Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

50-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Менімен бірге жұмақта боласың”

“Менімен бірге жұмақта боласың”

“Бүгін саған шындығын айтамын, менімен бірге жұмақта боласың” (ЛҰҚА 23:43).

145-ӘН Құдай уәде еткен жұмақ

АҢДАТПА a

1. Иса өлер алдында қасындағы қылмыскерге не деді? (Лұқа 23:39—43)

 БАҒАНАҒА ілінген Исаның да, қасындағы екі қылмыскердің де өмірінің соңғы минуттары өтіп жатты (Лұқа 23:32, 33). Қылмыскерлер Исаны кекетіп, тілдегендеріне қарағанда, олар оның шәкірті болмаған (Мат. 27:44; Мар. 15:32). Бірақ кейін олардың біреуі ойын өзгертті. Ол: “Иса, Патшалығыңа кіргенде, мені есіңе ала көрші”,— деді. Иса болса: “Бүгін саған шындығын айтамын, менімен бірге жұмақта боласың”,— деп жауап берді (Лұқа 23:39—43 оқыңыз, сілт.). Бұл қылмыскер кезінде Исаның Көк Патшалығы жайлы уағызына құлақ асып, оның шәкірті болғаны жайлы еш жерден оқымаймыз. Бұған қоса, Иса оған “көктегі Патшалыққа кіресің” деп уәде етпеген (Мат. 4:17). Қайта, ол жер бетінде болатын жұмақ жайлы айтқан. Бұлай деуге қандай себеп бар?

Исамен сөйлескен қылмыскер жайлы қандай тұжырым жасаймыз және ол не туралы білген болуы мүмкін? (2, 3-абзацтарды қараңыз)

2. Күнәсіна өкінген қылмыскер неге яһуди болған дей аламыз?

2 Күнәсіна өкінген қылмыскер яһуди болған болса керек. Өйткені ол қасындағы басқа қылмыскерге: Құдайдан қорықпайсың ба! Өзіңе де сонікіндей үкім шығарылды емес пе?”— деген еді (Лұқа 23:40). Яһудилер жалғыз Құдайға ғибадат еткен. Ал өзге ұлттың адамдары көп құдайларға табынатын (Мұс. 2-ж. 20:2, 3; Қор. 1-х. 8:5, 6). Егер әлгі қылмыскерлер басқа ұлттың адамдары болса, біріншісі екіншісіне: Құдайлардан қорықпайсың ба!”— деп айтар еді. Оның үстіне, Иса барлық халықтарға емес, “тек Исраил үйінің жоғалған қойларына ғана жіберілген” еді (Мат. 15:24). Сондай-ақ исраилдіктер Құдай марқұмдарды қайта тірілтетінін білген. Бұны күнәсіна өкінген қылмыскер де білсе керек. Сондай-ақ оның сөзінен көрінетіндей, ол Ехоба Исаны Құдай Патшалығының Патшасы ету үшін тірілтетініне сенген. Тіпті өзі де тірілетініне үміттенген.

3. Иса жұмақ жайлы айтқанда, қылмыскер нені елестетсе керек? Түсіндіріңіз. (Мұсаның 1-жазбасы 2:15)

3 Күнәсіна өкінген қылмыскер Адам мен Хауа жайлы және олар жұмақты мекен еткені жайлы білген болса керек. Демек, Иса оған “менімен бірге жұмақта боласың” дегенде, оның көз алдына табиғаттың бар сұлулығын жинап алған жердегі әдемі бақ елестесе керек (Мұсаның 1-жазбасы 2:15 оқыңыз).

4. Исаның қылмыскерге айтқан сөздері бізді не жайлы ойлануға талпындырады?

