Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

8-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Сынақтарда қуанышты болып қалыңыз

Сынақтарда қуанышты болып қалыңыз

“Бауырластарым, әртүрлі сынақтарға ұшырағанда, бұны зор қуанышпен қабылдаңдар” (ЖАҚ. 1:2).

111-ӘН Қуануға себеп көп

АҢДАТПА *

1, 2. Матай 5:11-ге сай, сынақтарды қалай қабылдауымыз керек?

ИСА ізбасарларының шынайы бақытқа қол жеткізетінін уәде еткен. Бірақ Иса олардың сынақтарға кезігетінін де айтқан (Мат. 10:22, 23; Лұқа 6:20—23). Біз Исаның шәкірті болғанымызға қуаныштымыз. Бірақ туысқандарымыздың тарапынан қарсылық, үкімет тарапынан қуғын көргенде, сыныптастарымыз бен әріптестеріміз Құдай заңын бұзуға азғырып, қысым көрсеткенде, қуанышты болып қалу қиын. Бұндай қиындықтар жиі бізді уайымға батырады.

2 Негізі, қуғын-сүргін адамды қуантпайды. Бірақ Құдай Сөзі бізді қиындық кезінде қуануға шақырады. Шәкірт Жақып сынақтарға ұшырағанда шарасыз күй кешудің орнына, қуануымыз керектігін айтқан (Жақ. 1:2; 5:11). Иса да біздің қуғын-сүргінге қарамастан бақытты болуымыз керектігін айтқан (Матай 5:11 оқыңыз). Бірақ қиындық кезінде қалай бақытты болып қалуға болады? Бұл сұрақтың жауабын алу үшін, Жақыптың ертедегі мәсіхшілерге жазған кеңестерін қарастырайық. Бірақ алдымен ертедегі мәсіхшілер қандай сынақтарға кезіккенін көрейік.

I ҒАСЫРДАҒЫ МӘСІХШІЛЕР ҚАНДАЙ СЫНАҚТАРҒА КЕЗІККЕН?

3. Жақып шәкірт болғаннан кейін көп ұзамай не болды?

3 Исаның бауыры Жақып шәкірт болғаннан кейін көп ұзамай Иерусалимдегі мәсіхшілер қатты қуғын көре бастады (Ел. іс. 1:14; 5:17, 18). Шәкірт Степанның өлімінен кейін, Иерусалимдегі мәсіхшілер қаладан қашып, “Яһудея мен Самария аймағына бытырап кетті”, тіпті сонау Кипр мен Антиохияға дейін жетті (Ел. іс. 7:58—8:1; 11:19). Сол мәсіхшілердің қандай қиындық көргені айтпаса да түсінікті. Бірақ бұл мәсіхшілер жүрген жерлерінде ізгі хабарды құлшына уағыздап жүрді. Соның арқасында Рим империясы бойынша көптеген қауымдар құрылды (Пет. 1-х. 1:1). Алайда ертедегі мәсіхшілердің көрген қиындығы бұл ғана емес.

4. Ертедегі мәсіхшілер тағы қандай қиындықтар көрді?

4 I ғасырдағы мәсіхшілерге әртүрлі қиындықтарға төзуге тура келген. Шамамен б. з. 50 жылы Рим императоры Клауди бүкіл яһудилерге Римнен кетуді бұйырды. Сол кезде мәсіхші яһудилерге үй-жайларын тастап, жер-жерлерге көшіп кетуге тура келді (Ел. іс. 18:1—3). Ал шамамен 61 жылы елші Пауыл мәсіхшілердің жұрт алдында қорлық көргенін, түрмеге жабылғанын, дүние-мүліктерінің талан-таражға салынғанын жазған (Евр. 10:32—34). Мәсіхшілер барлық адамның басына түсетін қиындықтармен де кезікті. Олардың жоқшылық көріп, ауруға шалдыққан кездері де болды (Рим. 15:26; Філіп. 2:25—27).

5. Бұл мақалада біз қандай сұрақтардың жауабын аламыз?

5 Жақып кітабы 62 жылға дейінгі уақытта жазылғандықтан, Жақып бауырластардың қандай сынақтарды бастан кешіп жатқанын өте жақсы білген. Сондықтан Ехоба оған бауырластарға сынақтарға қарамастан қуанышты болып қалуға көмектесетін кеңестер жаздырған. Қазір Жақыптың хатын қарастырып, мына сұрақтардың жауабын алайық: Жақып қандай қуаныш жайлы айтқан? Мәсіхшіні қуаныштан не айыруы мүмкін? Даналық, сенім, күш-жігердің болғаны сынақ кезінде қуанышты болып қалуға қалай көмектеседі?

МӘСІХШІНІ ҚУАНЫШҚА БӨЛЕЙТІН НЕ?

