Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

46-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Жас жұбайлар, өмірлеріңізді Ехобаға қызмет етуге арнаңыздар

Жас жұбайлар, өмірлеріңізді Ехобаға қызмет етуге арнаңыздар

“Ехоба — менің күшім... Жүрегім оған сенім артады” (ЗӘБ. 28:7).

131-ӘН “Құдай қосқан жұпты”

АҢДАТПА *

1, 2. а) Жас жұбайлар неліктен Ехобаға сенім артулары керек? (Зәбүр 37:3, 4) ә) Осы мақалада не туралы қарастырамыз?

СІЗ жақында неке құрған болсаңыз немесе неке құрғалы жатсаңыз, сүйген адамыңызбен бірге бақытты ғұмыр кешемін деп үміттенетініңіз сөзсіз. Десе де некелік өмірдің өз қиындықтары бар. Кейде жұп болып маңызды шешімдер қабылдау керек болады. Сол кездері қалай әрекет ететіндеріңіз некелеріңіздің болашағына тікелей әсер етеді. Егер Ехобаға арқа сүйесеңіздер, дұрыс шешімдер қабылдап, некелеріңіз берік және бақытты болады. Ал егер өз ақылдарыңызға сүйеніп, Құдайдың ойын елемесеңіздер, қиындықтарға ұшырап, некелеріңізге сызат түсуі мүмкін (Зәбүр 37:3, 4 оқыңыз).

2 Бұл мақала негізінен жаңадан үйленгендерге арналғанымен, мұнда барлық ерлі-зайыптылар кездесетін қиындықтар қарастырылады. Сондай-ақ Киелі кітап заманында өмір сүрген Құдайға адал ерлер мен әйелдердің үлгілерін көреміз және біздің заманымыздағы мәсіхші ерлі-зайыптылардың мысалдарын қарастырып, олардан не үйренетінімізді білеміз.

ЖАС ЖҰБАЙЛАР КЕЗІГЕТІН ҚИЫНДЫҚТАР

Қандай шешімдер жас жұбайларға Ехобаға көбірек қызмет етуге кедергі болуы мүмкін? (3, 4-абзацтарды қараңыз)

3, 4. Жас жұбайлар қандай қиындықтарға кезігуі мүмкін?

3 Жас жұбайларға ата-анасы, достары немесе басқа да жақындары: “Енді жұрт қатарлы өмір сүріп, тез балалы болыңдар, үй алып, ішін дүние-мүлікке толтырыңдар”,— деп қысым жасауы мүмкін.

4 Жас жұбайлар абайламаса, бұрыс шешімдер қабылдап, қарызға батып кетуі мүмкін. Сосын бұл қарызды жабу үшін әйеліне де, күйеуіне де таң атқаннан қара кешке дейін жұмыс істеуге тура келеді. Бұндай жұмыс жеке зерттейтін, отбасылық ғибадат өткізетін және уағыздайтын уақытты алып қояды. Олар тіпті көбірек ақша табу үшін немесе жұмыстарын жоғалтып алмау үшін қауым кездесулерінен қала бастауы мүмкін. Нәтижесінде, олар қызмет аясын кеңейту мүмкіндігін жіберіп алып, нағыз қуаныш пен қанағат алудан құр қалады.

5. Клаус пен Марисаның оқиғасынан нені түсінуге болады?

5 Өмір көрсеткендей, байлыққа ұмтылу ешқашан бақытқа жеткізбейді. Мысалға Клаус пен Мариса деген ерлі-зайыптыны алайық *. Үйленген соң, олар жақсы өмір кешейік деп толық уақыт жұмыс істей бастайды. Бірақ олар шын қанағат сезінбейді. “Бізде бәрі болды, тіпті қажетінен де көп болды, бірақ ешқандай рухани мақсатқа ұмтылмадық. Шыны керек, өміріміз қиындап, стресс көбейіп кетті”,— дейді Клаус. Сіздің отбасыңыз да осындай күй кешіп жүрсе, еңсеңіз түспесін. Киелі кітаптағы үлгі болған адамдардың мысалдары сізге көмектесе алады. Қазір Жосафат патша күйеулерге қандай үлгі қалдырғанын көрейік.

