Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

6-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Әйелдің басы — еркек”

“Әйелдің басы — еркек”

“Әйелдің басы — еркек” (ҚОР. 1-Х. 11:3).

13-ӘН Мәсіхті үлгі тұтайық

АҢДАТПА *

1. Жар таңдаған кезде қыз бауырластың не жайлы ойланғаны жөн?

БАРЛЫҚ мәсіхшілер Исаға бағынады. Ол — кемелді басшы. Бірақ тұрмыс құрғаннан кейін әйел күйеуіне, яғни кемелсіз адамға бағынады. Әйелге күйеуіне бағыну әрдайым оңай бола бермейді. Сондықтан жар таңдаған кезде қыз бауырластың жақсылап ойланып алғаны маңызды. Мысалы, былай деп ойланғаны жөн: “Бұл ер бауырластың отбасында жақсы басшы бола алатыны байқала ма? Ол рухани істерді өмірінде басты орынға қоя ма? Олай етіп жүрмеген болса, үйленгеннен кейін отбасын рухани жағынан алға тартып жүре ала ма?” Ал өзіне қатысты: “Бойымда некемізді бақытты етуге көмектесетін қасиеттер бар ма? Мені шыдамды, жомарт адам деуге бола ма? Ал Ехобамен қарым-қатынасым қаншалықты мықты?”— деп ойланса болады (Уағ. 4:9, 12). Әйелдің некеде қаншалықты бақытты болатыны оның некеге дейін қандай шешімдер қабылдағанына байланысты.

2. Бұл мақалада біз не қарастырамыз?

2 Бүгінде миллиондаған мәсіхші әйелдер күйеулеріне бағынып, тамаша үлгі көрсетіп жүр. Олар мақтауға әбден лайық! Осындай адал әйел бауырластарымызбен бірге иық тіресе қызметтесіп жүргенімізге сондай қуанамыз. Бұл мақалада біз үш сұрақты қарастырамыз: 1) Отбасында әйелдер кезігетін кейбір қиындықтар қандай? 2) Неліктен әйелдердің өз күйеулеріне бағынғандары дұрыс? 3) Күйеулер мен әйелдер Исадан, Әбигелден және Жүсіптің әйелі, Исаның анасы болған Мәриямнан не нәрсеге үйрене алады?

ӘЙЕЛДЕРДІҢ ОТБАСЫНДА КӨРЕТІН ҚИЫНДЫҚТАРЫ

3. Қиындықсыз неке бола ма?

3 Неке — кемелді сый. Бірақ сол некені құратындар кемелсіз (Жох. 1-х. 1:8). Киелі кітапта неке құрғаннан кейін ерлі-зайыптылар “жаңа қиындықтарға” кезігетіні айтылған (Қор. 1-х. 7:28). Қазір некедегі әйелдің көретін кейбір қиындықтарына назар аударайық.

4. Неліктен кейбір әйелдер күйеуге бағыну әйелдің қадірін түсіреді деп ойлауы мүмкін?

4 Кейбір әйелдер кішкентайынан күйеуге бағыну әйелдің қадірін түсіреді дегенді естіп өскен. Сондықтан кейбіреулерге күйеулеріне бағыну қиынға соғып жатады. Құрама Штаттарда тұратын Марисоль есімді әйел бауырлас былай дейді: “Мен туып-өскен жерде ер мен әйел барлық жағынан тең болу керек деген ұғым әйелдердің санасына әбден құйылып қалған. Мен Ехобаның құрылымы бойынша, күйеу әйелдің басы екенін және бұл құрылым әйелдің еш қадірін түсірмейтінін жақсы түсінемін. Сонда да кейбір кездері күйеуімнің билігін құрметтеу маған қиын болып жатады”.

5. Кейбір ер адамдар әйелдерге қатысты қандай қате көзқарас ұстанады?

