Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

34-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ехобаның ізгілігінің “дәмін татыңыз”

Ехобаның ізгілігінің “дәмін татыңыз”

“Дәмін татыңдар да, Ехобаның ізгілігіне көз жеткізіңдер; Одан пана тапқандар бақытты” (ЗӘБ. 34:8).

117-ӘН Ізгілік қасиеті

АҢДАТПА *

1, 2. Зәбүр 34:8-ге сай, Ехобаның ізгі екеніне қалай көз жеткізсек болады?

ЕЛЕСТЕТІП көріңізші, алдыңызда сіз ешқашан жеп көрмеген тағам тұр. Сіз оның түріне қарайсыз, иісін иіскеп көресіз, ішіне не қосылғанын анықтайсыз және осы тағамды жеп көрген адамдардың ойын сұрайсыз. Бірақ сіз ол тағамды өзіңіз жеп көргеннен кейін ғана дәмі қандай екенін біле аласыз.

2 Ехобаның ізгілігіне келер болсақ, ол жайында Киелі кітаптан, әдебиеттерімізден, бауырластардың Ехобаның баталары жайлы айтқан әңгімелерінен шамалы біле аламыз. Алайда Ехобаның қаншалықты ізгі екенін өзіміз “дәмін татып” көргенде ғана толық түсінеміз (Зәбүр 34:8 оқыңыз). Мысалы, сіз толық уақытты қызмет еткіңіз келеді делік. Бұл үшін тұрмысыңызды қарапайым ету керектігін түсінесіз. Бұған дейін сіз Құдай Патшалығын бірінші орынға қоятындарды Ехоба міндетті түрде ең қажетімен қамдайды деген уәдені көп естігенсіз (Мат. 6:33). Бірақ өзіңіз ешқашан бұлай етпегенсіз. Алайда Иса айтқан сол уәдеге сенгендіктен, сіз шығындарыңызды азайтасыз, жұмысыңызды қысқартасыз және бар назарыңызды қызметке аударасыз. Нәтижесінде, Ехоба шынымен де қажетіңізбен қамдайтынына көз жеткізіп, оның ізгілігінің “дәмін татасыз”.

3. Зәбүр 16:1, 2-де айтылғандай, Ехоба кімге ізгілік танытады?

3 Ехоба барлық адамдарға, тіпті оны білмейтіндерге де ізгілік танытады (Зәб. 145:9; Мат. 5:45). Бірақ ол әсіресе оны жақсы көріп, оған жан-тәнімен қызмет ететіндерге батасын молынан төгеді (Зәбүр 16:1, 2 оқыңыз). Қазір Ехоба бізге қалай ізгілік танытып жатқанын көрейік.

4. Ехобаға жақындай бастаған жандарға ол ізгілігін қалай көрсетеді?

4 Ехобадан үйренгендерімізді қолданған сайын біздің өміріміз жақсара түсті. Мысалы, Ехоба туралы білім алып, оны жақсы көре бастағанда, ол бізге жаман ойлар мен істерден арылуға көмектесті (Қол. 1:21). Ал оған өзімізді бағыштап, шомылдыру рәсімінен өткенде, оның ізгілігін молынан көре бастадық. Ол бізге тап-таза ар-ұждан сыйлады және онымен жақын дос болуымызға жол ашты (Пет. 1-х. 3:21).

5. Уағыз ісінде Ехобаның ізгілігін қалай көріп жүрміз?

5 Уағыз ісіне қатыса бастағанда да Ехоба бізге ізгілігін жаудырды. Сіз табиғатыңыздан ұялшақ, ұяң адамсыз ба? Ехобаның қызметшілерінің көбісі сондай. Бәлкім, бұрын сіз бейтаныс адамдардың есігін қағып, олар үшін бір бөтен хабарды уағыздаймын деп ойламаған шығарсыз. Бірақ Ехобаның көмегімен қазір уағыз ісін сүйіп атқарасыз. Тіпті бұл іс сіздің күнделікті істеріңіздің бірі болып кетті. Сондай-ақ Ехоба сізді қызметте түрлі жағдайларда қолдап келеді. Мысалы, қарсылыққа кезіккенде сабыр сақтауға, қажетті тармақты еске түсіріп, оны ізгі хабарға қызыққан адамға оқып беруге, учаскеңіздегі адамдар тыңдамаса да, қызметіңізді жалғастыра беруге көмектесіп келеді (Ерм. 20:7—9).

