Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

30-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ехобаның отбасындағы орныңызды бағалаңыз

Ехобаның отбасындағы орныңызды бағалаңыз

“Сен оны періштелерден сәл төмен қойдың, Ұлылық пен салтанатты тәж етіп кигіздің” (ЗӘБ. 8:5).

123-ӘН Құдай орнатқан тәртіпке бағынайық

АҢДАТПА *

1. Ехобаның жаратылыстары туралы ойлағанда бізде қандай сұрақтар туындайды?

ЕХОБА жаратқан шексіз-шетсіз ғалам жайында ойланғанда, санамызда Дәуіттікіндей сұрақтар туатын шығар. Ол дұғасында былай деген: “Мен көкке, сенің қолыңнан шыққан туындыларға, Өзің жаратқан ай мен жұлдыздарға көз салғанымда, Мынадай сұрақтар туады ойымда: Сен ұмытпайтындай пенде кім сонша? Қамын ойлайтындай адам баласы кім?” (Зәб. 8:3, 4). Біз де үлкен ғаламмен салыстырғанда небәрі шаң-тозаңбыз ғой, қалайша Ехоба бізге көңіл бөледі деп таңғалатын шығармыз. Бірақ осы мақалада Ехоба алғашқы екі адамға, яғни Адам мен Хауаға көңіл бөліп қана қоймай, оларды өз отбасының мүшесі еткенін де білеміз.

2. Жердегі алғашқы балаларына қатысты Ехобаның ниеті қандай еді?

2 Адам мен Хауа Ехобаның жердегі тұңғыш ұлы мен қызы болды. Ал Ехоба оларға қамқор Әке болды. Ол Адам мен Хауаға: “Өсіп-өніп көбейіңдер, ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар, әрі оны өңдеңдер”,— деп айналысатын жұмыс тапсырды (Мұс. 1-ж. 1:28). Егер олар балалы-шағалы болып, жер бетін күтіп-баптап, Ехобаның ниетіне сай әрекет еткенде, мәңгілікке оның отбасы болып қалар еді.

3. Ехоба Адам мен Хауаға өзінің отбасынан қандай орын берді? Түсіндіріңіз.

3 Ехоба Адам мен Хауаға өзінің отбасынан сыйлы орын берген еді. Осы жайында Дәуіт Зәбүр 8:5-те былай деді: “Сен оны періштелерден сәл төмен қойдың, Ұлылық пен салтанатты тәж етіп кигіздің”. Адамдарда періштелердікіндей күш, ақыл мен қабілет жоқ екені рас (Зәб. 103:20). Десе де олар сол құдіретті періштелерден сәл-ақ төмен тұрады. Шынында да, Ехоба біздің түп ата-анамызға керемет бастама берген.

4. Адам мен Хауа неден айырылды және бұл мақалада не туралы қарастырамыз?

 4 Өкінішке қарай, Адам мен Хауа Ехобаның отбасының мүшесі болу мәртебесінен айырылып қалды. Бұның ауыр зардабын олардың ұрпақтары да тартты. Бірақ Ехобаның ниеті өзгерген жоқ. Ол мойынсұнғыш адамдарды мәңгілікке балалары еткісі келеді. Бұл мақаладан Ехоба бізді қалай құрметке бөлегені жайында білеміз. Сондай-ақ Ехобаның отбасының мүшесі болғымыз келсе, не істеуіміз керектігін қарастырамыз. Ал соңында Ехобаның жердегі балалары мәңгілік бойы қандай баталарға кенелетінін білеміз.

ЕХОБА АДАМДАРДЫ ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕДІ

Ехоба адамдарды қандай құрметке бөледі? (5—11 абзацтарды қараңыз) *

5. Құдайға ұқсас жаратылғанымыз үшін оны қалай даңқтай аламыз?

5 Ехоба бізді өзіне ұқсас етіп жаратуымен құрметке бөледі (Мұс. 1-ж. 1:26, 27). Құдайға ұқсас етіп жаратылғандықтан, біз оның сүйіспеншілік, жанашырлық, адалдық, әділдік сияқты көп қасиеттерін бойымызда дамытып, оларды өмірде таныта аламыз (Зәб. 86:15; 145:17). Осы тамаша қасиеттерді жетілдірсек, көктегі Әкемізді даңққа бөлейміз және оған риза екенімізді көрсетеміз (Пет. 1-х. 1:14—16). Оған ұнамды адам болғанымыз өзімізді де бақытты етеді. Сондай-ақ бойымызда Ехобанікіндей қасиеттер болғандықтан, оның отбасына қабылдануға лайық бола аламыз.

6. Ехоба жерді дайындағанда адамзатты қалай құрметке бөледі?

