Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

45-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Бір-бірімізге айнымас сүйіспеншілік көрсете берейік

Бір-бірімізге айнымас сүйіспеншілік көрсете берейік

“Бір-біріңе айнымас сүйіспеншілік және рақымдылық көрсетіңдер” (ЗӘК. 7:9).

107-ӘН Сүюдің кемелді үлгісі

АҢДАТПА *

1, 2. Бір-бірімізге айнымас сүйіспеншілік танытуға қандай себептер бар?

БІР-БІРІМІЗГЕ айнымас сүйіспеншілік танытудың келелі себептері көп. Солардың кейбірі мына тармақтарда келтірілген: “Айнымас сүйіспеншілік пен адалдықтан ажырама... Сонда сені Құдай да, адам да ұнатып, Терең түсінігі бар деп біледі”; “Айнымас сүйіспеншілік танытатын өз жанына игілік жасайды”; “Әділдік пен айнымас сүйіспеншілікке ұмтылған өмірге... қол жеткізер” (Нақ. с. 3:3, 4; 11:17 сілт.; 21:21).

2 Нақыл сөздердегі осы тармақтардан айнымас сүйіспеншілік танытудың үш себебін байқаймыз. Біріншіден, айнымас сүйіспеншілік танытатын адам Ехоба үшін аса бағалы. Екіншіден, бұл қасиетті танытқанымыз өзімізге жақсы. Мысалы, соның арқасында айнымас достар табамыз. Үшіншіден, айнымас сүйіспеншілік таныта берсек, болашақта бұның көп батасын көреміз. Солардың бірі — мәңгі өмір. Расында да, Ехобаның “бір-біріңе айнымас сүйіспеншілік және рақымдылық көрсетіңдер” деген сөздеріне құлақ асуға себеп көп (Зәк. 7:9).

3. Осы мақалада қандай сұрақтарға жауап аламыз?

3 Осы мақаладан мынадай төрт сұраққа жауап аламыз: біз кімге айнымас сүйіспеншілік танытамыз? Рут кітабынан айнымас сүйіспеншілік туралы не білеміз? Бүгінгі күнде бір-бірімізге айнымас сүйіспеншілік танытудың жолдары қандай? Бұл қасиетті танытқанымыздың өзіміз үшін қандай пайдасы бар?

БІЗ КІМГЕ АЙНЫМАС СҮЙІСПЕНШІЛІК ТАНЫТАМЫЗ?

4. Біз Ехобаға қалай еліктейміз? (Марқа 10:29, 30)

4 Алдыңғы мақаладан білгеніміздей, Ехоба айнымас сүйіспеншілігін тек оны сүйетін, оған қызмет ететін жандарға ғана танытады, соларға ғана қатты бауыр басады (Дан. 9:4). Біз де осы жағынан “сүйікті балалары ретінде Құдайға еліктегіміз” келеді (Ефес. 5:1). Сондықтан біз де рухани бауырларымызға қатты бауыр басып, айнымас сүйіспеншілік танытуға ұмтыламыз (Марқа 10:29, 30 оқыңыз).

5, 6. Мейірімділіктің айнымас сүйіспеншіліктен айырмашылығы неде?

5 Келісетін шығармыз, бауырластарға айнымас сүйіспеншілікті жақсырақ таныту үшін, бұл қандай қасиет екенін өзіміз жақсы түсінуіміз керек. Бұл үшін айнымас сүйіспеншіліктің мейірімділіктен несімен ерекшеленетінін көрейік. Қазір мейірімділікке бір мысал келтірейік.

 6 Бірде Пауыл мен қасындағы адамдар кеме апатына ұшырап, Мальта аралының жағасына жетеді. Сол кезде мальталықтар оларды танымаса да әрі көмектесуге міндетті болмаса да, зор адамгершілік танытып, оларды “мейірімділікпен қабыл алады” (Ел. іс. 28:2—7). Мальталықтардың осы жақсылығы айнымас сүйіспеншілікке жата ма? Жоқ, өйткені олар жағдай соны талап еткендіктен ғана және қиналып қалған бейтаныс адамдарға көмектескілері келгендіктен әрекет етті.

