Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

25-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Осы кішілерді” сүріндірмеңіз

“Осы кішілерді” сүріндірмеңіз

“Осы кішілердің бірде-біреуін менсінбей жүрмеңдер!” (МАТ. 18:10).

113-ӘН Құдай сыйлаған татулық

АҢДАТПА *

1. Неге Ехоба әрқайсысымызды сүйеді дей аламыз?

 ЕХОБА әрқайсысымызды өзіне жақындатып тартты (Жох. 6:44). Ойлап көріңізші, ол жер бетіндегі миллиардтаған адамның ішінен сізді таңдап алды. Өйткені Ехоба сіздің ақ жүрегіңізді, оны жақсы көре алатыныңызды байқады (Шеж. 1-ж. 28:9). Ехоба сізді жақсы біледі, жақсы түсінеді және сізді сүйеді. Бұл керемет емес пе?!

2. Ехобаға әрбір қойы бағалы екенін Иса қалай түсіндірді?

2 Сіз де, барлық бауырластар да Ехоба үшін бағалы. Исаның бағушы туралы айтқан мысалы есіңізде ме? Жүз қойының біреуі жоғалып қалғанда бағушы не істеді? “Ол тоқсан тоғызын тауда қалдырып, адасып кеткенін іздеп шықты”. Ал тауып алғанда, жоғалып кеткені үшін оған ұрыспады, қайта, қатты қуанды. Бұдан не түйеміз? Ехобаға оның әрбір қойы бағалы. Иса: “Көктегі Әкем де осы кішілердің бірде-біреуінің құрып кеткенін қаламайды”,— деген (Мат. 18:12—14).

3. Бұл мақалада не туралы білеміз?

3 Біздің кесірімізден бауырластың көңілі түсіп, мұңайғанын қаламас едік. Ендеше басқаларды сүріндіруден қалай аулақ бола аламыз? Ал біреу бізді ренжіткенде не істесек болады? Қазір осы сұрақтардың жауабын білеміз. Бірақ, алдымен, Матай кітабының 18-тарауында айтылған “осы кішілер” деген кімдер екеніне тоқталайық.

“ОСЫ КІШІЛЕР” ДЕГЕН КІМДЕР?

4. “Осы кішілер” деп Иса кімдерді айтқан?

4 Исаның ізімен жүретін шәкірттерінің барлығы “осы кішілерге” жатады. Олардың жастары қаншада болса да, барлығы “кішкентай балалар” сияқты, өйткені Ұстаздары Исадан тәлім алуға дайын (Мат. 18:3). Сонымен қатар ой-пікірлері мен мінездері әртүрлі болса да, олардың барлығы Мәсіхке сенеді. Ал Мәсіх оларды қатты жақсы көреді (Мат. 18:6; Жох. 1:12).

5. Біреу Ехобаның қызметшісін сүріндірсе не жанын жараласа, ол не сезінеді?

5 “Осы кішілердің” барлығы Ехобаға қаншалықты бағалы екенін түсіну үшін кішкентай балаларды мысалға алайық. Біз балаларды қатты жақсы көреміз. Олар ересектер сияқты күшті, тәжірибелі, ақылды болмағандықтан, оларды қашан да қорғауға дайынбыз. Негізі, біз ешбір адамның жәбір көргенін қаламаймыз. Ал кішкентай бала жәбір көріп жатса, біз бұған қарап тұра алмаймыз. Тіпті қатты ашуымыз келеді. Дәл сол сияқты, Ехоба да бізді қорғағысы келеді. Біреу оның қызметшісін сүріндірсе не жанын жараласа, оның қатты көңілі түседі, тіпті ашуланады (Ишая 63:9; Мар. 9:42).

6. Қорынттықтарға 1-хат 1:26—29 тармақтарға сай, осы дүние Исаның шәкірттеріне қалай қарайды?

6 Исаның шәкірттері тағы қандай мағынада “кіші”? Бұл дүниеде адамдар бай, атақты, билігі барларды бедел тұтады. Ал Исаның шәкірттерін маңызсыз, түкке тұрғысыз санайды (Қорынттықтарға 1-хат 1:26—29 оқыңыз). Бірақ Ехоба өз қызметшілеріне мүлдем басқаша қарайды.

