Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

25-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Қойларымды өзім іздеймін”

“Қойларымды өзім іздеймін”

“Қойларымды өзім іздеп, өзім қамқорлаймын” (ЕЗЕК. 34:11).

105-ӘН “Құдай — сүйіспеншілік”

АҢДАТПА *

1. Неге Ехоба өзін анаға теңеген?

“ӘЙЕЛ емізулі баласын ұмыта ма?” Бұл — Ехобаның Ишая пайғамбардың кезінде айтқан сөзі. Құдай өз халқына: “Тіпті әйел өз баласын ұмытып кетсе де, мен сені ешқашан ұмытпаймын”,— деді (Ишая 49:15). Әдетте Ехоба өзін анаға теңей бермейді. Бірақ осы жағдайда ол өзін анаға теңеген. Ехоба өз қызметшілеріне қаншалықты бауыр басатынын көрсету үшін, ана мен баланың арасындағы қарым-қатынасты мысалға келтірген. Көптеген аналар Жасмин есімді бауырластың мына сөздерімен келісер: “Баланы емізген кезде, ана мен баланың арасында өмір бойы үзілмейтін өте бір ерекше байланыс пайда болады”.

2. Балаларының бірі өзінен алшақтап кеткенде Ехоба не сезінеді?

2 Қауымға келмей кеткен және уағыздауды доғарған балаларының ешқайсысы Ехобаның көзінен таса қалмайды. Жыл сайын мыңдаған қызметшілерінің қауымнан қол үзіп, уағыздамайтын жариялаушыға * айналғаны Ехобаның жүрегін қалай ауыртады десеңізші!

3. Ехоба нені қалайды?

3 Қауымнан қол үзіп қалған аяулы бауырластарымыздың көбі қауымға қайта оралып жатады және бұған біз қатты қуанамыз! Ехоба осындай бауырластардың бәрі оралса екен дейді, біз де соны қалаймыз (Пет. 1-х. 2:25). Біз оларға қалай көмектессек болады? Бұл сұраққа жауап алмас бұрын, кейбіреулердің не үшін қауым кездесуіне баруды және уағыздауды доғаратынын көрейік.

НЕГЕ КЕЙБІРЕУЛЕР ЕХОБАҒА ҚЫЗМЕТ ЕТУДІ ДОҒАРАДЫ?

4. Кейбіреулерге жұмыс қалай әсер етуі мүмкін?

4 Кейбіреулер жұмысқа басымен кіріп кетеді. Азияда тұратын Хунг * бауырлас былай дейді: “Мен жан-тәніммен жұмысқа беріліп кеттім. Ақшам көп болса, Ехобаға жақсырақ қызмет ете аламын деген жаңсақ ойда болдым. Сондықтан көбірек жұмыс істедім. Сөйтіп, бірте-бірте қауым кездесулерін қалдыра бастадым, ал ақырында қауымнан мүлдем қол үзіп қалдым. Бұл дүние тура бір адамдарды Құдайдан біртіндеп алшақтату үшін құрылғандай”.

5. Басына түскен қиындықтар бір бауырласқа қалай әсер етті?

5 Ал кейбір бауырластар қиындықтарға көміліп қалады. Британияда тұратын бес баласы бар Анна былай дейді: “Кенже ұлым мүгедек болып туылды. Кейінірек бір қызым қауымнан шығарылды, тағы бір ұлым психикалық ауруға шалдықты. Көңілім құлазып кеткені сонша — қауымға баруды, уағызға шығуды доғардым. Сөйтіп, қауымнан мүлдем қол үзіп қалдым”. Анна мен оның отбасына және бастарына осындай қиындық түскен басқа да бауырластарға қатты жанымыз ашиды!

6. Қолостықтарға 3:13-тегі принципті қолданбаған адам Ехобаның халқынан қалай алшақтап кетуі мүмкін?

6 Қолостықтарға 3:13 оқыңыз. Ехобаның кейбір қызметшілерінің қауымдағы бауырластардан көңілі қалып жатады. Елші Пауыл бауырластардың арагідік “біреуге ренжуге” келелі себебі болатынын түсінген. Кейде біз тіпті әділетсіздік көруіміз мүмкін. Мұндайда көңілімізге өкпе-реніш ұяламауы үшін абай болуымыз керек. Өйткені ашынған адам Құдай халқынан алшақтап кетуі мүмкін. Оңтүстік Америкада тұратын Пабло деген бауырластың жағдайын көрейік. Оған істемегенін істеді деп жала жабылып, ол қауымдағы жауапкершіліктерінен айырылып қалған. Ол мұны қалай қабылдады? “Бойымды ашу-ыза кернеді. Сөйтіп, бірте-бірте қауымнан алшақтап кеттім”,— дейді Пабло.