7, 8. а) Айнымас сүйіспеншіліктің мейірімділіктен айырмашылығы неде? ә) Біз Рут кітабын не үшін қарастырамыз?

7 Ал енді  6-абзацта сипатталған мейірімділіктен айнымас сүйіспеншіліктің несімен ерекше екенін көрейік. Бұл үшін Құдайдың қызметшісі болған Дәуіттің үлгісін алайық. Ол өзінің айнымас серігі, жан досы Жонатанға айнымас сүйіспеншілік танытқан. Тіпті Жонатанның әкесі Дәуітті өлтіргісі келсе де, ол осы қасиетінен еш айнымаған. Жонатанның қайтыс болып кеткеніне біраз жыл болса да, Дәуіт оның ұлы Мепібошетке айнымас сүйіспеншілік таныта берген. Сонда Дәуітке не қозғау салған? Ол Жонатанға қатты бауыр басып, ерекше жақсы көрген. Міне, айнымас сүйіспеншіліктің мейірімділіктен айырмашылығы осыда (Сам. 1-ж. 20:9, 14, 15; Сам. 2-ж. 4:4; 8:15; 9:1, 6, 7).

8 Киелі кітаптағы Рут кітабынан да айнымас сүйіспеншілік жайлы көп нәрсе білуге болады. Бұл кітаптың кейіпкерлері айнымас сүйіспеншілікті қалай танытқан? Олардан үйренгенімізді өз қауымымызда қалай қолдансақ болады? *

РУТ КІТАБЫНАН АЙНЫМАС СҮЙІСПЕНШІЛІК ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

9. Неге Нағима Ехоба оған қарсы шығып жатыр деп ойлады?

9 Рут кітабында Нағима деген исраилдік әйел, оның келіні Рут және Нағиманың күйеуінің туысы Бағоз деген Құдайдан қорқатын жақсы кісі туралы айтылады. Исраил елін аштық жайлағандықтан Нағима күйеуімен және екі ұлымен Моаб жеріне көшіп барады. Кейін сол елде оның күйеуі қайтыс болады. Екі ұлы болса үйленеді. Бірақ, өкінішке қарай, олар да кейін қайтыс болады (Рут 1:3—5; 2:1). Осындай ауыр жағдайларды бастан өткерген Нағима қатты қайғыға батып кетеді. Ол тіпті Ехоба оған қарсы шығып жатыр деп ойлайды. Бұны оның мына сөздерінен байқауға болады: “Ехоба менің басыма қайғы жіберді... Құдіреті шексіз Құдай маған өмірдің ащысын татқызды... Ехоба маған қарсы шығып, Құдіреті шексіз Құдай басыма бақытсыздық түсірді ғой!” (Рут 1:13, 20, 21).

10. Ехоба Нағиманың ауыр сөздерін қалай қабылдады және оған қалай көмектесті?

10 Ехоба Нағиманың бұндай ауыр сөздерін қалай қабылдады? Ол қайғы жұтқан қызметшісінен теріс айналып кетпеді. Қайта, “қысымшылық дана адамды ессіздікке итермелейтінін” түсінгендіктен, оған жанашырлықпен қарады (Уағ. 7:7). Бірақ Нағимаға Ехоба оған қарсы емес, қайта оның жағында екенін түсіну қажет еді. Ехоба бұл үшін не істеді? (Сам. 1-ж. 2:8). Ол Рутты Нағимаға айнымас сүйіспеншілік танытуға талпындырды. Сөйтіп, Рут енесіне эмоциялық және рухани күйін жақсартуға бар ықыласымен әрі жұмсақтықпен көмектесті. Біз Руттан қандай үлгі аламыз?

