Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

21-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Құдай берген сыйларды бағалайсыз ба?

Құдай берген сыйларды бағалайсыз ба?

“Біз үшін қаншама керемет іс жасадың, Біз жайлы қаншама көп ойлайсың, уа, Ехоба Құдайым” (ЗӘБ. 40:5).

5-ӘН Құдайдың ғажап істері

АҢДАТПА *

1, 2. Зәбүр 40:5-ке сай, Ехоба бізге қандай сыйлар берді және неге олар туралы сөз қозғаймыз?

ЕХОБА — жомарт Құдай. Оның бізге берген кейбір сыйларын ойлап көріңізші. Мысалы, ол бізге көркем әрі бірегей мекеніміз Жер шарын, керемет жаратылған миымызды және баға жетпес Сөзі Киелі кітапты берді. Осылай Ехоба бізге мекен болатын Жерді тарту етіп, ойлау мен сөйлеу қабілетін дарытты, сондай-ақ көптеген маңызды сұрақтарымызға жауап берді (Зәбүр 40:5 оқыңыз).

2 Осы мақалада сол үш сый жайлы сөз қозғаймыз. Солар туралы көбірек ойлансақ, оларды көбірек бағалайтын боламыз және Жаратушымыз Ехобаға ұнамды болуға деген ықыласымыз артады (Аян 4:11). Сонымен қатар эволюция іліміне сенетін адамдармен жақсырақ пікірлесе аламыз.

БІРЕГЕЙ ЖЕР ШАРЫМЫЗ

3. Неге Жер планетасы бірегей дей аламыз?

3 Құдайдың даналығы мекеніміз Жер шарын қалай жаратқанынан айқын көрінеді (Рим. 1:20; Евр. 3:4). Жер Күнді айналатын жалғыз планета емес, бірақ ол — бірегей планета. Себебі онда адамзат өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған.

4. Жерді жаратқанынан Ехобаның даналығы қалай көрінеді? Мысал келтіріңіз.

4 Ұлан байтақ ғаламдағы Жер планетасы мұхит бетіндегі кеме сияқты. Десе де ол адамның қолынан шыққан кемемен салыстыруға да келмейді. Мысалы, іші лық толы кемедегі адамдар оттегін, азық-түлік пен суды өздері өндіретін болса және қалдықтарды сыртқа шығармайтын болса, олар қанша уақыт өмір сүре алар еді? Кемедегілер көп ұзамай-ақ өмірлерінен айырылар еді. Ал Жер планетасына келсек, онда миллиардтаған тіршілік иелері бар. Жер планетасында оттегі де, азық-түлік пен су да бар және олар ешқашан таусылып қалмайды. Сондай-ақ қоқыс пен қалдықтар ешқайда кетпесе де, Жеріміз әрдайым әдемі әрі өмір сүруге жарамды болып қала береді. Бұл қалайша мүмкін? Ехоба Жерді қалдықтарды пайдалы заттарға айналдыра алатындай етіп жаратқан. Қазір сондай екі айналымға қысқаша тоқталып өтеміз. Бұлар табиғаттағы оттегі айналымы мен су айналымы.

5. Оттегі айналымы деген не және бұл нені дәлелдейді?

5 Оттегі — адамдар мен жануарлардың тіршілік етуі үшін аса қажетті газ. Тіршілік иелері бір жылдың ішінде шамамен жүздеген миллиард тонна оттегімен тыныс алады. Сондай-ақ олар көмірқышқыл газын шығарады. Сонда да бұл тіршілік иелері барлық оттегіні жұтып қойып, атмосфера көмірқышқыл газына толып кетпейді. Неліктен? Өйткені Ехоба көмірқышқыл газын жұтатын әрі оттегін шығаратын үлкенді-кішілі сан алуан өсімдіктерді жаратты. Оттегі айналымы Елшілердің істері 17:24, 25-тегі: “Құдай... барлығына өмір, тыныс... береді”,— деген сөздерді дәлелдейді.

6. Су айналымы деген не және бұл нені дәлелдейді? (“ Су айналымы — Ехобаның сыйы” деген қоршауды да қараңыз.)

6 Ғаламшарымыз Күннен дәл қажетті қашықтықта орналасқандықтан, жерде су сұйық түрінде кездеседі. Егер Жер Күнге кішкене ғана жақын орналасқанда, ондағы су қайнап, Жер ыстық әрі құрғақ болып, тіршілік етуге жарамсыз болар еді. Ал егер ол Күннен кішкене алыс орналасқанда, ондағы су қатып, Жер алып мұзды шарға айналар еді. Ехоба Жерді мінсіз қашықтықта орналастырған. Сондықтан жер бетіндегі су айналымы өмір сүруге қолайлы жағдай жасайды. Күн мұхиттардағы су мен жердің бетін жылытады да, су буланып, бұлттар түзеді. Жыл сайын Күн миллиондаған литр (не 500 000 км3) суды буға айналдырады. Бұл сулар жерге жаңбыр не қар болып түспес бұрын, атмосферада шамамен он күндей тұрады. Ақыр соңында су мұхиттарға не өзге су көздеріне қайта оралады, осылай бұл айналым қайталана береді. Жер бетінде әрдайым су болуы үшін Ехоба осы айналымды жасады. Бұл оның дана әрі құдіретті екенін дәлелдейді (Әйүп 36:27, 28; Уағ. 1:7).