ЖОСАФАТ ПАТША СИЯҚТЫ, ЕХОБАҒА СЕНІМ АРТЫҢЫЗДАР

6. Үлкен қиындыққа кезіккенде Жосафат патша Нақыл сөздер 3:5, 6-дағы кеңесті қалай қолданды?

6 Күйеулер, сіздерде жауапкершілік көп болғандықтан кейде уайымдайтын шығарсыздар. Сіздерге Жосафат патша жақсы үлгі қалдырған. Оның мойнында бүкіл елдің қамы жатқан еді. Ол өзіне жүктелген міндетке үлкен жауапкершілікпен қарады. Мысалы, ол Яһуда елінде бекіністі қалалар салды, 1 160 000-нан астам сарбаз жинап, әскерін күшейтті (Шеж. 2-ж. 17:12—19). Бірде Жосафат патша өте үлкен қиындыққа кезікті. Аммондықтардың, моабтықтардың және Сейір таулы өңірінің қалың қолы Яһуда еліне қарсы аттанып, Жосафаттың өзіне, отбасына және халқына қауіп төндірді (Шеж. 2-ж. 20:1, 2). Сол кезде ол не істеді? Ол Нақыл сөздер 3:5, 6-да (оқыңыз) айтылғандай әрекет етіп, Ехобаға жүгінді, одан күш сұрады. Оның кішіпейілділікпен айтқан дұғасынан көктегі қамқор Әкесіне қаншалықты арқа сүйегенін көреміз (Шеж. 2-ж. 20:5—12). Жосафаттың дұғасына Ехоба қалай жауап берді?

7. Ехоба Жосафаттың дұғасына қалай жауап берді?

7 Ехоба Жосафатқа Жахазиел деген леуілік арқылы жауап берді. Ол былай деп ерекше нұсқау берді: “Тек сол жерге барыңдар да, тапжылмай тұрыңдар, сонда Ехобаның өздеріңді қалай құтқаратынын көресіңдер” (Шеж. 2-ж. 20:13—17). Тапжылмай тұрып соғыста жеңу — мүмкін емес нәрсе! Бірақ бұл пендеден емес, Ехоба Құдайдан келген нұсқау еді. Жосафат Ехобаға толық сенім артып, бәрін сол айтқандай істеді. Жауымен бетпе-бет келгенде, ол алдыңғы шепке майталман сарбаздарын емес, қаруы жоқ әншілерін қойды. Ехоба сөзін жерге тастамай, Жосафат пен халқына ұлы жеңіс сыйлады (Шеж. 2-ж. 20:18—23).

Жас жұбайлар өмірлерін Ехобаға қызмет етуге арнау үшін, оған дұға етіп, Сөзін зерттесе болады (8, 10-абзацтарды қараңыз)

8. Күйеулер Жосафаттан қандай үлгі ала алады?

8 Күйеулер, Жосафат патша сияқты, сіздердің де мойындарыңызда үлкен жауапкершілік бар. Отбасын асырап, оларды қорғау үшін сіздер көп еңбектенесіздер. Қандай да бір қиындық туындағанда, сіздер оны шешуге өз шамам жетеді деп ойлайтын шығарсыздар. Бірақ мұндай бейімділікке берілмеңіздер. Қайта, Ехобаға дұға етіп, одан көмек сұраңыздар. Сосын әйелдеріңізбен бірге тағы да ыстық дұға айтыңыздар. Киелі кітапты және соған негізделген әдебиеттерді зерттеп, Құдай мен оның ұйымының басшылығына жүгініңіздер. Сосын сол ақыл-кеңеске сай әрекет етіңіздер. Бірақ бұл шешімдеріңіз өзгелерге ұнамауы мүмкін. Олар: “Мынауың барып тұрған ақымақтық қой, одан да көп ақша тауып, отбасыңның жағдайын жақсылап жасамайсың ба?!”— дейтін шығар. Бірақ Жосафат патшаны есте ұстаңыздар. Ол Ехобаға сенім артып, мұны ісімен көрсетті. Ал Ехоба осы адал қызметшісін тастамады, ол сізді де тастамайды (Зәб. 37:28; Евр. 13:5). Некелік өмірлері шын қанағат пен бақытқа толы болу үшін ерлі-зайыптылар не істесе болады?