7. Ар-ұжданның мазалауы адамға қалай әсер етуі мүмкін?

7 Біреулерді ар-ұжданы жегідей жеуі мүмкін. Бұрын жасаған ауыр күнәсі үшін олар өздерін Құдайдың сүйіспеншілігіне лайық емеспіз деп ойлауы мүмкін. Олар өкініп, кешірімге ие болса да, өздерін Құдай халқының арасында болуға лайықсыз сезінуі мүмкін. Франсиско бауырлас тура осындай сезімде болған. Ол былай дейді: “Мен жыныстық азғындық жасағаным үшін сөгіс алдым. Басында қауымға барып жүрсем де, жаным күйзеліп, өзімді Құдай халқының арасында болуға тұрмаймын деп ойладым. Ар-ұжданым маған тыным бермеді. Ехоба мені кешірмегеніне сенімді болдым. Уақыт өте мен қауымнан мүлдем қол үзіп қалдым”. Осы айтылған қиындықтармен кезігіп жүрген бауырластарға сіз қалай қарайсыз? Оларға жанашырлықпен қарайсыз ба? Ең бастысы, Ехоба оларға қалай қарайды?

ЕХОБА ӨЗ ҚОЙЛАРЫН ЖАҚСЫ КӨРЕДІ

Исраилдік бағушы жоғалған қойын аялап, қамқорлап жатыр (8, 9-абзацты қараңыз) *

8. Бір кездері өзіне қызмет еткендерді Ехоба ұмыта ма? Түсіндіріңіз.

8 Бұрын өзіне қызмет етіп, бірақ кейін халқынан уақытша ажырап қалған қызметшілерін Ехоба еш ұмытпайды. Олардың бұрынғы еңбектерін де естен шығармайды (Евр. 6:10). Ехобаның өз халқын қалай қамқорлайтынын Ишая пайғамбар жақсы суреттеген. Ишая: “Ол шопан іспетті өз отарын бағады. Қозыларын өзі жинап, қолына алып, бауырына басып жүреді”,— деп жазған (Ишая 40:11). Қойының біреуі отардан ажырап қалғанда, Ұлы Бағушы Ехоба не сезінеді? Бұны Исаның шәкірттеріне айтқан мына сөздерінен көруге болады: “Қалай ойлайсыңдар, бір кісінің жүз қойы болып, біреуі адасып кетсе, ол тоқсан тоғызын тауда қалдырып, адасып кеткенін іздеп шықпай ма? Рас айтамын, ол оны тауып алса, адаспаған тоқсан тоғызынан гөрі сол қойына көбірек қуанады” (Мат. 18:12, 13).

9. Ежелде жақсы бағушылар өз отарына қалай қараған? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

9 Ехобаны бағушыға теңеу неге орынды? Өйткені ежелде жақсы бағушылар қойларын жан сала қамқорлайтын. Мысалы, Дәуіт отарын қорғау үшін арыстанмен және аюмен алысқан (Сам. 1-ж. 17:34, 35). Жақсы бағушы жоғалып қалған бір қойдың өзін байқап қояды (Жох. 10:3, 14). Ол 99 қойына қауіп төнбес үшін оларды қораға кіргізіп не басқа бағушыларға тапсырып, өзі жоғалған қойын іздеуге кетеді. Исаның бұл мысалды қолданған себебі — ол бізге маңызды бір шындықты үйреткісі келді. Ол: “Көктегі Әкем де осы кішілердің бірде-біреуінің құрып кеткенін қаламайды”,— деді (Мат. 18:14).

Ежелдегі исраилдік бағушы табылған қойын қамқорлап жатыр (9-абзацты қараңыз)

ЕХОБА ӨЗ ҚОЙЛАРЫН ІЗДЕЙДІ

10. Езекиел 34:11—16 тармақтарда Ехоба жоғалған қойларына қатысты қандай уәде берген?

