Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

22-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Көзге көрінбейтін сыйларды бағалаңыз

Көзге көрінбейтін сыйларды бағалаңыз

“Көрінбейтін нәрселерге назар тігеміз. Өйткені көрінетін нәрселер уақытша, ал көрінбейтіндер мәңгілік” (ҚОР. 2-Х. 4:18).

45-ӘН Жүрек толғанысы

АҢДАТПА *

1. Иса көктегі қазына жайлы не айтқан?

ҚАЗЫНА атаулының бәрі бірдей көзге көріне бермейді. Негізінде, ең бағалы деген қазыналарды көзбен көре алмаймыз. Иса таудағы уағызында көктегі қазынаның жердегі дүние-мүліктен анағұрлым құнды екенін айтқан. Сосын ол: “Қазыналарың қайда болса, жүректерің де сонда болады”,— деген (Мат. 6:19—21). Біз әдетте нені жоғары бағаласақ, жүрегіміз соған ұмтылады. Құдайдың алдында жақсатқа ие болу арқылы “қазынаны көкте жинаймыз”. Иса айтқандай, бұл қазына еш жойылмайды, оны ешкім де ұрлай алмайды.

2. а) Қорынттықтарға 2-хат 4:17, 18-ге сай, Пауыл бізді не істеуге шақырады? ә) Бұл мақалада не қарастырамыз?

2 Елші Пауыл бізді “көрінбейтін нәрселерге назар тігуге” шақырады (Қорынттықтарға 2-хат 4:17, 18 оқыңыз). Көзге көрінбейтін бұндай қазыналарға Құдайдың жаңа дүниесінде иемденетін баталарымыз да кіреді. Ал бұл мақалада қазірдің өзінде біз пайдасын көретін төрт сыйды қарастырамыз. Бұлар: Құдаймен достығымыз, дұға ету сыйы, Құдайдың киелі рухының көмегі және Ехобаның, Исаның және періштелердің уағыз ісінде беретін қолдауы. Сондай-ақ осы көзге көрінбейтін сыйларға риза екенімізді қалай көрсете алатынымызды сөз етеміз.

ЕХОБАМЕН ДОСТЫҒЫМЫЗ

3. Көзге көрінбейтін ең асыл қазынамыз қандай және бұл ненің арқасында мүмкін болып отыр?

3 Көзге көрінбейтін ең асыл қазынамыз — Ехоба Құдаймен достығымыз (Зәб. 25:14). Киелі Құдайдың күнәкар адамдармен дос болуы мүмкін бе? Иә. Бұл Исаның адамзатты “күнәдан арылтатын” төлем құрбандығының арқасында мүмкін (Жох. 1:29). Ехоба адамзатты құтқаруға қатысты ниетінің міндетті түрде орындалатынын алдын ала білген. Сондықтан да ол Мәсіхтің өліміне дейін өмір сүрген адамдармен дос бола алған (Рим. 3:25).

4. Мәсіх жерге келмес бұрын Құдаймен дос болған кейбір адамдар жайлы айтып беріңіз.

4 Мәсіх жерге келмес бұрын Құдаймен дос болған кейбір адамдарға тоқтала кетейік. Мысалы, Ыбырайым сенімі болаттай берік жан болған. Ол қайтыс болған соң мың жылдан аса уақыттан кейін Ехоба оны “досым” деп атаған (Ишая 41:8). Демек, тіпті өлім де Ехобаны жақын достарынан айыра алмайды. Ыбырайым Ехобаның жадында әлі де тірі (Лұқа 20:37, 38). Тағы бір мысал — Әйүп. Көкте періштелер жиналғанда, Ехоба Әйүпке сенетінін айтты. Ехоба оны “әділ де мінсіз, Құдайдан қорқып, жамандықтан аулақ жүретін адам” деді (Әйүп 1:6—8). Ал Даниял жайлы Ехоба қандай пікірде болды? Даниял пұтқа табынатындардың жерінде шамамен 80 жыл бойы Құдайға адал қызмет етті. Періштелер үш рет егде тартқан Даниялға оның Құдай алдында “аса бағалы жан” екенін айтты (Дан. 9:23; 10:11, 19). Ехоба жанына жақын достарын тірілтетін уақытты тағатсыздана күтетініне еш күмәніміз жоқ (Әйүп 14:15).

