Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

23-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Сіз жалғыз емессіз!

Сіз жалғыз емессіз!

“Ехоба өзін шақыратындардың бәрінің қасында” (ЗӘБ. 145:18).

28-ӘН Ехобаның досы болайық

АҢДАТПА *

1. Кейбір бауырластар өздерін не себепті жалғыз сезінеді?

 ӨЗІМІЗДІ жалғыз сезінетін кездер көбімізде болады. Кейбіреулер бұл сезімнен тез арылса, өзгелерінде ұзаққа жалғасады. Тіпті айналамыз толған адамдар болса да кейде өзімізді жалғыз сезінеміз. Мысалы, біреулер жаңа қауымға үйрене алмағанда немесе отбасынан алысқа кеткенде жалғыздық сезінеді. Тағы біреулері жақын адамынан айырылғанда осындай күй кешеді. Ал кейбір мәсіхшілерден, әсіресе шындыққа жаңадан келгендерінен, сенбейтін туыстары мен бұрынғы достары бас тартқанда не қуғын көрсеткенде, олар өздерін жалғыз сезінеді.

2. Осы мақалада қандай сұрақтарға жауап аламыз?

2 Ехоба бізді, сезімдерімізді жақсы түсінеді. Ол біздің қандай күй кешіп жатқанымызды да біледі және жалғыздық сезімінен арылуға көмектескісі келеді. Ол мұны қалай істейді? Жалғыздықтан арылу үшін не істеуіміз қажет? Өздерін жалғыз сезініп жүрген қауымдағы бауырластарға қалай көмектесе аламыз? Бұл мақала осы сұрақтарға жауап береді.

ЕХОБА ҚАМЫҢЫЗДЫ ОЙЛАЙДЫ

Ехоба періштесін жіберіп, Ілиястың жалғыз емес екенін білдірді (3-абзацты қараңыз)

3. Ехоба Ілиястың қамын ойлайтынын қалай көрсетті?

3 Ехоба барлық қызметшілерінің бақытты болғанын қалайды. Ол әрқайсысымыздың жанымыздан табылады. Қандай күй кешіп жатқанымыз да оның назарынан тыс емес (Зәб. 145:18, 19). Мысалы, Ілияс пайғамбардың оқиғасын алайық. Ол Исраил тарихындағы қиын кезеңде өмір сүрді. Сол кездері қарсыластар Құдайдың қызметшілерін аяусыз қуғындады. Олар әсіресе Ілиясты өлтіргілері келді (Пат. 1-ж. 19:1, 2). Бұған қоса, Ілияс Ехобаға қызмет ететін пайғамбарлардан жалғыз өзім қалдым деп ойлады. Бұл да оның жігерін қатты жасытты (Пат. 1-ж. 19:10). Сол кезде Ехоба дереу періштесін жіберіп, Ілиястың жалғыз емес екенін, әлі де көптеген адал қызметшісі бар екенін айтты (Пат. 1-ж. 19:5, 18).

4. Марқа 10:29, 30-дан көрінетіндей, туыстары мен достарының қолдауынсыз қалған қызметшілерін Ехоба қалай қамқорлайды?

4 Ехобаға қызмет етуді шешкенде біз көп нәрседен бас тарттық. Ехоба бұл құрбандықтарымызды біледі. Мысалы, Куәгер емес туыстарыңыз немесе шындыққа дейінгі достарыңыз сізге бұрынғыдай көмектеспейтін шығар. Бірде Петір Исаға: “Міне, біз бәрін тастап, соңыңыздан ердік. Бұл үшін не аламыз?”— деп уайымын білдірді (Мат. 19:27). Сонда Иса оған үлкен рухани отбасына ие болатынын айтты (Марқа 10:29, 30 оқыңыз). Сол үлкен отбасының басы ретінде Ехоба әрбір қызметшісін міндетті түрде қолдайды (Зәб. 9:10). Ал қазір жалғыздық сезімінен арылуға көмектесетін кейбір пайдалы кеңестерді қарастырайық.

ӨЗІҢІЗДІ ЖАЛҒЫЗ СЕЗІНГЕНДЕ

5. Ехоба бізге қалай көмектесіп жатқаны туралы ойлану не үшін маңызды?

