Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

47-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Сеніміңіз мықты болып қала ма?

Сеніміңіз мықты болып қала ма?

“Абыржымаңдар. Құдайға сеніңдер” (ЖОХ. 14:1).

119-ӘН Сеніміміз берік болғай

АҢДАТПА *

1. Бізді қандай ойлар мазалауы мүмкін?

СІЗ алда болатын жалған діннің жойылуы, Магог жеріндегі Гогтың шабуылы және Армагеддон соғысы туралы ойлағанда, біраз абыржитын шығарсыз. Жантүршігерлік сол кезеңдерде мінсіздігімді сақтай алар ма екенмін деп ойлайтын шығарсыз. Осындай ойлар мазаласа, Исаның “абыржымаңдар, Құдайға сеніңдер” деген сөзі сізге көмек болады (Жох. 14:1). Расында да, сеніміміз мықты болса, болашақты қорықпай қарсы аламыз.

2. Сенімімізді қалай нығайта аламыз және бұл мақалада не туралы қарастырамыз?

2 Алдағы сынақтарда берік тұру үшін сенімімізді қалай нығайтсақ болады? Бұл үшін сенімімізді қай жағынан күшейту керектігін білу керек. Сондықтан қазір кезігіп жүрген сынақтарда қалай әрекет ететінімізге мән берейік. Әр сынақтан өткен сайын сеніміміз мықты бола түседі. Сонда болашақтағы сынақтарға дайын боламыз. Біз бұл мақалада Исаның шәкірттері сенімдерін нығайту керек болған төрт жағдайды қарастырамыз. Кейін біз де сондай қиындықтарға кезіккенде, сенімімізді нығайтып, болашақтағы сынақтарға қалай дайын бола алатынымызды көреміз.

ҚҰДАЙ БІЗДІ ҚАЖЕТІМІЗБЕН ҚАМДАЙТЫНЫНА ДЕГЕН СЕНІМ

Сенім бізге таршылық көрген шақта да Патшалық ісіне барынша атсалысуға көмектеседі (3—6 абзацтарды қараңыз)

3. Матай 6:30, 33-те Иса сенімге қатысты не айтты?

3 Әрбір отағасы әйелі мен бала-шағасын ішер ас, киер киім, баспанамен қамтамасыз еткісі келеді. Бірақ қазіргі заманда бұл оңай емес. Кейбір отағалары жұмыстарынан айырылып, қанша тырысса да, мүлдем жұмыс таба алмай жатады. Ұсынылған жұмыс мәсіхшілерге лайықсыз болғандықтан да, отағаларға одан бас тартуға тура келеді. Осындай кездері Ехоба жағдайымызды көріп, қажетімізбен қамдайтынына зор сенім керек. Таудағы уағызында Иса шәкірттеріне осы жайлы айтқан (Матай 6:30, 33 оқыңыз). Егер Ехоба бізді тастамайтынына еш күмәнданбасақ, бар назарымызды Патшалық ісіне аудара аламыз. Сонда ол бізді қажетімізбен қамдайтынын көріп, оған жақындай түсеміз әрі сеніміміз де нығаяды.

4, 5. Бір отбасына таршылық көргенде уайымға салынып кетпеуге не көмектесті?

4 Венесуэлада тұратын бір отбасы таршылық көргенде, Ехоба оларға уайымға батып кетпеуге көмектескен. Бұл отбасы өз фермаларында жұмыс істеп, күндерін көріп жүрген еді. Кейін қаруланған бір тобыр адам келіп, олардың иеліктерін тартып алып, өздерін қуып жіберді. Отағасы Мигел былай дейді: “Қазір біз біреуден уақытша ала тұрған алақандай жерімізді өңдеп, содан күн көріп отырмыз. Мен күніге таңертең Ехобаға дұға етіп, бүгінгі қажетімізді бере көр деп сұраймын”. Жағдайлары қиын болса да бұл отбасы қауым кездесулерінен қалмайды, жүйелі түрде қызметке шығады. Өйткені Ехоба әр күні қамдарын ойлайтынына олар толық сенеді.