7. Ехоба біздің бауырластарға қалай қарағанымызды қалайды?

7 Шындықта ұзақ уақыттан бері жүрейік не кеше келейік, Ехоба барлығымызды жақсы көреді. Бауырластарымыз Ехобаға қалай қымбат болса, бізге де солай қымбат болу керек. Біз кейбіреуін ғана емес, барлық  бауырластарды сүюіміз” керек (Пет. 1-х. 2:17). Оларды қорғауға және қамқорлауға әрқашан дайын болуымыз қажет. Егер біреуді ренжітіп қойсақ, “өзі ғой тым сезімтал” деп немесе “уақыт өте ұмытып кетеді” деп түк болмағандай жүре бермейік. Жалпы, неге кейбір адамдар тез ренжіп қалады? Олар өскен ортасына байланысты өздерін төмен бағалауы мүмкін. Өзгелердің олар жайлы не ойлайтыны оларды қатты уайымдататын шығар. Басқалары шындыққа жаңадан келгендіктен, өзгелердің қателіктерін кешіру керектігін әлі үйренбеген болар. Қандай жағдай болмасын, мақсатымыз татулық орнату болсын. Ал егер өзіміздің тез ренжіп қала беретінімізді байқасақ, осы бейімділігімізден арылуға тырысуымыз керек. Біз мұны өзіміздің жантыныштығымыз үшін және өзгелердің қамы үшін істейміз.

ӨЗГЕЛЕРДІ ЖОҒАРЫ ҚОЙЫҢЫЗ

8. Қандай кең таралған көзқарас Исаның шәкірттеріне де әсер еткен?

8 Исаның “осы кішілер” жайлы айтуына не қозғау болды? Шәкірттері одан: “Көк Патшалығында ең ұлы кім болады?”— деп сұраған еді (Мат. 18:1). Сол заманда көп яһудилер атақ-дәрежеге бар жан-тәндерімен ұмтылатын. Бұған қатысты бір ғалым: “Ер адамдардың есіл-дерті абырой-атаққа, беделге, сый-құрметке ие болу еді”,— дейді.

9. Исаның шәкірттеріне не істеу керек болды?

9 Исаның шәкірттеріне яһуди қоғамына әбден сіңіп қалған бақталастық рухынан арылу үшін көп күш салу керек еді. Осыны жақсы түсінген Иса оларға былай деді: “Ең ұлыларың ең кішідей, ал басшылық ететіндерің қызмет көрсетушідей болыңдар” (Лұқа 22:26). Біз “ең кішідей” болу үшін, “басқаларды өзімізден жоғары қоюымыз” керек (Філіп. 2:3). Біз неғұрлым өзгелерді өзімізден жоғары қойсақ, соғұрлым оларды сүріндіруден аулақ боламыз.

10. Біз Пауылдың қандай кеңесіне ден қоюымыз керек?

10 Бауырластарымыздың жақсы қасиеттеріне үңіле қарайтын болсақ, олардың бізден бір жағынан болмаса басқа жағынан жоғары екенін көреміз. Біз елші Пауылдың Қорынттағы қауымға айтқан мына кеңесіне ден қойғанымыз дұрыс: “Кім сені өзгеден артық қылды? Құдайдан алмаған нең бар? Алған болсаң, неге ештеңе алмағандай мақтанасың?” (Қор. 1-х. 4:7). Біз ешқашан өзгелердің бізге тамсанып қарағанын және өзімізді олардан артық санауды қаламас едік. Мысалы, бір ер бауырлас баяндаманы майын тамызып айтады делік, ал әйел бауырлас зерттеу сабақтарын бастауға шебер делік. Мұндайда олар мадақты бірден Ехобаға жаудыруы керек.

ШЫН ЖҮРЕКТЕН КЕШІРІҢІЗ

11. Иса патша мен құлы жайлы мысалмен не айтқысы келді?