6 Ехоба бізге әдемі мекен дайындады. Ехоба адамды жаратпас бұрын, алдымен жерді дайындап алды (Әйүп 38:4—6; Ерм. 10:12). Мейірімді әрі жомарт болғандықтан, ол бізді бақытқа бөлейтін көп нәрсе жаратты (Зәб. 104:14, 15, 24). Ол осы жаратқандарына қарап “жақсы екенін көрді” (Мұс. 1-ж. 1:10, 12, 31). Ехоба жер бетіндегі ғажап жаратылыстарының бәрін адамдардың “билігіне тапсырып”, оларды құрметке бөледі (Зәб. 8:6). Ехобаның адамзатқа қатысты ниеті бар. Ол кемелді адамдардың мәңгілік бойы оның жаратылыстарына қамқор болып, содан қуаныш алғандарын қалайды. Сіз Ехобаның осы керемет ниеті үшін жиі рақмет айтасыз ба?

7. Адамның таңдау еркіндігі бар екені Ешуа 24:15-тен қалай көрінеді?

7 Ехоба бізге таңдау еркіндігін берді. Біз өмірімізді неге арнайтынымызды өзіміз шешеміз (Ешуа 24:15 оқыңыз). Егер өмірімізді Ехобаға қызмет етуге арнасақ, сүюші Әкеміз қатты қуанады (Зәб. 84:11; Нақ. с. 27:11). Таңдау еркіндігімізді басқа да көптеген істерде дұрыс пайдалансақ болады. Осы орайда Иса бізге қандай үлгі көрсеткен?

8. Иса таңдау еркіндігін қалай қолданды?

8 Бірде Иса мен елшілері әбден шаршап, оңаша жерге барып тынығып алуды қалайды. Бірақ қалың жұрт оларды тауып алып, Исадан тәлім алғылары келеді. Сол кезде Иса не істеді? Халыққа ашуланып кетті ме? Жоқ, керісінше, аяп кетті. “Сөйтіп, оларды көп нәрсеге үйрете бастады” (Мар. 6:30—34). Біз де Исаға еліктеп, өзгелердің мүддесін өзімізден жоғары қоюды таңдай аламыз. Егер өзгелерге көмектесу үшін уақытымыз бен күшімізді аямайтын болсақ, көктегі Әкемізді даңқтаймыз (Мат. 5:14—16). Сондай-ақ Ехобаның отбасында болғымыз келетінін көрсетеміз.

9. Ата-аналар нені есте ұстау керек?

9 Ехоба адамдарға балалы болу қабілетін сыйлады және балаларына оны сүюді, оған қызмет етуді үйретуді тапсырды. Ехоба періштелерге ғажайып қабілеттер дарытқанмен, оларға адамдар сияқты балалы болу сыйын бермеді. Егер сіз ата-ана болсаңыз, осы сыйды бағалайсыз ба? Ата-аналарға қасиетті парыз жүктелген, яғни балаларын “Ехоба айтқандай тәрбиелеп, оның ақыл-кеңесін беріп өсіру” жауапкершілігі берілген (Ефес. 6:4; Мұс. 5-ж. 6:5—7; Зәб. 127:3). Ата-аналарға көмек болсын деп Құдайдың ұйымы Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді, видеоларды, әндерді, сайттағы мақалаларды көптеп шығарып отыр. Өйткені көктегі Әкеміз Ехоба мен оның Ұлы Иса балаларды қатты жақсы көреді (Лұқа 18:15—17). Ата-аналар бала тәрбиелегенде Ехобаның ақылына жүгінсе және оларға барынша қамқор болса, Ехобаны қатты қуантады. Осылай ата-аналар балаларына мәңгілікке Ехобаның отбасында болуға жол ашады.

10, 11. Ехоба төлем құрбандығын бергеннің арқасында біз үшін қандай мүмкіндік ашылды?

10 Біз қайтадан Ехобаның отбасы бола алуымыз үшін, ол сүйікті Ұлын қиды.  4-абзацта айтылғандай, Адам мен Хауа Ехобаның балалары болу мәртебесінен айырылып қалды және ұрпақтарын да бұдан айырды (Рим. 5:12). Олар Ехобаға саналы түрде мойынсұнбағандықтан, Ехоба оларды өз отбасынан шеттетті. Бірақ олардың ұрпақтарымен не болмақ еді? Ехоба адамзатты жақсы көргендіктен, оларды қайтадан балалары етудің қамын жасады. Бұл үшін ол жалғыз сүйікті Ұлы Иса Мәсіхті біз үшін құрбан етті (Жох. 3:16; Рим. 5:19). Исаның құрбандығының арқасында Ехоба мінсіздік сақтап жүрген 144 000 адамды өзінің балалары етті (Рим. 8:15—17; Аян 14:1).