5 Ехоба сізге қалай көмектесіп жатқаны туралы ойлаңыз (Зәб. 55:22). Бұл сізді түңіліп кетуден сақтайды. Отбасында жалғыз өзі ғана Куәгер Кэрл * деген қыз бауырлас былай дейді: “Жалғызсырап кетсем, Ехоба маған қиын кездерде қалай көмектескенін есіме түсіремін. Сонда Ехоба алдағы уақытта да қасымда болатынына сенімділігім артады”.

6. Жалғызсырап жүрген бауырластарға Петірдің 1-хаты 5:9, 10-дағы сөздер қалай күш береді?

6 Ехоба жалғызсырап жүрген басқа бауырластарға қалай көмектесіп жатқаны туралы ойлаңыз (Петірдің 1-хаты 5:9, 10 оқыңыз). Хироши деген ер бауырлас ұзақ жылдан бері отбасынан бір өзі ғана Ехобаға қызмет етіп келеді. Ол былай дейді: “Қауымдағы бауырластарға қарасам, ешкімнің жағдайы мәз емес, бірақ бәрі Ехобаға жан-тәндерімен қызмет етіп жүр. Бұл шындықта жалғыз жүргендерге көп күш береді”.

7. Сіз дұғаның қандай көмегін көріп жүрсіз?

7 Рухани әдетіңізден таймаңыз. Бұған дұға ету де кіреді. Жалғызсырап жүргеніңізді Ехобаға ашық айтыңыз (Пет. 1-х. 5:7). Массиел деген жас қыз бауырластың отбасында ешкім Ехобаға қызмет етпегендіктен, өзін жападан жалғыз қалғандай сезінген екен. Массиел былай дейді: “Ехобаға беріліп дұға еткенім маған көп көмектесті. Мен оған күнде-күнде, тіпті күніне бірнеше рет дұға етіп, мұң-қайғымның бәрін ашық айтатынмын. Ол менің туған әкемдей болып кетті”.

Киелі кітап пен өзге әдебиеттеріміздің аудиожазбасын тыңдау өздерін жалғыз сезінетіндерге жақсы көмек бола алады (8-абзацты қараңыз) *

8. Құдай Сөзін оқып, ой жүгірткеніңіз сізге қалай көмектеседі?

8 Күнде Құдай Сөзін оқыңыз. Әсіресе Ехоба сізді жақсы көретініне назар аударатын тармақтарға ой жүгіртіңіз. Куәгер емес туғандарының ауыр сөзіне төзіп жүрген Бианка деген бауырлас былай дейді: “Мен Киелі кітапты және жағдайы менікіндей бауырластардың өмірбаяндарын оқып, ой жүгірткенді ұнатамын. Бұл маған көп жігер береді”. Өзге бауырластар болса Зәбүр 27:10, Ишая 41:10 сияқты жанға жұбаныш сыйлайтын тармақтарды жаттап алады екен. Басқа бауырластарға жалғыздық сезінбеуге аудиожазбаларды тыңдағаны көмектеседі екен. Олар Киелі кітапты оқығанда немесе қауымға дайындалғанда аудиожазбаларды тыңдап шығады.

9. Сіз қауым кездесулерінің қандай пайдасын көріп жүрсіз?

9 Қауым кездесулеріне жүйелі түрде баруға күш салыңыз. Сонда бағдарламадан көп күш-жігер аласыз және бауырластарыңызды жақыннан тани түсесіз (Евр. 10:24, 25). Алдында айтылып кеткен Массиел бауырлас былай дейді: “Табиғатымнан өте ұялшақ болсам да, мен бірде-бір қауым кездесуін жібермеймін және түсініктеме беремін деп бекіндім. Осының арқасында менің де қауымда орным бар екенін сезінемін”.

10. Сенімі берік бауырластармен дос болғанымыз не үшін маңызды?

