Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

33-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Қазіргі қызметіңізді бағалаңыз

Қазіргі қызметіңізді бағалаңыз

“Адамның құр қиялға берілгенінен гөрі, көз алдында тұрған нәрсеге қуанғаны артық” (УАҒ. 6:9).

111-ӘН Қуануға себеп көп

АҢДАТПА *

1. Бауырластар Ехобаға көбірек қызмет ету үшін не істеп жүр?

 ОСЫ дүниенің соңы жақындаған сайын біздің атқаратын жұмысымыз да көбейіп жатыр (Мат. 24:14; Лұқа 10:2; Пет. 1-х. 5:2). Бәріміз де Ехобаға мүмкіндігінше көбірек қызмет еткіміз келеді. Көп бауырластар қызмет аясын кеңейтуде. Кейбіреулері ізашар болғылары келеді. Өзгелері Бетелде қызмет етсем, құрылыс жобаларына қатыссам екен дейді. Ал көптеген ер бауырластар қызмет көмекшісі болуға немесе ақсақалдық қызметке ұмтылып жүр (Тім. 1-х. 3:1, 8). Қызметшілерінің мұндай талпынысына Ехоба қатты қуанады! (Зәб. 110:3; Ишая 6:8).

2. Аңсаған рухани мақсатына жете алмағанда, мәсіхші не сезінуі мүмкін?

2 Қандай да бір рухани мақсатқа ұзақ уақыттан бері қол жеткізе алмай жүрсек, жігеріміз жасып, еңсеміз түсуі мүмкін. Мысалы, өмірлік жағдайымызға байланысты немесе жасымызға байланысты кейбір қызмет түрлеріне біз үшін жол жабық шығар (Нақ. с. 13:12). Мелиса * деген жасы үлкен бауырласымыз Бетелде қызмет етуді, Патшалықты жариялаушыларға арналған мектепте оқуды қатты қалаған. Бірақ ол былай дейді: “Жасым тура келмегендіктен, бұл мәртебелі қызметтер мен үшін жай арман ғана. Осыны ойласам, кейде жүрегім ауырып кетеді”.

3. Қандай да бір мәртебелі қызметке ие болу үшін, мәсіхші қандай қадамдар жасау керек?

3 Денсаулығы мықты жас бауырластарға қосымша жауапкершіліктер алу үшін, рухани толысып, кейбір қасиеттерді дамыту керек болар. Олар құлшынысты, алғыр болғанмен және тез шешім қабылдай алғанмен, өзгелерді құрметтеуді, істі тиянақты атқаруды және шыдамдылыққа үйренгендері жөн. Егер сен осы қасиеттерді дамытсаң, саған күтпеген жерден мәртебелі қызметтерді тапсыруы мүмкін. Мысалы, Ник бауырлас 20 жасында қызмет көмекшісі болғысы келген. Бірақ тағайындалмай қалғанда, оның қатты көңілі түседі. Сонда ол “осы менің бір жерім дұрыс емес шығар” деп ойлайды. Бірақ Ник еш берілмеді. Ол қолжетімді мақсаттарға барынша ұмтылды. Қазір Ник филиал комитетінің мүшесі болып қызмет етеді.

4. Бұл мақалада не қарастырамыз?

4 Алға қойған рухани мақсатыңызға жете алмай жатқандықтан, көңіліңіз түсіп жүр ме? Олай болса, уайымыңызды Ехобаға айтыңыз (Зәб. 37:5—7). Сондай-ақ толысқан ер бауырластардан қызметіңізді қалай жақсартуға болатынын сұраңыз. Сосын сол кеңеске құлақ асуға барынша тырысыңыз. Сонда қойған мақсатыңызға жетуіңіз әбден мүмкін. Бірақ Мелиса бауырлас сияқты, сіздің жағдайыңызда қандай да бір мәртебелі қызметке жету мүмкін болмаса ше? Мұндайда қуанышыңызды сақтап қалуға не көмектеседі? Бұл сұраққа жауап беру үшін, алдымен, мына үш жайтты талқылайық: 1) қуанышты неден тапсақ болады, 2) қуанышымызды қалай арттырсақ болады, 3) қуанышымызға қуаныш қосатын қандай мақсаттар бар?