Көзге көрінбейтін қазыналарға ризашылық білдірудің кейбір жолдары қандай? (5-абзацты қараңыз) *

5. Ехобамен жақын дос болу үшін не істеуіміз керек?

5 Бүгінде миллиондаған жұмыр басты пенде Ехобамен жақын дос болып жүр. Өйткені дүниенің төрт бұрышындағы көптеген ерлер мен әйелдер, сондай-ақ балалар Құдайдың досы болғысы келетінін іс-әрекеттерімен көрсетіп жүр. Ехоба “шыншыл адаммен жақын дос болады” (Нақ. с. 3:32). Бұл достыққа олар Исаның төлем құрбандығына сенгендіктен қол жеткізуде. Осы құрбандықтың негізінде Ехоба бізге өзіне бағышталып, шомылдыру рәсімінен өтуге мүмкіндік береді. Осы маңызды қадамдарды жасасақ, Құдайға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өткен әрі әлемдегі ең ұлы Тұлғамен “жақын дос” болып жүрген миллиондаған адамның қатарына қосыламыз!

6. Құдаймен достығымызды бағалайтынымызды қалай көрсетсек болады?

6 Құдаймен достығымызды бағалайтынымызды қалай көрсете аламыз? Құдайға жүзден астам жыл адалдық танытқан Ыбырайым мен Әйүпке еліктеп, біз де осы дүниеде Ехобаға қанша жыл қызмет етіп келе жатқанымызға қарамастан оған деген адалдығымыздан таймауымыз керек. Даниял сияқты, Ехобамен достығымызды өз өмірімізден де артық көруіміз қажет (Дан. 6:7, 10, 16, 22). Ехобаның көмегімен кез келген сынақтан сүрінбей өте аламыз, осылай онымен достық қарым-қатынасымызды сақтап қаламыз (Філіп. 4:13).

ДҰҒА ЕТУ СЫЙЫ

7. а) Нақыл сөздер 15:8-ге сай, Ехоба дұғаларымызға қалай қарайды? ә) Ехоба дұғаларымызға қалай жауап береді?

7 Көзге көрінбейтін тағы бір қазынамыз — дұға. Жан достар бір-біріне ой-сезімдерін айтқанды жақсы көреді. Ехобамен достығымыз туралы да осылай дей аламыз. Ол бізге өзінің Сөзі арқылы сөйлеп, ой-сезімдерін жеткізеді. Ал біз оған терең ойларымыз бен ішкі сезімдерімізді дұға арқылы айтамыз. Ехоба біздің дұғаларымызды тыңдағанды ұнатады (Нақыл сөздер 15:8 оқыңыз). Сүйікті Досымыз болғандықтан Ехоба дұғаларымызды естіп қана қоймай, оларға жауап та береді. Кейде ол тез жауап береді, ал кейде бір мәселе жайлы біраз уақыт дұға етуіміз керек болады. Қалай болған күнде де, Құдай дұғамызға дәл уақытында, ең жақсы жолмен жауап беретініне нық сенеміз. Әрине, оның жауабы біз күткеннен өзгеше болуы мүмкін. Мысалға, ол сынақтарымызды алып тастамай, оларға төтеп беруіміз үшін даналық пен күш дарытуы мүмкін (Қор. 1-х. 10:13).

(8-абзацты қараңыз) *

8. Дұға ету сыйына деген ризашылығымызды қалай көрсете аламыз?

