Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Жұмақта жүздескенше!”

“Жұмақта жүздескенше!”

“Менімен бірге жұмақта боласың” (ЛҰҚА 23:43).

ӘНДЕР: 145, 139

1, 2. Адамдар жұмақ деп нені айтады?

БІР ЖЫЛДАРЫ Кореяның Сеул қаласында жердің түкпір-түкпірінен келген бауырластар аймақтық конгресте бас қосты. Рухани тойдың аяғында жергілікті Куәгерлер қонақтарды айнала қоршап алды. Олар бір-біріне қимастықпен: “Жұмақта жүздескенше!”— деп, қоштасып жатты. Сіздіңше, олар қандай жұмақ жайында айтты?

2 Адамдардың жұмақ туралы пікірлері әрқилы. Біреулері оны ойдан шыққан қиял деп санаса, басқалары “бақыт қайда болса, жұмақ сонда” деген ойда. Тағы басқалары ағашы биік, бағы көркем, жануары жуас жерді “жер жаннаты” деп жатады. Ал сіздің ойыңызша, жұмақ деген не? Сіз оны күтіп жүрсіз бе?

3. Киелі кітапта жұмақ туралы алғаш рет қай жерінде айтылады?

3 Киелі кітапта кешегі және болашақтағы жұмақ туралы айтылады. Жұмақ жайында оның алғашқы беттерінен-ақ оқи аламыз. Мәселен, Жаратылыс 2:8-де: “Сонда Жаратқан Ие Құдай шығыстағы Едемде жұмақ орнатты да, жасаған адамын соның ішіне орналастырды”,— деп жазылған (“Тәурат” аудармасы). Ал еврей мәтінінде “Едем бағы” деп тұр. Едем сөзі “рақаттану, ләззат алу” дегенді білдіріп, сол бақтың жанға жайлы болғанын көрсетеді. Расында да, ол өте әдемі, жеміс-жидегі мол болған. Онда адамдар мен жануарлар тату-тәтті өмір сүрген (Мұсаның 1-жазбасы 1:29—31).

4. Неліктен Едем бағын жұмақ деп айта аламыз?

4 Еврей мәтініндегі “бақ” сөзі грек тілінде “жұмақ” деп аударылады. Бір энциклопедияда грек ұлтынан шыққан адам “жұмақ” деген сөзді естігенде, көз алдына үрей мен қауіптен ада, сан түрлі жеміс ағаштарына бай, мөлдір бұлақтарының жағасында марал мен қой жайылған әдемі бақты елестететін болған (Мұсаның 1-жазбасы 2:15, 16 салыстырыңыз).

5, 6. Адам мен Хауа жұмақтан неге құралақан қалды және бұл орайда кейбіреулерді қандай сұрақтар толғандырады?

5 Ехоба Адам мен Хауаны дәл сондай баққа, яғни жұмаққа қоныстандырды. Бірақ олар Құдайға мойынсұнбағандықтан, өздері де, ұрпақтары да жұмақтан құралақан қалды (Мұсаның 1-жазбасы 3:23, 24). Сол жұмақ бағында Адам мен Хауадан кейін ешкім мекендемесе де, ол Нұхтың заманында болған Топан суға дейін қаз қалпында тұрса керек.

6 Кейбіреулер: “Жұмақ жер бетінде қайта орнар ма екен?”— деп толғанатын шығар. Ал айғақтар не дейді? Сіз жақындарыңызбен бірге жұмақта өмір сүруге үміттенесіз бе? Үмітіңіздің салмақты негізі бар ма? Болашақта жұмақ болатынын растап бере аласыз ба?

БОЛАШАҚ ЖҰМАҚТЫҢ ЖАРШЫСЫ

7, 8. а) Құдай Ыбырайымға нені уәде етті? ә) Құдайдың уәдесінен Ыбырайым не түсінген болуы мүмкін?

