Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Мейірімділік — сөз бен істен көрінетін қасиет

Мейірімділік — сөз бен істен көрінетін қасиет

ӨЗГЕЛЕРДІҢ мейірімділік танытқаны кім-кімге де ұнайды. Біреу қамымызды ойлап тұрса, бұл бізге жұбаныш беріп, жанымызды жадырататыны рас. Бірақ сол қасиетті өзгелерден ғана күтпей, өзіміз де қалай танытсақ болады?

Мейірімді адам шын жүректен өзгелердің қамын ойлайды және мұнысын сөзімен де, ісімен де көрсетеді. Ол жай ғана сыпайылық көрсетумен шектелмейді. Шынайы мейірімділікке қозғаушы күш болатын жайт — өзгелерге деген сүйіспеншілік пен олардың сезімдерін түсіну. Бұдан да маңыздысы, мейірімділік — киелі рухтың жемісінің бір бөлігі (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Ехоба біздің мейірімді болғанымызды қалайды. Ендеше, Ехоба мен Исаның қалай мейірімділік танытқанын және оларды қалай үлгі ете алатынымызды көрейік.

ЕХОБА БАРЛЫҒЫНА МЕЙІРІМДІ

Ехоба барлығына, тіпті “алғысты білмейтіндерге де, зұлымдарға да мейірім көрсетеді” (Лұқа 6:35). Мысалы, “жамандарға да, жақсыларға да күн сәулесін төккізіп, әділдерге де, әділетсіздерге де жаңбыр жаудырады” (Матай 5:45). Ехобаның Жаратушы екеніне сенбейтіндер де оның мейірімділігін сезініп, өмірде біршама бақытты бола алады.

Ехобаның Адам мен Хауаға жасаған жақсылығынан оның зор мейірімділігін көреміз. Күнә жасағаннан кейін көп ұзамай, олар “інжір жапырақтарын біріктіріп тігіп, алжапқыш жасап алды”. Алайда Ехоба Едем бағының сыртында оларға қорғаныш болатын басқа киімнің қажет екенін білді. Өйткені жерді қарғыс атқан еді әрі онда “тікен мен арамшөп” қаптап жатты. Ехоба мейірімділік танытып, оларға “теріден ұзын киім жасап берді” (Мұсаның 1-жазбасы 3:7, 17, 18, 21).

“Жамандарға да, жақсыларға да” мейірімділік танытатын Ехоба өзінің адал қызметшілеріне ерекше мейірімді. Мысалы, Зәкәрия пайғамбардың кезін алайық. Сол кездері Иерусалимдегі ғибадатхананың құрылысы тоқтап тұрған еді. Осыны уайымдаған бір періште Ехобаға өз уайымын білдірді. Ехоба оның сөзін құлақ қойып тыңдап, оған “жылы да жұбататын сөздермен жауап берді” (Зәкәрия 1:12, 13). Ехоба Ілияс пайғамбарға да мейірімділік танытқан. Бірде Ілиястің жаны күйзеліп, жалғыздықтан торыққаны сонша — ол Ехобадан өзіне өлім тілейді. Құдай Ілиястың сезімдерін аялайтынын көрсетіп, оны нығайту үшін періштесін жібереді. Сонымен қатар ол пайғамбардың жалғыз емес екеніне сендіреді. Ехобаның мейірімділігі Ілиясқа қызметін әрі қарай жалғастыруға күш берді (Патшалар 1-жазба 19:1—18). Қалай ойлайсыз, Ехобаның қай қызметшісі оның мейірімділігін керемет түрде танытты?

ИСАНЫҢ АСҚАН МЕЙІРІМДІЛІГІ

Иса жерде болғанда, оның мейірімділігі ерекше көзге түсетін. Ол дөрекілік дегенді білмейтін, өзгелерді өз ырқына көндіруге тырыспайтын жан еді. Иса басқалардың қамын ойлайтынын мына сөзімен көрсетті: “Бейнет шеккендер мен еңселерін ауыр жүк басқандар, барлығың да маған келіңдер, мен жандарыңды сергітемін” (Матай 11:28—30). Иса өте мейірімді болғандықтан, ол қайда барса, халық та соңынан еріп жүрді. Оларға жаны ашып тамақ берді, сауықтырды және Әкесі туралы “көп нәрсеге үйретті” (Марқа 6:34; Матай 14:14; 15:32—38).