ҚУАНЫШТЫ НЕДЕН ТАПСАҚ БОЛАДЫ?

5. Қуанышты болғымыз келсе, не нәрсеге назар тігуіміз керек? (Уағыздаушы 6:9)

5 Уағыздаушы 6:9-да (оқыңыз) айтылғандай, қуанышты дұрыс нәрседен іздегеніміз жөн. “Көз алдында тұрған нәрсеге қуанатын” адам қолында барды бағалайды, яғни қазіргі жағдайында атқара алатын істерге қуанады. Ал құр қиялға берілетін адам қол жетпес арманға ұмтылғандықтан, ешқашан қанағат таппайды. Бұдан қандай сабақ аламыз? Қуанышты болғымыз келсе, бар назарымызды қолымызда бар нәрсеге және қазір жете алатын мақсаттарға тігуіміз керек.

6. Қазір қандай мысалды қарастырамыз және одан не үйренеміз?

6 Адам баласы табиғатынан жаңа нәрсеге ұмтылып, жаңа белестерді бағындырғанды ұнатады. Ендеше, қолда бардан қанағат табу мүмкін бе? Иә, мүмкін. Адамның “көз алдында тұрған нәрсеге” қуана алатыны рас. Бұлай етуге не көмектесетінін білу үшін, Матай 25:14—30 тармақтарда жазылған Исаның айтқан бір мысалын қарастырайық. Біз одан қазіргі баталардан қалай қуаныш таба алатынымызды және сол қуанышымызды қалай еселей алатынымызды білеміз.

ҚУАНЫШЫМЫЗДЫ ҚАЛАЙ АРТТЫРСАҚ БОЛАДЫ?

7. Исаның талант жайлы мысалын қысқаша айтып беріңіз.

7 Иса алыс сапарға аттанғалы жатқан бір ер кісіні мысалға келтірді. Ол кетерінен алдын құлдарын шақырып алады да, әрқайсысына талант беріп, шаруа бастауды тапсырады *. Құлдарының қабілеттеріне қарай, біріншісіне бес, екіншісіне екі, ал үшіншісіне бір талант береді. Олардың екеуі алған тапсырмаларына білек сыбана кірісіп кетеді. Ал үшінші құл ақшаны айналымға салмай, ешқандай жұмыс бастамайды. Сондықтан қожайыны оны жұмыстан шығарып жібереді.

8. Мысалдағы бірінші құл не үшін қуанды?

8 Қожайыны бірінші құлға бес талант бергенде, оның мерейі өсіп, қуанып қалса керек. Бұл өте қомақты ақша болғандықтан, қожайыны оған қаншалықты сенім артқанын көреміз. Ал екінші құл жайлы не деуге болады? Бірінші құл сияқты көп ақша алмағанына оның көңілі түссе болар еді. Бірақ ол не істеді?

Исаның мысалындағы екінші құлдан не үйренеміз? 1. Қожайыны оған екі талант берді. 2. Қожайынына пайда түсіру үшін, ол ауыр еңбек етті. 3. Ол қожайынының таланттарын екі есеге көбейтті (9—11 абзацтарды қараңыз)

9. Мысалдан екінші құл жайлы не білеміз? (Матай 25:22, 23)

9 Матай 25:22, 23 оқыңыз. Екінші құл екі-ақ талант алғанына өкпелеп, ашуланды ма? Иса бұлай демеген. Құл: “Маған бергені осы-ақ па? Менің бірінші құлдан қай жерім кем?! Ода бар қабілет менде де бар. Қожайыным қадірімді білмейді екен. Мен одан да өз шаруаммен айналысып, ал мына ақшаны көміп тастайын”,— деп күңкілдемеген.

10. Екінші құл таланттарымен не істеді?