От шынылы майшамның ішінде жанып тұра беретіні сияқты, Ехоба сыйлайтын қуаныш та жүрегімізде жалындай береді (6-абзацты қараңыз)

6. Лұқа 6:22, 23-ке сай, мәсіхшілер неліктен сынақтарды қуанышпен қабылдау керек?

6 Адамдар жиі тек денсаулығым мықты болса, ақшам көп болса, отбасым бақытты болса ғана, қуанып өмір сүремін деп ойлайды. Бірақ Жақып осындай сыртқы жайттарға тәуелді қуаныш жайлы айтпаған. Ол айтқан қуаныш — Құдай рухы дарытатын қуаныш (Ғал. 5:22). Исаның үлгісіне еліктеп, Ехобаға ұнамды болып жүргендерін білгені мәсіхшілерге зор қуаныш сыйлайды (Лұқа 6:22, 23 оқыңыз; Қол. 1:10, 11). Ішіміздегі қуанышты шынылы майшамның ішінде жанып тұрған отқа теңеуге болады. Бұндай отты ешқандай жел де, жаңбыр да сөндіре алмайды. Біздің жүрегіміздегі қуанышты да өмірдегі ешқандай қиындық ұрлай алмайды. Денсаулықтың жоқтығы да, ақшаның жетіспеушілігі де, өзгелердің күлкі-мазағы да, туыстарымыздың қарсылығы да бізді қуаныштан айырмайды. Керісінше, бұндай жағдайлар қуанышымызды одан сайын жалындата түседі. Себебі сеніміміз үшін басымызға түскен сынақтар — Мәсіхтің шынайы шәкірті екеніміздің дәлелі (Мат. 10:22; 24:9; Жох. 15:20). Жақыптың: “Бауырластарым, әртүрлі сынақтарға ұшырағанда, бұны зор қуанышпен қабылдаңдар”,— деп жазғаны да осыдан (Жақ. 1:2).

Сынақтар өткір семсер жасау үшін қолданылатын от іспетті (7-абзацты қараңыз) *

7, 8. Сынақтар сенімімізге қалай әсер етеді?

7 Мәсіхшілер ең ауыр деген сынақтардың өзіне төзуге дайын. Мұның себебін түсіндіріп, Жақып: “Осылай сыналған сенімдеріңнің табандылық тудыратынын білесіңдер”,— деген (Жақ. 1:3). Сынақтарды өткір семсер жасау үшін қолданылатын отқа теңеуге болады. Семсерді қыздырып, ұрғылап, суытқан кезде, ол қатая түседі. Тура сол сияқты, сынақтарға табандылықпен төтеп берген кезде, сеніміміз қатайып, берік бола түседі. Сондықтан да Жақып: “Табандылықтарың толығымен көрсетілсін, сонда барлық жағынан кемелді де толысқан... боласыңдар”,— деген (Жақ. 1:4). Сынақтардың сенімімізді берік етіп жатқанын көргенде, оларға қуанышпен төзетін боламыз.

8 Жақып өзінің хатында қуанышымызды ұрлайтын жайттар жайында да жазған. Қазір соларға тоқталып, оларды жеңудің жолдарын қарастырайық.

ҚУАНЫШТЫ ҰРЛАЙТЫН ЖАЙТТАР МЕН ОЛАРДЫҢ ШЕШІМІ

9. Бізге не үшін даналық қажет?

9 1-жайт: Не істерімізді білмегенде. Біз сынақтар кезінде қабылдаған шешімдеріміздің Ехобаға ұнамды болғанын, бауырластарымызға пайдасын тигізгенін, адалдығымыздан таймауға көмектескенін қалаймыз (Ерм. 10:23). Бұл үшін сынақтар кезінде не істеп, не айтатынымызды нақты білуіміз қажет. Әйтпесе не істерімізді білмей, шарасыз күй кешіп, қуанышымыздан тез-ақ айырылып қалуымыз мүмкін. Сондықтан сынақ кезінде бізге даналық қажет.

10. Жақып 1:5-ке сай, даналыққа ие болу үшін не істеуіміз керек?

10 Шешімі: Ехобадан даналық сұраңыз. Сынақтарға қуанышпен төзе алу үшін, ең алдымен Ехобадан даналық сұрауымыз керек (Жақып 1:5 оқыңыз). Ал егер Ехоба дұғамызға бірден жауап бермей жатқандай көрінсе ше? Мұндайда, Жақып айтқандай, “Құдайдан сұрай беруіміз” керек. Даналық сұрап дұға еткеніміз Ехобаны ешқашан мезі қылмайды. Бұл үшін ол бізді жазғырмайды да. Көктегі Әкеміз сынақтарға төзу үшін даналық сұрағандарға жомарттықпен бере салады (Зәб. 25:12, 13). Ол біздің басымызға қандай сынақтар түсіп жатқанын өте жақсы біледі. Оның бізге жаны ашып, көмектескісі келіп тұрады. Осының өзі қуануға себеп емес пе?! Ал енді Ехобаның бізге даналықты қалай беретініне назар аударайық.