8 Осы теңдессіз сый үшін ризашылығымызды қалай білдірсек болады? Мұның бір жолы — Құдайдың “ұдайы дұға етіңдер” деген нұсқауына құлақ асу (Сал. 1-х. 5:17). Ехоба бізді дұға етуге мәжбүрлемейді. Қайта, ерік бостандығымызды сыйлап, бізді әрдайым дұға айтуға талпындырады (Рим. 12:12). Олай болса, осы сыйға деген ризашылығымызды күні бойы жиі-жиі дұға етуімізбен көрсете аламыз. Әлбетте, дұғамызда Ехобаға алғыс білдіруді және оны мадақтауды да ұмытпауымыз керек (Зәб. 145:2, 3).

9. Бір ер бауырлас дұға туралы қандай сезімде, ал сіз қандай сезімдесіз?

9 Ехобаға көбірек қызмет еткен сайын және оның дұғаларымызға қалай жауап беріп жатқанын көрген сайын, дұғаға деген алғысымыз арта түсу керек. 47 жыл бойы толық уақытты қызмет етіп жүрген Крис бауырлас былай дейді: “Ехобамен сөйлесу үшін таңертең ерте тұрғанды ұнатамын. Таң арайлап атып, айнала ажарлана түскенде, Ехобамен тілдесуге не жетсін! Сол кезде барлық сыйлары үшін, соның ішінде дұға үшін, алғыс айтпай тұра алмаймын. Ал күннің соңында дұға етіп алған соң, таза ар-ұжданмен ұйқыға кету неткен ғанибет!”

КИЕЛІ РУХТЫҢ КӨМЕГІ

10. Құдайдың киелі рухын не үшін бағалауымыз керек?

10 Құдайдың киелі рухы — бағалауымыз керек тағы бір көзге көрінбейтін қазына. Иса киелі рух сұрап дұға ете беруіміз керектігін айтқан (Лұқа 11:9, 13). Ехоба киелі рухы арқылы бізге күш береді, тіпті “адам күшінен асқан күш” дарытады (Қор. 2-х. 4:7; Ел. іс. 1:8). Құдай рухының көмегімен кез келген сынақта мойымай, табанды бола аламыз.

(11-абзацты қараңыз) *

11. Киелі рух бізге қалай көмектеседі?

11 Киелі рух мәсіхшілік міндеттерімізді атқаруға көмектеседі. Құдайдың рухы қабілет пен дарындарымызды арттыра алады. Біз қызметтегі жетістіктеріміз өзіміздің емес, киелі рухтың арқасында екенін жақсы түсінеміз.

12. Зәбүр 139:23, 24-ке сай, киелі рух не істеуге көмектессін деп дұға етуіміз керек?

12 Құдайдың киелі рухын бағалайтынымызды қалай көрсете аламыз? Мұның бір жолы — киелі рух жаман ойларымыз бен қалауларымызды анықтауға көмектессін деп дұға ету (Зәбүр 139:23, 24 оқыңыз). Осылай етсек, Ехоба рухы арқылы жаман ойларымыз бен бейімділіктерімізді аңғаруға көмектеседі. Оларды аңғарғаннан кейін, Құдайға дұға етіп, киелі рухымен сол ойларымыз бен қалауларымызға қарсы тұруға күш беруін сұрауымыз керек. Сонда Ехоба бізге киелі рухымен көмектесуін доғармау үшін қолдан келгеннің бәрін істегіміз келетінін көрсетеміз (Ефес. 4:30).

13. Киелі рухқа деген ризашылығымызды қалай арттыра аламыз?