7 Жұмақ жайлы туындаған сұрақтарға Киелі кітаптан артық ешбір адам да, ешбір кітап та жауап бере алмайды. Неге? Өйткені бұл кітаптың авторы Ехоба — о бастағы жұмақтың Жаратушысы. Құдай ежелдегі досы Ыбырайымға айтқан сөздерді есімізге алайықшы. Құдай оның үрім-бұтағын “теңіз жағасындағы құм қиыршықтарындай” көбейтіп беремін деді де, мынадай маңызы зор уәде берді: “Менің сөзіме құлақ асқаның үшін, сенің ұрпағың арқылы жер бетіндегі барлық халықтарға батам қонады” (Мұсаның 1-жазбасы 22:17, 18). Кейін осы уәдесін Ыбырайымның ұлы мен немересіне қайталап айтты (Мұсаның 1-жазбасы 26:4; 28:14 оқыңыз).

8 Ыбырайымның “адамзат ақыр соңында көкте жұмақта өмір сүреді” деп ойлағаны жайында Киелі кітапта емеурін де жоқ. Сондықтан Құдай оған “жер бетіндегі барлық халықтарға батам қонады” дегенде, Ыбырайым бұл баталар жер бетінде болады деп түсінген. Бұл ойды растайтын Киелі кітапта басқа да дәлелдер бар ма?

9, 10. Кейіннен берілген қандай уәделер болашақта жұмақ орнайтынына негіз береді?

9 Киелі рухтың жетелеуімен Ыбырайымның ұрпағы Дәуіт болашақта “зұлымдардың жоқ болатынын” айтқан (Зәбүр 37:1, 2, 10). Ал момын адамдар жайында: “Момындар жерді мұра етеді, Керемет тыныштық орнағанын көріп, шаттыққа кенеледі”,— деген. Сондай-ақ: “Әділдер жерді мұра етеді, Онда мәңгі бақи өмір сүреді”,— деп пайғамбарлық етті (Зәбүр 37:11, 29; Самуилдің 2-жазбасы 23:2). Бұл уәделер Құдайдың еркін орындағысы келетіндерге қалай әсер етті деп ойлайсыз? Күндердің күнінде жер бетінде тек әділ жандар қалып, жер Едем бағы сияқты қайтадан жұмаққа айналатынын олар сеніммен күтті.

Орындалған пайғамбарлықтар болашақта жер бетінде жұмақты асыға күтуге берік негіз береді

10 Уақыт өте келе “Ехобаға қызмет етеміз” деп жарияға жар салған исраилдіктердің басымы Құдайдан және шынайы ғибадаттан теріс айналып кетті. Сол себепті Құдай бабылдықтарға өз халқын жаулап алуға, жерін ойрандатуға, көбісін тұтқынға алып кетуге жол берді (Шежірелер 2-жазба 36:15—21; Еремия 4:22—27). Бірақ Құдайдың пайғамбарлары Исраил халқының 70 жылдан кейін кіндік қаны тамған елдеріне оралатынын айтты. Бұл пайғамбарлықтар орындалды да. Бірақ олардың біз үшін де мәні зор. Пайғамбарлықтардың бірнешеуін қарастыру барысында олар жұмақтың жер бетінде болатынына қалай нұсқайтынын байқап көріңіз.

11. Ишая 11:6—9 тармақтар бірінші рет қашан орындалды және қандай сұрақ туындауы мүмкін?

11 Ишая 11:6—9 оқыңыз. Құдай Ишая пайғамбар арқылы исраилдіктер туған жеріне оралғанда, елдерінде тыныштық орнайтынын айтты. Оларға адамдардың, аңдардың шабуылынан үрейленудің қажеті жоқ еді. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қауіпсіздікте болар еді. Бұл о баста Едем бағында болған телегей тыныштықты еске салады емес пе?! (Ишая 51:3). Сонымен қатар Ишая тек Исраил жері ғана емес, бүкіл жер беті “теңіздің суға толы болатынындай... Ехоба туралы білімге толатынын” айтқан. Бұл сөздер қашан орындалмақ еді? Бұның болашаққа меңзеп тұрғаны анық.

