Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

50-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Өлгендер қалай қайта тіріледі?”

“Өлгендер қалай қайта тіріледі?”

“Өлім, сенің жеңісің қайда? Өлім, улы тісің қайда?” (ҚОР. 1-Х. 15:55).

141-ӘН Өмір — Құдайдан келген сый

АҢДАТПА *

1, 2. Неге көкке қайта тірілу жайлы барлық мәсіхшілер білу керек?

ҚАЗІР Ехобаға қызмет етіп жүрген адамдардың басым бөлігі жер бетінде мәңгі өмір сүруді үміт етеді. Ал киелі рухпен майланған мәсіхшілердің тамтығы көктегі өмірге қайта тірілуге үміттенеді. Майланғандар көктегі өмірлерінің қандай болатынын қатты білгісі келеді. Жер бетінде өмір сүруге үміттенетіндер де бұл жайлы білуге асық болулары керек. Себебі, алда көретініміздей, көкке қайта тірілу жер бетінде өмір сүруге үміттенетіндерге мол бата әкеледі. Үмітіміз қандай болмасын, барлығымыз көкке қайта тірілу жайлы білуіміз қажет.

2 Құдай өзінің киелі рухымен Исаның I ғасырдағы кейбір шәкірттерін көкке қайта тірілу жайлы жазуға талпындырған. Елші Жохан: “Қазір біз Құдайдың балаларымыз, бірақ қандай болатынымыз әлі белгісіз. Ол ашық көрінгенде, оған ұқсас болатынымызды білеміз”,— деген (Жох. 1-х. 3:2). Демек, майланған мәсіхшілер рухани денемен көктегі өмірге тірілген кезде өздерінің қандай болатынын білмейді. Алайда олар көктегі сыйларын алғанда, Ехобаны тікелей мағынада көретін болады. Киелі кітапта көкке қайта тірілу жайлы бүге-шігесіне дейін айтылмаған. Десе де Пауыл бұл жайлы біраз мәлімет берген. Мәсіх “күллі үкімет, барша билік пен күшті” және “соңғы жау — өлімді” жоқ қылған кезде, майланғандар оның қасында болады. Ақырында, бәрі Исаға бағындырылғаннан кейін, оның өзі де майланғандармен бірге Ехобаға бағынатын болады (Қор. 1-х. 15:24—28). Бұл ең керемет кез болмақ! *

3. Қорынттықтарға 1-хат 15:30—32 тармақтардан көрінетіндей, қайта тірілуге деген сенімі Пауылға қалай көмектесті?

3 Пауылдың қайта тірілуге деген сенімі оған көптеген қиындықтарға төзуге көмектесті (Қорынттықтарға 1-хат 15:30—32 оқыңыз). Пауыл Қорынттықтарға: “Мен күнде өліммен бетпе-бет келемін”,— деген. Сондай-ақ ол: “Ефесте жабайы аңдармен күрестім”,— деп жазған. Ол Ефестегі аренада шын аңдармен күрескені жайлы айтқан болуы мүмкін (Қор. 2-х. 1:8; 4:10; 11:23). Я болмаса “жабайы аңдар” іспетті қарсыласқан яһудилер мен өзге адамдар жайлы айтқан шығар (Ел. іс. 19:26—34; Қор. 1-х. 16:9). Қалай болған күнде де, Пауылдың өміріне қауіп төнген. Сонда да ол болашаққа зор сеніммен қараған (Қор. 2-х. 4:16—18).

Ісімізге тыйым салынған елде тұратын бір отбасы Құдайдың оларға жарқын болашақ дайындап қойғанына толықтай сеніп, ғибадат етіп жатыр (4-абзацты қараңыз)

4. Қайта тірілуге деген үміттері бүгінде мәсіхшілерді қалай нығайтады? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

4 Бүгінде біз қауіп-қатерге толы уақытта өмір сүрудеміз. Кейбір бауырластарымыз қылмыстың құрбаны болуда. Өзгелері соғыс жүріп жатқан аймақтарда тұратындықтан, олардың аман-есен болатындарына ешқандай кепілдік жоқ. Ал кейбір бауырластар уағыз ісіне шектеулер қойылған немесе мүлдем тыйым салынған елдерде Ехобаға қызмет етеді. Сондықтан олардың өмірлері мен бас бостандықтарына қауіп төніп тұрады. Соған қарамастан бұл бауырластар Ехобаға тайсалмай ғибадат етіп, бізге тамаша үлгі көрсетіп жүр. Олардың қорықпайтын себебі — олар қазіргі уақытта өмірлерінен айырылса да, Ехоба оларға керемет болашақ дайындап қойғанына сенімді.