6. Ехобаның ізгілігі тағы неден көрінеді?

6 Ехоба бізге қалай қызмет ету керектігін үйретуімен де ізгілік танытады (Жох. 6:45). Мысалы, біз “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” кездесуінде жақсылап ойластырып жасалған пікірлесу үлгілерін тыңдаймыз. Бірақ бұған дейін олай уағыздап көрмегендіктен, басында оларды қолданудан тартыншақтайтын шығармыз. Алайда қолдана келе, оның біздің аумақ үшін өте тиімді екенін байқап жатамыз. Сондай-ақ кездесулер мен конгрестерде Ехоба бізді қызметтің басқа да түрлеріне қатысуға талпындырады. Біз бұдан да тартыншақтап, үйреніп қалған қызмет түрін атқара бергіміз келер. Бірақ қызметтің жаңа түрін атқарғанда, Ехобаның бізге батасын төгуіне мүмкіндік береміз. Қазіргі жағдайымыз қандай болса да, Ехобаға бар жақсымызды берудің жаңа жолдарын іздесек, оның көп батасына кенелеміз. Ендеше, қызметімізді кеңейтудің қандай жолдары бар екенін көрейік.

ЕХОБАҒА СЕНІМ АРТҚАНДА ТӨГІЛЕТІН БАТАЛАР

7. Қызмет аясын кеңейтуге талпынсақ, қандай баталарға кенелеміз?

7 Ехобаға жақын бола түсеміз. Әйелімен бірге Колумбияда қызмет ететін Самуел * деген ақсақалдың мысалын қарастырайық. Бұрын олар өз елдерінде ізашар болып қызмет етіп жүрген. Бірақ қызмет аясын кеңейтіп, қажеттілік көбірек қауымға көмектесуді жоспарлайды. Бұл үшін екеуі біраз құрбандыққа барады. Самуел бауырлас былай дейді: “Біз Матай 6:33-тегі кеңеске құлақ астық. Шығындарды азайтып, тек ең қажетті нәрселерге ғана ақша жұмсадық. Бірақ ең қиыны — пәтерімізден көшу болды. Өйткені ол үй өзімізге қатты ұнайтын, әрі оның ешқандай қарызы жоқ болатын”. Бірақ жаңа қауымға ауысқанда, олар бұрынғы жалақыларының небәрі алтыдан бір бөлігіне өмір сүре алатындарын байқайды. Самуел сөзін былай деп жалғады: “Ехоба әр қадамымызды бағыттап, дұғамызға жауап беріп отырды. Оның разылығы мен сүйіспеншілігін бұрын-соңды мұншалықты сезінбеппіз”. Сіз де қызметіңіздің аясын кеңейте аласыз ба? Солай етсеңіз, Ехобаға жақын бола түсесіз және ол міндетті түрде сізді қажетіңізбен қамдайды (Зәб. 18:25).

8. Иван мен Викторияның сөздерінен не түйдіңіз?

8 Қызметімізден мол қуаныш табамыз. Иван мен Виктория деген жұп құрылыс жобалары сияқты қызметтің түр-түріне атсалысуды қалағандықтан, қарапайым өмір сүруді шешеді. Иван былай дейді: “Біз кез келген жобаны жан-тәнімізбен атқаратынбыз. Кешке шаршап, діңкеміз құрып қайтсақ та, бар күшімізді Патшалық ісіне салғанымызға риза болып, қанағат алатынбыз. Адал достар тапқанымызға, керемет естеліктер жинағанымызға да өте қуаныштымыз” (Мар. 10:29, 30). Иван мен Виктория қазір Қырғызстанда ізашар болып қызмет етеді.

9. Бір әйел бауырлас қиын жағдайына қарамастан, қызмет аясын қалай кеңейтті және мұның қандай жемісін көрді?

9 Қазіргі жағдайымыз қиын болса да, біз Ехобаға қызмет етуден қуаныш таба аламыз. Бұған Батыс Африкада тұратын Мира деген жесір әйел бауырласымыздың мысалы дәлел. Ол дәрігерлік жұмысынан зейнетке шығып, ізашарлық қызметті бастайды. Бірақ оның үдеп бара жатқан артрит ауруы болғандықтан, үйден үйге бір сағаттан артық жүре алмайды. Сондықтан ол көбінесе көпшілік орындарында қызмет етеді. Мира бауырластың көптеген қайта барулары мен Киелі кітап зерттеу сабақтары бар. Кейбірімен ол телефон арқылы хабарласады. Нашар денсаулығына қарамастан, осылай көп қызмет етуге оны не талпындырды? “Менің Ехобаға және Иса Мәсіхке деген сүйіспеншілігім жүрегіме сыймай барады. Мен Ехобаға қайта-қайта дұға айтып, бар күшімді салып қызмет етуіме көмектесші деп сұраймын”,— дейді Мира бауырлас (Мат. 22:36, 37).

