Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жұмсақтық. Бұл қасиеттің пайдасы

Жұмсақтық. Бұл қасиеттің пайдасы

“Мен табиғатымнан ұяң адаммын. Анау айтқандай өз-өзіме сенімді де емеспін. Сондықтан өзіне тым сенімді, өз дегенінде тұрып алатын адамдардың қасында өзімді жайсыз сезінемін. Ал жұмсақ, кішіпейіл адамдармен өзімді еркін ұстаймын. Оларға ашылып, ішімдегінің бәрін ақтара аламын, қиындықтарымды да жасырмаймын. Менің ең жақын достарым кішіпейіл әрі жұмсақ адамдар”,— дейді Сара * есімді бауырлас.

Сараның сөздерінен аңғаруға болатындай, жұмсақ адамдарға басқалар тартылып тұрады. Бұл қасиет Ехобаға да ұнайды. Ол өз Сөзінде бізді: “Жұмсақтық... қасиетіне бөленіңдер”,— деп шақырған (Қол. 3:12). Жұмсақтық деген не? Иса қалай жұмсақтық танытқан? Бұл қасиет бізді қалай бақыттырақ етеді?

ЖҰМСАҚТЫҚ ДЕГЕН НЕ?

Жұмсақтық деген — ішкі сабырлық, жан дүниенің тыныштығы. Жұмсақ адам өзгелерге мейіріммен қарайды және ашуға тиетін жағдайларда сабыр сақтап, ұстамды болады.

Жұмсақтық деген — адамның іштей мықты болуы. Киелі кітапта “жұмсақтық” деп аударылған грек сөзі қолға үйретілген жабайы жылқыға қатысты қолданылған. Жылқы қолға үйретілгеннен мықтылығынан айырылып, әлсіз болып қалмайды. Қайта, ол өзінің қара күшін жүгендеуді үйренеді. Тура сол сияқты, жұмсақ адам әлсіз адам дегенді білдірмейді. Керісінше, мұндай адам мықты келеді. Өйткені ол кемелсіз бейімділіктерін тізгіндей біледі және өзгелермен тату болады.

Бәлкім, “жұмсақтық маған тән емес” деп ойлармыз. Біз өз дегенінде тұрып алу және шыдамсыздық кең тараған дүниеде өмір сүріп жатқандықтан, жұмсақ болу қиынға соғуы мүмкін (Рим. 7:19). Рас, жұмсақтық қасиетін дамыту көп күш салуды талап етеді. Бірақ Ехобаның киелі рухы бізге мақсатымызға әрі қарай да ұмтыла беруге көмектеседі (Ғал. 5:22, 23). Неліктен жұмсақтық қасиетін дамытуға күш салуымыз керек?

Жұмсақтық — адамдарды тартатын қасиет. Мақаланың басында Сара айтқандай, біз жұмсақ адамдардың арасында өзімізді жайлы сезінеміз. Иса жұмсақ та мейірімді болудың тамаша үлгісін қалдырған (Қор. 2-х. 10:1). Тіпті Исаны жақсы танымаған балалардың өзі оған тартылып тұрған (Мар. 10:13—16).

Жұмсақтық өзімізді де, өзгелерді де қорғайды. Жұмсақ болсақ, ұнжырғамыз тез түсе қоймайды және бірден ашуланып кетпейміз (Нақ. с. 16:32). Сонда басқалардың, әсіресе жақын адамдарымыздың жанын жаралап, артынан өкініп жатпаймыз. Қасымыздағы адамдар да жүгенсіз мінезіміздің салдарынан жапа шекпейді.

ЖҰМСАҚТЫҚТЫҢ КЕМЕЛДІ ҮЛГІСІ

Иса уақыты тығыз, атқаратын міндеттері көп болса да, бәріне жұмсақтық танытқан. Оның күндерінде бейнет шегіп, еңселерін ауыр жүк басқан адамдар көп болған. Олар Исаның: “Маған келіңдер, мен жандарыңды сергітемін... Мен жұмсақ әрі кішіпейілмін”,— деген сөздерін естігенде, жандары жадырап қалса керек (Мат. 11:28, 29).