11 Иса ізбасарларына өзгелерді сүріндірмеуді ескерткеннен кейін, патша мен құлы жайлы мысал айтып берді. Патша құлының ешқашан өтей алмайтын үлкен қарызын кешіреді. Бірақ сол құл өзге бір құлдың кішкентай қарызын кешірмей қояды. Бұны естіген патша әлгі тасжүрек құлды түрмеге қаматады. Бұдан қандай сабақ аламыз? Иса былай деген: “Егер әрқайсысың өз бауырласыңды шын жүректен кешірмесеңдер, көктегі Әкем де сендерге солай етпек” (Мат. 18:21—35).

12. Бауырласымызды кешірмесек, бұның өзгелерге қандай зияны тиеді?

12 Әлгі мейірімсіз құлдың әрекеті өзіне ғана емес, өзгелерге де зиянын тигізді. Біріншіден, ол өзге құлды қарызын түгел қайтармайынша түрмеге жапқызып қойды. Екіншіден, “мұны көрген басқа құлдардың қатты көңілдері түсті”. Сол сияқты біздің әрекетіміз де өзгелерге әсер етпей қоймайды. Біріншіден, бізді ренжіткен адамды кешірмесек, оның жанын жаралаймыз, оған көңіл бөлмей, сүйіспеншілігімізден айырамыз. Екіншіден, сол адаммен арамызда татулық жоқ екенін қауымдағылар байқап, олар да өздерін жайсыз сезінеді.

Өкпелеп жүре бересіз бе, әлде шын жүректен кешіресіз бе? (13, 14-абзацты қараңыз) *

13. Бір ізашардың оқиғасынан қандай сабақ аламыз?

13 Бауырласымызды кешірсек, бұл өзімізге де, өзгелерге де жақсы әсер етеді. Бұған бір әйел бауырластың мысалы дәлел. Қауымдағы бір бауырластың айтқан сөздері оның жанына қатты бататын. Ол былай дейді: “Оның ащы сөздері кейде сүйегімнен өтіп кететін. Топпен уағызға шыққанда сол бауырласпен бір көлікке түсіп қалмасам екен дейтінмін. Жүзімнен күлкі кетіп, құлшынысым да бәсеңдей бастады. Мен өкпелеуге толық қақым бар деп ойладым”. Бірақ әйел бауырласымыз өз-өзін аяп кетпеді, кек те сақтамады. Ол 2000 жылғы 1 ақпандағы “Күзет мұнарасының” “Шын көңілден кешір” деген мақаласын оқып, сол кеңестерге кішіпейілділікпен құлақ асты. Сөйтіп, ол бауырласын кешірді. Ол былай дейді: “Бәріміз де жаңа болмысқа ие болу үшін күш салып жүрміз. Ехоба әрқайсысымызды күнде-күнде жомарттықпен кешіреді. Бауырласымды кешіргеннен кейін қандай жеңілдік сезінгенімді білсеңіздер ғой! Үстімнен ауыр тас түскендей болды. Қуанышым қайта оралды”.

14. Матай 18:21, 22-ге сай, Петірдің қандай қиындығы болған болуы мүмкін және Исаның жауабынан біз не үйренеміз?

14 Біз кешірудің дұрыс екенін білсек те, осылай ету неге қиын болып жатады? Кешіру елші Петірге де қиын болған көрінеді (Матай 18:21, 22 оқыңыз). Осындайда не істесек болады? Біріншіден, Ехобаның сізді қанша рет кешіргені жайлы ойланып көріңіз (Мат. 18:32, 33). Кешіріміне лайық болмасақ та, Ехоба бізді кеңпейілмен кешіреді (Зәб. 103:8—10). Бірақ ол бізді “бір-бірімізді сүюге” міндеттейді. Демек, кешіру не кешірмеуді өзіміз шешпейміз. Біз бауырластарымызды кешіруге міндеттіміз (Жох. 1-х. 4:11). Екіншіден, кешіргеніңіздің арты қандай жақсылық әкелетіні жайлы ойланыңыз. Мысалы, бізді ренжіткен адамға көмектесеміз, Ехобамен достығымызды, қауыммен бірлігімізді сақтап қаламыз, үстіміздегі ауыр жүктен құтыламыз (Қор. 2-х. 2:7; Қол. 3:14). Үшіншіден, бізден кешірімді болуды талап ететін Ехобадан көмек сұрап дұға етіңіз. Шайтанның бауырластармен достығыңызға сызат түсіруіне жол бермеңіз (Ефес. 4:26, 27). Оның тұзағына түсіп қалмас үшін, Ехобаның көмегіне жүгініңіз.