10. Петірдің 1-хаты 5:10-ға сай, Ехобаға көбірек қызмет ететіндер тағы қандай баталарға кенеледі?

10 Ехоба қабілеттеріміз бен қасиеттерімізді шыңдайды. Маврикийде қызмет ететін Кенни деген ізашардың мысалы бұған дәлел. Ол шындықты білген соң, университеттен кетеді. Сосын шомылдыру рәсімінен өтіп, толық уақыт қызмет ете бастайды. “Мен Ишая пайғамбардың “Мен бармын! Мені жібер!” деген сөздеріне сай өмір сүргім келді”,— дейді Кенни (Ишая 6:8). Ол талай құрылыс жобаларына қатысты және Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді аударуға көмектесті. Кенни сөзін былай деп жалғайды: “Тағайындалған қызметімді атқара алуым үшін, бауырластар мені жан-жақты үйретті, қабілеттерімді шыңдауға көмектесті. Алайда мен жұмысымды қалай істеуді ғана үйренген жоқпын. Мен қандай шектеулерім бар екенін және Ехобаға жақсырақ қызмет ету үшін қандай қасиеттер дамытуым керектігін де түсіндім” (Петірдің 1-хаты 5:10 оқыңыз). Ехоба сізді де жан-жақты шыңдау үшін, өз жағдайыңыз туралы ойланып, қызметіңізде өзгерістер жасай аласыз ба?

Бір ерлі-зайыпты жариялаушыларға қажеттілік бар жерде уағыздап жүр. Қыз бауырлас Патшалық сарайының құрылысына қатысып жатыр. Қарт ерлі-зайыпты телефонмен уағыздап отыр. Олардың бәрі қызметтерінен қуаныш алып жүр (11-абзацын қараңыз)

11. Оңтүстік Кореядағы әйел бауырластар қызметке қатысу үшін не істеді және мұның нәтижесі қандай болды? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

11 Тәжірибелі бауырластардың өзі жаңа қызмет түріне қатысқанда, жан-жақты шыңдала алады. COVID-19 пандемиясы кезінде Оңтүстік Кореядағы бір қауымның ақсақалдары былай деп жазып жіберді: “Нашар денсаулықтың кесірінен кезінде уағызға шыға алмаған кейбір бауырластар қазір видеоконференция арқылы қызмет етіп жүр. Мысалы, жастары сексеннен асқан үш әйел бауырласымыз жаңа технологияны меңгеріп алды. Қазір олар күн сайын дерлік уағыздайды” (Зәб. 92:14, 15). Сіз де қызмет аясын кеңейтіп, Ехобаның ізгі екеніне одан сайын көз жеткізгіңіз келе ме? Қазір осы мақсатқа жетуге көмектесетін қадамдарды қарастырайық.

КӨБІРЕК ҚЫЗМЕТ ЕТКІМ КЕЛЕДІ ДЕСЕҢІЗ

12. Ехобаға арқа сүйейтіндерге ол нені уәде етеді?

12 Ехобаға арқа сүйеңіз. Оған арқа сүйеп, өздеріндегі ең жақсыларын беретіндерге Ехоба батасын молынан жаудыратынын айтады (Малх. 3:10). Колумбияда тұратын Фабиола бауырластың жағдайында Ехоба осы уәдесінде тұрды. Ол шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін, бірден тұрақты ізашар болғысы келген. Бірақ үш баласы мен күйеуін асырау оның мойнында еді. Кейін зейнетке шығатын кезінде Фабиола Ехобаға жалбарынып дұға етеді. Ол былай дейді: “Біздің жақта зейнетке шыққаннан кейін, зейнетақыны ұзақ уақыт күтесің. Бірақ мен оны бір айдан кейін-ақ ала бастадым. Бұл бір керемет болды!” Ал екі айдан кейін ол ізашарлық қызметін бастады. Қазір Фабиола бауырластың жасы жетпістен асқан. Ізашар болып жүргеніне 20 жылдан көп болды. Осы уақыт аралығында ол 8 адамға шомылдыру рәсімінен өтуге көмектесті. “Кейде әлсіреп, күшім болмайтын кездер болады. Бірақ Ехоба жоспарымды ұстануға күн сайын көмектесіп келеді”,— дейді Фабиола.