7. Зәбүр 115:16-да жазылған сыйды бағалайтынымызды көрсетудің жолдары қандай?

7 Ғажап ғаламшарымыз бен ондағы керемет нәрселерге ризашылығымызды қалай арттыра аламыз? (Зәбүр 115:16 оқыңыз). Оның бір жолы — Ехобаның жаратылыстары жайлы ойланып-толғану. Сонда оның бізге жасаған жақсылықтары үшін әр күні алғыс айтқымыз келіп тұрады. Сондай-ақ тұратын жерімізді барынша таза ұстау арқылы да Жер планетамызды бағалайтынымызды көрсетеміз.

КЕРЕМЕТ ЖАРАТЫЛҒАН МИЫМЫЗ

8. Неге миымызды тамаша жаратылған дей аламыз?

8 Адамның миы тамаша жаратылған. Анаңыздың құрсағында жатқанда, сіздің миыңыз алдын ала ойластырылған жоспар (генетикалық код) бойынша дамыды, әрі минут сайын мыңдаған жаңа ми жасушалары құрылды. Зерттеушілердің айтуынша, ересек адамның миында нейрондар деп аталатын 100 миллиардқа жуық жасуша бар. Осы жасушалардан құралған миымыздың салмағы — шамамен 1,5 кг. Қазір мидың кейбір керемет қабілеттерін қарастырып өтейік.

9. Сөйлеу қабілеті Құдайдың сыйы екеніне не нәрсе көзіңізді жеткізеді?

9 Сөйлеу қабілетін керемет деуге болады. Сөйлегенде не болатынын ойлап көріңізші. Сіз бір сөз айтқанда, миыңыз тіліңіздегі, тамағыңыздағы, ерніңіздегі, жағыңыз бен кеуде қуысыңыздағы жүз шақты бұлшық етті іске қосады. Айтқан сөзіңіз анық шығу үшін, осы бұлшық еттер дұрыс тәртіппен қозғалу керек. Сөйлеу қабілетіне қатысты 2019 жылы шыққан зерттеуге сай, жаңа туылған нәресте жекелеген сөздерді айыра алады екен. Бұл зерттеу көп ғалымдардың тұжырымын тағы бір рет дәлелдейді: адам баласы тілді үйреніп, оны түсіне алатын қабілетпен туылады. Иә, сөйлеу қабілеті — Құдайдың бізге берген сыйы (Мұс. 2-ж. 4:11).

10. Құдай берген сөйлеу қабілетін бағалайтынымызды қалай көрсете аламыз?

10 Сөйлеу қабілетін бағалайтынымызды көрсетудің бір жолы — эволюцияға сенетін адамдарға бәрін жаратқан Құдай екенін айтып-түсіндіру (Зәб. 9:1; Пет. 1-х. 3:15). Эволюцияға сенетіндер жер мен ондағы бар тіршілік кездейсоқ пайда болған деген теорияны алға тартады. Біз Киелі кітаптың және осы мақаладағы кейбір ойлардың арқасында көктегі Әкемізді қорғап сөйлей аламыз. Сондай-ақ қызығушылығы бар адамдарға Ехоба көк пен жердің Жаратушысы екеніне неліктен сенетінімізді түсіндіріп бере аламыз (Зәб. 102:25; Ишая 40:25, 26).

11. Миымыздың керемет жаралғанының бір дәлелі қандай?

11 Есте сақтау қабілетіміз таңғаларлық жайт. Бұрындары бір автор адам миы 20 миллион кітаптағы ақпаратты есте сақтай алады деп айтқан еді. Ал қазір миымыз одан да көп мәліметті есте сақтай алады деп тұжырымдалады. Адамның қандай ерекше қабілеті бар?

12. Өнегелік сабақ ала алатынымыз бізді жануарлардан қалай ерекшелендіреді?

12 Жер бетіндегі барлық тіршілік иелерінің ішінде тек адам баласы ғана өткен оқиғаларды жадында сақтап, салмақтап-саралап, олардан өнегелік сабақ ала алады. Соның нәтижесінде біз ой қалпымыз бен өмір сүру салтымызды өзгертіп, әлдеқайда жақсы адам бола аламыз (Қор. 1-х. 6:9—11; Қол. 3:9, 10). Дұрыс пен бұрысты айыра алу үшін ар-ұжданымызды тәрбиелей аламыз (Евр. 5:14). Сүйіспеншілік, жанашырлық, мейірімділік танытуды үйрене аламыз. Сондай-ақ Ехобаның әділдігіне еліктей аламыз.

13. Зәбүр 77:11, 12-ге сай, есте сақтау қабілетімізді қалай қолдануымыз керек?