11. Қауымдағы бауырластар неге жаны күйзелгендерге көмектесуге ұмтылады?

11 Айнымас сүйіспеншілігіміз болса, жаны күйзелгендерге көмектесуге ұмтыламыз. Рут сияқты қауымдағы жаны ізгі бауырластар мұңға батып, күйзеліп жүрген бауырластарын тастамайды. Өйткені оларды сүйеді және қолдарынан келгенше қайғыларын жеңілдеткісі келеді (Нақ. с. 12:25; 24:10). Елші Пауыл да соған шақырып былай деген: “Жаны күйзеліп жүргендерді жұбатыңдар, әлсіздерді қолдаңдар, барлық адамдарға төзімді болыңдар” (Сал. 1-х. 5:14).

Мұңайып жүрген бауырласты тыңдасақ, оны жұбата аламыз (12-абзацты қараңыз)

12. Түңіліп жүрген бауырласымызға көмектесудің ең жақсы жолдары қандай?

12 Түңіліп жүрген адамға көмектесудің ең жақсы екі жолы — оны құлақ салып тыңдау және жақсы көретінімізді айту. Ұмытпаңыз, Ехоба өзінің аяулы қызметшісіне осылай көңіл бөлгеніңізді қатты бағалайды (Зәб. 41:1). Нақыл сөздер 19:17-де: “Бейшараны қамқорлаған Ехобаға қарыз береді, Істеген жақсылығы Құдайдан қайтады”,— делінген.

Рут: “Сіз қайда барсаңыз, мен де сонда барамын”,— деп енесі Нағимадан ажырамады. Ал Орпа Моаб еліне қайтты (13-абзацты қараңыз).

13. Рут Орпадан несімен ерекшеленді және неге оның әрекеті айнымас сүйіспеншілікке жатады? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

13 Нағимамен болған жағдай айнымас сүйіспеншіліктің мәнін одан сайын аша түседі. Бірде ол “Ехобаның өз халқына шапағатын түсіріп, нан бергені жайлы естіп”, өз еліне қайтуды шешеді (Рут 1:6). Оған екі келіні де еріп шығады. Бірақ жолда Нағима оларға Моабқа қайтыңдар деп үш рет айтады. Сол кезде Орпа енесінің айтқанын істеп, “бетінен сүйіп, кері қайтып кетті”. Рут та кетіп қалса болар еді. Бірақ “жақсылық қылсаң, сыпыра қыл” дегендей, ол енесін тастамай қойды. Рут көмекке зәру енесінің жанында қалуды шешті (Рут 1:7—14; 16, 17). Ол мұны мәжбүр болғандықтан емес, өзі қалағандықтан істеді. Осылайша нағыз айнымас сүйіспеншілік танытты. Біз Руттан не үйренеміз?

14. а) Бүгінде көп бауырластар не істеуге ұмтылады? ә) Еврейлерге 13:16-ға сай, қандай құрбандықтар Құдайға ұнамды?

14 Айнымас сүйіспеншілік артығымен істейді. Бүгінде де көп бауырластар бір сенімдегілерге, тіпті жеке танымайтындарына да айнымас сүйіспеншілік танытуға ұмтылады. Мысалы, бір жерде табиғи апат болып жатқанын естісе, бірден көмектесудің жолын іздейді. Ал егер қауымда біреу қаржылай қиналып жатса, бірден сол адамға барып, қажетімен қамдауға тырысады. Бұндай бауырластар I ғасырдағы македониялықтарға ұқсайды. Олар мұқтаж бауырластарына жәрдемдесу үшін уақыты мен қолда барын аямайды, “тіпті одан да көп береді” (Қор. 2-х. 8:3). Ехоба олардың айнымас сүйіспеншілігін көріп, тәнті болатынында сөз жоқ! (Еврейлерге 13:16 оқыңыз).