Ыбырайым, Сара, Жақып және Иордан өзенін кесіп өткен діни қызметкерлер Ехобаға арқа сүйейтіндерін қалай көрсетті? (13-абзацты қараңыз)

13, 14. Ехобаға арқа сүйеп, қызмет аясын кеңейтуге қандай үлгілер көмектеседі?

13 Ехобаға арқа сүйеген жандарды үлгі етіңіз. Киелі кітапта Ехобаға аянбай қызмет еткен адамдардың үлгісі көп. Көп жағдайда олар Ехобаға арқа сүйейтіндерін көрсеткеннен кейін ғана Ехоба оларға батасын берген. Мысалы, Ыбырайым “қайда бара жатқанын білмесе де”, үйін тастап кеткеннен кейін ғана Ехоба оны жарылқады (Евр. 11:8). Ал Жақып періштемен күрескеннен кейін ғана Ехобаның батасын алды (Мұс. 1-ж. 32:24—30). Діни қызметкерлер арнасынан тасыған Иордан өзеніне аяқ басқаннан кейін ғана су тоқтап, халық Уәде етілген жерге өтті (Ешуа 3:14—16).

14 Сіз Ехобаға арқа сүйеп, қызмет аясын кеңейткен бүгіндегі Куәгерлерден де үйрене аласыз. Мысалы, Пэйтон мен Диана сайтымыздан қызмет аясын кеңейткен бауырластардың оқиғаларын оқығанды ұнатады екен. Ондай оқиғалар “Олар дайындық рухын танытты” деген айдарда көп *. Пэйтон былай дейді: “Осындай оқиғаларды оқығанда, тамақты сүйсіне жеп отырған адамды тамашалағандай боламын. Оған қараған сайын, өзің де дәмін көріп, Ехобаның ізгілігіне көз жеткізгің келіп кетеді”. Кейін Пэйтон мен Диана қажеттілік бар жерге көшіп барды. Осы айдардағы оқиғаларды сіз де оқисыз ба? Сондай-ақ сайтымызда шыққан “Қажеттілік бар жерде қызмет ету. Мақсатты жүзеге асыру” және “Сонау Сібірдегі уағыз ісі” деген видеоларды көргенсіз бе? Бұл мәліметтер қызметіңізді кеңейтудің жолдарын көруге көмектеседі.

15. Қызмет аясын кеңейткендермен араласқанның қандай пайдасы бар?

15 Қызмет аясын кеңейткендермен араласыңыз. Біз жаңа тағамды қай кезде жеп көруге асық боламыз? Сол тамақты сүйіп жейтін адамдармен бірге отырғанда. Сол сияқты, қызмет десе ішкен асын жерге қоятын адамдармен аралассақ, біз де көбірек қызмет етудің жолдарын іздеуге талпынамыз. Кент пен Вероника деген ерлі-зайыптының жағдайында осылай болған. “Достарымыз бен отбасымыз бізді жаңа қызмет түрінің дәмін татуға талпындыратын. Құдай Патшалығын бірінші орынға қоятындармен араласқан сайын, жаңа нәрсені бастауға деген ықыласымыз да, батылдығымыз да арта түсті”,— дейді Кент. Қазір олар Сербияда арнайы ізашар болып қызмет етеді.

16. Лұқа 12:16—21 тармақтардағы Исаның мысалын ескерер болсақ, неге құрбандықтарға баруға дайын болуымыз керек?