13 Есте сақтау қабілетін бағалайтынымызды көрсетудің бір жолы — Ехобаның көмектескен әрі бізді жұбатқан әр сәтін жадымызда ұстау. Бұл оның болашақта да жанымыздан табылатынына сенімділік береді (Зәбүр 77:11, 12 оқыңыз; 78:4, 7). Тағы бір жолы — өзгелердің бізге жасаған жақсылығын ұмытпай, оларға риза болу. Ғалымдардың байқауынша, ризашыл адамдар бақыттырақ болады екен. Біз Ехобаның кей нәрселерді ұмытуды жөн көретініне де еліктеуіміз керек. Мысалы, Ехобаның есте сақтау қабілеті кемелді, бірақ егер біз күнәларымызға өкінсек, ол бізді кешіріп, қателігімізді ұмытады (Зәб. 25:7; 130:3, 4). Өзгелер жанымызды жаралап, сол үшін кешірім сұраса, Ехоба біздің де өзі сияқты әрекет еткенімізді қалайды (Мат. 6:14; Лұқа 17:3, 4).

Миымызды Ехобаны даңқтау үшін қолдансақ, бұл сыйды бағалайтынымызды көрсетеміз (14-абзацты қараңыз) *

14. Керемет жаратылған миымызды бағалайтынымызды қалай көрсетеміз?

14 Миымызды Жаратушымызды даңқтау үшін қолдансақ, бұл баға жетпес сыйды құнды санайтынымызды көрсетеміз. Кейбіреулер миларын өз қара бастары үшін, яғни ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін өздері шешу үшін қолданады. Бізді Ехоба жаратқандықтан, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін бізге қарағанда ол жақсырақ біледі (Рим. 12:1, 2). Ехобаның нормаларына бағынсақ, тыныштықта өмір сүреміз (Ишая 48:17, 18). Сондай-ақ өміріміздің мәні кіреді. Ал өміріміздің мәні — Жаратушымыз әрі Әкемізді даңқтап, оның жүрегін қуанту (Нақ. с. 27:11).

КИЕЛІ КІТАП — БАҒА ЖЕТПЕС СЫЙ

15. Киелі кітап Ехобаның адамзатты сүйетінін қалай көрсетеді?

15 Киелі кітап — Құдайдың сүйіспеншілікпен берген сыйы. Көктегі Әкеміз жердегі балаларының қамын ойлағандықтан, киелі рухы арқылы қозғау салып, кейбір адамдарға Киелі кітапты жаздырды. Ехоба Киелі кітап арқылы көкейімізде туындауы мүмкін мына сияқты өте маңызды сауалдарға жауап береді: Біз қалай пайда болдық? Өмірдің мәні неде? Болашағымыз қандай болмақ? Ехоба барлық балаларының осы сұрақтардың жауабын білгенін қалайды. Сондықтан ол ғасырлар бойы адамдарды Киелі кітапты көптеген тілге аударуға талпындырып келді. Бүгінде Киелі кітап тұтастай не оның кейбір бөліктері 3000-нан аса тілде қолжетімді! Бұл кітап — тарихтағы ең көп тілге аударылған әрі ең көп таралған кітап. Адамдар қай жерде тұрмасын не қай тілде сөйлемесін, көбісінің Киелі кітаптағы хабарды ана тілінде білуге мүмкіндіктері бар. (“ Киелі кітапты Африкадағы тілдерге қолжетімді ету” деген қоршауды қараңыз.)

16. Матай 28:19, 20-ға сай, Киелі кітапты бағалайтынымызды қалай көрсетеміз?

16 Киелі кітапты бір күн жібермей оқу арқылы, оқып-тоқығандарымызды ой сүзгісінен өткізу арқылы және білгендерімізді барынша өмірде қолдану арқылы бұл сыйды бағалайтынымызды көрсетеміз. Киелі кітаптағы хабарды мүмкіндігінше көп адамға айту арқылы да Құдайға деген ризашылығымызды білдіреміз (Зәб. 1:1—3; Мат. 24:14; Матай 28:19, 20 оқыңыз).

17. Бұл мақалада не қарастырдық және келесі мақала не жайлы болмақ?

17 Бұл мақалада Ехобаның бізге Жер шарын, керемет жаратылған миымызды, киелі рухтың жетелеуімен жазылған Киелі кітапты сыйлағанын қарастырдық. Ехоба бізге көзге көрінбейтін өзге де сыйларды берді. Олар жайлы келесі мақалада сөз етіледі.

12-ӘН Ұлы Құдай Ехоба

^ 5-абзац Бұл мақала Ехобаға және оның бізге берген үш сыйына ризашылығымызды арттырады. Сондай-ақ Құдайдың бар екеніне сенбейтін адамдармен пікір алысуға көмектеседі.

^ 64-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Әйел бауырлас өзге елден қоныс аударғандарға Киелі кітаптағы шындықты айту үшін шет тілін үйреніп жатыр.