Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Әділ жан Ехобаны ойлап қуанады”

“Әділ жан Ехобаны ойлап қуанады”

СЕКСЕНДІ еңсерген Диана әжей соңғы бірнеше жыл қасіреттен көз ашпады. Оның Альцгеймерге шалдыққан күйеуі медициналық мекемеде жатып көз жұмды. Артынан екі ұлы қайтыс болды. Ал Диананың өзі сүт безі қатерлі ісігіне шалдықты. Бірақ бауырластар оны жиналыстарда, қызметте ылғи да күлімдеп жүргенін көреді.

Джон бауырлас 43 жылдан аса аралаушы бақылаушы болып қызмет еткен. Ол өзінің қызметін жақсы көргені соншалық — басқа іспен айналысқанын тіпті елестете де алмайтын. Алайда дертке шалдыққан жақынына күтім жасау үшін оған қызметін тоқтатуға тура келді. Бірақ бұрыннан танитын бауырластар оны конгрестерде көргенде, мүлдем өзгермегенін байқап жатады. Ол бұрынғыдай қуанышты болып жүреді.

Диана мен Джонның жағдайында қуанышты болу мүмкін бе? Қалайша қасірет шегіп жатқан адам қуанышты бола алады? Өзінің жақсы көретін қызметін тастауына тура келсе де, адам қалай бақытты болып қала алады? Бұл сұрақтардың жауабы Киелі кітапта бар. Онда: “Әділ жан Ехобаны ойлап қуанады”,— делінген (Зәбүр 64:10). Бұл сөздерді тереңірек түсіну үшін біз ненің өтпелі қуаныш, ал ненің өтпес қуаныш екенін анықтап алайық.

ӨТПЕЛІ ҚУАНЫШ

Өмірдегі кейбір нәрселер әрдайым қуаныш әкеледі десек, сөзіміз өтірік болмас. Мысалы, бір-біріне сүйіп қосылған жұбайлар, бала сүйген ата-аналар, Ехобаның қызметінде жаңа тағайындалу алған адамдар қуанышты болып жатады. Бұл түсінікті де, себебі неке де, бала сүю бақыты да, ұйымда қызмет ету мәртебесі де — Ехоба берген сыйлар (Мұсаның 1-жазбасы 2:18, 22; Зәбүр 127:3; Тімөтеге 1-хат 3:1).

Алайда бұл қуаныш та ұзағынан болмайды. Өкінішке қарай, некелік жар адал болмауы мүмкін немесе көз жұмуы мүмкін (Езекиел 24:18; Ошия 3:1). Балалар болса ата-анасына да, Құдайға да мойынсұнбай, тіпті қауымнан шығарылуы мүмкін. Мысалы, Самуилдің ұлдары Ехобадан теріс айналып кетті, ал Дәуіт Барсабиямен күнә жасағандықтан, отбасы көп зардап шекті (Самуилдің 1-жазбасы 8:1—3; Самуилдің 2-жазбасы 12:11). Осындай жағдайлар орын алғанда, қуанышынан гөрі күйініші басым болатыны анық.

Сол сияқты кейде атқарып жүрген қызметтің түрін тоқтатуға тура келер. Оған денсаулығымыздың нашарлауы, отбасылық міндеттеріміз, я болмаса ұйымдағы өзгерістер себеп болуы мүмкін. Осындай өзгерістерді басынан өткергендер сонау бақытты күндерін сағынатынын айтып жатады.

Байқағанымыздай, осындай жайттар қуаныштың төресі бола алмайды. Ендеше, өміріңіз астан-кестен болып жатқанда сағымдай ұшып кетпейтін қуаныштың түрі бар ма екен? Әлбетте, себебі қиындықта жүргендеріне қарамастан Самуил де, Дәуіт те қуаныштарын жоғалтқан емес.

ӨТПЕС ҚУАНЫШ

Иса нағыз қуаныштың не екенін жақсы білген. Жерге келмес бұрын, ол “[Ехобаның] алдында әрдайым шаттанып жүрді” (Нақыл сөздер 8:30). Алайда жерге келгенде, ол қатқыл қиындықтарға кезікті. Сөйтсе де ол Әкесінің еркін орындаудан қуаныш тапқан (Жохан 4:34). Ал азапқа толы соңғы сағаттарында ол не сезінді? Киелі кітапта: “Өзін күтіп тұрған қуаныш үшін ол қорлықты елемей, азап бағанасында өлді”,— делінген (Еврейлерге 12:2). Ендеше, қазір Исаның нағыз қуаныш жайында айтқан екі жағдайды қарастырып көрейік.

Бірде уағыз ісіне тағайындалған 70 шәкірт Исаға қайтып оралады. Олар керемет істер атқарғандары үшін, тіпті жындарды қуып шыққандары үшін қуанып тұрды. Бірақ Иса оларға: “Жындардың өздеріңе бағынғанына емес, есімдеріңнің көкте жазылғанына қуаныңдар”,— деді (Лұқа 10:1—9, 17, 20). Расында да, бізді ерекше бақытты ететін нәрсе — қандай да бір ерекше тағайындалу емес, Ехобаның мақұлдауы.