5 Иә, расында да Патшалықты бірінші орынға қойып жүрген бұл отбасын Ехоба ешқашан тастаған емес. Мигел мен әйелі Юрай Ехоба оларға қалай көмектесіп жатқанына бар назарларын аударды. Мысалы, Ехоба бауырластар арқылы оларға аздап қаржылай көмектесті және Мигелге жұмыс тауып берді. Тағы бірде Ехоба филиал арқылы көмек көрсетіп, оларды негізгі қажеттерімен қамдады. Ехоба Мигелдің отбасын бірде-бір сәтке тастамады. Осының арқасында олардың сенімі берік бола түсті. Үлкен қыздары Йоселин былай дейді: “Ехобаның қолын анық көру жүрекке қатты әсер етеді екен. Қазір мен оны бүкіл өмірімді аманаттай алатын досым деп білемін. Отбасымыздың басынан өткен бұл сынақтар бізді алда болатын үлкен сынақтарға дайындады”.

6. Қаржылай қиындық көргенде сеніміңізді қалай нығайта аласыз?

6 Сіз де қаржылай қиындық көріп жүрсіз бе? Онда, бұл сізге оңай тимей жатқан шығар. Бірақ сіз осы қиын жағдайда сеніміңізді нығайта аласыз. Дұға еткен соң, Исаның Матай 6:25—34 тармақтарда жазылған сөздерін оқып, ой жүгіртіңіз. Сондай-ақ бүгінде теократиялық істерден қолы босамай жүрген бауырластарды Ехоба қалай қамқорлап жатқаны жайлы ойланыңыз (Қор. 1-х. 15:58). Сонда көктегі Әкеміз сіздің де қамыңызды ойлайтынына сеніміңіз нығаяды. Ол сізге не қажет екенін және сол қажетіңізді қалай беру керектігін де жақсы біледі. Өміріңізде Ехобаның қолын көрген сайын, сеніміңіз артады. Соның арқасында алдағы бұдан да үлкен сынақтарға дайын боласыз (Абқ. 3:17, 18).

“СҰРАПЫЛ ДАУЫЛҒА” ТӨТЕП БЕРЕТІН СЕНІМ

Сеніміміз мықты болса, біз кәдімгі де, бейнелі де “сұрапыл дауылға” төтеп береміз (7—11 абзацтарды қараңыз)

7. Матай 8:23—26 тармақтарда айтылғандай, шәкірттердің сенімі “сұрапыл дауылда” қалай сыналды?

7 Иса шәкірттерінің сенімдерін қай жағынан нығайту керектігін көрсеткен тағы бір жағдайды алайық. Олар қайықпен кетіп бара жатқанда, кенет теңізде сұрапыл дауыл көтеріледі (Матай 8:23—26 оқыңыз). Толқындар қайықты соққылап, іші суға тола бастайды. Иса бұл кезде ұйықтап жатқан еді. Шәкірттердің қорқып кеткендері сонша, Исаны оятып: “Бізді құтқара көріңіз!”— деп айқайлайды. Сонда Иса: “Неге сонша қорқасыңдар, сенімі аздар-ау!”— деп оларды жұмсақ түрде түзетеді. Шәкірттер Ехоба үшін Исаны және оның қасындағыларды аман сақтау түк емес екенін түсінулері керек еді. Біз бұдан қандай сабақ аламыз? Сеніміміз мықты болса, кәдімгі дауыл немесе бейнелі дауыл болсын, кез келген сынақта тайсалмай берік тұрамыз.

8, 9. Анельдің сенімі қалай сыналды және оған не көмектесті?

8 Пуэрто-Рикода тұратын Анель деген салтбасты бауырласымыз сенімін нығайтқан бір сынаққа кезікті. Ол тура мағынадағы “сұрапыл дауылды” бастан өткерді. 2017 жылы “Мария” дауылының кесірінен ол үйінен де, жұмысынан да айырылып қалды. Анель былай дейді: “Сол кезде уайым басып, мен қатты абыржыдым. Бірақ Ехобаға дұға етіп, оған арқа сүйеуді үйрендім. Соның арқасында уайымға өзімді жегізбей, қайта іс-әрекетке көштім”.