ИШАЯ МЕН ОНЫҢ ӘЙЕЛІ СИЯҚТЫ, ӨМІРЛЕРІҢІЗДІ ЕХОБАҒА ҚЫЗМЕТ ЕТУГЕ АРНАҢЫЗДАР

9. Ишая пайғамбар мен оның әйелі жайлы біз не білеміз?

9 Ишая пайғамбар мен оның әйелі өмірлерін Ехобаға қызмет етуге арнаған. Киелі кітапта Ишаяның әйелі “пайғамбар әйел” деп аталған. Соған қарағанда, оның да пайғамбарлық міндеттері болған (Ишая 8:1—4). Олар Ехобаға ғибадат етуді басты орынға қоюларымен ерлі-зайыптыларға керемет үлгі қалдырған!

10. Киелі кітаптағы пайғамбарлықтарды зерттеудің ерлі-зайыптыларға қандай көмегі бар?

10 Бүгінде де ерлі-зайыптылар Ишая мен оның әйелі сияқты Ехобаға барынша қызмет етуге талпына алады. Бұл үшін олар Ехобаға көбірек сенім артуды үйренулері керек. Бұған Киелі кітаптағы пайғамбарлықтарды зерттеп, олардың міндетті түрде орындалатынына көз жеткізгендері көмектеседі * (Тит. 1:2). Сондай-ақ олар: “Қандай пайғамбарлықтардың орындалуына үлес қоса аламыз?”— деп ойланса болады. Мысалы, ерлі-зайыптылар Исаның “осы заманның соңы келгенше ізгі хабар бүкіл жер бетінде уағыздалады” деген пайғамбарлығының орындалуына қатыса алады (Мат. 24:14). Олардың Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардың шынымен орындалатынына көздері жеткен сайын, Ехобаға көбірек қызмет етуге деген шешімдері беки түседі.

ПРИСКИЛА МЕН АҚИЛА СИЯҚТЫ, АЛДЫМЕН ПАТШАЛЫҚТЫ ОЙЛАҢЫЗДАР

11. Прискила мен Ақила не нәрсеге жол бермеді?

11 Рим қаласында тұрған Прискила мен Ақила деген яһуди ерлі-зайыпты да жас жұбайларға жақсы үлгі қалдырған. Олар Иса туралы ізгі хабарды естіп, мәсіхші болған. Бірде күтпеген жерден император Клауди бүкіл яһудилерге Римнен кетуді бұйырады. Енді Ақила мен Прискилаға үйреншікті жерлерін тастап, жаңа жерде бәрін басынан бастауға тура келді. Олар тұратын жаңа үй тауып, шатыр жасау кәсіптеріне де басынан кірісулері керек еді. Осындай өзгерістер кезінде Ақила мен Прискила Патшалық ісін екінші орынға қойып кетті ме? Біз бұның жауабын білеміз. Олар Қорынттағы қауыммен бірден араласып кетті. Пауылмен бірге бауырластарды нығайтты. Кейінірек олар басқа да қалаларға көшіп барып, жариялаушылар қажет жерде қызмет етті (Ел. іс. 18:18—21; Рим. 16:3—5). Ақила мен Прискиланың өмірі бақыт пен қызыққа толы болды!

12. Неге жұбайлардың рухани мақсаттарға ұмтылғандары дұрыс?