5 Ал кейбір ер адамдар әйелдер екінші сортты адам деген көзқарасты ұстанады. Оңтүстік Америкада тұратын бір әйел бауырлас былай дейді: “Біз тұратын жерде алдымен ер адамдар, содан кейін әйел адамдар тамақтанады. Қыздар кішкентайынан тамақ істеп, үй жинауды үйренеді. Ал ұл балаларды “сен үйдің патшасысың” деп өсіреді. Оларға кішкентайынан анасы мен әпке-қарындастары қызмет көрсетіп жүреді”. Ал Азияда тұратын бір әйел бауырлас былай дейді: “Қытай тілінде әйелге ақыл мен қабілеттің ешқандай да қажеті жоқ дегенге меңзейтін мақал бар. Біздің жақта әйел тек үй шаруасымен айналысу керек, оның күйеуіне өз пікірін айтуға құқы жоқ деген көзқарас қалыптасып қалған”. Киелі кітапқа мүлдем жат, қатыгез осындай көзқарастың ықпалына берілген ер адамдар әйелдерін бақытсыз етеді, әрі олар Исаның үлгісіне еліктеуден қалады, Ехобаның ықыласына да бөленбейді (Ефес. 5:28, 29; Пет. 1-х. 3:7).

6. Ехобамен жеке қарым-қатынас дамыту үшін әйелдердің не істегені маңызды?

6 Алдыңғы мақаладан білгеніміздей, Ехобаның талабы бойынша мәсіхші күйеулер отбасының рухани, эмоциялық, материалдық қажеттілігін қамдау керек (Тім. 1-х. 5:8). Бірақ мәсіхші әйелдердің өздері де күнделікті Киелі кітап оқуға, ой жүгіртуге және Ехобаға дұға етуге уақыт бөлу керек. Бұларды істеу әйелдерге кейде қиын болып жатады. Атқаратын тірліктері көп болғандықтан, олардың күштері мен уақыттары қалмауы мүмкін. Бірақ әйелдердің рухани істерге уақыт тапқандары аса маңызды. Себебі Ехоба әрқайсысымыз онымен жеке қарым-қатынас дамытқанымызды қалайды (Ел. іс. 17:27).

7. Күйеуге бағыну оңай болу үшін әйел нені түсіну керек?

7 Кемелсіз күйеулеріне бағыну үшін әйелдерге көп күш салуға тура келіп жатады. Егер әйел күйеуге бағынудың не үшін маңызды екенін жете түсініп алса, оған Ехоба жүктеген тапсырманы атқару әлдеқайда жеңіл болады.

НЕЛІКТЕН ӘЙЕЛДІҢ КҮЙЕУІНЕ БАҒЫНҒАНЫ ДҰРЫС?

8. Ефестіктерге 5:22—24 тармақтардан көрінетіндей, мәсіхші әйелдер күйеулеріне не себепті бағынады?

8 Мәсіхші әйелдер Ехобаның айтқанына құлақ асып, күйеулеріне бағынады (Ефестіктерге 5:22—24 оқыңыз). Олар көктегі Әкелеріне толықтай сенім артып, ол бір нәрсе өтінсе, тек оларды жақсы көргендіктен және қамдарын ойлағандықтан өтінетінін жақсы түсінеді (Мұс. 5-ж. 6:24; Жох. 1-х. 5:3).

9. Әйел күйеуінің билігін құрметтесе, бұның қандай пайдасын көреді?

9 Осы дүниеде әйел күйеуіне бағынса, қадірі түседі деген көзқарас кең таралған. Сондықтан көп әйелдер күйеулеріне бағынғысы келмейді. Бірақ бұндай көзқарасты ұстанатын адамдар Ехобаның сүйіспеншілігі мол Құдай екенін білмейді. Ехоба өзінің аяулы қыздарынан олардың қадірін түсіретін нәрсені ешқашан талап етпес еді. Егер әйел Ехоба жүктеген тапсырманы орындауға барынша тырысатын болса, отбасында тыныштық пен береке орнайды (Зәб. 119:165). Ал отбасының берекелі болғаны өзіне де, күйеуіне де, балаларына да жақсы.

10. Кэрл бауырластың сөздерінен қандай сабақ алуға болады?

10 Кемелсіз күйеулеріне мойынсұнуларымен әйелдер басшылық принципін орнатқан Ехобаны құрметтейтіндерін және жақсы көретіндерін көрсетеді. Оңтүстік Америкада тұратын Кэрл есімді әйел бауырлас былай дейді: “Күйеуімнің қателіктер жасап қоюы әбден мүмкін екенін білемін. Сондай кездері дұрыс әрекет ететін болсам, Ехобамен қарым-қатынасымды қаншалықты бағалайтынымды көрсетемін. Көктегі Әкемді қуанту үшін күйеуіме әрі қарай да бағына беремін”.