Басқа бір жолы Иса халыққа сөйлеп жатқанда, бір яһуди әйел тәліміне қатты әсерленіп: “Сені құрсағында көтерген әрі емізген әйел бақытты!”— деді. Бірақ Иса оған: “Жоқ, Құдай сөзін естіп, оны орындайтындар бақытты!”— деп жауап берді (Лұқа 11:27, 28). Балаларымыздың жетістігі жүрегімізді қуанышқа толтыратын шығар. Алайда Ехобаға мойынсұнғанымыз, онымен достығымыз бұдан әлдеқайда зор қуаныш сыйлайды.

Ехобаның ықыласын сезіну — терең қуаныштың сыры. Қиындықтар қуантпаса да, олар бізді ішкі қуанышымыздан айыра алмайды. Қайта, сынақтарда сынбай, адал болып қалсақ, қуанышымыз еселеніп, тереңдей түседі (Римдіктерге 5:3—5). Сондай-ақ Ехоба өзіне сенім артатындарға өзінің рухын береді. Ал қуаныш — сол киелі рух жемісінің бір бөлігі (Ғалаттықтарға 5:22). Бұл бізге Зәбүр 64:10-дағы мына сөздерді түсінуге көмектеседі: “Әділ жан Ехобаны ойлап қуанады”.

Джон бауырласқа қуанышты болуға не көмектесуде?

Бұл Диана мен Джонның қиындықтарға қарамастан, неліктен қуанышты болып қалғандарын түсіндіреді. Диана бауырлас: “Мен қорған іздеп ата-анасына жүгірген баладай Ехобаның панасына барып тығылдым”,— дейді. Ол Құдайдың ықыласын қай жағынан сезінді? “Ехоба мені жарылқап жатыр: мұңайып емес, қуана уағыздай беруіме оның күш беріп жатқанын сеземін”,— дейді ол. Ал сүйікті қызмет түрін тоқтатуға мәжбүр болған Джон бауырласқа қызметте белсенді әрі қуанышты болып қалуға не көмектесуде? Ол былай дейді: “1998 жылы Қызметті жетілдіру мектебіне үйретуші ретінде тағайындалдым. Сол кезде бұрын-соңды жүргізбегендей көп жеке зерттеу жүргіздім”. Оның айтуынша, қиын шақта әйелі екеуіне өмірлерінде өзгеріс жасау әлдеқайда оңай болды, өйткені олар Ехоба не тапсырмасын, соны атқаруға әрдайым дайын еді. “Біз бұны еш өкінішсіз істедік”,— дейді Джон.

Зәбүр 64:10-да жазылған сөздердің растығын өзгелер де сезінді. Солардың бірі — АҚШ-тағы Бетелде 30 жылдан аса уақыт қызмет еткен бір ерлі-зайыпты. Сонша жылдан кейін олар арнайы ізашар болып тағайындалады. Сөздің шындығын айтып, олар: “Сүйікті нәрсеңнен айырылып, соған қайғыру — кәдімгі сезім. Бірақ сен өмір бақи қайғыра алмайсың ғой”,— деді. Олар жаңа қызметтеріне кірісіп, бірден қауыммен қызмет ете бастады. Сөздерін жалғап олар былай деді: “Біз нақты нәрселер жайлы нақты дұға еттік. Дұғаларымызға жауап алғанда, жігеріміз жалындап, қуанып қалдық. Біз келген соң көп ұзамай кейбір бауырластар ізашарлық қызметті бастады. Сондай-ақ бізде рухани өсіп келе жатқан екі зерттеуші бар”.

“МӘҢГІ БАҚИ ҚУАНАДЫ”

Әрине, әрдайым қуанып жүру оңай емес. Көңіліміз түсетін кездер де болады. Бірақ Ехоба Зәбүр 64:10-дағы сөздермен бізге жігер құяды. Тіпті көңіліміз құлазығанда да, бір нәрсеге нық сенімді болайық: адалдығымыздан таймасақ, кез келген жағдайда “Ехобаны ойлап қуанамыз”. Сондай-ақ “жаңа аспан мен жаңа жер” жайлы Ехобаның уәдесі орындалатын кезді асыға күтудеміз. Сол кезде әрбіріміз кемелді болып, Ехобаның барлық істеріне “мәңгі бақи шаттанып қуанамыз” (Ишая 65:17, 18).

Мынадай өмірді елестетіп көріңізші: он екі мүшеміз сап-сау, әр таңымыз атқанда, күш-жігеріміз тасып тұрады. Өткен күндер көңілімізге қандай сызат түсірмесін, олар енді қайтып ойымызға оралмайды. Ехоба: “Бұрынғы жайттар еске алынбайды, Жүрекке қаяу да түсірмейді”,— деп уәде етеді. Өлім ұйқысына кеткен сүйікті адамдарымызды қарсы алып, Иса тірілткен 12 жасар қыздың ата-анасы сияқты сезімде боламыз. Олардың “қуанышы қойнына сыймай, шат-шадыман болды” (Марқа 5:42). Ақыр соңында жер бетіндегі әрбір адам әділ атанып, мәңгілік бойы “Ехобаны ойлап қуанады”!