Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

19-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ақырғы уақыттағы “солтүстік патшасы”

Ақырғы уақыттағы “солтүстік патшасы”

“Ақырғы уақытта оңтүстік патшасы онымен [солтүстік патшасымен] текетіреседі” (ДАН. 11:40).

150-ӘН Құтқарылу үшін Құдайды іздейік

АҢДАТПА *

1. Киелі кітап пайғамбарлықтары бізге нені білуге көмектеседі?

ЖУЫРДА Ехобаның халқымен не болмақ? Бізге мұны топшылап жатудың қажеті жоқ. Киелі кітап пайғамбарлықтарында алдағы уақытта бәрімізге әсер ететін елеулі оқиғалар жайлы айтылған. Сол пайғамбарлықтардың бірінен жер бетіндегі кейбір ең қуатты үкіметтердің не істейтінін білеміз. Бұл пайғамбарлық Даниял кітабының 11-тарауында жазылған. Онда бір-бірімен текетіресетін екі патша туралы айтылады. Олар солтүстік патшасы мен оңтүстік патшасы деп аталады. Бұл пайғамбарлықтың басым бөлігі орындалып қойды, сондықтан оның қалған бөлігі де орындалатынына сенімді болсақ болады.

2. Мұсаның 1-жазбасы 3:15 пен Аян 11:7; 12:17-ден көрінетіндей, Даниялдың пайғамбарлығын зерттегенде, қандай жайттарды жадымызда ұстауымыз керек?

2 Даниялдың 11-тарауындағы пайғамбарлықты түсіну үшін мына жайтты жадымызда ұстауымыз керек: бұл пайғамбарлықта тек Құдайдың халқына тікелей ықпал еткен билеушілер мен үкіметтер жайында айтылады. Құдай халқы дүниежүзінің барлық тұрғындарымен салыстырғанда аз ғана болса да, неге олар үкіметтердің нысанасына айналған? Себебі Шайтан мен оның бүкіл жүйесінің бар көздегені — Ехоба мен Исаға қызмет ететіндердің көзін құрту (Мұсаның 1-жазбасы 3:15; Аян 11:7; 12:17 оқыңыз). Ескеретін тағы бір жайт, Даниялдағы пайғамбарлық Құдай Сөзіндегі басқа да пайғамбарлықтармен үйлесуі тиіс. Негізі, Даниялдың пайғамбарлығын Жазбалардың басқа бөліктерімен салыстырғанда ғана дұрыс түсіне аламыз.

3. Осы және келесі мақалада не талқылаймыз?

3 Осы жайттарды ескере отырып, қазір Даниял 11:25—39 тармақтарды талқылаймыз. Біз 1870 жылдан 1991 жылға дейін солтүстік патшасы мен оңтүстік патшасы кім болғанын білеміз. Сондай-ақ пайғамбарлықтың осы бөлігіне қатысты түсінігімізге өзгеріс енгізу неге ақылға қонымды екенін көреміз. Ал келесі мақалада Даниял 11:40—12:1 тармақтарды қарастырып, пайғамбарлықтың осы бөлігіндегі 1991 жылдан бастап Армагеддон соғысына дейінгі уақыт туралы түсінігімізді айқындаймыз. Осы мақалаларды зерттегенде, “Ақырғы уақытта текетіресетін патшалар” деген кестені пайдалансаңыз болады. Алдымен, осы пайғамбарлықтағы екі патшаның кім екенін анықтап алайық.

СОЛТҮСТІК ПАТШАСЫ МЕН ОҢТҮСТІК ПАТШАСЫН ҚАЛАЙ АНЫҚТАЙМЫЗ?

4. Солтүстік патшасы мен оңтүстік патшасын анықтауға қандай үш жайт көмектеседі?