11. Аннис бауырласқа кешірімді болуға не көмектеседі және одан қандай үлгі алсақ болады?

11 Күйеуі сезімін ескермесе, не нәрсеге мазаланып жүргенін түсінуге тырыспаса, әйеліне оны құрметтеу, оған бағыну қиын болуы мүмкін. Осындай кездері қалай әрекет ететінін айтып, Аннис есімді әйел бауырлас былай деді: “Мен күйеуіме ренжімеуге тырысамын. Барлығымыз қателесеміз, Ехоба бәрімізді кешіреді. Мен де Ехоба сияқты кешірімді болғым келеді. Кешірген кезде көңілім кәдімгідей орнығып қалады” (Зәб. 86:5). Кешіре білетін әйелге күйеуіне бағыну әлдеқайда жеңіл болады.

КИЕЛІ КІТАП КЕЙІПКЕРЛЕРІНЕН ҮЛГІ АЛЫҢЫЗ

12. Киелі кітапта қандай адамдардың оқиғалары бар?

12 Кейбіреулер тек әлсіз адам ғана біреуге бағынады деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл мүлдем олай емес. Киелі кітапта рухы мықты тұлғалардың өзгелерге бағынғаны жайлы оқиғалар көп. Қазір Исадан, Әбигел мен Мәриямнан не нәрсеге үйрене алатынымызды қарастырайық.

13. Иса Ехобаға не үшін бағынады? Түсіндіріңіз.

13 Иса Ехобаға бағынады. Исаның бұлай еткені оның ақылы таяз, қолынан түк келмейді дегенді білдірмейді. Себебі Иса адамдарға тәлім бергенде, ойларын өте түсінікті әрі қарапайым етіп жеткізген (Жох. 7:45, 46). Бұдан оның өте ақылды әрі дана екені көрінеді. Ал қолынан түк келмегенде, Ехоба оған ешқандай тапсырма бермес еді. Ехоба Исаның қабілет-дарындарын бағалағаны сонша — бүкіл ғаламды онымен бірге жаратты (Нақ. с. 8:30; Евр. 1:2—4). Ал Исаны қайта тірілткеннен кейін оған тіпті “көк пен жердегі барлық билікті” сеніп тапсырды (Мат. 28:18). Қанша жерден дарынды болса да, Иса әрдайым Ехобадан ақыл-кеңес сұрайды. Өйткені ол Әкесін жақсы көреді (Жох. 14:31).

14. а) Күйеулер әйелдерге қатысты Ехобадан не нәрсеге үйренсе болады? ә) Күйеулер Нақыл сөздер 31-тараудағы сөздерден не түйсе болады?

14 Күйеулердің үйренері. Ехоба әйелдерден күйеулеріне бағынуды талап етеді. Бірақ бұл Ехоба әйелдерді төмен санайды дегенді білдірмейді. Егер ол төмен санағанда, Исамен бірге билік етуге әйелдерді де таңдамас еді (Ғал. 3:26—29). Күйеулер Ехобадан үлгі алса болады. Ехоба өзінің Ұлына сенім артып, оған билік берді. Ехобаға еліктейтін күйеулер әйелдеріне біршама билік береді. Киелі кітапта әйелдердің көп нәрсе істеуге қабілетті екені айтылған. Мысалы, Нақыл сөздерде айтылған әйел үй тірліктерін басқарады, танапты алып-сатумен айналысады, сауда-саттық жүргізеді (Нақыл сөздер 31:15, 16, 18 оқыңыз). Күйеуі болса оны өз пікірін айтуға құқы жоқ құл санамайды. Қайта, оған сенім артып, айтқан ұсыныстарын тыңдайды (Нақыл сөздер 31:11, 26, 27 оқыңыз). Күйеулер әйелдеріне осылай құрмет көрсететін болса, әйелдері оларға қуана бағынатын болады.

Иса әрдайым Ехобаға бағынады. Бойында қабілет-дарындары бар әйелдер Исадан үлгі алса болады (15-абзацты қараңыз)

15. Әйелдер Исаға қалай еліктесе болады?