БІР-БІРІМІЗГЕ АЙНЫМАС СҮЙІСПЕНШІЛІК ТАНЫТУДЫҢ ЖОЛДАРЫ

15, 16. Рут жақсылық жасаудан қайтпайтынын қалай көрсетті?

15 Рут пен Нағиманың оқиғасынан көп нәрсе үйренеміз. Солардың кейбіріне тоқталайық.

16 Алған бетіңізден қайтпаңыз. Рут Нағимамен бірге Яһудаға еріп бармақшы болғанда, Нағима басында бұған қарсы болды. Бірақ Рут еш берілмеді. Ақырында “Руттың алған бетінен қайтпайтынын көргенде, енесі оны әрі қарай көндіруге тырыспады” (Рут 1:15—18).

17. Берілмей айнымас сүйіспеншілік танытуға не көмектеседі?

17 Қолдану. Жаны күйзелгендерге көмектесу үшін шыдамдылық қажет. Бірақ алған бетіңізден қайтпаңыз. Басында бауырласымыз көмектен бас тартып, қолыңызды қайтаруы мүмкін. Сонда да Рут сияқты айнымас сүйіспеншілік танытып, одан барынша ажырамаңыз (Ғал. 6:2). Түбінде ол көмегіңізді қабыл алып, еңсесін көтеретініне үміттеніңіз.

18. Не нәрсе Руттың жүрегіне ауыр тиген болуы мүмкін?

18 Жүрегіңізге жақын алмаңыз. Нағима мен Рут Бетлехемге келгенде, оның бұрынғы көршілері алдынан шығады. Сонда Нағима оларға: “Кеткенде берекелі едім, қайтқанда Ехоба құралақан қалдырды”,— дейді (Рут 1:21). Бұл сөздерді естігенде Рут өзін жаман сезініп қалған шығар. Осы күнге дейін ол Нағимадан еш көмегін аямай келді ғой: онымен бірге жылады, оны жұбатты, онымен бірге ұзақ жол жүрді! Ал Нағима “Ехоба құралақан қалдырды” деп, дәл жанында тұрған Руттың бірде-бір еңбегін бағаламағандай болды. Бұл сөздер Руттың жүрегіне ауыр тиген шығар, бірақ ол сонда да енесінен ажырамады.

19. Қиын жағдайда жүрген бауырласымыздан ажырамауға не көмектеседі?

19 Қолдану. Көмектесуге қанша тырыссақ та, жаны күйзелген бауырласымыз кейде бізге ауыр сөздер айтып қоюы мүмкін. Бірақ біз оны көңілімізге алмауға тырысамыз. Қайта, бауырласымызды тастамай, Ехобадан “оны жұбатудың жолын табуға көмектесші” деп сұраймыз (Нақ. с. 17:17).

Ақсақалдар Бағозға қалай еліктей алады? (20, 21-абзацтарды қараңыз)

20. Рут еш берілмей, әрі қарай да жақсылық жасай беруге қайдан күш алды?

20 Дер кезінде жігер беріңіз. Нағимаға айнымас сүйіспеншілік танытып жүрген Руттың өзіне де жігер қажет еді. Сол кезде Ехоба Бағозды қолданды. Ол Рутты мақтап былай деді: “Жасаған жақсылықтарың үшін Ехоба саған батасын төксін! Исраилдің Құдайы Ехоба қанатының астынан пана іздеген саған қарымтаңды толығымен қайтарсын!” Сонда Руттың жаны жадырап кетті. Ол Бағозға: “Жылы сөзбен күңіңіздің көңілін орнықтырдыңыз”,— деді (Рут 2:12, 13). Дер кезінде айтылған бұл сөздер Рутқа әрі қарай да жақсылық жасай беруге күш берді.

21. Ишая 32:1, 2-де айтылғандай, қамқор ақсақалдар не істейді?