12. а) Бабылдағы тұтқыннан оралғандар қандай баталарға кенелді? ә) Ишая 35:5—10 тармақтарда жазылған сөздер болашақта да орындалатынын қайдан білеміз?

12 Ишая 35:5—10 оқыңыз. Исраилдіктер Бабылдан оралғаннан кейін оларға аңдар да, адамдар да шабуылдамайтынын Ишая тағы қайталап өтті. Сондай-ақ ол аста-төк молшылық болатынын айтты: су мол болғандықтан, жер де мол өнім бермек еді. Кезінде Едем бағында да солай болған (Мұсаның 1-жазбасы 2:10—14; Еремия 31:12). Бұл пайғамбарлық исраилдіктердің кезінде ғана орындалу керек пе еді? Байқасаңыз, пайғамбарлықта соқырлар, ақсақтар, саңыраулар айығады деген сөздер бар. Алайда бұл Бабылдан оралған исраилдіктердің күнінде орындалған жоқ. Демек, аурулардың бәрін Құдай болашақта сауықтыратынын айтқысы келді.

13, 14. Исраилдіктер Бабылдан оралғанда, Ишая 65:21—23 сөздер қалай орындалды, ал қай қыры болашақта орындалмақ? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

13 Ишая 65:21—23 оқыңыз. Яһудилер өз елдеріне оралғанда, жайлы үйлер, өңделген жерлер мен жүзімдіктер алдарында дайын тұрмаған еді. Бірақ Құдай батасын бергендіктен, олардың жағдайы өз уақытында өзгерді. Халық өздері үй соғып, онда өздері тұрғанда, өз қолдарымен еккен өнімді өздері жинап жегенде, қалай қуанғанын елестете аласыз ба?!

14 Байқасаңыз, бұл пайғамбарлықта біздің “ғұмырымыз мықты ағаштың ғұмырындай ұзақ болады” делінген. Расында да, кейбір ағаштар мыңдаған жыл өмір сүреді. Соншама ғұмыр кешу үшін адамға мықты денсаулық керек. Және де олар, Ишая айтқандай, тыныштық орнаған әдемі ортада өмір сүрсе, бұл нағыз жұмақ болар еді. Бұл пайғамбарлық міндетті түрде орындалады!

Исаның жұмаққа қатысты берген уәдесі қалай орындалмақ? (15, 16-абзацтарды қараңыз)

15. Ишая кітабында қандай баталардың төгілетіні жайлы айтылған?

15 Біз қарастырған уәделер болашақтағы жұмаққа қалай нұсқайтыны жайлы ойлап көрейікші: бүкіл жер беті Құдай жарылқаған адамдарға толы болады. Ешкімге жабайы аңдардың не зұлым адамдардың шабуылынан қорқудың қажеті болмайды. Соқырлар, саңыраулар мен ақсақтар айығады. Адамдар өз үйлерін соғып, өздері өсірген өнімдеріне қуанатын болады. Олар ағаштардан да ұзақ өмір кешетін болады. Иә, Киелі кітапта болашақта осындай жұмақтың орнайтынына қатысты дәлелдер көп. Алайда кейбір адамдар “бұл пайғамбарлықтар жер бетінде жұмақ орнайтынын білдірмейді” деп айтуы мүмкін. Сіз оларға не айтар едіңіз? Жердегі жұмақты тағатсыздана күтуге сізде қандай негіз бар? Тарихтағы ең ұлы адам Иса бізге мызғымас негіз берді.

СЕН ЖҰМАҚТА БОЛАСЫҢ!

16, 17. Иса жұмақ туралы қашан айтты?