4 Исаның қылмыскерге айтқан сөздері бізді жұмақ жайлы ойлануға талпындыру керек. Осы мақалада Сүлеймен патшаның тұсындағы бейбіт өмірге тоқтала отырып, жұмақ туралы біліміміздің көкжиегін кеңейтеміз. Кемелсіз Сүлейменнің кезінде исраилдіктер шалқып өмір сүрсе, онда Сүлейменнен де зор Иса мен 144 000 билеушінің тұсында жер бетіндегі өмір қандай ғажап болады десеңізші! (Мат. 12:42). Ендеше, “басқа қойлар” сол жұмақта мәңгі жасауға қайтсе лайық бола алатындарын білуге тырысқандары жөн (Жох. 10:16).

ЖҰМАҚТА ӨМІР ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?

5. Жұмақтағы өмірді сипаттап беріңіз.

5 Сіз жұмақтағы өмірді қалай елестетесіз? Бәлкім, Едем сияқты жап-жасыл, сұлу бақты елестететін шығарсыз (Мұс. 1-ж. 2:7—9). Ойлап көріңізші, Миха пайғамбар айтқандай, “өз жүзім бұтаңыз бен інжір ағашының түбінде отырсыз” (Миха 4:3, 4). Астық мол шығып, қырлар сары алтын түске боялып тұр (Зәб. 72:16; Ишая 65:21, 22). Не жеймін десеңіз де, дастарқан тамақтың түр-түріне толы. Самал ескен сайын, мұрынға гүлдер мен өсімдіктердің жұпар иісі келеді. Жайқалған ағаштың саясында отбасыңыз, достарыңыз бен қайта тірілген бірнеше адам шүйіркелесіп, мәз-мейрам болып отыр. Олардың қуаныштан күлген дауыстары жарқын-жарқын естіледі. Бұл — түс емес, жақында шынымен де жер бетінде орын алатын жайттар. Сол кезде істейтін жұмысыңыздың өзі жаныңызды сергітіп, рақат әкелетін болады.

Біз қайта тірілгендерге тәлім беріп, өте маңызды іспен айналысатын боламыз (6-абзацты қараңыз)

6. Жұмақта біз немен айналысамыз? (Суретті қараңыз.)

6 Ехоба бізді еңбегімізден рақат алатындай етіп жаратқан (Уағ. 2:24). Мәсіхтің мыңжылдық билігі кезінде жұмыс әсіресе көп болады. Өйткені зор алапаттан аман өткендер мен қайта тірілген миллиондаған адамдарға тамақ, киетін киім мен баспана қажет болады. Біз бұның бәрін қуанып жүріп істейтін боламыз! О баста Адам мен Хауаға берілген мәртебеге ие болып, жер бетінің әр бұрышын әсем баққа айналдырамыз. Сондай-ақ бізді өте қызықты әрі ауқымды ағарту ісі күтіп тұр. Қайта тірілген миллиондаған адамға Ехоба мен оның ниеті жайлы тәлім беретін боламыз. Исаның заманынан бұрын өмір сүрген адал адамдарға болса білім қоржындарын толтыруға көмектесеміз!

7. Біз не нәрсеге күмәнданбасақ болады және неге?

7 Болашақтағы жұмақта заман тыныш, молшылық пен тәртіп болатынына титтей де күмән жоқ. Өйткені Ехоба өзінің Ұлы билік жүргізгенде өмір қандай болатынын көрсетіп қойған. Қалай дейсіз бе? Сүлеймен патшаның кезіндегі бейбіт заман арқылы.

СҮЛЕЙМЕННІҢ ТҰСЫНДАҒЫ ӨМІРДІ КӨР ДЕ, ЖҰМАҚТЫ КӨР

8. Дәуіт патшаның Зәбүр 37:10, 11, 29-дағы сөздері қалай орындалды? (Осы журналдағы “Оқырман сауалдарын” қараңыз.)