15 Әйелдердің үйренері. Иса ұлы істер атқарған. Бірақ ол ешқашан “Әкеме бағынсам, қадірім түседі” деп ойламаған (Қор. 1-х. 15:28; Філіп. 2:5, 6). Бойында қабілет-дарындары бар әйелдер Исаға еліктейтін болса, “күйеуіме бағынсам, қадірім түседі” деп ойламайды. Ондай әйел күйеуін жақсы көргендіктен оған қолдау көрсетеді. Ол мұны бірінші кезекте Ехобаны жақсы көріп, құрметтегендіктен істейді.

Әбигел Дәуіт пен оның жігіттеріне азық-түлік жіберіп, артынан өзі келді. Ол Дәуіттің аяғына жығылып, одан кек алып үлкен қателік жасамауды өтінді (16-абзацты қараңыз)

16. Самуилдің 1-жазбасы 25:3, 23—28 тармақтарға сай, Әбигел өмірінде қандай бейнет көрді? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

16 Ал Әбигелдің үлгісіне келсек, оның күйеуі Набал өзімшіл, көкірек, алғысты білмейтін адам еді. Бірде Дәуіт өзінің адамдарымен Набалды өлтіруге аттанды. Сол кезде Әбигел жаман күйеуімнен құтылатын болдым деп, қол қусырып отырмады. Ол Набалды және бүкіл үй ішін аман алып қалу үшін дереу әрекет етуге кірісті. Әбигел неткен батыл еді! Ол 400 жауынгер мен Дәуіттің алдында тұрып мәселенің басын ашуға тырысқан. Ол Дәуітке құрметпен сөйлеп, Набалдың бар кінәсін өз мойнына алып, кешірім сұрады (Самуилдің 1-жазбасы 25:3, 23—28 оқыңыз). Ал Дәуіт Ехоба оны ауыр күнә жасаудан сақтап қалғысы келіп жатқанын түсініп, Әбигелдің кеңесіне құлақ асты.

17. Дәуітпен және Әбигелмен болған жағдайдан күйеулер не нәрсеге үйрене алады?

17 Күйеулердің үйренері. Әбигел парасатты әйел болған. Дәуіттің оның кеңесіне құлақ асқаны дұрыс болды. Әйтпесе ол жазықсыз адамдардың қанын төгіп, ауыр күнә жасап қояр еді. Дана әрекет еткісі келетін күйеу осы оқиғадан сабақ алып, маңызды бір шешім қабылдамас бұрын әйелінің пікіріне құлақ түреді. Әйелінің пікірі үлкен қателіктің алдын алуға көмектесуі мүмкін.

18. Әйелдер Әбигелден қандай үлгі алса болады?

18 Әйелдердің үйренері. Күйеуі Куәгер болмаса да, я Куәгер бола тұра Киелі кітап принциптеріне сай жүріп-тұрмаса да, Ехобаны жақсы көретін әйел өз отбасының игілігін ойлай береді. Мұндай әйел некесін үзудің жолын іздеп, Киелі кітап принциптерін аттамайды. Қайта, күйеуіне бағынып, оған құрмет көрсетеді. Осылай іс-әрекетімен оны Ехобаны жақынырақ танып-білуге талпындырады (Пет. 1-х. 3:1, 2). Бұдан еш нәрсе өзгермеген күнде де, Ехоба бұндай әйелдің күйеуіне бағынғанын өзіне танытылған адалдық деп біледі. Бұндай әйелдер Ехобаны қатты қуантады.

19. Әйел қандай жағдайда күйеуіне бағынбайды?

19 Мәсіхші әйел барлық кезде күйеуіне бағынады. Бірақ Киелі кітапқа қайшы келетін нәрселерді талап еткен жағдайда ол күйеуінің айтқанын істемейді. Мысалы, Ехобаға сенбейтін күйеуі мәсіхші әйелді өтірік айтуға, ұрлық жасауға не басқа да Құдайға ұнамсыз істерді істеуге итермелеуі мүмкін. Мұндайда ол күйеуінің айтқанын істеуден бас тартып, оған өзінің көзқарасын жұмсақтықпен әрі нақты түсіндіреді. Барлық мәсіхшілер, соның ішінде неке құрған әйел бауырластар да бірінші кезекте Ехобаға адал болулары керек (Ел. іс. 5:29).

20-абзацты қараңыз *

20. Мәриям Ехобамен жеке қарым-қатынас дамытқанын қайдан білеміз?