5. Қандай қауіпті көзқарас қайта тірілуге деген сенімімізді әлсіретуі мүмкін?

5 Пауылдың күндерінде кейбіреулер: “Бүгін ішіп-жеп қалайық, ертең бәрібір өлеміз ғой”,— деген көзқараста болды. Пауыл бауырластарды осындай қауіпті көзқарастан аулақ болуға шақырды. Бұндай көзқарас тіпті Пауылдың күндеріне дейін де болған. Пауыл исраилдіктердің көзқарасын сипаттайтын Ишая 22:13-тегі сөздерді келтірген болуы мүмкін. Исраилдіктер Құдайға деген сүйіспеншіліктерін нығайтудың орнына, өмірден ләззат алуды ғана ойлаған. Олардың “өмір қысқа, бәрін көріп қал” деген көзқарасы тіпті бүгінде де кең тараған. Алайда Киелі кітаптан білетініміздей, исраилдіктердің бұндай қате көзқарасы жақсылыққа апармады (Шеж. 2-ж. 36:15—20).

6. Қайта тірілуге деген үмітіміз араласатын ортаны таңдауға қалай әсер ету керек?

6 Біз қайта тірілу үміті үшін Ехобаға шексіз ризамыз. Бұл бізді араласатын достарымызды мұқият таңдауға талпындыру керек. Қорынттағы бауырластар қайта тірілуді мойындамайтын адамдармен араласудан сақ болулары қажет еді. Бүгінде біз де абай болуымыз керек. Ертеңін ойламай, тек бір күнмен ғана өмір сүретін адамдармен үнемі араласу жақсылыққа апармайды. Бұндай орта шынайы мәсіхшілердің жақсы көзқарасы мен әдеттерін бұзуы мүмкін, тіпті Құдай жек көретін істерге, яғни күнә жасауға итермелеуі ғажап емес. Сондықтан да Пауыл: “Әділ әрекет етіп, естеріңді жиыңдар, күнә жасауды қойыңдар”,— деп қатаң ескерткен (Қор. 1-х. 15:33, 34).

ҚАНДАЙ ДЕНЕМЕН ТІРІЛЕДІ?

7. Қорынттықтарға 1-хат 15:35—38 тармақтардан көрінетіндей, кейбіреулер қайта тірілуге қатысты қандай сұрақ қоюы мүмкін?

7 Қорынттықтарға 1-хат 15:35—38 оқыңыз. Қайта тірілуге қатысты күмән тудырғысы келетін адамдар: “Өлгендер қалай қайта тіріледі? Тірілгенде денелері қандай болады?”— деп сұрауы мүмкін. Біздің осы сұраққа Пауылдың қалай жауап бергені жайлы ой жүгірткеніміз өте маңызды. Өйткені бүгінде адамдар өлгеннен кейінгі өмірге қатысты әртүрлі пікірде. Алайда Киелі кітап бұл жайлы не үйретеді?

Пауыл дән мен өсімдікті мысалға келтіріп, Құдайдың қайта тірілгендерге қандай дене қажет болса, сондай дене бере алатынын түсіндірді (8-абзацты қараңыз)

8. Көктегі өмірге қайта тірілудің қалай болатынын түсінуге қандай мысал көмектеседі?

8 Адам қайтыс болған кезде, оның денесі шіріп кетеді. Бірақ жоқтан бар жасап, бүкіл ғаламды жаратқан Құдай адамды қайта тірілтіп, оған қандай дене қажет болса, сондай дене бере алады (Мұс. 1-ж. 1:1; 2:7). Көкке қайта тірілу жайлы айтқан кезде, Пауыл Құдайға өлген адамның денесін дәл сондай етіп тірілту қажет болмайтынын көрсету үшін бір мысал келтірді. “Дақылдың дәні” жайлы ойлап көрейікші. Дән топыраққа егілген кезде, ол көктеп, жаңа өсімдік болып өсіп шығады. Ал өсіп шыққан өсімдік егілген кішкентай дәннен әлдеқайда өзгеше болады. Пауыл бұл мысалмен Жаратушымыз адамға “өз қалауынша” дене бере алатынын көрсетті.