Иса адамдардың сезімдерін түсініп, оларға мейіріммен, түсінікпен қараған. Ол тіпті демалуға бөлген уақытында да өзін іздеп келгендерді мейіріммен қарсы алған (Лұқа 9:10, 11). Ал енді қан кетіп ауырған әйелдің оқиғасын еске түсірейікші. Ол айығуды қалағандықтан, Исаның киіміне қолын тигізді. Бірақ Мұса Заңына сай, ол әйел таза емес болып есептелетін (Мұсаның 3-жазбасы 15:25—28). Иса оның әрекетіне қалай қарады? Ол әлгі әйелге ашуланған жоқ. Иса оның қорқып тұрғанын көзінен көрді. 12 жыл бойы қан кетіп қинала ауырғанына жаны ашып былай деді: “Қызым, сеніміңнің арқасында айықтың. Уайымдамай қайта бер, жаныңа батқан дерттен сауықтың” (Марқа 5:25—34). Иә, Исаның әрекеті мейірімге толы еді!

МЕЙІРІМДІ АДАМ КӨМЕК БЕРУГЕ АСЫҚ

Біз қарастырған оқиғалардан көргеніміздей, мейірімділік іс-әрекетпен сүйемелденеді. Иса қайырымды самариялық туралы астарлы әңгімесінде мұның қаншалықты маңызды екеніне баса назар аударды. Қарақшылар яһуди кісіні тонап, ұрып-соғып, шала-жансар етіп жолдың шетінде тастап кеткенде, оған өтіп бара жатқан самариялықтың ғана жаны ашиды. Сол заманда самариялықтар мен яһудилер арасында жеккөрушілік болса да, мейірімділік оны әлгі кісіге көмектесуге талпындырды. Ол яһудидің жараларын таңып, оны қонақүйге апарды. Қонақүйдің иесіне ақша беріп, яһудиге күтім көрсетуін сұрады, тіпті қосымша шығындарын да төлейтінін уәде етті (Лұқа 10:29—37).

Мейірімділік тек іс-әрекетімізден ғана емес, айтар сөзімізден де көрініп тұру керек. Сөзіміз өзгелерге қанат бітіргені жөн. Киелі кітапта: “Сарыуайым жүректі күйзелтеді, Жақсы сөз оны шаттыққа толтырады”,— делінген (Нақыл сөздер 12:25). Мейірімділік пен ізгілік басқаларға жігерлі сөздер айтуға қозғау салғанда, біз олардың бақытына бақыт қосамыз *. Жақсы сөздеріміз олардың қамын ойлайтынымызды көрсетіп, өмір тауқыметін көтеруге күш береді (Нақыл сөздер 16:24).

МЕЙІРІМДІ БОЛУДЫҢ СЫРЫ

Құдай барлық адамдарды өзіне ұқсас етіп жаратқандықтан, бәріміз де мейірімділік қасиетін таныта аламыз (Мұсаның 1-жазбасы 1:27). Мысалы, елші Пауылды Римге жеткізу үшін тағайындалған рим жасағының басшысы Юли мейірімділік танытып, Сидон қаласында “Пауылға достарына барып, олардың көмегіне жүгінуіне рұқсат етті” (Елшілердің істері 27:3). Сол сапар барысында Пауыл және өзгелер кеме апатына ұшырағанда, Мальтаның тұрғындары оларды мейірімділікпен қарсы алды, тіпті жылынсын деп от жақты (Елшілердің істері 28:1, 2). Бұл адамдар расында да жақсылық жасады. Алайда Ехобаны қуанту үшін адам кей кезде ғана емес, әрдайым мейірімді болуы тиіс.

Ехоба мейірімділік қасиеті болмысымыздың ажырамас бөлшегіне және өмірлік ұстанымымызға айналғанын қалайды. Сондықтан ол бізге мейірімділікті “киіп алыңдар” деп кеңес береді (Қолостықтарға 3:12, сілтеме). Бірақ бұл оңай емес. Бұған бірнеше себеп бар. Мүмкін, біз ұялшақ, сенімсіз я аздап өзімшіл шығармыз. Я болмаса бізді ренжіткен адамға мейірімділік таныту қиынға соғар. Бірақ дұғада Ехобадан киелі рух сұрап, оған еліктеуге тырыссақ, ол бізге мейірімді адам болуға көмектеседі (Қорынттықтарға 1-хат 2:12).