9 Анельдің айтуынша, қиыншылыққа төтеп беруге көмектескен тағы бір жайт — ұйымға мойынсұнғаны екен. “Ұйымның нұсқауларына мойынсұнғандықтан, сабыр сақтай алдым. Бауырластар рухани да, материалдық та көмек көрсеткенде, Ехобаның қамқорлығын сезіндім. Ехоба маған сұрағанымнан әлдеқайда көп берді. Осылай сенімім болаттай берік бола түсті”,— дейді ол.

10. “Сұрапыл дауыл” төнгенде, не істесеңіз болады?

10 Сіздің өміріңізде де “сұрапыл дауыл” болып жатыр ма? Бәлкім, сіз жақта табиғи апат орын алған шығар. Немесе ауыр дертке шалдығып, бейнелі дауылды бастан өткеріп жатқан шығарсыз. Сонын кесірінен еңсеңіз езіліп, не шара қолдануды білмей жүрген шығарсыз. Мұндайда Ехобаға арқа сүйеуді ұмытып кетпеңіз. Оған шын беріле дұға етіңіз. Бұған дейін Ехоба көмектескен жағдайларды еске алып, сеніміңізді нығайтыңыз (Зәб. 77:11, 12). Ол сізді бүгін де, ертең де жалғыз қалдырмайды.

11. Басшылықты қолға алғандарға мойынсұнуға неге ықыласты болуымыз керек?

11 Сынаққа төтеп беруге тағы не көмектеседі? Анель айтып кеткендей — мойынсұну. Ехоба мен Иса сенім артатын адамдарға біз де сенім артып үйренейік. Арамызда басшылықты қолға алғандар кейде ақылға қонбайтындай көрінетін шешімдер қабылдауы мүмкін. Алайда Ехоба мойынсұнатын жандарға батасын береді. Киелі кітаптан және адал бауырластарымыздың мысалдарынан көретініміздей, мойынсұнсақ, өмірімізді сақтаймыз (Мұс. 2-ж. 14:1—4; Шеж. 2-ж. 20:17). Сондай мысалдарға ой жүгіртейік. Сонда ұйымның қазіргі де, ертеңгі де нұсқауларын қолдауға деген ықыласымыз арта түседі (Евр. 13:17). Сондай-ақ болашақта болатын бұдан да үлкен “дауылдан” қорықпайтын боламыз (Нақ. с. 3:25).

ӘДІЛЕТСІЗДІККЕ ТӨТЕП БЕРЕТІН СЕНІМ

Табанды түрде дұға айтсақ, сеніміміз күшейеді (12-абзацты қараңыз)

12. Лұқа 18:1—8 тармақтардан көрінетіндей, әділетсіздікке кезіккенде, сенім қалай көмектеседі?

12 Иса шәкірттері әділетсіздікке кезіккенде, сенімдері сыналатынын білген. Әділетсіздікке төтеп бере алулары үшін, Иса оларға бір жесір әйел туралы мысал айтып берді. Жесір әйел әділдік орнатуын сұрап, қаладағы бидің алдына қайта-қайта барады. Өйткені ол табандылықпен сұрай берсе, би өтінішіне құлақ асатынына сенімді болды. Бидің өзі әділетсіз кісі болса да, ақырында жесір әйелдің өтінішін орындайды. Бұл мысалдан не түсінеміз? Биден айырмашылығы, Ехоба — әділ Құдай. “Олай болса,...Құдай өзі таңдап алған әрі өзіне күні-түні жалбарынып жүрген адамдары үшін қалайша әділдік орнатпайды?”— деді Иса (Лұқа 18:1—8 оқыңыз). Сосын: “Адам Ұлы келгенде, жер бетінен осындай сенім табар ма екен?”— деп қосты. Біз де әділетсіздік көргенде шыдамдылық пен табандылық танытып, сеніміміз жесір әйелдікіндей мықты екенін дәлелдеуіміз керек. Сеніміміз осындай мықты болса, Ехоба ертелі-кеш әділдік орнататынына күмәнданбаймыз. Біз сондай-ақ дұғаның күшіне де сенуіміз керек. Кейде біз дұғамызға өзіміз күтпеген жолмен жауап алуымыз мүмкін.

