Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Бүгіндегі керней үніне ден қояйық!

Бүгіндегі керней үніне ден қояйық!

ОСЫ “соңғы күндері” Ехоба бағыт-бағдар беріп, өз халқын рухани жағынан қамқорлап жатқанын бәріміз білеміз (Тім. 2-х. 3:1). Алайда оған құлақ асу-аспау өз қолымызда. Біздің жағдайымызды шөл далада жүрген исраилдіктердің жағдайымен салыстыруға болады. Олар кернейдің үнін естігенде, соған сай әрекет етулері керек болған.

Ехоба Мұсаға күмістен екі керней жасап, оларды “қауымды жинағанда не қосқа жол жүруге белгі бергенде” қолдануды бұйырды (Мұс. 4-ж. 10:2). Діни қызметкерлер кернейді әртүрлі жолмен тартатын болған. Ал халық кернейдің қандай үн шығарғанына қарай әрекет еткен (Мұс. 4-ж. 10:3—8). Бүгінде де Құдай халқы әртүрлі жолмен нұсқаулар алады. Ежелгі керней үнін есімізге салатын сондай үш жолды қарастырайық: 1) Құдай халқы үлкен жиындарға шақырылады; 2) тағайындалған бақылаушылар тәлім алады; 3) қауымдағы теократиялық шаралар жаңарып не өзгеріп тұрады.

ҮЛКЕН ЖИЫНДАР

Ехоба “бүкіл қауымды” киелі шатырдың алдына жинауды ұйғарғанда, діни қызметкерлер кернейдің екеуін бірге тартатын (Мұс. 4-ж. 10:3). Кернейдің анық шыққан үнін киелі шатырдың айналасында төртке бөлініп қоныстанған барлық рулар ести алған. Киелі шатырға жақын орналасқандары шатырға бірер минутта жетсе, алыс орналасқандарына оған жету үшін біраз уақыт пен күш кететін. Халық алыс не жақын тұрсын, Ехоба олардың бәрі жиналып, берілген нұсқауларды естігенін қалады.

Бүгінде біз киелі шатырдың алдына жиналмасақ та, Құдай халқымен бірге жиындарда бас қосып тұруға шақырыламыз. Бұндай жиындарға аймақтық конгрестер мен өзге арнайы жиындар жатады. Онда біз маңызды мәліметтер мен нұсқаулар естиміз. Дүниенің шартарабында тұратын Ехобаның халқы бір бағдарламамен тәлім алады. Осы жиындарға келетіндер өздерін бақытты халықтың бір бөлігі екенін сезінеді. Олардың біреулері жақыннан келсе, өзгелері алыстан келеді. Бірақ олардың бәрі бұл жиындарға қатысу күш салуға тұрарлық екенімен келіседі.

Ал үлкен жиын өтетін жерлерден өте шалғай орналасқан оқшау топтар жайлы не деуге болады? Заманауи технологияның арқасында бұндай топтар да тура сол бағдарламаның пайдасын көре алады, тіпті өздерін үлкен жиындарда отырғандай сезіне алады. Мысалы, бас басқарманың өкілі келген кезде, Бенин филиалы Сахара шөліндегі кен өндіретін Арлит қаласына (Нигер) видео-трансляция жасады. Оны көруге бауырластар мен қызығушылардан тұратын 21 адам жиналды. Олар алыста болса да, өздерін 44 131 бауырластың арасында отырғандай сезінді. Бір ер бауырлас былай деп жазды: “Бағдарламаны бізге трансляция арқылы көрсеткендеріңіз үшін көп рақмет! Сіздердің бізді қатты жақсы көретіндеріңізге тағы да көзіміз жетті”.

ТАҒАЙЫНДАЛҒАН БАҚЫЛАУШЫЛАР

Діни қызметкерлер кернейдің біреуін ғана тартқан кезде, кездесу шатырының алдына “тек басшылар, Исраилдің мыңбасылары” ғана жиналатын (Мұс. 4-ж. 10:4). Олар сол жерде Мұсадан нұсқаулар алатын. Бұл оларға өз руларының ішінде міндеттерін жақсы атқаруға көмектесетін. Сіз сол басшылардың бірі болғаныңызда, сол кездесуге қатысу үшін қолыңыздан келгеннің бәрін істемес пе едіңіз?