12 Бүгінде де көп жас жұбайлар Прискила мен Ақилаға еліктеп, Патшалықты басты орынға қоя алады. Олар қандай мақсатқа ұмтылатындарын кездесіп жүргенде-ақ шешіп алғандары дұрыс. Жұбайлар бірге шешім қабылдап, рухани мақсаттарға бірге ұмтылса, көп жағдайда Ехобаның қолын көретін болады (Уағ. 4:9, 12). Расселл мен Елизабеттің сөздеріне ден қояйықшы. Рассел былай дейді: “Біз қандай рухани мақсаттарға ұмтылатынымызды үйленбей тұрып шешіп алдық”. Ал Елизабет былай дейді: “Біз мақсатымызды алдын ала анықтап алғандықтан, түрлі таңдаулар жасауға тура келгенде мақсатымыздан алыстататын шешімдерден аулақ болдық”. Кейін Расселл мен Елизабет Микронезияға көшіп барып, жариялаушылар қажет жерде қызмет етті.

Жас жұбайлар өмірлерін Ехобаға қызмет етуге арнау үшін, рухани мақсаттар қойса болады (13-абзацты қараңыз)

13. Зәбүр 28:7-ге сай, Ехобаға сенім артсақ, нәтижесі қандай болады?

13 Расселл мен Елизабет сияқты, көптеген ерлі-зайыптылар басқа істерге алаңдамай, мүмкіндігінше көбірек уағыздап, тәлім беруге тырысады. Олар рухани мақсаттар қойып, соларға ұмтылғанда, бұның көп жемісін көреді. Ехобаның қамқорлығын сезініп, оған деген сенімдері артады және шын бақытты болады (Зәбүр 28:7 оқыңыз).

ЕЛШІ ПЕТІР МЕН ӘЙЕЛІ СИЯҚТЫ, ЕХОБАНЫҢ УӘДЕЛЕРІНЕ СЕНІМ АРТЫҢЫЗДАР

14. Петір мен оның әйелінің Матай 6:25, 31—34 тармақтарда жазылған уәдеге сенетіндері неден көрінді?

14 Ерлі-зайыптылар Петір мен оның әйелінен де көп нәрсеге үйрене алады. Петір отбасын асырау үшін балық аулаумен айналысатын. Исамен танысқанына біршама уақыт өткеннен кейін, Иса оны өзімен бірге толық уақыт қызмет етуге шақырды. Петірге бұл шешімді қабылдау оңай болмаған шығар, өйткені оның отбасы бар еді (Лұқа 5:1—11). Бірақ ол Исаның соңынан еріп, бірге уағыздауды шешті. Бұл шынымен де дана шешім болды! Біз Петірдің әйелі оның шешімін қолдаған деп тұжырымдай аламыз. Өйткені Киелі кітапта айтылғандай, Иса қайта тірілгеннен кейін ол Петірмен бірге миссионерлік сапарға шыққан (Қор. 1-х. 9:5). Әйелі жақсы үлгі көрсеткендіктен, Петір мәсіхші ерлі-зайыптыларға еркін кеңес бере алғаны сөзсіз (Пет. 1-х. 3:1—7). Патшалықты бірінші орынға қойса, Ехоба қажетімен қамдайтынына Петір де, оның әйелі де сенімді болған (Матай 6:25, 31—34 оқыңыз).

15. Естер мен Тиагоның оқиғасынан не үйренеміз?

15 Ал егер үйленгендеріңізге біраз жыл болса ше? Ехобаға көбірек қызмет етуге деген ықыластарыңызды қалай жандандыра аласыздар? Бұның бір жолы — осылай еткен ерлі-зайыптылар жайлы оқып-зерттеу. Мысалы, “Олар дайындық рухын танытты” деген айдардағы мақалаларды зерттесеңіздер болады. Бұл мақалалар бразилиялық Тиаго мен Естерге жақсы көмектескен. Олар сол мақалаларды оқыған соң, қажеттілік бар жерде қызмет етуге ықыластары оянған. Тиаго былай дейді: “Ехобаның бүгіндегі қызметшілеріне қалай көмектесіп жатқаны жайлы оқығанда, біз де Ехобаның көмегін анық көріп, қамқорлығын сезінгіміз келіп кетті”. Сөйтіп, олар Парагвайға көшіп барды. 2014 жылдан бері олар португал тіліндегі танапта қызмет етеді. Әйелі Естер былай дейді: “Ефестіктерге 3:20 екеуіміздің де сүйікті тармағымыз. Ондағы сөздердің растығына біздің талай рет көзіміз жетті”. Сол тармақта Ехобаның бізге біз сұрағаннан әлдеқайда көп нәрсе беретіні айтылған. Ехоба осы уәдесінде берік тұрады!