13. Әділетсіздік көрген бір отбасына дұға қалай көмектесті?

13 Конго Демократиялық Республикасында тұратын Веро деген әйел бауырласымыздың оқиғасын алайық. Ауылдарына бір әскери топ шабуылдағандықтан, Веро мен күйеуіне және 15 жасар қызына қашуға тура келеді. Бірақ жолда бір постта сарбаздар ұстап алып, оларды өлтіреміз деп қорқытады. Сол кезде Веро жылай бастайды. Қызы оны жұбату үшін, Ехобаның есімін қайта-қайта атап, дауыстап дұға етеді. Ол дұға етіп болған соң, әскери топтың командирі одан: “Саған дұға етуді кім үйреткен?”— деп сұрайды. Ол: “Анам үйреткен. Бұл дұға Матай кітабындағы үлгілі дұғадан алынған”,— дейді. Сонда командир оған: “Бара беріңдер, Ехоба Құдайларың сақтасын!”— деп жауап береді.

14. Сеніміміз қалай сыналуы мүмкін және оған төтеп беруге не көмектеседі?

14 Жоғарыдағы оқиға көрсететіндей, дұғаның маңызы зор. Алайда Ехоба әрқашан дұғаларымызға дереу әрі жантебірентерлік жолмен жауап бермеуі мүмкін. Мұндайда біз Исаның мысалындағы әйелден үлгі алып, Ехобаға табанды түрде дұға ете берейік. Ехоба бізді тастамайды және уақыты келгенде қандай да бір жолмен жауап береді. Сондықтан одан киелі рухын жалбарына сұрай берейік (Філіп. 4:13). Сондай-ақ мынаны ұмытпайық: жақында Ехоба бізге батасын үйіп-төгіп беретіні сонша — барлық қиындықтарымыз ұмыт болып, келмеске кетеді. Ехобаның көмегімен қиындықтардан адал өтсек, болашақтағы сынақтарда да тайсалмай тұрамыз (Пет. 1-х. 1:6, 7).

АУЫР ҚИЫНДЫҚҚА ТӨТЕП БЕРЕТІН СЕНІМ

15. Матай 17:19, 20-да айтылғандай, шәкірттер қандай қиындыққа кезікті?

15 Иса шәкірттеріне сенімдері болса, кез келген қиындықты еңсере алатындарын айтқан (Матай 17:19, 20 оқыңыз). Бір жағдайда олар адамның бойынан жынды шығара алмай қалады. Неліктен? Сенімдері аз болғандықтан. Иса оларға жетерліктей сенімдері болса, таудай кедергілерден өте алатындарын айтты. Біз де бүгінде таудай қиындықтарға кезігуіміз мүмкін.

Сенім ауыр қайғыда да Ехобаға барынша қызмет ете беруге көмектеседі (16-абзацты қараңыз)

16. Сенімнің арқасында Гейди ауыр сынаққа қалай төтеп берді?

16 Гватемалада тұратын Гейди деген бауырласымыздың оқиғасына көңіл бұрайық. Қауымнан келе жатқанда біреулер күйеуі Эдиді өлтіріп кетеді. Осы ауыр қайғыда сенімі Гейдиге қалай көмектесті? Ол былай дейді: “Мен дұғада ауыртпалығымды Ехобаға артқандықтан, жаным тыныштық тапты. Ехоба отбасым мен қауымдағы достарым арқылы маған қарайласты. Көбірек қызмет етіп жүргендіктен, жанымның сыздап ауырғаны біршама басылды, әрі ертеңгі күнді уайымдамай, бір күннің қамымен өмір сүретін болдым. Осы жағдайдан түсінгенім, болашақта қандай сынаққа кезікпейін, Ехобаның, Исаның және ұйымның арқасында бәрін де еңсере аламын”.