Қай жағынан мейірімділік жетіспейтінін қалай анықтауға болады? Сізге мына сұрақтар көмектеседі: “Мен өзгелерді мұқият тыңдаймын ба? Сезімдерін түсінуге тырысамын ба? Көмекке мұқтаж кездерін байқаймын ба? Туысыма не жақын досыма емес, басқа адамға соңғы рет қашан мейірімділік таныттым?” Сосын айналаңыздағы адамдармен, әсіресе қауымдағылармен жақынырақ танысуды мақсат етіп қойыңыз. Сонда олардың қандай қиындықтары барын, оларға қандай көмек қажет екенін білесіз. Бұдан кейін өзгелер сізге қаншалықты мейірімді болғанын қаласаңыз, сіз де оларға соншалықты мейірімді болуға тырысыңыз (Матай 7:12). Соңында Ехобадан көмек сұраңыз, сонда мейірімді адам болу үшін жасап жатқан қадамдарыңызға ол батасын береді (Лұқа 11:13).

МЕЙІРІМДІЛІК ШУАҒЫ АЙНАЛАСЫН ЖЫЛЫТАДЫ

Елші Пауыл өзіне жақсы қызметші болуға көмектескен қасиеттердің арасында мейірімділікті де атап өткен (Қорынттықтарға 2-хат 6:3—6). Пауылдың сөздерінен де, істерінен де мейірімділік есіп тұрған. Сондықтан адамдар оны жақсы көрген. Олар Пауылдың көрсеткен қамқорлығын сезінген (Елшілердің істері 28:30, 31). Біз де өзгелерге мейірімді болсақ, уақыт өте олар шындық жайында көбірек білгісі келуі мүмкін. Біз барлық адамдарға, бізді ренжіткендерге де мейірімділік танытсақ, бұл олардың жүрегіне әсер етіп, көзқарастарын өзгертуі мүмкін (Римдіктерге 12:20). Бәлкім, уақыт өте олар Киелі кітап туралы білгісі келер.

Жұмақта әрбір адам мейірімді болады. Қайта тірілгендердің кейбірі сол кезде өмірінде бірінші рет мейірімділіктің шуағына шомылады. Сөйтіп, өздері де мейірімділік танытуға талпынады. Ал мейірімсіз және өзгелерге қол ұшын бергісі келмейтін адамдар үшін Құдай Патшалығының есігі жабық болады. Жұмақ өзгелерді сүйетін, мейірімді адамдардың ғана мәңгі мекені болмақ (Зәбүр 37:9—11). Жер бетінде нағыз тыныш заман сол кезде орнайды. Бірақ мейірімділіктің игілігін қазірдің өзінде көре аламыз. Қалайша?

МЕЙІРІМДІЛІКТІҢ БЕРЕР ИГІЛІГІ

Киелі кітапта: “Мейірімді өз жанына игілік жасайды”,— деген сөздер бар (Нақыл сөздер 11:17). Мейірімді жанға адамдар тартылады, оған да сондай мейіріммен қарайды. Иса: “Қандай өлшеммен өлшеп берсеңдер, сендерге де сондай өлшеммен беріледі”,— деген (Лұқа 6:38). Мейірімді адам достар тауып, оларды жоғалтпайды.

Елші Пауыл Ефестегі қауымға: “Бір-біріңе мейірімді де барынша жанашыр болыңдар... бір-біріңді... кешіріңдер”,— деп жазған (Ефестіктерге 4:32). Қауымдағылардың барлығы мейірімді де жанашыр болса, қауым нығайып, бірлігі жараса түседі. Біз бауырластарды сынап-мінемейміз, олар туралы өсек айтпаймыз немесе жандарына бататын сөз я тіпті қалжың айтпаймыз. Керісінше, аузымыздан шыққан әр сөзіміз оларды рухтандырып, бойларына жігер құю керек (Нақыл сөздер 12:18). Сонда бүкіл қауым Ехобаға қуанышпен қызмет етеді.

Иә, мейірімділік — әр сөзіміз бен ісімізден көрініс табатын қасиет. Мейірімді болсақ, сүюші әрі жомарт Құдайымыз Ехобаға ұқсас боламыз (Ефестіктерге 5:1). Бұл қауымды нығайтады, ал өзгелерді Ехобаға жақындатады. Ендеше Ехоба куәгерлері мейірімді халық екенін барша жұрт білсін!

^ 13-абзац Ізгілік — мейірімді әрекеттердің артында жатқан қозғаушы күш. Бұл қасиет киелі рух жемісі тақырыбындағы бірқатар тоғыз мақаланың келесісінде қарастырылатын болады.