10 Ехоба бәрімізді де, отардан ажырап қалған “кішілерді” де жақсы көреді. Езекиел пайғамбар арқылы Құдай жоғалған қойларын өзі іздеп табатынын және олардың рухани күйін қалпына келтіретінін уәде еткен. Сондай-ақ оларды қалай құтқаратынын да айтқан. Ол қойы жоғалған кәдімгі исраилдік бағушы іспетті әрекет етпек еді (Езекиел 34:11—16 оқыңыз). Әдетте бағушы қойын іздеп табу үшін уақыты мен күшін аямайды. Кейін жоғалған қойын тапқан кезде, оны отарға қайтарады. Ал қой жараланған не қарны аш болса, бағушы оның жараларын таңып, қарнын тойдырады. “Құдайдың отарын” бағатын ақсақалдар қауымнан қол үзіп қалғандарға көмектесу үшін тура осылай әрекет ету керек (Пет. 1-х. 5:2, 3). Олар жоғалған қойларды іздейді, оларға отарға қайтып келуге көмектеседі, әрі рухани жағынан қажетті көмек көрсетеді *.

11. Жақсы бағушылар нені түсінген?

11 Жақсы бағушылар қойлардың отардан адасып кетуі әбден мүмкін екенін түсінген. Егер қой отардан кетіп қалса, бағушы бұл үшін оны ұрып-соқпайтын. Қазір ежелде Ехоба өзінен бір сәтке алыстап кеткен қызметшілеріне қалай көмектескенін көрейік.

12. Ехоба Жүніске қалай қарады?

12 Жүніс пайғамбар өзіне берілген тапсырманы орындамай, қашып кеткен. Бірақ Ехоба одан бірден үміт үзбеді. Ехоба жақсы бағушы іспетті Жүністі құтқарып қалды және тапсырмасын орындауға күш беріп, нығайтты (Жүніс 2:7; 3:1, 2). Кейінірек Құдай асқабақ өсіріп шығарып, әрбір адамның өмірі қаншалықты бағалы екенін түсіндірді (Жүніс 4:10, 11). Бұл оқиғадан қандай сабақ аламыз? Ақсақалдар қауымнан алшақтап кеткендерден бірден күдер үзбеу керек. Қайта, олардың қауымнан алшақтап кетуіне не себеп болғанын түсінуге тырысу керек. Ал олар Ехобаға қайта оралған кезде, ақсақалдар оларға әрі қарай да мейіріммен қызығушылық таныта берулері қажет.

13. Зәбүрдің 73-тарауын жазған жыршыға Ехобаның қалай қарағанынан не үйренеміз?

13 Зәбүрдің 73-тарауын жазған жыршыға зұлым адамдар өркендеп жатқандай көрінгенде, оның көңілі түсіп кеткен. Сонда ол Құдайдың еркін орындаудың пайдасы барына күмәнданып қалды (Зәб. 73:12, 13, 16). Бұған Ехоба қалай қарады? Ехоба оны айыптамады. Қайта, оның сөздерін Киелі кітапқа жаздырды. Ақырында, бұл зәбүр жыршысы өмірде Ехобамен жақсы қарым-қатынастан артық ештеңе жоқ екенін түсінді (Зәб. 73:23, 24, 26, 28). Бұл жағдайдан қандай сабақ аламыз? Ақсақалдар Ехобаға қызмет етудің пайдасы барына күмәндана бастағандарды айыптауға асықпау керек. Оның орнына, олардың айтып жүрген сөздері мен әрекеттеріне не себеп болғанын түсінуге тырысулары қажет. Содан кейін ғана ақсақалдар оларға Жазбалардан жігер беретін қажетті тармақтарды көрсетсе болады.

14. Неге Ілияс көмекке мұқтаж болды және Ехоба оған қалай көмектесті?