20 Енді Мәриямның үлгісін көрейік. Ол Ехобамен жеке қарым-қатынас дамытқан. Бұны неден байқауға болады? Мәриям Жазбаларды өте жақсы білген. Бірде ол Жақияның анасы Елізабетке келгенде, Еврей жазбаларынан 20-дан аса үзінді келтірді (Лұқа 1:46—55). Мәриям мен Ехобаның арасында жеке қарым-қатынас болғаны мына жағдайдан да көрінеді: Мәриям Жүсіппен атастырылған болса да, Ехоба өзінің періштесі арқылы Ұлының туылатыны жайлы бірінші болып Жүсіпке емес, Мәриямның өзіне айтты (Лұқа 1:26—33). Бұдан Ехоба Мәриямды өте жақсы білгенін көреміз. Ол Мәриям Исаны жақсы көріп, қамқорлай алатынына сенімді болды. Мәриям Иса қайтыс болып, көкке қайта тірілгеннен кейін де Ехобамен қарым-қатынасын әрі қарай да дамыта берді (Ел. іс. 1:14).

21. Мәриямның үлгісінен күйеулер не түйе алады?

21 Күйеулердің үйренері. Мәсіхші әйел Киелі жазбаларды өте жақсы білуі мүмкін. Мұндайда рухани толысқан күйеу “әйелім менен асып, отбасымды басқарып кететін болды” деп қорықпайды, қайта, қуанады. Себебі Киелі кітап принциптерін жетік білетін әйел отбасына жақсы жағынан ықпал ететінін түсінеді. Бірақ күйеулер мынаны ұмытпау керек: рухани жағынан болсын не басқа жағынан болсын, әйелі өзінен білімдірек болса да, отбасының рухани қажеттілігін қамдау, мысалы отбасылық ғибадатты ұйымдастыру, әрдайым күйеудің жауапкершілігінде (Ефес. 6:4).

Әйелдер Киелі кітапты зерттеу мен ой жүгіртуге қатысты Исаның анасы Мәриямнан қандай үлгі алса болады? (22-абзацты қараңыз) *

22. Әйелдер Мәриямнан қандай үлгі ала алады?

22 Әйелдердің үйренері. Отбасын рухани жағынан қамдау күйеудің міндеті болғанмен, әйел өзінің рухани күйі үшін өзі жауапты екенін түсіну керек (Ғал. 6:5). Ол жеке зерттеуге және ой жүгіртуге арнайы уақыт бөліп қоюы қажет. Соның арқасында оның Ехобаға деген құрметі мен сүйіспеншілігі артып, күйеуіне қуана бағына беретін болады.

23. Әйелдің күйеуіне бағынғаны өзіне, отбасына, қауымға қай жағынан пайдалы?

23 Күйеулеріне Ехобаны жақсы көргендіктен бағынатын әйелдер Ехобаның басшылық принципін мойындамайтын адамдардан әлдеқайда бақытты өмір кешеді. Олар жас ер бауырластар мен қыз бауырластар үшін тамаша үлгі. Бұндай әйелдер отбасында ғана емес, қауымда да сүйіспеншілік пен жылулықтың болуына үлес қосады (Тит. 2:3—5). Ехобаға адал қызмет етіп жүрген әйелдер Құдай халқының басым бөлігін құрайды (Зәб. 68:11). Бірақ әйел болайық, ер болайық — әрқайсысымыздың қауымға қосар өз үлесіміз бар. Бұл туралы келесі мақалада сөз қозғаймыз.

131-ӘН “Құдай қосқан жұпты”

^ 5-абзац Ехоба орнатқан басшылық принципіне сай, тұрмыс құрған әйел күйеуіне бағыну керек. Бірақ бағыну дегенді қалай түсінгеніміз дұрыс? Қазір Исаның және Киелі кітаптағы тамаша үлгі қалдырған кейбір кейіпкерлердің оқиғаларына назар аударайық. Күйеулер мен әйелдер олардан көп нәрсеге үйрене алады.

^ 68-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Мәриям Жақияның анасы Елізабетпен сөйлескен кезде, Еврей жазбаларынан үзінділерді жатқа келтірді.

^ 70-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Бүгінде мәсіхші әйелдер де рухани күйлерін нығайту үшін Киелі кітапты зерттеуге арнайы уақыт бөледі.