Жас жұбайлар өмірлерін Ехобаға қызмет етуге арнау үшін, толысқан бауырластармен кеңессе болады (16-абзацты қараңыз)

16. Жас жұбайлар кімдерден ақыл-кеңес сұрай алады?

16 Жас жұбайлар Ехобаға әрдайым сенім артатын бауырластардан үлгі алса болады. Мысалы, кейбір ерлі-зайыптылар Ехобаға ондаған жылдар бойы толық уақыт қызмет етіп келеді. Жас жұбайлар сол тәжірибелі бауырластармен ақылдасып, кеңес сұрай алады. Бұл — Ехобаға сенім артатындарыңызды көрсетудің тағы бір жолы (Нақ. с. 22:17, 19). Сондай-ақ ақсақалдар да жас жұптарға рухани мақсаттар қойып, соған жетуге көмектесе алады.

17. Клаус пен Мариса қандай жағдайға кезікті және біз олардан не үйренеміз?

17 Біз Ехобаға көбірек қызмет етудің белгілі бір жолын ойлағанымызбен, Ехоба бізге басқа қызметтің есігін ашуы мүмкін. Жоғарыда Айтылған Клаус пен Марисаның жағдайында осылай болған. Неке құрғандарына үш жыл болғанда, олар Финляндия Бетелінің құрылысына қатысу үшін сол жаққа көшіп барады. Бірақ бауырластар оларға құрылысқа 6 ай ғана көмектесе алатындарын айтады. Бұны естігенде олардың көңілдері түсті. Бірақ кейін олар араб тілін үйрететін курсқа шақырылды. Қазір екеуі басқа елде араб тілді танапта қуана қызмет етіп жүр. Мариса былай деп есіне алды: “Ехобаға толық сенім артып, бұрын ешқашан істемегенді істеу басында қорқынышты көрінеді. Бірақ Ехоба бізге күтпеген жолдармен көмектесіп отырды. Осыны көргеннен кейін менің Ехобаға деген сенімім одан сайын артты”. Бұл мысалдан көретініміздей, Ехобаға толық сенім артсақ, ол бізге әрдайым батасын береді.

18. Ерлі-зайыптылар Ехобаға сенім арта берулері үшін не істеулері керек?

18 Неке — Ехобаның берген сыйы (Мат. 19:5, 6). Ехоба ерлі-зайыптылардың сол сыйдың қызығын көргенін қалайды (Нақ. с. 5:18). Жас жұбайлар, өмірлеріңізді не нәрсеге арнап жүргендеріңіз жайлы ойланып көріңіздер. Ехоба берген сыйларды бағалайтындарыңызды барынша көрсетіп жатырсыздар ма? Ехобаға дұға етіңіздер. Құдай Сөзінен өз жағдайларыңызға сай келетін принциптерді іздеңіздер. Кейін сол кеңестерге сай әрекет етіңіздер. Жұп болып өмірлеріңізді Ехобаға қызмет етуге арнасаңыздар, ол міндетті түрде батасын береді, әрі некелеріңіз бақытты болады!

132-ӘН Енді біз бір бүтінбіз

^ 5-абзац Жас жұбайлардың қабылдайтын шешімдері бүкіл өмірлеріне әсер етуі мүмкін. Кейбір шешімдердің нәтижесінде Ехобаға қызмет етуге аз уақыт пен аз күш қалуы мүмкін. Ендеше, ерлі-зайыптыларға дұрыс шешімдер қабылдап, бақытты болуға не көмектеседі?

^ 5-абзац Кейбір есімдер өзгертілген.