21 Қолдану. Өзгеге айнымас сүйіспеншілік танытып жүргендерге де жігер беріп тұру қажет. Бағоз Руттың жақсылықтарын байқап, оны мақтағанындай, ақсақалдар да басқаларға көмектесіп жүрген бауырластарды байқап, шын жүректен мақтайды. Бауырластар дер кезінде айтылған бұндай жылы сөздерден күш алып, әрі қарай да өзгелерге еш талмай көмектесе береді (Ишая 32:1, 2 оқыңыз).

АЙНЫМАС СҮЙІСПЕНШІЛІК ТАНЫТУДЫҢ ӨЗІМІЗ ҮШІН ПАЙДАСЫ

22, 23. Нағиманың ойы қалай өзгерді және неге? (Зәбүр 136:23, 26)

22 Біраз уақыт өте Бағоз Рут пен Нағимаға мол азық беріп жомарттық танытады (Рут 2:14—18). Сонда Нағима: “Тіріге де, өліге де айнымас сүйіспеншілігін аямаған Ехоба сол кісіге батасын төксін!”— дейді (Рут 2:20а сілт.). Неткен сөздер! Алдында ғана “Ехоба маған қарсы шықты” деп зар илеген адам енді міне, “Ехоба айнымас сүйіспеншілігін аямайды” деп қуана айқайлады. Сонда не нәрсе Нағиманың ойын өзгертті?

23 Нағима Ехобаның оны ешқашан жалғыз тастамағанын ақыры түсіне бастады. Мысалы, ол Яһудаға қайтқанда, Ехоба Рут арқылы оған жол-жөнекей тірек болды (Рут 1:16). Туысқандық міндетті алатындардың бірі Бағоз оларға мол азық бергенде де, Нағима Ехобаның қолын көрді * (Рут 2:19, 20ә). Ол “енді түсіндім, осы уақытқа дейін Ехоба менің қасымда болған екен, ол мені ешқашан тастамапты” деп ойлағаны сөзсіз (Зәбүр 136:23, 26 оқыңыз). Рут пен Бағоз Нағиманы тастамай, соңына дейін көмектескеніне ол қаншалықты риза болды десеңізші! Бәрі жақсы аяқталғанына үшеуі де қатты қуанды.

24. Неліктен бауырластарымызға айнымас сүйіспеншілік таныта бергіміз келеді?

24 Сонымен, Рут кітабынан айнымас сүйіспеншілік жайлы не білдік? Айнымас сүйіспеншілік бізді күйзеліп жүрген бауырластарға еш берілмей көмектесуге талпындырады. Сондай-ақ олар үшін құрбандықтарға баруға қозғау салады. Ал ақсақалдар өзгелерге айнымас сүйіспеншілік танытып жүрген бауырластарға дер кезінде жігер беріп отыру керек. Күйзеліп жүрген бауырлас қайта күш жинап, қызметін қуанышпен атқарып жүргенін көргенде шын қуанатынымыз рас (Ел. іс. 20:35). Десе де айнымас сүйіспеншілік танытуымыздың басты себебі — біз Ехобаға еліктеп, оған ұнамды болғымыз келеді. Ал ол — “айнымас сүйіспеншілігі мол Құдай!” (Мұс. 2-ж. 34:6; Зәб. 33:22).

130-ӘН Кешірімді болайық

^ 5-абзац Ехоба біздің қауымда бір-бірімізге айнымас сүйіспеншілік танытқанымызды қалайды. Бұл қасиетті тереңірек түсіну үшін, оны Құдайдың ежелгі қызметшілері қалай танытқанын зерттеуіміз керек. Ендеше, осы мақалада Руттың, Нағиманың және Бағоздың үлгісіне көңіл бұрайық.

^ 8-абзац Осы мақаланың толық пайдасын көру үшін Рут кітабының 1, 2-тарауын оқып шығуға шақырамыз.

^ 23-абзац Бағоздың туысқандық міндетті қалай атқарғаны жайлы “Сенімін серік еткендер” кітабының “Тамаша адам” деген 5-тарауында айтылады.