10 Бірінші құл сияқты екінші құл да өз ісіне жауапкершілікпен қарап, аянбай еңбек етті. Ол қожайыны тапсырған ақшаны екі есеге көбейтті. Қожайыны оған өте риза болып, еңбекқорлығы, құлшынысы үшін оны молынан жарылқады. Ол құлына алдыңғысынан да көп жауапкершілік сеніп тапсырды!

11. Қуанышымызды еселеу үшін не істесек болады?

11 Ехобаның ұйымында тапсырылған істі екінші құл сияқты беріле атқарсаңыз, сіздің де қуанышыңыз еселенеді. Уағыз ісіне өзіңізді “толығымен арнаңыз”, қауымның істеріне барынша атсалысыңыз (Ел. іс. 18:5; Евр. 10:24, 25). Кездесулерде талқыланатын мәліметтерге жақсылап дайындалып, жігерлі түсініктемелер беріңіз. “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” кездесуінде берілген тапсырмаларға жауапкершілікпен қараңыз. Сізге қауымның қандай да бір ісін тапсырса, мұны кешіктірмей атқарыңыз. Берілген тапсырманы маңызсыз санап, бұған уақыт кетіргім келмейді демеңіз. Қабілеттеріңізді шыңдауға барынша күш салыңыз (Нақ. с. 22:29). Рухани істерді, тапсырмаларды қаншалықты беріле атқарсаңыз, соншалықты тезірек рухани өсесіз және қуанышыңыз да арта түседі (Ғал. 6:4). Сондай-ақ өзіңіз қалаған мәртебелі қызметке басқа біреу ие болып жатса, оны қызғанбай, қуанышына шын көңілден ортақтаса аласыз (Рим. 12:15; Ғал. 5:26).

12. Екі бауырласымыз қуаныштарын еселеу үшін не істеді?

12 Бетелде қызмет еткісі келген немесе Патшалықты жариялаушыларға арналған мектепте оқығысы келген Мелиса бауырлас есіңізде ме? Ол осы мақсаттарына қол жеткізе алмады. Бірақ ол былай дейді: “Мен бар күшімді ізашарлық қызметіме жұмылдырдым. Уағыздаудың түр-түріне қатыстым. Бұл маған таудай қуаныш сыйлады”. Ал Ник бауырлас есіңізде ме? Ол қызмет көмекшісі болып тағайындалмағанда, қатты көңілі түскен еді. “Сол кезде мен үшін басқа да рухани істерге есік ашық еді. Мысалы, жақсырақ уағыздайтын болдым, кездесулерде мағыналы түсініктемелер бере бастадым. Сондай-ақ Бетелде қызмет етуге өтініш білдірдім және келесі жылы Бетелге шақырылдым”,— дейді Ник.

13. Қазіргі қызметіңізді беріле атқарсаңыз жемісі қандай болады? (Уағыздаушы 2:24)

13 Мәсіхші қазіргі қызметін беріле атқарса, болашақта үлкен жауапкершіліктер ала ма? Ник бауырластың жағдайында солай болды. Бірақ сіздің жағдайыңыз Мелиса бауырластікіндей болса ше? Сіз сонда да қуанышыңызды еселей аласыз. Ехоба үшін атқарып жатқан қызметіңізден қуаныш пен қанағат таба аласыз (Уағыздаушы 2:24 оқыңыз). Ал бұдан да маңыздысы, күш салып жүргеніңізді Қожайыныңыз Иса Мәсіх жоғары бағалайды. Бұл ой да сізге қуаныш сыйласын!

ҚУАНЫШЫМЫЗҒА ҚУАНЫШ ҚОСАТЫН МАҚСАТТАР

14. Қазіргі қызметімізге көз тігу деген нені білдірмейді?

14 Қазіргі қызметімізге көз тігу деген Ехобаға көбірек қызмет етудің жолдарын іздемеу керек дегенді білдірмейді. Біз жақсырақ қызмет етуді, бауырластарға көбірек көмектесуді мақсат ете аламыз әрі мақсат етуіміз керек те. Даналық, қарапайымдылық таныта отырып, өзімізге емес, өзгелерге қызмет етуді ойласақ, осы мақсатымызға қол жеткіземіз (Нақ. с. 11:2; Ел. іс. 20:35).