8 Дәуіт киелі рухтың жетелеуімен болашақта дана да адал патша таққа отырғанда өмірдің қандай болатыны жайлы пайғамбарлық етіп кеткен (Зәбүр 37:10, 11, 29 оқыңыз). Біз сол сөздерді, әсіресе Зәбүр 37:11-ді, адамдармен жұмақ туралы сөйлескенде көп қолданамыз. Өйткені Исаның өзі де Таудағы уағызында сол тармақтың болашақта орындалатынын айтып кеткен (Мат. 5:5). Алайда Дәуіттің сөздері Сүлеймен патшаның заманына да қатысты еді. Сүлейменнің тұсында Құдайдың халқы тыныштықта, “ағы мен балы ағыл-тегіл” мол жерде өмір сүрді. Құдай оларға: “Егер жарлықтарыма сай өмір сүрсеңдер... Елдеріңде тыныштық орнатамын, сонда төсектеріңде еш қорқынышсыз жатасыңдар”,— деді (Мұс. 3-ж. 20:24; 26:3, 6). Құдай осы уәдесін Сүлейменнің кезінде орындады (Шеж. 1-ж. 22:9; 29:26—28). Құдай халқын зұлымдар болмайтын бейбіт өмір күтіп тұрды (Зәб. 37:10). Көргеніміздей, Зәбүр 37:10, 11, 29-дағы сөздер ежелде орындалғандай, болашақта да орындалады.

9. Сүлейменнің патшалығы жайлы Шеба патшайымы не деді?

9 Сүлейменнің тұсында исраилдіктердің өсіп-өркендеп, тыныштықта өмір сүріп жатқаны Шеба патшайымының құлағына да жетеді. Адамдардан естігенін өз көзімен көру үшін ол алыс жерден Иерусалимге жол тартады (Пат. 1-ж. 10:1). Өз аяғымен Сүлейменнің патшалығын аралап шыққаннан кейін ол былай деді: “Мен тек шет жағасын ғана естіппін... Мына адамдарыңыз неткен бақытты! Үнемі алдыңызда жүріп, даналығыңызды тыңдай алатын қызметшілеріңіз неткен бақытты!” (Пат. 1-ж. 10:6—8). Былайша айтқанда, Сүлейменнің билігі тұсында адамдар Исаның тұсында болатын өмірдің тек дәмін ғана татты.

10. Иса Сүлейменнен қай жағынан асып түседі?

10 Иса — Сүлейменнен барлық жағынан да асып түсетін Патша. Сүлеймен патша ауыр күнәлар жасап, Құдай халқының жағдайын қиындатып жіберді. Ал Иса болса — бірде-бір қателік жібермейтін кемелді Билеуші (Лұқа 1:32; Евр. 4:14, 15). Ол Шайтан жіберген адам төзгісіз сынақтардың өзінен адалдық сақтап өтті. Осылайша ешқашан күнәға бармайтынын және адал азаматтарына еш зияндық әкелмейтінін дәлелдеді. Осындай Патшамыздың бары біз үшін үлкен бақыт!

11. Исаға билік етуге кімдер көмектеседі?

11 Иса 144 000 билеушімен бірге адамзаттың қамын жасап, Ехобаның жерге қатысты ниетін орындайды (Аян 14:1—3). Бұл билеушілер кезінде жерде ер мен әйел болып өмір сүргендерінде түрлі сынақ пен азаптан өткен. Сондықтан олар адамдарға жанашыр билеуші болады. Нақтырақ айтатын болсақ, олар қандай іс атқарады?

МАЙЛАНҒАНДАР ҚАНДАЙ ІС АТҚАРАДЫ?

12. Ехоба 144 000 билеушіні қандай іске тағайындайды?

12 Сүлейменге қарағанда Иса мен оның қасындағы билеушілерге анағұрлым үлкен міндет тапсырылған. Сүлеймен тек бір елде тұрып жатқан адамдардың ғана қамын ойлаған. Ал Құдай Патшалығының билеушілері болса бүкіл дүниеде өмір сүретін миллиардтаған адамның қамын ойлайтын болады. Бұл 144 000 билеуші үшін асқан мәртебе!