13 Киелі рухтың бүгінде не істеп жатқаны жайлы ойлансақ, оған деген ризашылығымыз артқан үстіне арта түседі. Иса көкке көтерілмес бұрын шәкірттеріне: “Өздеріңе киелі рух қонғанда күш-қуатқа ие болып,.. жердің қиыр шетіне дейін мен жайлы куәлік етесіңдер”,— деген болатын (Ел. іс. 1:8). Осы сөздер қазіргі таңда таңғажайып түрде орындалып жатыр. Киелі рухтың арқасында дүниенің түкпір-түкпіріндегі сегіз жарым миллиондай адам Ехобаға ғибадат етуде. Сонымен қатар Құдайдың рухының арқасында біз рухани жұмақта жүрміз, өйткені киелі рух сүйіспеншілік, қуаныш, татулық, шыдамдылық, мейірімділік, ізгілік, сенім, жұмсақтық, ұстамдылық сияқты көркем қасиеттерді дамытуға көмектеседі. Бұл қасиеттер — “киелі рухтың жемісі” (Ғал. 5:22, 23). Шынымен де, киелі рух — баға жетпес сый!

КӨКТЕН КЕЛЕТІН ҚОЛДАУ

14. Уағызда жүргенде бізге көзге көрінбейтін қандай қолдау көрсетіледі?

14 Көзге көрінбейтін қазынамыздың тағы бірі — Ехобамен және оның ұйымының көктегі бөлігімен “бірге еңбектеніп жүргеніміз” (Қор. 2-х. 6:1). Шәкірт дайындау ісіне атсалысқанда, біз олармен еңбектенеміз. Пауыл өзіне және осы іске қатысатындарға нұсқап: “Біз Құдаймен қызметтеспіз”,— деген (Қор. 1-х. 3:9). Уағызға шыққанда біз Исамен де қызметтес боламыз. Есіңізде болса, “барлық халықтардан шәкірттер дайындауды” тапсырған соң, Иса ізбасарларына: “Сендермен біргемін”,— деп айтқан болатын (Мат. 28:19, 20). Ал періштелер туралы не деуге болады? “Жер бетінде тұратындарға... мәңгілік ізгі хабарды” айтқан кезде, періштелердің бізді жетелейтіні неткен бата! (Аян 14:6).

15. Қызметімізде Ехобаның маңызды рөл атқаратынына Киелі кітаптан мысал келтіріңіз.

15 Көктен келетін осындай қолдаудың арқасында қандай істер атқарылып жатыр? Патшалық туралы сөздің тұқымын сепкенде, кейбірі жақсы жүректерге түсіп, өнім беруде (Мат. 13:18, 23). Шындықтың осы тұқымын кім өсіріп, кім өнімді етеді? Иса айтқандай, “Әкесі жақындатып тартса ғана” адам оның ізбасары бола алады (Жох. 6:44). Киелі кітапта осыны растайтын жақсы бір мысал бар. Пауыл Філіпі қаласының сыртында бір топ әйелге уағыздағанда не болғанын еске алайықшы. Киелі кітапта сол әйелдердің бірі Лүдия жайлы былай делінген: “Пауылды тыңдап отырғанда, айтылғандарды қабыл алуы үшін Ехоба оның жүрегін ашты” (Ел. іс. 16:13—15). Ехоба Лүдия сияқты миллиондаған басқа адамдарды да өзіне жақындатып тартты.

16. Қызметтегі жетістіктеріміз үшін мадаққа кім лайық?

16 Сонымен, қызметте жетістіктерге кімнің арқасында жетіп жатырмыз? Қорынттағы қауымға жазған Пауылдың мына сөздері осыған жауап береді: “Мен ектім, Аполлос суарды, ал өсіріп жатқан — Құдай. Сондықтан еккен де, суарған да емес, өсіріп отырған Құдай мадақталсын” (Қор. 1-х. 3:6, 7). Ендеше, Пауыл іспетті қызметтегі кез келген жетістігіміз үшін бар мадақты Ехобаға арнайық.

17. Құдаймен, Мәсіхпен және періштелермен “бірге еңбектенуді” бағалайтынымызды қалай көрсетеміз?