9. Қорынттықтарға 1-хат 15:39—41 тармақтарда денелердің өзгешелігі жайлы не айтылған?

9 Қорынттықтарға 1-хат 15:39—41 оқыңыз. Пауыл жаратылыстардың сан алуан болатындығына назар аударған. Мысалы, малдың, құстың, балықтың денелері әртүрлі болады. Пауыл аспандағы ай мен күннің бір-біріне ұқсамайтындығын да айтқан. Ол: “Жұлдыздардың даңқы да бір-бірінен өзгеше”,— деген. Бұны жалаң көзбен көре алмасақ та, ғалымдар алып қызыл жұлдыздар, ақ ергежейлі жұлдыздар және күн сияқты сары жұлдыздардың бар екенін айтады. Сондай-ақ Пауыл “көктегілерге тән және жердегілерге тән дене” болатынын айтқан. Бұл нені білдіреді? Біз жерде тәндік денемен өмір сүреміз, ал көктегілер періштелердікіндей рухани денемен өмір сүреді.

10. Көкке қайта тірілетіндердің денелері қандай болады?

10 Дән туралы мысал келтіргеннен кейін Пауылдың не дегеніне назар аударайық. Ол: “Өлгендердің қайта тірілуі де солай болады: көмілген дене шіріп кетеді, ал қайта тірілген дене шірімейді”,— деген. Біз адам өлген кезде оның денесі шіріп, топыраққа айналатынын білеміз (Мұс. 1-ж. 3:19). Ал “қайта тірілген дене шірімейді” деген нені білдіреді? Пауыл жердегі өмірге тірілген, яғни Ілияс, Еліше, Иса тірілткен адамдар жайлы айтпаған. Ол “рухани денемен”, яғни көкте өмір сүруге арналған денемен тірілетіндер жайлы айтқан (Қор. 1-х. 15:42—44).

11, 12. Иса қайта тірілген кезде денесі қалай өзгерді және қайта тірілген майланғандардың денелері қалай өзгереді?

11 Иса жерде болғанда, оның денесі тәндік дене болды. Ал кейін ол “өмір беретін рух болып” тіріліп, көкке оралды. Сол сияқты, майланған мәсіхшілер де рухани денемен қайта тіріледі. Пауыл: “Біз топырақтан жаратылғанның кейпінде болғанымыздай, көктен келгеннің кейпіне ие боламыз”,— деген (Қор. 1-х. 15:45—49).

12 Осы жерде Пауыл қайта тірілу жайлы талқылауының ең маңызды бөлігіне келді. Исаның тәндік денемен қайта тірілмегеніне ден қойғанымыз өте маңызды. Пауыл “ет пен қаннан тұратын дененің” көктегі “Құдай Патшалығын мұра ете алмайтынын” нақты айтқан (Қор. 1-х. 15:50). Демек, елшілер мен өзге майланғандар көкке ет пен қаннан тұратын, яғни шіритін денемен тірілмейді. Олар қашан қайта тірілмек еді? Пауыл бұл қайта тірілудің олар өлгеннен кейін бірден емес, біраз уақыт өткен соң болатынына назар аударған. Пауыл Қорынттықтарға арналған 1-хатын жазған кезде, елшілердің кейбірі, мысалы Жақып, “өлім ұйқысында жатқан” еді (Ел. іс. 12:1, 2). Ал өзге елшілер мен майланғандар кейінірек “өлім ұйқысына” кетпек еді (Қор. 1-х. 15:6).

ӨЛІМДІ ЖЕҢУ

13. Исаның осында болуы неден көрінбек еді?

13 Иса да, Пауыл да алда болатын ерекше уақыт туралы айтып кеткен. Бұл — Мәсіхтің осында болуы. Соғыстар, жер сілкіністері, індеттер және өзге де ғаламдық оқиғалар Исаның осында болуының белгісі болмақ еді. Білетініміздей, Киелі кітаптағы бұл пайғамбарлық 1914 жылдан бері көз алдымызда орындалып жатыр. Аталмыш белгінің тағы бір ерекше бөлігі болды: Иса көкте орнаған Құдай Патшалығы жайлы “ізгі хабар барлық халықтар есту үшін бүкіл жер бетінде уағыздалатынын”, “содан кейін осы заманның соңы келетінін” айтқан (Мат. 24:3, 7—14). Пауыл “өлім ұйқысына кеткен” майланған мәсіхшілердің көктегі өмірге қайта тірілуі де дәл осы кезеңде, яғни “Иеміз осында болатын кезде” болатынын айтқан (Сал. 1-х. 4:14—16; Қор. 1-х. 15:23).