17. Таудай қиындыққа кезіккенде, не істесек болады?

17 Жақын адамыңыздан айырылғандықтан, қайғырып жүрсіз бе? Олай болса, Киелі кітаптан марқұмдар қайта тірілген оқиғаларды оқып, сеніміңізді нығайтыңыз. Әлде отбасыңыздағы бір адам қауымнан шығарылғандықтан, мұңайып жүрсіз бе? Олай болса, зерттеу жүргізіп, Ехобаның жөнге салу шарасы дұрыс екеніне сеніміңізді нығайтыңыз. Басыңызға қандай күн тумасын, бұны сеніміңізді күшейту үшін пайдаланыңыз. Не сезініп тұрғаныңыздың бәрін Ехобаға ашып айтыңыз. Оқшауланбай, бауырластарға жақын болыңыз (Нақ. с. 18:1). Бәлкім, кейбір істермен айналысқанда, естеліктер ойыңызға келіп, бір жылап алатын шығарсыз. Бірақ ол істер қиындығыңызға төтеп беруге көмектессе, олардан бас тартпаңыз (Зәб. 126:5, 6). Жүйелі түрде қауымға баруды, қызметке шығуды, Киелі кітапты оқуды доғармаңыз. Ехоба сізге дайындап отырған баталарға назар тігіңіз. Осылай Ехобаның қолын көрген сайын, сеніміңіз күшейе түседі.

“СЕНІМІМІЗДІ НЫҒАЙТА КӨРІҢІЗ”

18. Сеніміңіздің осал тұсын байқасаңыз, не істесеңіз болады?

18 Өткен немесе қазіргі сынақтарда сеніміңіздің осал жерлерін байқасаңыз, көңіліңіз түспесін. Осы мүмкіндікті пайдаланып, сеніміңізді нығайта аласыз. Ол үшін Исаның елшілері сияқты “сенімімді нығайта көр” деп дұға етіңіз (Лұқа 17:5). Сондай-ақ осы мақаладағы бауырластардың оқиғалары жайлы ой жүгіртіңіз. Мигел мен Юрай сияқты, Ехобаның көмектескен кездерін ешқашан жадыңыздан шығармаңыз. Вероның қызы және Анель сияқты, әсіресе сын сағаттарда Ехобаға шын беріле дұға етіңіз. Гейдидің жағдайындағыдай, Ехоба сізге де отбасыңыз бен достарыңыз арқылы көмектесе алады. Қазіргі сынақтарда Ехобаның көмегін қабыл алсаңыз, алдағы кез келген сынақта ол сізге көмектесетініне сенімді боласыз.

19. Иса не нәрсеге сенімді болды және сіз не нәрсеге сенімді бола аласыз?

19 Иса шәкірттеріне сенімдері аз болғанын айтса да, олар Ехобаның көмегімен алдағы сынақтардан адал өтетіндеріне еш күмәнданбаған (Жох. 14:1; 16:33). Сондай-ақ мықты сенімнің арқасында ұлы жамағат та зор алапаттан аман өтетініне сенімді болған (Аян 7:9, 14). Сіз солардың арасында боласыз ба? Ехобаның рақымының арқасында бола аласыз! Бұл үшін кез келген мүмкіндікті пайдаланып, сеніміңізді қазірден нығайта беріңіз! (Евр. 10:39).

118-ӘН “Сенімімізді нығайта көр”

^ 5-абзац Осы заманның соңы келгенін бәріміз асыға күтіп жүрміз. Дегенмен “сенімім мықты болып, сол кезеңнен адал өтер ме екенмін” деп уайымдайтын шығармыз. Осы мақалада сенімімізді күшейтетін ақыл-кеңестер мен бауырластардың оқиғаларын оқып білеміз.