15. Қуанышыңызға қуаныш қосатын қандай мақсаттар бар?

15 Сіз қандай мақсаттар қойсаңыз болады? Олардың қайсысына қол жеткізе алатыныңызды түсіну үшін, Ехобадан даналық сұраңыз (Нақ. с. 16:3; Жақ. 1:5). Бәлкім,  бірінші абзацта айтылған мақсаттардың біріне ұмтыларсыз. Мысалы, қосалқы не тұрақты ізашар болуға, Бетелде қызмет ету мен құрылыс жобаларына қатысуға. Әлде жаңа тіл үйренерсіз не тіпті шет тілді аумақта қызмет ете алатын шығарсыз. Осы мақсаттар жайлы “Ехобаның еркін орындау үшін ұйымдасқанбыз” кітабының 10-тарауынан және қауымыңыздағы ақсақалдардан көбірек біле аласыз *. Мақсатыңызға ұмтылып, прогресс жасап жатқаныңызды өзгелер байқайды әрі бағалайды, сондай-ақ өзіңіздің де қуанышыңыз артады.

16. Қандай да бір мақсатқа дәл қазір қол жеткізе алмасаңыз, не істесеңіз болады?

16 Ал сіздің жағдайыңызда бұл мақсаттарға жету мүмкін болмаса ше? Мұндайда жете алатын басқа мақсатқа ұмтыла аласыз. Қазір солардың кейбірін қарастырайық.

Сіз қандай мақсатқа ұмтылсаңыз болады? (17-абзацты қараңыз) *

17. Тімөтеге 1-хат 4:13, 15-ке сай, ер бауырлас жақсы тәлімгер болу үшін не істесе болады?

17 Тімөтеге 1-хат 4:13, 15 оқыңыз. Шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырлас болсаңыз, сөйлеу мен тәлім беру қабілетіңізді шыңдай беріңіз. Өйткені өзіңізді оқуға, сөйлеуге, тәлім беруге “арнасаңыз”, тыңдаушыларыңыз үшін нағыз бата боласыз. Бұл үшін “Оқу мен тәлім беру қабілетін шыңдайық” кітапшасындағы әрбір сабақты жақсылап зерттеп, кеңестерін қолдануды мақсат етіңіз. Бір-бір сабақтан асықпай зерттеңіз. Сол сабақпен жақсылап жұмыс істеп, үйде жаттығыңыз. Кейін қауымда баяндамамен шыққанда, жаттыққаныңызды қолданыңыз. Кеңес берушіден немесе “Құдай сөзін айтып, тәлім беруде аянбай еңбек ететін” басқа да ақсақалдардан ақыл сұрасаңыз болады * (Тім. 1-х. 5:17). Баяндама айтқанда кітапшадағы сабақты қолдану жағын ғана емес, тыңдармандарыңыздың сенімін нығайтуды және оларды әрекетке талпындыруды да ойлаңыз. Сонда өзіңіздің де, өзгенің де қуанышына қуаныш қосасыз!

Сіз қандай мақсатқа ұмтылсаңыз болады? (18-абзацты қараңыз) *

18. Уағыздау мен тәлім беру тапсырмаңызды жақсы атқаруға не көмектеседі?

18 Уағыздау мен шәкірт дайындау тапсырмасы барлығымызға берілген (Мат. 28:19, 20; Рим. 10:14). Осы маңызды істі жақсы атқару үшін қабілеттеріңізді шыңдағыңыз келе ме? Олай болса, “Тәлім беру” кітапшасын зерттеңіз және үйренгендеріңізді қолдану үшін нақты мақсаттар қойыңыз. Қызметіңізге көмек болатын басқа да кеңестерді “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптерінен және видео жүзінде көрсетілетін пікірлесу үлгілерінен таба аласыз. Сіздің аумағыңызда қайсысы тиімді екенін білу үшін, уағыздау тәсілдерінің түр-түрін қолданып көріңіз. Осы айтылған кеңестердің барлығын қолдансаңыз, шебер уағыздаушы болудан келетін мол қуанышқа кенелесіз (Тім. 2-х. 4:5).

