Оқырман сауалдары
Қорынттықтарға 1-хат 15:29-дағы Пауылдың сөздері ертедегі кейбір мәсіхшілер өлген адамдардың орнына шомылдыру рәсімінен өткен дегенді білдіре ме?
Жоқ. Киелі кітаптың да, тарихи кітаптардың да еш жерінде мұндай шомылдыру рәсімінің болғаны жайлы айтылмайды.
Көптеген Киелі кітаптардағы бұл тармақтың аудармасы кейбір адамдарды Пауылдың күндерінде кейбіреулер өлгендердің орнына шомылдыру рәсімінен өткен деген ойға қалдырады. Мысалы, мына аударманы алайық: “Егер де өлімнен қайта тірілу болмаса, өлгендердің орнын басып шомылдыру рәсімінен өткендер не істемек?” (“Жаңа өмір” баспасы).
Киелі кітапты зерттеуші екі ғалымның айтқан сөздеріне назар аударайық. Грегори Локуд есімді ғалым біреудің өлгендердің орнына шомылдыру рәсімінен өткені жайлы Киелі кітапта да, тарихи кітаптарда да ешқандай айғақ жоқ екенін айтқан. Гордон Фи есімді ғалым да оның сөздерімен келіседі. Ол Киелі кітап пен тарихи кітаптарда осындай шомылдыру рәсімімен байланысты ешқандай оқиғалардың жоқ екенін жазған. Оның айтуынша, Жаңа өсиетте бұл жайлы мүлдем ештеңе айтылмаған және ертедегі мәсіхшілердің арасында, сондай-ақ елшілер қайтыс болғаннан кейін пайда болған шіркеулерде мұндай шомылдыру рәсімінің болғанына ешқандай дәлел жоқ.
Киелі кітапқа сай, Исаның ізбасарлары “барлық халықтардан шәкірттер дайындап, оларды... шомылдыру рәсімінен өткізіп”, оның “бұйырғандарының бәрін ұстануды үйрету” керек болатын (Мат. 28:19, 20). Адам шомылдыру рәсімінен өтіп, шәкірт болмас бұрын, Ехоба мен оның Ұлы жайлы біліп, оларға сеніп, мойынсұну керек болған. Ал қабірде жатқан өлген адамдар бұлай істей алмайтын еді, тірі жүрген мәсіхшілер де олардың орнына бұны істей алмайтын (Уағ. 9:5, 10; Жох. 4:1; Қор. 1-х. 1:14—16).
Ендеше, Пауыл не жайлы айтқан?
Қорынттағы кейбір адамдар қайта тірілудің болатынын мойындамаған (Қор. 1-х. 15:12). Пауыл бұндай көзқарастың дұрыс емес екенін көрсеткен. Қалай? Ол өзінің “күнде өліммен бетпе-бет келгенін” айтқан. Бірақ ол өлгеннен кейін Иса сияқты көктегі өмірге қайта тірілетініне сенімді болған (Қор. 1-х. 15:30—32, 42—44).
Қорынттықтар майланған мәсіхші болу деген қайта тіріле алу үшін күнде сынақтарға кезігіп, өлуді білдіретінін түсінулері керек еді. “Мәсіх Исамен бірлікте болу үшін шомылдыру рәсімінен өту” деген оның “өліміне ортақтасуды” да қамтитын (Рим. 6:3). Бұл олардың қайта тірілу үшін Иса сияқты сынақтарға кезігіп, өлетінін білдірді.
Шомылдыру рәсімінен өткеніне бірнеше жыл болғанда, Иса екі елшісіне: “Мен өтіп жатқан шомылдыру рәсімінен өтесіңдер”,— деген (Мар. 10:38, 39). Бірақ бұл сөздерді айтып жатқанда, ол суда шомылдыру рәсімінен өтіп жатқан жоқ еді. Иса Құдайға деген адалдығы оны өлімге жетелейтінін айтқысы келді. Пауыл майланғандардың “Мәсіхпен бірге азап шегіп, онымен бірге ұлылыққа да бөленетінін” жазған (Рим. 8:16, 17; Қор. 2-х. 4:17). Демек, көктегі өмірге қайта тірілу үшін, олар да өлуге тиіс еді.
Ендеше, Пауылдың сөздерін дәлірек аударсақ, былай болады: “Өлгендер қайта тірілмесе, өлі болу үшін шомылдыру рәсімінен өткендердің қандай үміті бар? Өлгендер мүлдем тірілмейтін болса, өлі болу үшін шомылдыру рәсімінен өтіп не керек?”