СҮРІНБЕҢІЗ

15. Бауырласыңыздың әрекеті жаныңызға батса, Қолостықтарға 3:13-ке сай, не істегеніңіз дұрыс?

15 Бауырласыңыз жаныңызды қатты жараласа не істейсіз? Онымен татуласу үшін қолыңыздан келгеннің бәрін істеңіз. Ехобаға ыстық дұға етіп, “ол бауырласқа батаңды берші, саған ұнамды жақсы қасиеттерін мен де байқай білейінші” деп сұраңыз (Лұқа 6:28). Егер сонда да бауырласыңызды кешіре алмасаңыз, онымен қалай сөйлесетініңізді ойластырыңыз. Ең дұрысы — “бауырласым мені ренжіту үшін әдейі жасаған жоқ қой” деп ойлану (Мат. 5:23, 24; Қор. 1-х. 13:7). Сөйлескен кезде де оның ниетінің таза екеніне күмәнданбаңыз. Ал егер ол татуласқысы келмесе ше? Мұндайда “төзімді болыңыз”. Бауырласыңыздан күдер үзбеңіз (Қолостықтарға 3:13 оқыңыз). Ең бастысы, ыза-кек сақтамаңыз. Әйтпесе Ехобамен достығыңызға кесірі тиеді. Ештеңенің сізді сүріндіруіне жол бермеңіз. Сонда Ехобаға деген сүйіспеншілігіңіз сіз үшін бәрінен де жоғары екенін көрсетесіз (Зәб. 119:165).

16. Әрқайсысымызға қандай міндет жүктелген?

16 Біз Ехобаға “бір отар” болып бірлікте қызмет етеміз, бағушымыз да бір (Жох. 10:16). “Ехобаның еркін орындау үшін ұйымдасқанбыз” кітабының 165-бетінде мынадай сөздер бар: “Бірліктің берер пайдасын көргеннен кейін, енді сізге соны сақтап қалу міндеті жүктелді”. Сондықтан бауырластарымызға пенденің емес, Ехобаның көзімен қарауды үйренуіміз керек. Біз барлығымыз “кішілерге” жатамыз. Ехоба үшін әрқайсысымыз өте бағалымыз. Сіз де бауырластарыңызға Ехоба іспетті қарайсыз ба? Олардың қамы үшін жасаған әрбір әрекетіңізді Ехоба байқайды әрі өте бағалайды (Мат. 10:42).

17. Сіз не істеуге бекіндіңіз?

17 Біз бауырластарымызды жақсы көреміз. Сондықтан олардың алдына “сүріндіретін тас қоймауға не сенімінен тайдыратын ештеңе істемеуге” бекінейік (Рим. 14:13). Біз бауырластарымызды өзімізден жоғары қоямыз әрі оларды кеңпейілмен кешіргіміз келеді. Өзіміз де өзгелерге сүрінбейік. Қайта, “өзара тату болуға және бір-бірімізді нығайтуға ықпал ететіннің бәрін істейік” (Рим. 14:19).

130-ӘН Кешірімді болайық

^ 5-абзац Пенде болғандықтан кейде бауырластарымызды ренжітіп қоямыз. Сол кезде қалай әрекет етеміз? Бірден кешірім сұрап, қарым-қатынасымызды түзеуге тырысамыз ба? Әлде “өзі сондай ренжігіш болса қайтем енді?!” деп қоя саламыз ба? Ал өзіміз тез ренжіп қалатын адам болсақ ше? Біз “болмысым осындай” деп ренжіп жүре береміз бе? Әлде осы бейімділігімізбен күресіп, өзгеруге тырысамыз ба?

^ 53-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Бір әйел бауырлас өзге әйел бауырласқа ренжіп отыр. Мәселені жеке шешіп алғаннан кейін екеуі болған жайтты ұмытып, бірге қуана қызмет етіп жүр.