13. Исамен бірге билік ететіндер қандай ерекше рөл атқаратын болады?

13 Иса сияқты 144 000 билеуші де патша әрі діни қызметкер болады (Аян 5:10). Мұса Заңы бойынша, діни қызметкерлер, негізінен, халықтың рухани және тәндік саулығына жауапты еді. Мұса Заңы “болашақ баталардың көлеңкесі” болғандықтан, Исамен бірге билік ететіндер Құдай халқының рухани да, тәндік те саулығын ойлайтын болады дей аламыз (Евр. 10:1). Бұл патшалар мен билеушілер болашақта Құдай Патшалығының жер бетіндегі азаматтарымен қалай байланысатынын әлі көре жатармыз. Бұл шараны Ехоба қалай ұйымдастырмасын, жұмақта өмір сүретіндер қажетті басшылықты алып отыратынына сенімдіміз (Аян 21:3, 4).

“БАСҚА ҚОЙЛАР” ҚАЙТСЕ ЖҰМАҚТАҒЫ ӨМІРГЕ ЛАЙЫҚ БОЛА АЛАДЫ?

14. Мәсіхтің бауырлары мен “басқа қойлардың” арасында қандай байланыс бар?

14 Иса көкте өзімен бірге билік ететіндерді “кішкене отар” деп атаған (Лұқа 12:32). Ол сондай-ақ “басқа қойлар” деп аталатын тағы бір топ бар екенін айтқан. Осы екі топ бір отарды құрайды (Жох. 10:16). Олар қазірдің өзінде иық тіресе қызмет етіп жатыр әрі жұмақ орнағаннан кейін де қызметтесе беретін болады. Әрине, ол уақытта “кішкене отар” көкте болады. Ал “басқа қойлар” жер бетінде мәңгі бақытты өмір сүруге мүмкіндік алады. Бірақ жұмақта өмір сүруге лайық болу үшін олар қазірден істеу керек кейбір нәрселер бар.

Жұмақта өмір сүруге қазірден бастап дайындалайық (15-абзацты қараңыз) b

15. а) Мәсіхтің бауырлары “басқа қойлармен” қалай қызметтеседі? ә) Дәріханадағы ер бауырластың үлгісіне сіз қалай еліктей аласыз? (Суретті қараңыз.)

15 Күнәсіна өкінген қылмыскер Исаның жасаған жақсылығына ризашылығын білдіре алмай өліп кетті. Ал “басқа қойларда” Исаны жақсы көретіндерін көрсетудің жолдары жетіп-артылады. Мысалы, біз мұны оның майланған бауырларына қалай қарайтынымызбен көрсете аламыз. Иса қойларын осыған қарай соттайтынын айтқан (Мат. 25:31—40). Біз уағыздау мен тәлім беру ісіне құлшына атсалысуымызбен Исаның бауырларын қолдай аламыз (Мат. 28:18—20). Сол үшін Киелі кітапты зерттеуге арналған құралдарды, мысалы “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабын шебер қолданғымыз келеді. Егер әзірше ешкіммен Киелі кітапты зерттеп жүрмесеңіз, неліктен мүмкіндігінше көп адамға Киелі кітапты зерттеу сабағын ұсынуды мақсат етпеске?

16. Құдай Патшалығының азаматы болуға қазірдің өзінде қалай дайындала аламыз?

16 Ехоба жұмақта көргісі келетін адам болу үшін сол уақыттың келгенін күтудің қажеті жоқ. Қазірдің өзінде сөзімізде, ісімізде шыншыл болып, барлық жағынан байсалды болуға ұмтыла аламыз. Сондай-ақ Ехобаға, жарымызға және бауырластарға адалдық сақтай аламыз. Мына зұлым дүниенің өзінде Құдайдың талаптарымен өмір сүруді үйренетін болсақ, жаңа дүниеде оларды ұстану әлдеқайда жеңіл болады. Сонымен қатар қабілеттер мен қасиеттерімізді шыңдап, жұмақта өмір сүруге дайындалып жатқанымызды көрсетейік. Осы журналдағы “Жерді мұра етуге дайынсыз ба?” деген мақаланы қараңыз.