4 Әуелгіде “солтүстік патшасы” мен “оңтүстік патшасы” деп Исраил елінің солтүстігі мен оңтүстігіндегі елдердің билеушілерін атаған. Неге бұлай дейміз? Даниялға хабар әкелген періштенің не дегеніне назар аударайық. Ол: “Саған соңғы күндері халқыңмен [Құдай халқымен] не болатынын түсіндіру үшін келдім”,— деген (Дан. 10:14). Б. з. 33 жылының Елуінші күн мейрамына дейін Құдайдың халқы Исраил халқы болған. Алайда сол жылдан бастап Ехоба өз халқы деп Исаның адал ізбасарларын есептейтінін айқын етті. Сондықтан Даниял кітабының 11-тарауындағы пайғамбарлықтың басым бөлігі Исраил халқына емес, Мәсіхтің ізбасарларына қатысты (Ел. іс. 2:1—4; Рим. 9:6—8; Ғал. 6:15, 16). Тарих бойы солтүстік патшасы мен оңтүстік патшасы өзгеріп отырды. Бірақ олардың бәріне ортақ бірнеше жайт болды. Біріншісі, сол патшалар Құдай халқына айтарлықтай ықпал етті. Екіншісі, Құдай халқына қалай қарағандарымен олар шынайы Құдай Ехобаны жек көретіндерін аян етті. Үшіншісі, екі патша бір-бірінен үстем болу үшін өзара бақталасты.

5. II ғасырдан XIX ғасырдың соңына дейін солтүстік патшасы мен оңтүстік патшасы болды ма? Түсіндіріңіз.

5 Б. з. II ғасырында шынайы мәсіхшілер қауымына жалған мәсіхшілер көптеп ене бастады. Олар Құдай Сөзіндегі шындықтарды жасырып, жалған діннің ілімдерін үйретті. Сол уақыттан бастап XIX ғасырдың соңына дейін жер бетінде Құдай халқының ұйымдасқан тобы болмады. Жалған мәсіхшілер арамшөптей қаулап кеткендіктен, кімдер шынайы мәсіхшілер екенін анықтау қиын болды (Мат. 13:36—43). Бұл жайтты білгеніміз неге маңызды? Бұдан біз II ғасырдан бастап XIX ғасырдың екінші жартысына дейін билік еткен патшалар мен үкіметтердің солтүстік патшасы мен оңтүстік патшасы болуы мүмкін емес екенін білеміз. Өйткені олар шабуыл жасайтындай жер бетінде Құдай халқының ұйымдасқан тобы болмады *. Алайда солтүстік патшасы мен оңтүстік патшасы XIX ғасырдың соңында қайтадан пайда болады деп күту орынды еді. Неліктен?

6. Құдай халқы қайтадан топ ретінде қашан ұйымдаса бастады? Түсіндіріңіз.

6 1870 жылдан бастап Құдай халқы топ болып ұйымдаса бастады. Сол жылы Чарлз Тейз Расселл мен оның серіктері Киелі кітапты зерттеу тобын құрды. Расселл бауырлас пен оның серіктері алдын ала айтылған “хабаршы” болды, әрі Мәсіхтің Патшалығы келмей тұрып “жол дайындады” (Малх. 3:1). Осылай Құдай халқының кім екені қайтадан анық болды! Сол кезде Құдайдың қызметшілеріне едәуір ықпал еткен дүниежүзілік ірі мемлекеттер болды ма? Қазір төмендегі айғақтарды қарастырайық.

ОҢТҮСТІК ПАТШАСЫ КІМ?

7. Бірінші дүниежүзілік соғыстың кезіне дейін кім оңтүстік патшасы болды?

7 1870 жылдары Британия жер бетіндегі алпауыт империяға айналды. Әлемдегі ең қуатты әскери күш осы империяда болды. Даниялдың пайғамбарлығында бұл империя кішкентай мүйізге теңелген. Ол басқа үш мүйізді, яғни Франция, Испания, Нидерландыны өзіне бағындырды (Дан. 7:7, 8). Сөйтіп, Бірінші дүниежүзілік соғыстың кезіне дейін Британия оңтүстік патшасы болды. Дәл осы уақыт аралығында Америка Құрама Штаттары әлемдегі ең бай мемлекетке айналып, Британиямен тығыз арақатынас орната бастады.