14. Мәсіх осында болған кезде өмірден өткен майланғандармен не болады?

14 Бүгінде жердегі өмірлерін аяқтаған майланған мәсіхшілер бірден көктегі өмірге қайта тіріледі. Бұны Пауылдың Қорынттықтарға 1-хат 15:51, 52-дегі айтқан сөздері растайды. Ол: “Бәріміз бірдей өлім ұйқысына кетпейміз, бірақ бәріміз де өзгереміз. Бұл кенеттен, қас қағым сәтте, соңғы керней тартылып жатқанда іске асады”,— деген. Пауылдың бұл сөздері қазір орындалып жатыр. Мәсіхтің бауырлары қайта тірілгеннен кейін зор қуанышқа кенеледі: олар “үнемі Иемізбен бірге болады” (Сал. 1-х. 4:17).

Қайта тірілген майланғандар Исамен бірге халықтарға қарсы соғысады (15-абзацты қараңыз)

15. Қайта тірілген майланғандарды көкте қандай іс күтіп тұр?

15 Киелі кітапта қайта тірілген майланғандардың көкте не істейтіні айтылған. Иса оларға былай деген: “Менің істерімді ақырына дейін орындап шыққан жеңімпазға халықтардың үстінен билік беремін. Әкемнің маған билік бергеніндей, мен де оған халықтарға темір асатаяқпен әмір етуге билік беремін. Сонда олардың қыш ыдыстай тас-талқаны шығады” (Аян 2:26, 27). Майланғандар Исамен бірге халықтарға темір асатаяқпен билік ететін болады (Аян 19:11—15).

16. Майланғандар мен Ехобаның адал қызметшілері өлімді қалай жеңетін болады?

16 Майланғандар көкке қайта тірілген кезде өлімді біржола жеңеді (Қор. 1-х. 15:54—57). Қайта тірілгендерінің арқасында олар Армагеддон соғысында жер бетіндегі күллі зұлымдықты жоюға атсалысатын болады. Миллиондаған мәсіхші ерлер мен әйелдер “зор алапаттан өтіп”, аман-есен жаңа дүниеге жетеді (Аян 7:14). Жер бетінде аман қалған бұл адамдар тағы бір жеңістің куәсі болады: бұрында қайтыс болған миллиардтаған марқұмдар қайта тіріледі. Бұл жеңістің қандай зор қуаныш әкелетінін елестетіп көріңізші! (Ел. іс. 24:15). Ехобаға деген адалдықтарын толығымен дәлелдегендердің бәрі Адам атадан мұра еткен өлімді де жеңетін болады. Олар мәңгі өмір сүреді!

17. Қорынттықтарға 1-хат 15:58 бізді не істеуге талпындырады?

17 Қазір тірі жүрген әрбір мәсіхші Пауылдың қайта тірілу жайлы айтқан жұбаныш беретін сөздеріне ризашылықпен қарау керек. “Иеміздің ісінде әрқашан көп еңбектеніңдер” деген Пауылдың кеңесіне құлақ асуға бізде себептер жетіп артылады (Қорынттықтарға 1-хат 15:58 оқыңыз). Егер біз осы іске адалдықпен құлшына атсалысатын болсақ, қуанышқа толы жарқын болашаққа үміттене аламыз. Бұл болашақ біз ойлағаннан әлдеқайда керемет болады! Сол кезде Иеміздің ісінде атқарған еңбегіміз бекер болмағанына көзіміз жетеді.

140-ӘН Сол уақытты қарсы ал

^ 5-абзац Қорынттықтарға 1-хат 15-тараудың екінші жартысында қайта тірілу жайлы, әсіресе майланған мәсіхшілердің қайта тірілуі жайлы айтылады. Алайда Пауылдың жазған сөздері басқа қойлар үшін де маңызды. Бұл мақалада біз қайта тірілуге деген үмітіміз қазіргі өмірімізге қалай әсер ету керектігін, сондай-ақ жарқын болашаққа ие болуға қалай көмектесетінін талқылаймыз.

^ 2-абзац Осы журналдағы “Оқырман сауалдарында” Пауылдың Қорынттықтарға 1-хат 15:29-да айтқан сөздері түсіндіріледі.