17. Бұрын жасаған күнәларымызды ойлап, түңіліп кетуіміз керек пе? Түсіндіріңіз.

17 Сонымен қатар бұрында жасаған ауыр күнәларымыз жайлы ойлап, өзімізді жегідей жемейік. Әрине, біз төлем құрбандығы күнәларымызды жабады деп “әдейі күнә жасаудан” аулақпыз (Евр. 10:26—31). Егер жасаған ауыр күнәмізға шын жүректен өкінсек, Ехоба мен ақсақалдардан көмек іздесек және іс-әрекетімізді өзгертсек, Ехоба бізді кеңпейілмен кешіретініне толықтай сенімді болайық (Ишая 55:7; Ел. іс. 3:19). Исаның парызшылдарға: “Мен әділдерді емес, күнәкарларды өкінуге шақыру үшін келдім”,— деген сөздерін ұмытпайық (Мат. 9:13). Төлем құрбандығы біздің барлық күнәларымызды жаба алатындай күшті!

СІЗ ЖҰМАҚТА МӘҢГІ ЖАСАЙ АЛАСЫЗ!

18. Исамен бірге бағанада өлген қылмыскерді кездестіргенде не жайлы сөйлескіңіз келер еді?

18 Исамен бірге сөйлескен қылмыскерді жұмақта кездестіргеніңізді елестете аласыз ба? Екеуіңіз де Исаның төлем құрбандығына шексіз риза болатындарыңыз сөзсіз! Бәлкім, одан Исаның өлер алдындағы соңғы сағаттары жайлы көбірек айтып беруін немесе Иса оның сұрағына жауап бергенде не сезінгенін сұрарсыз. Ал ол сізден Шайтанның дүниесінің соңғы күндерінде өмір қандай болғаны жайлы сұрауы мүмкін. Сол кісі сияқты адамдармен Құдай Сөзін зерттеу не деген мәртебе болмақ! (Ефес. 4:22—24).

Мәсіхтің мыңжылдық билігі кезінде бір ер бауырлас бұрыннан қалаған қабілетін дамыту үстінде (19-абзацты қараңыз)

19. Жұмақтағы өмірде неге ішіміз пыспайды? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

19 Жұмақта өмір сүргенде ешқашан ішіміз пыспайды. Біз үнемі жаңа адамдармен танысамыз. Атқаратын жұмысымыз да мәнді, мағыналы болады. Ал ең бастысы, көктегі Әкеміз жайлы күн сайын жаңа нәрселер біліп, ол ұйымдастырған шаралардың қызығын көретін боламыз. Біз Ехобаның болмысының қыр-сырын ешқашан танып бітпейміз. Оның жаратылыстары жайлы да зерттейтін нәрселер көп болады. Ұзақ өмір сүрген сайын Ехобаны да көбірек жақсы көретін боламыз. Жұмақта мәңгі өмір сүру үмітін сыйлағаны үшін Ехоба мен Исаға біз шексіз ризамыз!

22-ӘН Құдай Патшалығы келсін!

a Жұмақтағы өмірді жиі елестетесіз бе? Елестеткенде жүрегіңіз қуанышқа толатыны сөзсіз! Ехоба дайындап қойған жаңа дүние туралы ойланған сайын, басқаларға ол жайлы құлшына тәлім бере бастаймыз. Осы мақала Исаның жұмаққа қатысты уәдесіне деген сенімімізді нығайтады.

b СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ Қайта тірілгендерге білім беруді күтіп жүрген ер бауырлас қазірден басқаларға тәлім беріп жатыр.