8. Соңғы күндері кім оңтүстік патшасы болып келеді?

8 Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Құрама Штаттар мен Британия бірігіп, қуатты әскери одақ құрды. Сол кезде Британия мен Құрама штаттар Англо-Америка дүниежүзілік державасына айналды. Даниял кітабында айтылғандай, бұл патша “орасан көп әрі қуатты жасақ” жинады (Дан. 11:25). Соңғы күндер деп аталатын кезең бойы Англо-Америка державасы оңтүстік патшасы болып келеді *. Ал солтүстік патшасы кім болды?

СОЛТҮСТІК ПАТШАСЫ КІМ?

9. Солтүстік патшасы қашан пайда болды және Даниял 11:25 қалай орындалды?

9 1871 жылы, Расселл мен оның серіктері Киелі кітапты зерттеу тобын құрғаннан кейін, солтүстік патшасы қайта пайда болды. Сол жылы Германия империясының негізі қаланды. Оның негізін салуға Отто фон Бисмарк үлкен үлес қосты. Бұл империяның алғашқы императоры Пруссия патшасы I Вильгельм болды. Ол Бисмаркты бірінші канцлер етіп тағайындады *. Бірнеше онжылдықтан кейін Германия Африкадағы, Тынық мұхитындағы елдерді бақылауында ұстап, отарлаушы елге айналды. Осылай ол Британияны басып озбақ болды (Даниял 11:25 оқыңыз). Германия империясы қуатты қол жинап, әлемдегі екінші ең үлкен әскери-теңіз флотын құрды. Ол осы күшін Бірінші дүниежүзілік соғыста жауларына қарсы қолданды.

10. Даниял 11:25ә, 26-дағы пайғамбарлық қалай орындалды?

10 Даниял өз пайғамбарлығында Германия империясымен және оның әскери күшімен не болатынын да айтып кеткен. Пайғамбарлықта солтүстік патшаның “қарсы тұра алмайтыны” айтылған. Неліктен? Өйткені “олар айла-амал ойластырады... Дастарқанынан дәмді тамақ жеп жүргендер оны күйретеді” (Дан. 11:25ә, 26а). Даниялдың заманында патша дастарқанынан тағам жеп жүргендерге “патша сарайындағы” қызметкерлер кіретін (Дан. 1:5). Демек, бұл пайғамбарлықта Германия империясындағы жоғары лауазымды тұлғалар туралы, соның ішінде императордың генералдары мен әскери кеңесшілері туралы айтылып тұр. Олар кейіннен монархияның құлауына ықпал етті *. Сондай-ақ пайғамбарлықта солтүстік патшасының оңтүстік патшасымен соғысы қалай аяқталатыны сөз етіледі: “Оның жасағының түгі қалмайды, көптеген адам мерт болады” (Дан. 11:26ә). Алдын ала айтылғандай, Бірінші дүниежүзілік соғыста Германия әскерінің “түгі қалмай”, көптеген адам “мерт болды”. Бұған дейін тарихта осындай қанқұйлы соғыс болған емес.

11. Даниял 11:27, 28-ге сай, солтүстік патшасы мен оңтүстік патшасы не істеді?