11 Бүгінде Құдайдың еркін орындап жүрген миллиондаған адал адам да мыңжылдық биліктің соңында Құдайдың отбасына қосылып, оның балалары бола алады (Зәб. 25:14; Рим. 8:20, 21). Сол үміттеріне сай, олар қазірдің өзінде Жаратушылары Ехобаны “Әке” деп атайды (Мат. 6:9). Болашақта тірілетін адамдар да Құдайдың отбасына қосыла алады. Бірақ олар, алдымен, Құдайдың талаптары жайында білім алып, кейін соған сай өмір сүрулері керек.

12. Әрі қарай қандай сұрақты талқылаймыз?

12 Жоғарыда көргеніміздей, Ехоба адамдарды түрлі құрметке бөледі. Мысалы, ол майланған мәсіхшілерді балалары етті, ал “ұлы жамағатқа” жаңа дүниеде оның ұл-қыздары болу үмітін сыйлады (Аян 7:9). Олай болса, Ехобаның отбасында мәңгі болғымыз келетінін қалай көрсетсек болады?

ЕХОБАНЫҢ ОТБАСЫНДА БОЛҒЫҢЫЗ КЕЛЕТІНІН ДӘЛЕЛДЕҢІЗ

13. Ехобаның отбасының мүшесі болу үшін не істеуіміз керек? (Марқа 12:30)

13 Ехобаға бар жүрекпен қызмет етіп, оны сүйетініңізді көрсетіңіз (Марқа 12:30 оқыңыз). Ехоба берген сыйлардың ең кереметі — оған ғибадат ете алатынымыз. Ехобаның “өсиеттерін орындағанда”, оны сүйетінімізді көрсетеміз (Жох. 1-х. 5:3). Сол өсиеттердің бірін Иса айтып кеткен. Ол бізге шәкірттер дайындап, оларды шомылдыру рәсімінен өткізуді тапсырды (Мат. 28:19). Сондай-ақ ол бір-бірімізді сүюді өсиет етті (Жох. 13:35). Өсиеттеріне мойынсұнатын жандарды Ехоба өзінің дүниежүзілік отбасына қуана қабылдайды (Зәб. 15:1, 2).

14. Өзгелерді сүйетінімізді қалай көрсете аламыз? (Матай 9:36—38; Римдіктерге 12:10)

14 Өзгелерді сүйіңіз. Сүйіспеншілік — Ехобаның ең басты қасиеті (Жох. 1-х. 4:8). Біз оны танымай тұрғанда-ақ, ол бізді сүйетінін көрсетті (Жох. 1-х. 4:9, 10). Біз де Ехобаға еліктеп, басқаларға сүйіспеншілік таныта аламыз (Ефес. 5:1). Бұның жақсы бір жолы — әлі де мүмкіндік барда адамдарға Ехоба туралы білім беру (Матай 9:36—38 оқыңыз). Сонда олар да Ехобаның отбасына қабылдану үшін не істеу керектігін біле алады. Адам шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін де оған сүйіспеншілік пен құрмет таныта беруіміз керек (Жох. 1-х. 4:20, 21). Мысалы, оның кейбір әрекеттерін түсінбей жатсақ, ол туралы бірден жаман ойлап қалмайық. Қайта, бауырласымызды өзімізден жоғары қойып, оған құрмет көрсетейік (Римдіктерге 12:10 оқыңыз; Філіп. 2:3).

15. Біз кімдерге мейірімді болуымыз керек?

15 Барлық адамдарға мейірімді болыңыз. Ехоба мәңгілікке біздің Әкеміз болсын десек, оның Сөзіне сай өмір сүруіміз керек. Мысалы, Құдайдың Сөзінде Иса барлық адамға, тіпті жауларымызға да мейірімді болуымыз керектігін айтқан (Лұқа 6:32—36). Бұлай ету әрдайым оңай болмайтындықтан, біз Иса сияқты ойланып, Иса сияқты әрекет етуді үйренуіміз керек. Оған еліктеу үшін және Ехобаға мойынсұну үшін барымызды салсақ, мәңгілікке көктегі Әкеміздің отбасында болғымыз келетінін көрсетеміз.

16. Ехобаның отбасының абыройын қалай сақтай аламыз?