14 Ілияс пайғамбар Езабел патшайымнан бассауғалап қашып кеткен (Пат. 1-ж. 19:1—3). Ол Ехобаның басқа ешқандай пайғамбары қалмады, Ехобаға атқарған қызметім бекер болды деп ойлады. Ілиястың көңілі түскені сонша — тіпті өлгісі келді (Пат. 1-ж. 19:4, 10). Ехоба Ілиясты еш айыптамай, оның жалғыз емес екенін, құдіретті күшіне сенім арта алатынын және оған әлі деп көп іс тапсыратынын айтты. Ехоба Ілиястың ішкі уайымын мейіріммен тыңдады және оған жаңа тапсырмалар берді (Пат. 1-ж. 19:11—16, 18). Бұл жағдайдан қандай сабақ аламыз? Барлығымыз, әсіресе ақсақалдар Ехобаның қойларына мейіріммен қарау керек. Адам ішіндегісін ақтарып, ренішін не өзін Ехобаның мейіріміне лайық еместей сезінетінін айтқанда, ақсақалдар оны мұқият тыңдайды. Сосын олар Ехоба оны қатты жақсы көретініне көзін жеткізуге тырысады.

ҚҰДАЙДЫҢ ЖОҒАЛҒАН ҚОЙЛАРЫНА ҚАЛАЙ ҚАРАУЫМЫЗ КЕРЕК?

15. Жохан 6:39-ға сай, Иса Әкесінің қойларына қалай қарады?

15 Ехоба өзінің жоғалған қойларына қалай қарағанымызды қалайды? Бұл орайда Исадан үлгі алсақ болады. Ехоба өзінің барлық қойларын бағалы санайтынын Иса білген. Сондықтан ол “Исраил үйінің жоғалған қойларын” Ехобаға қайтару үшін қолынан келгеннің бәрін істеді (Мат. 15:24; Лұқа 19:9, 10). Ізгі бағушы ретінде Иса Ехобаның қойларының ешбірін жоғалтып алмау үшін барын салды (Жохан 6:39 оқыңыз).

16, 17. Қауымнан алшақтап кеткендерге көмектесуге ақсақалдар қалай қарау керек? (“ Жоғалған қойлар қандай күй кешеді?” деген қоршауды қараңыз.)

16 Елші Пауыл Ефес қауымындағы ақсақалдарды Исаға еліктеуге талпындырып: “Әлсіздерге жәрдем беру керектігін және Иеміз Исаның “алғаннан гөрі берген бақытты” деген сөздерін ұмытпаңдар”,— деген (Ел. іс. 20:17, 35). Осы сөздерден ақсақалдарға ерекше жауапкершілік жүктелгенін көруге болады. Испаниядағы Сальвадор есімді ақсақал былай дейді: “Ехоба өзінің жоғалған қойларын қалай қамқорлайтыны жайлы ойласам, оларға көмектесу үшін қолымнан келгеннің бәрін істегім келеді. Ехоба оларды қамқорлағанымды қалайды, мен бұған сенімдімін”.

17 Осы мақалада айтылған бауырластардың бәрі Ехобаға қайта оралды. Қазіргі уақытта қауымнан жырақта жүрген көп бауырластар да оған қайтып келгісі келеді. Келесі мақалада оларға қалай көмектесе алатынымызға көбірек тоқталамыз.

139-ӘН Жұмақта жүргеніңді елестет

^ 5-абзац Ехобаға жылдар бойы адал қызмет еткендердің кейбірі қауымнан неге алшақтап кетеді? Құдай оларға қалай қарайды? Бұл сұрақтардың жауабын осы мақалада қарастырамыз. Сондай-ақ Ехобаның ежелде өзінен бір сәтке алшақтап кеткен адамдарға қалай көмектескені жайлы және бұдан біз не үйренетініміз жайлы талқылаймыз.

^ 2-абзац СӨЗ МӘНІ: Уағыздамай жүрген жариялаушы деп алты ай не одан көп уақыт бойы уағыздау және шәкірт дайындау ісі жөнінде есеп тапсырмаған жариялаушыларды айтамыз. Бірақ бұл жариялаушылар біздің бауырластарымыз болып қала береді және біз оларды жақсы көреміз.

^ 4-абзац Кейбір есімдер өзгертілген.

^ 10-абзац Келесі мақалада ақсақалдардың осы үш нәрсені қалай істей алатыны түсіндіріледі.

^ 60-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Исраилдік бағушы жоғалып қалған қойын іздеп тауып, отарға қайтаратын болған. Бүгінде рухани бағушылар тура солай әрекет етеді.

^ 64-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Қауымнан қол үзіп қалған қыз бауырлас автобуста отырғанда екі Куәгердің көпшілік орында қуанышпен уағыздап жатқанын көреді.