Сіз білгенсіз бе?
Исаның кезінде адамдар қандай салық түрлерін төлеген?
ҰЗАҚ жылдар бойы исраилдіктер таза ғибадатты қолдау үшін өз қалталарынан қаржы бөліп отырған. Бірақ Исаның күндерінде салық түрлері көбейіп кеткені сонша — бұл олардың өмірін қиындатып жіберді.
Құдайдың ғибадатханасын қолдау үшін әрбір ересек яһуди жарты шекелден (2 драхма) беріп отыру керек еді. Исаның күндерінде бұл ақша Ирод соққан ғибадатхананы күтіп-ұстау үшін және құрбандықтар шалу үшін қолданылатын. Кейбір яһудилер Петірден: “Ұстаздарың ғибадатхана салығын төлей ме?”— деп сұраған. Иса бұл салыққа қарсы болмаған. Ол тіпті Петірге осы салықты төлеу үшін тиынды қай жақтан алуға болатынын айтты (Мат. 17:24—27).
Сонымен қатар исраилдіктер астықтың не жер өнімінің оннан бір бөлігін беріп отырулары керек еді (Мұс. 3-ж. 27:30—32; Мұс. 4-ж. 18:26—28). Діни жетекшілер халықтан әрбір көкөністің, тіпті “жалбыз, аскөк, зире сияқты дәмдеуіштердің” де оннан бір бөлігін беріп отыруды талап еткен. Иса оннан бір бөлікті беру дұрыс емес деп айтпаған. Қайта, ол парызшылдар мен дін мұғалімдерінің екіжүзділігін айыптаған (Мат. 23:23).
Сол уақыттары Рим империясының қол астында болғандықтан, исраилдіктер римдіктерге неше түрлі салықтарды төлеуге міндетті еді. Мысалы, егістігі бар адамдар түскен өнімнің не ақшаның 20-25 пайызын үкіметке төлеулері керек еді. Сондай-ақ әрбір яһуди өз басы үшін де салық төлейтін. Парызшылдар Исаға осы салық түріне қатысты сұрақ қойған. Сонда Иса оларға: “Патшанікін патшаға, ал Құдайдікін Құдайға беріңдер!”— деп салыққа қатысты көзқарасымыз қандай болу керектігін айтты (Мат. 22:15—22).
Саудагерлер де тауарларын бір жерден екінші жерге тасымалдағанда салық төлейтін. Мұндай салықтар кемежайларда, көпірлерде, көше қиылыстарында және қалаға не базарға кіретін жерлерде жиналатын.
Римнің қол астындағы халықтар үшін осы салықтардың барлығын төлеу өте ауыр болды. Рим тарихшысы Тациттің айтуынша, Исаның күндерінде император Тиберий билеген заманда сириялықтар мен яһудилер салық төлеуден қажып кеткендері сонша — Рим үкіметінен иықтарына артылған батпандай жүкті жеңілдетуін сұрап жалбарынған.
Бұл салықтардың қалай жиналатыны да олардың жүктеріне жүк қосты. Ең көп ақша ұсынған адам салықшы болып жұмысқа орналасатын. Сөйтіп, ол басқа адамдарды да салықшы қылып жұмысқа алатын. Кейін олардың әрқайсысы өз қалталары үшін ақша табуға тырысатын. Мысалы, Зақайдың қол астында да салықшылар жұмыс істеген көрінеді (Лұқа 19:1, 2). Сондықтан да халық салық жинаушыларды жақтырмаған, тіпті жек көрген.