17 Құдаймен, Мәсіхпен және періштелермен “бірге еңбектену” мәртебесін бағалайтынымызды қалай көрсетсек болады? Ізгі хабарды өзгелерге айтудың мүмкіндігін қалт жібермеу арқылы. Мұны істеудің жолдары көп. Мысалы, “ел алдында және үйден үйге жүріп” уағыздау (Ел. іс. 20:20). Сондай-ақ көбісі бейресми куәлік еткенді жақсы көреді. Олар бөтен адамды жолықтырғанда достық пейілмен сәлемдесіп, әңгіме бастап көреді. Егер адам әңгімелесуге ыңғай танытса, оған ілтипатпен Патшалық хабарын айтады.

(18-абзацты қараңыз) *

18, 19. а) Шындықтың тұқымын қалай суарамыз? ә) Ехоба Киелі кітапты зерттеген бір кісіге қалай көмектесті?

18 Құдаймен қызметтесетіндіктен, біз тек шындықтың тұқымын сеуіп қана қоймай, оны суаруымыз да керек. Егер адам хабарымызға қызықса, онымен зерттеу сабағын бастау үшін қайта баруға немесе оған басқа біреудің баруын қамдауға күш саламыз. Ехоба сол адамға ой қалпы мен өмір салтын өзгертуге көмектесіп жатқанын көргенде қатты қуанамыз.

19 Оңтүстік Африкадағы бұрын емші болған бауырластың мысалын қарастырайық. Оған Киелі кітапты зерттеу сабағынан білгендері қатты ұнайды. Алайда Киелі кітаптың аруақтармен байланысу жайлы не дейтінін білгенде, мұны қабылдау оған қиын болады (Мұс. 5-ж. 18:10—12). Бірақ ол бірте-бірте ой қалпын Құдайдың түзетуіне жол береді. Сөйтіп, уақыт өте ол жалғыз күнкөріс көзі болған емшілік кәсібінен бас тартады. Қазір 60-қа келген ол былай дейді: “Ехоба куәгерлерінің маған әртүрлі жолмен қол ұшын беріп жатқанына дән ризамын. Олар жұмыс табуыма да көмектесті. Бәрінен бұрын, өмірімді өзгертуге жәрдем берген Ехобаға алғысым шексіз. Енді мен шомылдыру рәсімінен өтіп, уағыз ісіне қатысып жүрмін”.

20. Сіз не істеуге бел будыңыз?

20 Осы мақалада көзге көрінбейтін төрт қазынаны қарастырдық. Олардың ішіндегі ең маңыздысы — Ехобамен жақын дос болу мәртебесі. Ехобамен дос болсақ, көзге көрінбейтін басқа қазыналардың да игілігін көре аламыз. Атап айтқанда, оған дұға ете аламыз, киелі рухтың көмегін көреміз және көктен келетін қолдауды сезінеміз. Олай болса, көзге көрінбейтін осы қазыналарға ризашылығымызды арттыра берейік. Сондай-ақ керемет Досымыз болғаны үшін Ехобаға алғыс жаудырудан талмайық!

145-ӘН Құдай уәде еткен жұмақ

^ 5-абзац Алдыңғы мақалада Құдайдың көзге көрінетін кейбір сыйларын қарастырдық. Ал бұл мақалада көзге көрінбейтін сыйларға назар аударамыз және оларды бағалайтынымызды қалай көрсететініміз жайлы қарастырамыз. Сондай-ақ осы сыйларды берген Ехоба Құдайға деген ризашылығымызды арттырамыз.

^ 58-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: 1) Қыз бауырлас жаратылыстарға тамсанып, Ехобамен достығы жайлы ойланып тұр.

^ 60-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: 2) Бауырлас куәлік беру үшін Ехобадан күш сұрап отыр.

^ 62-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: 3) Киелі рух бауырласқа бейресми түрде Патшалық хабарын батыл уағыздауға көмектесіп жатыр.

^ 64-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: 4) Бауырлас өзі бейресми куәлік берген әйелмен Киелі кітапты зерттеп отыр. Ол уағыздау мен шәкірт дайындау ісін періштелердің қолдауымен атқарып жатыр.