11. Даналыққа ие болу үшін тағы не істеуіміз керек?

11 Ехоба бізге даналықты өзінің Сөзі арқылы береді (Нақ. с. 2:6). Сондықтан даналыққа ие болғымыз келсе, Киелі кітап пен әдебиеттерімізді оқып-зерттеуіміз керек. Бірақ оларды оқып-зерттеу жеткіліксіз. Құдай Сөзіндегі даналықтың пайдасын көру үшін, ондағы кеңестерді өмірде қолдануымыз қажет. Жақып: “Тыңдаушы ғана болмай, қайта, сөзді жүзеге асырушы болыңдар”,— деп жазған (Жақ. 1:22). Құдайдың ақыл-кеңестерін қолданған сайын, біз тату, иліккіш, мейірімді бола түсеміз (Жақ. 3:17). Бойымызда осы қасиеттер болса, біз кез келген сынақты қуанышпен еңсере аламыз.

12. Киелі кітапты жақсы білгеніміз неге маңызды?

12 Құдай Сөзі айна іспетті. Ол бізге қай жерімізді жөндеу керектігін және қалай жөндеу керектігін көрсетеді (Жақ. 1:23—25). Мысалы, Құдай Сөзін зерттегеннен кейін, қызба мінезіміздің бар екенін түсінуіміз мүмкін. Ехобаның көмегімен сабырлығымызды сынға алатын жағдайларда жұмсақ болып қалуды үйренеміз. Ал жұмсақтық қасиеті қысым көрген кезде жағдайға дұрыс баға беріп, әлдеқайда жақсы шешімдер қабылдауға көмектеседі (Жақ. 3:13). Киелі кітапты жақсы білгеніміз қаншалықты маңызды десеңізші!

13. Неге біз Киелі кітаптағы адамдардың оқиғаларын зерттеуіміз керек?

13 Біз кейбір нәрселерді басымызға таяқ болып тигеннен кейін ғана түсініп жатамыз. Бірақ бұл — үйренудің ауыр жолы. Даналыққа ие болудың ең жақсы жолы — өзгелердің қателіктерінен сабақ алу, сондай-ақ жақсы жақтарынан үйрену. Мысалы, Жақып Ыбырайымнан, Рахабтан, Әйүптен және Ілиястан үлгі алуға шақырған (Жақ. 2:21—26; 5:10, 11, 17, 18). Ехобаның бұл адал қызметшілері қуанышты ұрлайтын жағдайларда қуанышты болып қалған. Егер бұл олардың қолынан келсе, демек, біз де Ехобаның көмегімен сынақтарға қуанышпен төзе аламыз.

14, 15. Санамызда туған күмәнға неге бейжай қарамауымыз керек?

14 2-жайт: Санамызға күмән ұялағанда. Киелі кітаптағы кейбір жайттар түсініксіз болып жатса, я Ехоба дұғаларымызға біз күткендей жауап бермей жатса, бойымызға күмән ұялауы мүмкін. Мұндайда күмәнға бейжай қарауға болмайды. Әйтпесе күмән сенімімізді әлсіретіп, Ехобамен қарым-қатынасымызды бұзады (Жақ. 1:7, 8). Күмән тіпті болашаққа деген үміттен де айырады.

15 Елші Пауыл болашаққа деген үмітімізді зәкірмен салыстырған (Евр. 6:19). Зәкір кемені дауыл кезінде жартастарға соғылмас үшін бір орында ұстап тұрады. Бірақ кеме мен зәкірді байланыстырып тұратын шынжыр үзіліп кетсе, зәкірден ешқандай пайда жоқ. Ал шынжыр жиі тот басқаннан үзіледі. Тот темірді жейтіні сияқты, күмән да сенімді жейді. Бойындағы күмәнін сейілтпеген адам басына сынақ түскенде, Ехобаның уәделерінің жүзеге асатынына мүлдем сенуден қалады. Ал сенімнен айырылу деген — үміттен айырылу деген сөз. Жақып: “Күмәнданатын адам жел айдап, әрі-бері соқтыққан теңіз толқынына ұқсайды”,— деген (Жақ. 1:6). Бұндай адамның қуаныш сезінуі екіталай!

16. Күмән туындаған кезде не істеуіміз керек?