Иса сияқты жұмсақ болуды қалай үйренсек болады? Ол үшін Құдай Сөзін зерттеп, Исаның адамдармен қалай араласқанын және қиын кездерде қалай әрекет еткені жайлы біле аламыз. Солай етсек, жұмсақтығымызды сынға алатын жағдайларда Иса сияқты әрекет етуге тырысатын боламыз (Пет. 1-х. 2:21). Қазір Исаға жұмсақ болуға көмектескен үш жайтты көрейік.

Иса кішіпейіл болған. Иса өзінің “жұмсақ әрі кішіпейіл” екенін айтқан (Мат. 11:29). Киелі кітапта бұл екі қасиеттің қатар айтылатын себебі — жұмсақтық кішіпейілділікпен тығыз байланысты (Ефес. 4:1—3). Неге олай дейміз?

Кішіпейілділік бізге өзімізді тым маңызды санаудан және шектен тыс сезімтал болудан сақтайды. Иса өзін “тамақ жеп, шарап ішуді жақсы көреді” деп орынсыз айыптағандарға қалай қарады? Бұл сөздердің жалған екенін ол өзінің әрекетімен көрсетіп, жұмсақтықпен: “Даналық істерімен дәлелденеді”,— деді (Мат. 11:19).

Біреу ұлтыңыз, жынысыңыз не шыққан ортаңыз жайлы көңіліңізге тиетін бірдеңе айтса, мұндайда неге жұмсақтықпен әрекет етпеске?! Оңтүстік Африкадағы қауымда қызмет ететін Питер есімді ақсақал былай дейді: “Біреудің сөзін көңіліме алып қалсам, “мұндайда Иса қалай әрекет етер еді?” деп ойланамын. Мен өзім жайлы тым жоғары ойда болмауды үйрендім”.

Иса адамдардың кемелсіз екенін түсінген. Исаның шәкірттерінің ниеттері жақсы болған, бірақ кейде кемелсіз болмыстары ниеттерін жүзеге асыруға кедергі еткен. Мысалы, Иса өлер алдындағы түні Петір, Жақып пен Жоханнан жанына медеу болуын сұраған еді. Бірақ олар оның өтінішін орындай алмады. Иса “рух дайын, бірақ тән әлсіз” екенін жақсы түсінді (Мат. 26:40, 41). Ол жағдайды түсіне білгенінің арқасында елшілеріне ашуланбады.

Мэнди есімді әйел бауырлас бұрын бәрін сынап-мінеп жүретін. Бірақ қазір ол Исаның жұмсақтығына еліктеуге барынша тырысады. Ол былай дейді: “Мен кез келген адамның кемелсіз екенін есте ұстауға және адамдардың жақсы жақтарын, дәл Ехоба байқаған қасиеттерін, байқауға тырысамын”. Исаның кемелсіз адамдарға түсінікпен қарағаны сізді өзгелерге жұмсақтықпен қарауға талпындыра ма?

Иса бәрін Құдайға тапсырған. Иса жерде болғанда көп әділетсіздік көрген. Оны адамдар түсінбеді, кемсітіп, қорлады. Сонда да Иса жұмсақ болып қала берді. Өйткені ол “өзін әділ Соттаушыға сеніп тапсырды” (Пет. 1-х. 2:23). Иса көктегі Әкесі оның қамын ойлайтынын және уақыты келгенде әділдік орнататынын білген.

Әділетсіздікке кезіккен кезде ашумен әрекет ететін болсақ, оп-оңай шектен шығып, жағдайды одан сайын ушықтырып жіберуіміз мүмкін. Сондықтан да Киелі кітапта: “Ашудың жетегіндегі адам Құдайдың әділдігіне сай әрекет етпейді”,— деген ескерту бар (Жақ. 1:20). Тіпті ашуымыз орынды болған күнде де, кемелсіздігіміз бізді дұрыс емес әрекетке бағыттауы мүмкін.