16 Ехобаның отбасының абыройын сақтаңыз. Алдыңғы дөңгелек қайда жүрсе, соңғысы сонда жүреді демекші, отбасында үлкен балалар не істесе, кішілері де соны қайталап жатады. Мысалы, ағасы Киелі кітаптың принциптерімен өмір сүрсе, інісі де солай етуге тырысады. Ал жаман жолға түссе, інісі де соны қайталауы мүмкін. Ехобаның отбасында да солай. Кезінде адал мәсіхші болған адам жолдантаюшыларға қосылса немесе азғын өмір сүре бастаса, оған басқалары да еруі мүмкін. Мұндай адамдар Ехобаның отбасының абыройын төгеді (Сал. 1-х. 4:3—8). Сондықтан біз жаман үлгіге еліктемей, көктегі Әкемізбен қарым-қатынасымызды барынша сақтайық.

17. Біз қандай көзқарастан аулақ болуымыз керек және неге?

17 Байлыққа емес, Ехобаға арқа сүйеңіз. Құдай Патшалығын бірінші орынға қояр болсақ және Ехобаның әділ талаптарына сай өмір сүрсек, ол бізді ішер ас, киер киім және баспанамен қамдайтынын айтқан (Зәб. 55:22; Мат. 6:33). Сондықтан біз қорғаныш пен шын бақытты байлықтан, ақшадан іздемейміз. Өйткені біз шынайы тыныштыққа Ехобаның еркін орындағанда ғана кенелетінімізді білеміз (Філіп. 4:6, 7). Тіпті көп зат сатып алуға мүмкіндігіміз болса да, оларды қолдануға, күтіп-ұстауға уақытымыз бен күшіміз көп кетіп қалмай ма? Дүние-мүлкімізді қатты жақсы көріп, оған байланып қалмаймыз ба? Ехоба әрқайсысымызға өз отбасында атқаратын іс тапсырған. Ол сол істі алаңдамай атқарғанымызды қалайды. Біз жердегі байлығына байланып, Ехобаға қызмет ету мен оның баласы болу мәртебесінен айырылып қалған жігітке ұқсағымыз келмейді (Мар. 10:17—22).

ЕХОБАНЫҢ ҰЛ-ҚЫЗДАРЫН КҮТІП ТҰРҒАН МӘҢГІЛІК БАТА

18. Болашақта мойынсұнғыш адамдар қандай құрметке бөленеді және оларды қандай баталар күтіп тұр?

18 Мойынсұнғыш адамдар мәңгі бақи сүйікті Құдайлары Ехобаға ғибадат ететін болады. Осылай бұрын-соңды болмаған құрметке бөленеді! Сондай-ақ Ехобаның адамзат үшін жаратып берген әдемі жер бетін күтіп-баптап, содан рақат алатын болады. Құдай Патшалығы өте жақында жер бетін жаңартады. Адам мен Хауа Құдайдың отбасын тастап кеткендіктен туған барлық залалдың орнын Иса толтырады. Ехоба миллиондаған адамды тірілтіп, оларға жұмақта мықты денсаулықпен мәңгі өмір сүруге мүмкіндік береді (Лұқа 23:42, 43). Ехобаның отбасының жердегі бөлігі кемелділікке жеткенде, сол отбасының әрбір мүшесі “ұлылық пен салтанатқа” ие болады (Зәб. 8:5).

19. Нені ойда ұстауымыз керек?

19 Сіз “ұлы жамағатқа” жатсаңыз, сізде керемет үміт бар. Құдай сізді сүйеді. Ол сізді өз отбасына қабылдағысы келеді. Сондықтан оның жүрегін қуантыңыз. Әрбір күніңізді Құдайдың уәделерін ойда ұстап өткізіңіз. Сондай-ақ көктегі Әкеңізге ғибадат ету және оны мәңгі бақи даңқтау мәртебесін бағалаңыз!

107-ӘН Сүюдің кемелді үлгісі

^ 5-абзац Отбасы бақытты болу үшін, оның әрбір мүшесі өзінің рөлін білуі керек және олар бір-біріне көмектесулері керек. Мысалы, әкесі отағалық міндетін атқарса, ал әйелі оған қолдау көрсетсе және балалары оларға мойынсұнса, отбасылары жұмылған жұдырықтай болады. Ехобаның отбасында да солай. Оның бізге қатысты ниеті бар. Сол ниетіне сай өмір сүрсек, біз мәңгілікке оның балалары бола аламыз.

^ 55-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Құдайға ұқсас етіп жаратылғандықтан, әйелі мен күйеуі бір-біріне және ұлдарына сүйіспеншілік пен жанашырлық таныта алады. Олар Ехобаны сүйеді әрі дүниеге бала әкелу мәртебесін құрметтейді. Сондықтан балаларын Ехобаны жақсы көруге, оған қызмет етуге тәрбиелейді. Олар балаларына видео көрсетіп, Ехоба Исаны не үшін құрбан еткенін түсіндіріп жатыр. Сондай-ақ жұмақта мәңгілік бойы жерді күтіп-баптап, жануарларға қамқорлық көрсететінімізді айтып жатыр.