11 Даниял 11:27, 28-де Бірінші дүниежүзілік соғыстың алдында не болатыны сипатталған. Пайғамбарлықта солтүстік патшасы мен оңтүстік патшасы “бір дастарқан басында отырып, бір-біріне өтірік айтатыны” жазылған. Сондай-ақ онда солтүстік патшасының “мол байлық” жинайтыны айтылған. Бұл дәл солай болды да. Германия мен Британия бір-біріне бейбітшілікті қалайтындарын айтқанмен, 1914 жылы соғыс басталғанда, олардың жалған сөйлегендері айқын болды. 1914 жылға дейін Германия өте байып, экономикалық жағынан әлемдегі екінші ірі елге айналды. Содан Даниял 11:29 бен 30-тармақтың бірінші бөлігі орындалып, Германия оңтүстік патшасымен соғысты, бірақ жермен-жексен болды.

ПАТШАЛАР ҚҰДАЙ ХАЛҚЫНА ҚАРСЫ ШЫҒАДЫ

12. Бірінші дүниежүзілік соғыста солтүстік патшасы мен оңтүстік патшасы қалай әрекет етті?

12 1914 жылдан бастап екі патша бір-бірімен қақтығысуын және Құдай халқына қарсы шығуын үдете түсті. Мысалы, Бірінші дүниежүзілік соғыста Германия үкіметі де, Британия үкіметі де кісі өлтіруден бас тартқан Құдай қызметшілерін қудалады. Ал АҚШ үкіметі уағыз ісіне жетекшілік еткендерді абақтыға жапты, осылай Аян 11:7—10 тармақтардағы пайғамбарлық жүзеге асты.

13. 1930 жылдары және Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде солтүстік патшасы не істеді?

13 Содан кейін 1933 жылдан бастап, әсіресе Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде солтүстік патшасы Құдай халқын аяусыз қуғындады. Германияда нацистік партия билікке келіп, Гитлер мен оның жақтастары Құдай халқының ісіне тыйым салды. Солтүстік патшасы 1500-ге жуық Ехобаның қызметшілерін өлтіріп, мыңдағанын концлагерлерге жапты. Даниял бұл оқиғалардың болатынын да айтқан еді. Солтүстік патшасы уағыз ісіне тыйым салуымен “қасиетті орынды... арамдады” және “ұдайы шалынатын құрбандықты тоқтатты” (Дан. 11:30ә, 31а). Гитлер тіпті Германиядағы Құдай халқын түптамырымен жойып жіберуді ант етті.

ЖАҢА СОЛТҮСТІК ПАТШАСЫ

14. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кім солтүстік патшасы болды? Түсіндіріңіз.

14 Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Кеңес Одағы бұрын Германияға тәуелді болған үлкен аумаққа билік етіп, солтүстік патшасына айналды. Германиядағы тоталитарлық тәртіп секілді, Кеңес Одағы да үкіметке толықтай мойынсұнудан бас тартып, шынайы Құдайға ғибадат ететіндердің бәрін асқан жауыздықпен қудалады.

15. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін солтүстік патшасы қалай әрекет етті?

15 Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін көп ұзамай жаңа солтүстік патшасы — Кеңес Одағы мен оның одақтастары — Құдай халқына шабуылдады. Аян 12:15—17 тармақтарда Құдай халқын қудалау “өзенге” теңелген. Осы пайғамбарлыққа сай, солтүстік патшасы уағыз ісіне тыйым салып, Ехобаның мыңдаған қызметшісін Сібірге айдады. Соңғы күндер басталғалы бері солтүстік патшасы Құдай халқын қуғындаған үстіне қуғындап келеді. Десе де олардың ісін еш тоқтата алар емес *.

16. Кеңес Одағы Даниял 11:37—39 тармақтардағы пайғамбарлықты қалай орындады?

16 Даниял 11:37—39 оқыңыз. Осы пайғамбарлыққа сәйкес, қалайша солтүстік патшасы “ата-бабаларының Құдайын... құрметтемеді”? Діннің көзін құртуды көздеген Кеңес Одағы дәстүрлі діни ұйымдардың күшін жоюға тырысты. Мысалы, 1918 жылдың басында Кеңес үкіметінің қабылдаған шешімдерінің нәтижесінде мектептерде атеизм үйретілетін болды. Ал бұл солтүстік патшасы қай мағынада “бекіністердің құдайын дәріптеді?” Кеңес Одағы әскери күш құру үшін қыруар қаражат жұмсады және өз билігін нығайту мақсатында мыңдаған ядролық қару жасап шығарды. Ақыр аяғында солтүстік патшасы да, оңтүстік патшасы да миллиардтаған адамды қырып салатындай мықты қару-жарақ жинап алды!