16 Иса бейкүнә болса да, тұтқындалып, бағанаға ілінген. Ал екі жағына екі яһуди қылмыскері ілінді. Солардың бірі Исаның патша екенін түсініп, былай деді: “Иса, патша болғаныңда, мені есіңе ала көрші” (Лұқа 23:39—42). Лұқа 23:43-те жазылған Исаның уәдесі сіздің болашағыңызға да қатысты. Алайда кейбір зерттеуішілер бұл тармақтағы “бүгін” деген сөздің алдына я артына тыныс белгісін қойып, Исаның сөздерін келесідей аударып жатады: “Саған шындығын айтамын: бүгін-ақ Менімен бірге жұмақта боласың”. Бұл сөйлемде тыныс белгісі қайда қойылу керектігіне қатысты сан түрлі пікірлер бар. Бірақ Иса “бүгін” дегенде нені ойда тұтты?

17 Қазіргі көптеген тілдерде сөйлемнің мағынасын анық жеткізу үшін сөйлемнің құрылымын өзгертеді, үтір мен қос нүктелер сияқты тыныс белгілерін қояды. Алайда қолжетімді болған көне грек қолжазбаларында тыныс белгілері әрдайым қолданыла бермеген. Сондықтан Исаның сөздеріне қатысты сұрақ туындауы мүмкін. Ол: “Саған шындығын айтамын: бүгін-ақ менімен бірге жұмақта боласың”,— деді ме? Жоқ әлде: “Бүгін саған шындығын айтамын, менімен бірге жұмақта боласың”,— деді ме? Киелі кітап аудармашылары Исаның “бүгін” деген сөзін қалай түсінсе, соған сай сөйлемнің құрылымын өзгертіп, тыныс белгісін қояды. Сіз бүгіндегі Киелі кітаптардан осы екі нұсқаны да таба аласыз.

18, 19. Исаның не айтқысы келгенін түсінуге не көмектеседі?

18 Иса ізбасарларына өлімі жайлы не дегені есіңізде болар. Ол: “Адам Ұлы да жер қойнында үш күн, үш түн болады”,— деді. Сондай-ақ ол былай деген: “Адам Ұлы жауларының қолына ұсталып беріледі. Олар оны өлтіреді, бірақ ол үшінші күні қайта тіріледі” (Матай 12:40; 16:21; 17:22, 23; Марқа 10:34). Елші Петір Исаның сол сөздері орындалғанын жазған (Елшілердің істері 10:39, 40). Демек, Иса мен жанындағы өтініш жасаған қылмыскер өлген күні жұмаққа барған жоқ. Киелі кітапта Құдай қайта тірілткенге дейін Иса “көрде” толық емес үш күн болғаны жазылған * (Елшілердің істері 2:31, 32).

19 Сонымен, Иса “бүгін саған шындығын айтамын” деген сөздерді уәдесіне алғы сөз ретінде қолданды. Бұлай сөйлеу тіпті Мұсаның күндерінде де кәдімгі нәрсе болған. Мысалы, Мұса: “Мен бүгін бұйырған осы сөздер жүрегіңнен орын алсын”,— деген (Мұсаның 5-жазбасы 6:6; 7:11; 8:1, 19; 30:15).

20. Исаның сөздеріне қатысты түсінігімізді қандай дәлелдер қолдайды?

20 Таяу Шығыстағы бір Киелі кітап аудармашысы Исаның сөздеріне қатысты былай деген: “Осы мәтінде екпін “бүгін” деген сөзге түсіп, былай оқылу керек: — Бүгін саған шындығын айтамын, сен менімен бірге жұмақта боласың. Бұл уәде сол күні берілді, ал кейін орындалу керек еді”. Сондай-ақ аудармашының айтуынша, бұл сол аймаққа тән сөйлеу ерекшелігі еді әрі “уәденің белгілі күні берілгенін және міндетті түрде орындалатынын” білдіреді. V ғасырдағы сириялық аудармада бұл тармақ былай тәржімеленген: “Әумин, бүгін мен саған айтамын, сен менімен бірге Едем бағында боласың”. Бұл уәде бәрімізге де жігер берері сөзсіз.