16 Шешімі: Күмәндарыңызды сейілтіп, сеніміңізді нығайтыңыз. Ілияс пайғамбардың күндерінде Ехобаның халқы екіойлы болып жүрген. Сонда Ілияс оларға: “Қашанғы екіойлы болып жүре бермексіңдер? Егер Ехоба шынайы Құдай болса, соның жағына шығыңдар. Ал Бағалды шынайы Құдай десеңдер, онда соның жағына шығыңдар”,— деген (Пат. 1-ж. 18:21). Біз де күмәнімізді арқалап жүре бермеуіміз керек. Біз қажетті зерттеулер жүргізіп, Ехоба шынайы Құдай екеніне, Киелі кітап оның Сөзі екеніне және Ехоба куәгерлері оның халқы екеніне жақсылап көз жеткізіп алуымыз керек (Сал. 1-х. 5:21). Осыларға көзіміз жетсе, күмәндарымыз сейіліп, сеніміміз нығаяды. Ал күмәндарымызбен өзіміз күресе алмай жатсақ, ақсақалдардан көмек сұрасақ болады. Ехобаға қуанышпен қызмет еткіміз келсе, күмәндарымызды бірден сейілтуіміз керек.

17. Жігері жасыған адаммен не болады?

17 3-жайт: Жігеріміз жасығанда. Құдай Сөзінде: “Қиын шақта сағың сынса, Күш-жігерің таусылар”,— делінген (Нақ. с. 24:10). Сағы сынып, жігері жасыған адам қуанышынан тез-ақ айырылады.

18. Табандылық деген нені білдіреді?

18 Шешімі: Ехобаға жүгініп, күш-жігер сұраңыз. Күш-жігер бізге сынақтарда табанды болу үшін қажет (Жақ. 1:12). Жақып “табандылық” сөзін қолданған кезде, міз бақпай, бір орында тапжылмай тұратын адамды меңзеген. Осы орайда сарбазды мысалға алуға болады. Ол жаудың шабуылы қаншалықты қарқынды болмасын, артқа бір елі де шегінбей, орнында нық тұрады.

19. Елші Пауыл бізге қандай үлгі қалдырды?

19 Пауыл бізге тамаша үлгі қалдырған. Пауылдың әлсіз кездері болды. Бірақ ол Ехобаға жүгініп, күш сұрағанның арқасында қиындықтарды табандылықпен жеңе алды (Қор. 2-х. 12:8—10; Філіп. 4:13). Ехобаның көмегіне мұқтаж екенімізді кішіпейілділікпен мойындап, оған жүгінсек, біз де тура сондай күшке ие бола аламыз (Жақ. 4:10).

ҚҰДАЙҒА ЖАҚЫНДАП, ҚУАНЫШТЫ БОЛЫП ҚАЛЫҢЫЗ

20, 21. Біз не нәрсеге сенімді болсақ болады?

20 Басымызға түскен сынақтарды Ехобаның жазасы деп ешқашан ойламайық. “Басына сынақ түскен адам: “Мені Құдай сынап жатыр”,— демесін. Өйткені ешкім Құдайды жамандықпен сынай алмайды, оның өзі де ешкімді жамандықпен сынамайды”,— деп Жақып нақты айтқан (Жақ. 1:13). Осыған кәміл сенсек, көктегі сүйікті Әкемізге жақындауға бізге еш нәрсе кедергі болмайды (Жақ. 4:8).

21 Ехоба құбылмалы емес, “ол еш өзгермейді” (Жақ. 1:17). Ол I ғасырдағы мәсіхшілерді сынақ кезінде қалдырмады. Бүгінде де ол әрқайсысымызға көмектесуге дайын. Ехобаға шын жүректен дұға етіп, бойыңызға даналық, сенім, күш дарытуын сұраңыз. Ол міндетті түрде дұғаларыңызға жауап береді. Сонда сынақтарға қуанышпен төтеп бересіз!

128-ӘН Соңына дейін табанды тұрайық

^ 5-абзац Жақып кітабында сынақтарды жеңуге көмектесетін көптеген кеңестер бар. Бұл мақалада біз қиындықтарға қарамастан Ехобаға қуанышпен қызмет ете беруге көмектесетін Жақыптың кеңестерін қарастырамыз.

^ 59-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Полиция қызметкерлері ер бауырласты әйелі мен қызының көзінше тұтқындап, үйінен әкетіп бара жатыр. Ер бауырлас түрмеде отырған кезде, қауымдағы бауырластар оның әйелімен және қызымен бірге отбасылық ғибадат өткізіп жатыр. Әйелі мен қызы сынақтарда табанды болып қалу үшін күш сұрап, Ехобаға жиі дұға етеді. Ехоба тыныштық пен күш бергеннің арқасында сенімдері нығайып, сынақтарға қуанышпен төзіп жүр.