Сіз қандай мақсатқа ұмтылсаңыз болады? (19-абзацты қараңыз) *

19. Құдайға ұнамды қасиеттерді дамытуға не көмектеседі?

19 Ең маңызды мақсаттардың бірі — Ехобаға ұнамды қасиеттер дамыту екенін де ұмытпаңыз (Ғал. 5:22, 23; Қол. 3:12; Пет. 2-х. 1:5—8). Сол мақсатқа жетуге не көмектеседі? Мысалы, сеніміңізді берік еткіңіз келсе, біздің әдебиеттерден сенімді нығайтуға көмектесетін мақалаларды оқыңыз. Сондай-ақ түрлі сынаққа кезіккенде сенімдерінен таймаған бауырластардың үлгілері жайында JW Broadcasting®-тегі видеоларды қараңыз. Кейін олардың сенімдеріне қалай еліктей алатыныңызды ойланыңыз.

20. Қол жетпейтін мақсаттарға көңілімізді түсірмей, қуанышымызды арттыру үшін не істеуіміз керек?

20 Ехобаға қазіргіден де көп қызмет етуді қай-қайсысымыз да қалаймыз. Бірақ жаңа дүниеде ешқандай кедергі болмайтындықтан, Ехобаға қалағанымызша әрі толық қызмет ететін боламыз. Ал әзірге қолжетімді істерді барынша атқара берейік. Сонда қуанышымызға қуаныш қосылады, әрі жете алмайтын мақсаттарымыз үшін қатты көңіліміз түспейді. Ал ең маңыздысы, “бақытты Құдайымыз” Ехобаны даңқтаймыз (Тім. 1-х. 1:11). Ендеше, өз жағдайымызда атқара алатын қызметтер мен жауапкершіліктерден қуаныш таба берейік!

82-ӘН “Сендердегі жарық жарқырап тұрсын”

^ 5-абзац Біз Ехобаны қатты жақсы көреміз. Сондықтан оған аянбай қызмет еткіміз келеді. Мысалы, қызмет аясын кеңейтуді жоспарлаймыз және қауымда қосымша жауапкершіліктерге ұмтыламыз. Бірақ қанша күш салсақ та, бұл мақсаттарға жете алмасақ ше? Қызметімізді құлшыныспен атқара беруге және қуанышымызды жоғалтпауға не көмектеседі? Мұны Иса айтқан талант туралы астарлы әңгімеден білеміз.

^ 2-абзац Кейбір есімдер өзгертілген.

^ 7-абзац СӨЗ МӘНІ: Бір талант жұмысшының шамамен 20 жылдық еңбекақысына тең.

^ 15-абзац Шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырластар қызмет көмекшісі болуға, ақсақалдық қызметті атқаруға талпындырылады. Осы міндеттерді алғысы келетіндерге қойылатын талаптарды “Ехобаның еркін орындау үшін ұйымдасқанбыз” кітабының 5, 6-тарауынан біле аласыз.

^ 17-абзац СӨЗ МӘНІ: Кеңес беруші деген — қауымда әртүрлі тапсырмалармен шығатын ақсақалдар мен қызмет көмекшілеріне кеңес беруге тағайындалған ақсақал. Ол кеңесті қажет болған жағдайда әрі оңашада береді.

^ 64-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Жақсы тәлімгер болуға ұмтылып жүрген ер бауырлас әдебиеттерімізден ізденіс жасап отыр.

^ 66-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Бейресми куәлік беруді мақсат еткен әйел бауырлас даяшы қызға байланыс картасын беріп жатыр.

^ 68-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ехобаға ұнамды қасиеттерді дамытуға ұмтылған әйел бауырлас өзге бауырласқа тосын сый жасап жатыр.