініктеме беру, болмаса ізашар не бетелдік болып қызмет ету. Жаңа бір тіл үйреніп, ізгі хабарды көбірек адамға жеткізуге ұмтылсаң да болады. Толық уақытты қызмет атқаратын Барак есімді жас жігіт былай дейді: “Таңертең көзімді ашып, бар күшімді Ехобаға бергелі жатқанымды түсінгенде, ғажап сезімге бөленемін. Басқа ешқандай істен мұндай күй кешпеймін”.
ҚҰДАЙ СЫЙЛАҒАН ЕРКІНДІКТІ БАҒАЛА
16. Дәуіт Ехобаның заң-принциптеріне қалай қараған және неге?
16 Зәбүр 16:2, 4 оқы. Алдыңғы мақаладан білгеніміздей, Құдайдың заң-принциптерімен жүрсек, шынайы еркіндікке ие боламыз. Біз жақсылықты, игі нәрсені сүйіп, жамандықты жек көруді үйрендік (Амос 5:15). Дәуіт Ехобаны “игілігімнің қайнары” деп атаған. “Игілік” деп аударылған түпнұсқадағы сөз өнегеліліктің шыңын, яки ізгілікті де білдіреді. Ехобаның бар істері, бізге беріп жатқанының бәрі де игі. Дәуіт осындай Құдайды үлгі етуге, ол сүйетін нәрселерді сүюге мейлінше тырысқан. Ол сонымен қатар Ехоба жек көретін нәрселерді жек көруге ұмтылған. Мысалы, жалған тәңірлерге құлшылық етуді, яғни Ехобадан өзге біреуге я бірдеңеге ғибадат етуді жаны сүймеген. Жалған ғибадат құрдымға жетелейді және Ехобаға тиесілі мадақты тартып алып, өзге біреуге я бірдеңеге береді (Ишая 2:8, 9; Аян 4:11).
17, 18. а) Дәуіт жалған ғибадаттың салдары жайында не деген? ә) Бүгінде не нәрсе адамдардың “қасіретіне қасірет қосуда”?
17 Киелі кітап жазылған заманда жыныстық азғындық көп жерде жалған ғибадаттың ажырамас бөлігі болған (Ошия 4:13, 14). Осындай жүріс-тұрысты ұнатқандықтан, көп адам жалған ғибадатқа бас ұрған. Бірақ бұдан олар бақыт тапты ма? Бұлай деу қиын! Дәуіт айтқандай, олар “қасіретіне қасірет қосқан”. Балаларын тіпті сол жалған тәңірлерге құрбандыққа шалған! (Ишая 57:5). Ехоба мұндай қатыгездікті жек көрген (Еремия 7:31). Сен сол дәуірде өмір сүрген болсаң, ата-анаңның Ехобаға ғибадат ететініне дән риза болар едің, солай емес пе?!
18 Қазіргі таңда көп діндер жыныстық азғындықты, соның ішінде гомосексуализмді, кәдімгі нәрсе деп қабылдайды. Өнегесіз өмір кешетіндер өздерін еркінбіз деп ойлар, бірақ шындығына келгенде олар “қасіретіне қасірет қосуда” (Қорынттықтарға 1-хат 6:18, 19). Сен бұнымен келісесің бе? Аяулы жастар, көктегі Әкелеріңді тыңдаңдар. Бұл өздерің үшін пайдалы екенін түсініңдер. Азғындықтың салдары ащы екенін ескеріңдер. Бір сәттік ләззаттың зардабы мың есе ауыр болады (Ғалаттықтарға 6:8). Мақаланың басында аталып кеткен Джошуа: “Сен не істесең де еріктісің. Бірақ еркіндікті теріс қолдану түбінде еш рақат әкелмейді”,— деп ойын түйіндеді.
19, 20. Ехобаға сенетін, оған мойынсұнатын жастарды қандай баталар күтіп тұр?
19 Иса былай деген: “Менің сөзімді ұстансаңдар, шынымен менің шәкіртімсіңдер, әрі шындықты біле түсесіңдер, ал шындық сендерді азат етеді” (Жохан 8:31, 32). Ехобаға мың да бір рақмет, ол бізді жалған діннен, рухани қараңғылық пен ырымдардан азат етті. Ал болашақта “Құдай балаларының салтанатты бостандығына жетеміз” (Римдіктерге 8:21). Мәсіхтің “сөзін”, яғни өсиеттерін ұстансаң, қазірдің өзінде сол бостандықтың дәмін тата аласың. Осылайша “шындықты біле түсесің!” Бұл жай ғана шындық туралы білуді емес, шындықпен өмір сүруді де білдіреді.
20 Жастар, Құдай берген еркіндікті бағалаңдар. Оны ақылмен жұмсаңдар. Сонда керемет болашаққа жетелейтін шешімдер қабылдай аласыңдар. Бір жас бауырлас былай дейді: “Жас кезіңде еркіндігіңді дұрыс пайдалансаң, ертең өзіңе лайық жұмыс табу, үйлену не үйленбей қоя тұру сияқты күрделі мәселе шыға келгенде, жақсы шешімге келе аласың”.
21. “Шынайы өмірді” қалай иемдене аласың?
21 Мына дүниеде адамдардың тамаша өмір деп жүргендері ұзаққа созылмайды. Ертең не күтіп тұрғанын ешкім де білмейді (Жақып 4:13, 14). Сондықтан “шынайы өмірге” — Құдайдың жаңа дүниесінде болатын мәңгілік өмірге ие болу үшін, дұрыс шешімдер қабылда (Тімөтеге 1-хат 6:19). Әрине, Ехоба ешкімді өзіне күштеп қызмет еткізбейді. Мұны әркім өзі шешеді. Ехобаны “еншің” еткің келсе, оған күн сайын жақын бола түс. Оның беріп жатқан барлық игілігін бағала (Зәбүр 103:5). Ехоба сені “зор қуанышқа кенелтіп”, мәңгілік бақыт сыйлайтынына сенімді бол! (Зәбүр 16:11).