ЕКІ ПАТШАНЫҢ БІРЛЕСЕ ӘРЕКЕТ ЕТУІ

17. “Қаңыратып бос қалдыратын жеркенішті нәрсе” не?

17 Солтүстік патшасы оңтүстік патшасына маңызды бір мәселеде қолдау көрсетті: олар “қаңыратып бос қалдыратын жеркенішті нәрсе орнатты” (Дан. 11:31). Бұл “жеркенішті нәрсе” — Біріккен Ұлттар Ұйымы.

18. Біріккен Ұлттар Ұйымы неге “жеркенішті нәрсе” деп сипатталған?

18 Біріккен Ұлттар Ұйымы неге “жеркенішті нәрсе” деп сипатталған? Өйткені ол дүниежүзінде бейбітшілік орнатамын деп айтады, осылай Құдай Патшалығы ғана жүзеге асыратын нәрсені істей аламын дейді. Сондай-ақ пайғамбарлықта “жеркенішті нәрсенің” “қаңыратып бос қалдыратыны” айтылған, себебі Біріккен Ұлттар Ұйымы жалған діндердің бәрін жоюда басты рөл атқаратын болады (“Ақырғы уақытта текетіресетін патшалар” деген кестені қараңыз).

МҰНЫ НЕ ҮШІН БІЛУІМІЗ КЕРЕК?

19, 20. а) Екі патша туралы не үшін білуіміз керек? ә) Келесі мақалада қандай сұрақтың жауабын білеміз?

19 Екі патша туралы білгеніміз біз үшін маңызды. Өйткені бұл Даниялдың солтүстік патшасы мен оңтүстік патшасы туралы пайғамбарлығы 1870 жылдан бастап 1991 жылға дейін орындалғанын дәлелдейді. Олай болса, осы пайғамбарлықтың қалған бөлігі де жүзеге асатынына еш күмәнданбасақ болады.

20 1991 жылы Кеңес Одағы құлады. Онда бүгінгі күні солтүстік патшасы кім? Мұның жауабын келесі мақаладан білеміз.

128-ӘН Соңына дейін табанды тұрайық

^ 5-абзац Біз Даниялдың “солтүстік патшасы” мен “оңтүстік патшасы” туралы пайғамбарлығының әлі де орындалып жатқанына куәміз. Неге бұлай дей аламыз? Осы пайғамбарлықты неліктен егжей-тегжейлі түсінгеніміз маңызды?

^ 5-абзац Осы себепті ескерсек, енді Рим императоры Аврелиан (б. з. 270—275) “солтүстік патшасы”, ал Зенобия патшайым (б. з. 267—272) “оңтүстік патшасы” болды деу қисынсыз болар. Бұл “Даниялдың пайғамбарлығына көңіл қойыңдар!” (ор.) кітабының 13, 14-тарауында жазылған түсінігімізді өзгертеді.

^ 9-абзац 1890 жылы Бисмаркты император II Вильгельм биліктен шеттетті.

^ 10-абзац Олар үкіметті тез құлатудың көп амалын жасады. Мәселен, императорға қолдау көрсетпей қойды, соғысқа қатысты құпия мәліметтерді ашты және императорды биліктен кетуге мәжбүрледі.

^ 15-абзац Даниял 11:34-те айтылғандай, солтүстік патшасы шамалы уақытқа мәсіхшілерді қуғындауын тоқтатты. Мысалы, 1991 жылы Кеңес Одағы құлағанда, солай болды.