Германияда тұратын Кэти есімді бауырлас бұрын “егер өз-өзіңді қорғамасаң, ешкім сені қорғамайды” деген ойда болған екен. Бірақ кейін ол Ехобаға сенім артуды үйреніп, көзқарасын өзгертті. “Мен енді бұрынғыдай өз-өзімді қорғауға дайын тұрмаймын. Ешбір жайт Ехобаның назарынан тыс қалмайтынын білгендіктен, еш нәрсені уайымдамай, жұмсақтықпен әрекет ете беремін”,— дейді ол. Әділетсіздіктің құрбаны болсаңыз, Исаға еліктеп Ехобаға сенім артыңыз. Бұл сізге жұмсақ болып қала беруге көмектеседі.

“ЖҰМСАҚ АДАМДАР БАҚЫТТЫ”

Қиын жағдайларда жұмсақтық бізге қалай көмектеседі?

Иса бақытты болуымыз үшін жұмсақтықтың маңызды екенін айтқан. Ол: “Жұмсақ адамдар бақытты”,— деген (Мат. 5:5, сілт.). Қазір жұмсақтық келесі жағдайларда қалай көмектесетінін көрейік.

Жұмсақтық некедегі қиын жағдайларды жақсартады. “Мен әйелімнің жүрегін ауыртып, айтам деп ойламаған ауыр сөздерді айтатынмын. Бірақ жай ашу үстінде айттым ғой деп түк болмағандай жүре алмайсың. Сөздерім әйелімді қалай жаралағанын көргенде, өзімді қоярға жер таппайтынмын”,— дейді Австралияда тұратын бір ер бауырлас.

Сөйлегенде “бәріміз де көп сүрінеміз” және ойланбай айтқан сөздеріміз некеміздің шырқын бұзуы мүмкін (Жақ. 3:2). Осындай жағдайларда жұмсақтық сабыр сақтауға әрі сөздерімізді қадағалауға көмектеседі (Нақ. с. 17:27).

Роберт сабырлы әрі ұстамды болу үшін көп күш салған. Бұның нәтижесі қандай болды? Ол былай дейді: “Бүгінде арамызда түсініспеушілік туындағанда әйелімді мұқият тыңдауға, жұмсақ сөйлеуге және ашуланып кетпеуге саналы түрде күш саламын. Қазір әйеліммен қарым-қатынасым анағұрлым жақсы”.

Жұмсақтық өзгелермен жақсы тіл табысуға көмектеседі. Әдетте тез ренжігіш адам көп достарынан айырылып қалады. Ал жұмсақтық қасиеті бізге “тату болып... бірлікті сақтап қалуға” көмектеседі (Ефес. 4:2, 3). Жоғарыда келтірілген Кэти былай дейді: “Жұмсақтық маған өзге адаммен кездесіп қалған кезде, сол сәтті кішкене де болса жағымды етуге көмектеседі. Тіпті тіл табысу қиынға соғатын адамдармен кездескен кезде де солай етуге тырысамын”.

Жұмсақтық жантыныштығына бөлейді. Киелі кітапта жұмсақтық пен татулық “көктен келген даналықпен” байланыстырылады (Жақ. 3:13, 17). Жұмсақ адамның “жүрегі тыныш” болады (Нақ. с. 14:30). Жұмсақтық қасиетін дамыту үшін көп күш салған Мартин былай дейді: “Қазір мен бұрынғыға қарағанда бейімделгішпін және ашуға тез берілмеймін, жаным да тыныш, әрі өзімді бақытты сезінемін”.

Рас, жұмсақ болу көп күш салуды талап етуі мүмкін. Бір ер бауырлас: “Шынымды айтсам, зығырданым қайнайтын кездер болып тұрады”,— дейді. Бұл орайда бізді жұмсақ болуға талпындырып жатқан Ехобаның өзі бізге еш берілмеуге көмектеседі (Ишая 41:10; Тім. 1-х. 6:11). Ол “тәлімімізді ақырына дейін жеткізіп, бізді нығайта” алады (Пет. 1-х. 5:10). Сонда біз де елші Пауыл сияқты “Мәсіхке тән жұмсақтық және мейірім” таныта аламыз (Қор. 2-х. 10:1).

^ 2-абзац Кейбір есімдер өзгертілген.