16 Құрбандықтарға барыңыз. Ехобаға ұнамды болу — өзімізге ұнайтын нәрсенің бәрін құрбан ету деген сөз емес, әрине (Уағ. 5:19, 20). Алайда құрбандықтарға барғымыз келмегендіктен, Ехобаға көбірек қызмет етуден тартынсақ, Исаның мысалындағы бай кісіге ұқсап қаламыз. Бұл бай кісі өзіне жайлы өмір жасап, ал Құдайды еш елемеді (Лұқа 12:16—21 оқыңыз). Францияда тұратын Кристен бауырлас былай дейді: “Мен уақытым мен күшімді негізінен басқа нәрселерге арнап, Ехоба мен отбасыма тек қалдығын ғана жұмсайтынмын”. Бірақ кейін ол әйелі екеуі ізашар болуды шешті. Бұл үшін оларға жұмыстарынан кетуге тура келді. Сөйтіп, олар үйлер мен офистерді тазалап күн көрді және барды қанағат етуді үйренді. Осы құрбандықтарының нәтижесі қандай болды? Кристен былай дейді: “Қазір қызметіміз бізге көп қанағат сыйлайды. Зерттеушілер мен қайта барулардың Ехоба Құдай жайлы білім алып жатқанын көріп қатты қуанамыз”.

17. Қызметтің жаңа түріне қатысуға бізге не кедергі болуы мүмкін?

17 Қызметтің жаңа түріне қатысуға ықыласты болыңыз (Ел. іс. 17:16, 17; 20:20, 21). Құрама Штаттарда тұратын Шерли деген ізашар COVID-19 пандемиясы кезінде басқаша уағыздауды үйренді. Басында оның телефонмен уағыздауға батылы бармайтын. Кейін аудандық бақылаушының сапары кезінде біраз тәжірибе жинап, қазір ол бұл қызмет түріне жүйелі түрде қатысады. Шерли былай дейді: “Басында мен телефонды ұстағаннан-ақ қорқып дірілдейтінмін. Бірақ қазір бұл маған қатты ұнайды. Бір қызығы, қазір біз үйме-үй жүрген кездегіден де көп адаммен сөйлесеміз”.

18. Қызмет аясын кеңейтуге кедергілер шыққанда бізге не көмектеседі?

18 Мақсаттарыңызды жазып, оларға жетуге тырысыңыз. Біз қиындыққа кезіккенде, Ехобадан даналық сұрап, сол қиындықты қалай шешуге болатыны жайлы ойланамыз (Нақ. с. 3:21). Еуропада сыған тіліндегі топта қызмет ететін Соня деген ізашар былай дейді: “Мен алға қойған мақсаттарымды қағаз бетіне түсіріп, көрінетін жерге іліп қойғанды жақсы көремін. Үстелімнің үстінде екі бағытқа апаратын жолайрықтың суреті бар. Қандай да бір шешім қабылдамас бұрын, мен сол суретке қарап, қабылдайтын шешімім мақсатыма жеткізе ме, әлде одан алыстата ма деп ойланамын”. Соня қиыншылықтарда оң көзқарас сақтауға тырысады. Ол былай дейді: “Туындаған кез келген жағдай маған бөгет болатын дуал немесе мақсатыма жеткізетін көпір бола алады. Барлығы менің көзқарасыма байланысты”.

19. Біз не істеуге бел бууымыз керек?

19 Ехоба бізге сан түрлі жолмен батасын жаудырады. Ал біз осы баталарды бағалағандықтан, оны мадақтауға бар күшімізді саламыз (Евр. 13:15). Мысалы, қызмет аясын кеңейтудің жаңа жолдарын іздейміз. Сонда Ехобаға бұдан да көп бата беруіне жол ашамыз. Ендеше, күн сайын “дәмін татып, Ехобаның ізгілігіне көз жеткізудің” мүмкіндігін жібермейік. Сонда “менің тамағым — өзімді жіберген Құдайдың еркін орындау және оның тапсырған ісін аяқтау” деп айтқан Исаға ұқсайтын боламыз (Жох. 4:34).

80-ӘН “Дәмін татыңдар да, Ехобаның ізгілігіне көз жеткізіңдер”

^ 5-абзац Ехоба — ізгіліктің қайнары. Оның ізгілігін жақсы адамдар да, жаман адамдар да көріп жүр. Бірақ Ехоба әсіресе адал қызметшілеріне ізгілік көрсеткісі келеді. Оларға қалай ізгілік көрсететінін осы мақаладан білеміз. Сондай-ақ қызмет аясын кеңейтетіндер Ехобаның ізгілігіне ерекше жолмен көз жеткізетінін де білеміз.

^ 7-абзац Кейбір есімдер өзгертілген.

^ 14-абзац Бұл айдар бұған дейін “Күзет мұнарасында” жарық көретін. Енді оларды jw.org сайтында БІЗ ЖӨНІНДЕ/ОҚИҒАЛАР/РУХАНИ МАҚСАТТАРҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗУ деген жерден оқи аласыз.