21. Қылмыскер қандай мәртебеге ие болмаған және неге?

21 Иса қылмыскерге жұмақ жайлы айтқанда, көктегі жұмаққа меңзеген жоқ. Неге бұлай дейміз? Оның бір себебі — қылмыскер Исаның адал елшілерімен көкте билік етуге қатысты келісім жасасқанын мүлдем білмейтін (Лұқа 22:29). Сонымен қатар ол шомылдыру рәсімінен өтпеген де еді (Жохан 3:3—6, 12). Сондықтан Иса қылмыскерге уәде бергенде, ол жердегі жұмақ жайлы айтқанында дау жоқ. Біраз жыл өткеннен кейін елші Пауыл аянда “жұмаққа әкетіліп” жатқан бір ер адамды көргенін айтты (Қорынттықтарға 2-хат 12:1—4). Пауыл мен басқа елшілер көкте Исамен бірге билік етуге таңдалса да, Пауыл болашақтағы жұмақ жайында айтты *. Сол жұмақ жерде орнай ма? Сіз сонда боласыз ба?

БЕРЕРІ МОЛ БОЛАШАҚ

22, 23. Сіз не нәрсеге үміттене аласыз?

22 Есіңізде болса, Дәуіт “әділдер жерді мұра ететін” уақыт туралы айтқан (Зәбүр 37:29; Петірдің 2-хаты 3:13). Бұл жерде ол жер бетіндегі барлық адамдар Құдайдың әділ принциптеріне мойынсұнатын уақытқа нұсқаған. Ал Ишая 65:22-дегі пайғамбарлықта: “Халқымның ғұмыры мықты ағаштың ғұмырындай ұзақ болады”,— делінген. Бұл сөздерден жаңа дүниеде Ехобаға қызмет ететін адамдардың мыңдаған жыл өмір сүретіні көрінеді. Бұл мүмкін бе? Иә, өйткені Аян 21:1—4 тармақтарға сай, Құдай адамзатқа батасын төгеді, ал сол баталардың бірі — “өлімнің болмайтыны”.

23 Киелі кітап жұмақ жайлы не деп үйрететіні айдан анық. Иә, Адам мен Хауа жұмақта мәңгі өмір сүру мүмкіндігінен айырылды, бірақ жер беті қайтадан жұмаққа айналады. Құдай уәде еткендей, ол жер бетіндегі халықтарды жарылқайтын болады. Дәуіт айтпақшы, момындар мен әділдер жер бетін мұра етіп, онда мәңгі бақи өмір сүреді. Ал Ишая кітабындағы пайғамбарлықтар жердегі жайқалған жұмақта өмірдің бар рақатын көруге деген тәбетімізді ашады емес пе?! Бұл кез қашан келеді? Исаның қылмыскерге берген уәдесі орындалған кезде. Сіз сол жұмақта өмір сүре аласыз. Сонда Кореядағы конгресте: “Жұмақта жүздескенше!”— деген бауырластардың жүрекжарды тілегі орындалатын болады.

^ 18-абзац Профессор Марвин Пейттің мәлімдеуінше, көптеген зерттеушілер Иса “бүгін” дегенде, мынаны айтқысы келді деп ойлайды: ол өлген күні, яғни 24 сағаттың ішінде жұмаққа барады. Алайда бұндай ой-пікір Киелі кітаптағы басқа айғақтарға қарама-қайшы. Себебі Киелі кітапта Иса өлгеннен кейін көрде болғаны, ал кейін көкке көтерілгені айтылған (Матай 12:40; Елшілердің істері 2:31; Римдіктерге 10:7).

^ 21-абзац Осы журналдың орыс тіліндегі санынан “Оқырман сауалдары” айдарын оқып көріңіз.