Бүгінде қауымдағы ақсақалдар “басшылар” емес. Олар Құдайдың отарына үстемдік те етпейді (Пет. 1-х. 5:1—3). Бірақ олар отарды бағу үшін барын салады. Сол үшін олар қосымша тәлім алуға, мысалы Патшалық қызмет мектебінде оқуға әрдайым дайын. Бұл мектептерде ақсақалдар қауым істерін барынша тиімді атқаруды үйренеді. Нәтижесінде қауымдағылардың бәрі де рухани өсе алады. Бұндай мектептерге қатысып көрмеген болсаңыз да, сонда оқып келген бауырластардың алған тәлімінің пайдасын көріп жүрген боларсыз.

ЖАҢАРТУЛАР МЕН ӨЗГЕРІСТЕР

Исраилдік діни қызметкерлер кейде кернейді үзік-үзік тартатын. Бұл бүкіл қостың көшу керектігін білдірген (Мұс. 4-ж. 10:5, 6). Қостардың көшуі өте ұйымдасқан түрде өтетін. Десе де бұл қостағы әрбір адамның күш салуын талап еткен. Кейбір исраилдіктерге көшіп-қону қиынға соққан болуы мүмкін. Неге?

Бәлкім, кейбіреулер кернейдің үні тым жиі әрі мүлдем күтпеген уақытта шыға берді деп ойлаған шығар. Киелі кітапта “бұлт киелі шатыр үстінде” тұрған уақытта исраилдіктердің ешқайда жылжымағаны айтылған. “Кей уақытта бұлт киелі шатырдың үстінде кеш батқаннан таң атқанға дейін ғана тұрған”. Ал кейде “екі күн, бір ай не одан да ұзақ тұрған” (Мұс. 4-ж. 9:21, 22). Сонда қостар қанша рет көшкен? Мұсаның 4-жазбасы 33-тарауда исраилдіктердің 40-қа жуық жерге қоныстанғаны жайлы айтылады.

Кейбір кездері исраилдіктер көлеңке жерлерде тұрақтаған. Кейбіреулер үшін мұндай жерлер “ұлан-ғайыр әрі қорқынышты шөлде” таптырмас жер болған шығар (Мұс. 5-ж. 1:19). Сондықтан біреулерге “бұл жерден көшсек, жаман жерге тап боламыз ғой” деген ой келуі мүмкін еді.

Қостар көшкен кезде, рулар өз кезегін күту керек болған. Бұл шыдамдылықты талап ететін. Кернейдің үзік-үзік үнін барлық рулар естісе де, олардың бәрі бір уақытта көше алмайтын. Кернейдің үні үзік-үзік шыққанда, алдымен шығыс жақтағы рулар, атап айтқанда, Яһуда, Исахар, Забулон руы қозғалу керек еді (Мұс. 4-ж. 2:3—7; 10:5, 6). Олар жолға шығып болғаннан кейін, діни қызметкерлер екінші рет кернейді үзік-үзік тартатын. Сонда оңтүстік жақтағы үш рудан тұратын қостар орындарынан қозғалатын. Осылай қостардың барлығы жолға шығып болғанша діни қызметкерлер кернейді үзік-үзік тартып отыратын.

Сізге ұйымдағы кейбір өзгерістерді қабылдау қиын шығар. Бәлкім, сіз өзгерістер тым көп болып кетті деп ойларсыз. Я болмаса қандай да бір нәрселерді қатты ұнатқандықтан, олардың өзгергенін еш қаламаған шығарсыз. Қалай болған күнде де, шыдамдылығыңыз сыналуы мүмкін, әрі өзгерістерге үйренгенше біраз уақыт кетеді. Алайда өзгерістерді дұрыс қабылдауға тырыссақ, Ехоба бізге батасын беріп жатқанын көреміз.

Мұсаның күндерінде Ехоба миллиондаған ерлер мен әйелдерді және балаларды шөл далада жетелеп жүрген. Ехобаның қамқорлығы мен нұсқауларынсыз олар аман қалмас еді. Біз де бүгінде Ехобаның бағыт-бағдар беріп жатқанының арқасында рухани аман-сау жүрміз, тіпті өркендеп жатырмыз! Ендеше, кезіндегі адал исраилдіктер іспетті, біз де кернейдің анық шыққан үніне мейлінше ден қояйық!