10 Сенімі берік бауырластардың арасынан достар табыңыз. Қауымда тәжірибесі мен даналығы мол бауырластармен достасыңыз. Олардың жасы сізден үлкен не кіші болуы мүмкін, мәдениеті де басқа шығар. Мысалы, жасы кішілер даналығы мол қариялардан, ал қариялар жастардан үйрене алады (Әйүп 12:12). Мысалы, Дәуіт пен Жонатанның жас ерекшелігі өте үлкен болса да, екеуі араларынан қыл өтпестей дос болған (Сам. 1-ж. 18:1). Олар өте қиын шақтарда да бір-біріне тірек болып, Ехобаға қызмет ете беруге көмектескен (Сам. 1-ж. 23:16—18). Үй ішінде жалғыз өзі Куәгер Ирина бауырлас былай дейді: “Қауымдағы бауырластар туған ата-анамдай, бауырларымдай болып кетті. Ехоба солар арқылы отбасымның орнын толтырды”.

11. Біреумен дос болу үшін не істеуіміз қажет?

11 Егер мінезіңіз ұяң болса, сізге дос табу қиын шығар. Ратна деген әйел бауырлас қарсылықтарға қарамастан шындыққа келген. Ұялшақ болғандықтан оған дос табу қиын болды. “Маған рухани отбасымның көмегі қажет екенін түсіндім”, — дейді ол. Әрине, біреуге ішкі сезімдеріңізді айту оңай емес шығар, бірақ достық осыдан басталады. Достарыңыз сізге қашанда көмектесуге әзір, бірақ алдымен сіз оларға қандай көмекке мұқтаж екеніңізді айтуыңыз керек.

12. Уағыз қызметі адал достар табуға қалай көмектеседі?

12 Дос табудың жақсы жолы — бауырластармен бірге уағызға шығу. Жоғарыда айтылып кеткен Кэрл бауырлас былай дейді: “Мен өзге әйел бауырластармен уағызға шыққанның, не өзге де теократиялық істерге қатысқанның арқасында көп адал дос таптым. Ехоба жылдар бойы осы достарым арқылы мені демеп келеді”. Сіз де сенімі берік бауырластардың арасынан дос табуға күш сала беріңіз. Бұл соған тұрады. Сол достарыңыз арқылы Ехоба сізге жалғыздық сияқты жағымсыз сезімдерге бой алдырмауға көмектеседі (Нақ. с. 17:17).

БАУЫРЛАСТАРҒА БАУЫРМАЛ БОЛАЙЫҚ

13. Қауымдағы әрбір бауырласта қандай жауапкершілік бар?

13 Қауымымыз ешкім өзін жалғыз сезінбейтін ыстық ұядай болуына бәріміз үлес қосуымыз керек. Бұл — әрқайсысымыздың міндетіміз (Жох. 13:35). Біз бір ауыз сөзімізбен не жасаған жақсылығымызбен өзгелерді қатты қуантып тастай аламыз. “Шындыққа енді келген кезімде қауым мен үшін отбасымдай болып кетті. Олардың көмегінсіз мен Ехоба куәгері бола алмас едім”,— дейді бір қыз бауырлас. Отбасынан жалғыз өзі шындықта жүрген бауырластар қауымға керек екенін сезіну үшін сіз не істей аласыз?

14. Қауымдағы жаңа адамдармен достасу үшін не істесеңіз болады?

14 Дос болу үшін бірінші болып қадам жасайық. Мұны қауымға жаңадан келгендерді жылы қарсы алудан бастасақ болады (Рим. 15:7). Бірақ біздің мақсатымыз — олармен жай ғана амандасу емес, бауырмалдық танытып, жақын дос болу. Сондықтан оларға шын көңіл бөліп, жағдайларын сұрасақ болады. Қандай қиындықтарды бастан кешіп жатқанын білсек болады. Бірақ ыңғайсыз жағдайға қалдыратын сұрақтар қоймаймыз. Егер адам ойын, сезімдерін айтуға қиналып жатса, оған қысым жасамаймыз. Қайта ілтипатпен сұрақтар қойып, оны шыдаммен тыңдаймыз. Мысалы, шындыққа қалай келгенін сұрасақ болады.

15. Рухани толысқан бауырластар қауымдағыларға қай жағынан көмектесе алады?

15 Қауымда рухани толысқан бауырластар, әсіресе ақсақалдар өзгелерге көңіл бөлсе, қауымның сенімі нығая түседі. Анасы шындықта өсірген Мелиса бауырлас былай дейді: “Маған жылдар бойы көңіл бөліп келген қауымдағы рухани әкелеріме шексіз ризамын. Олар сөйлескім келген кездің бәрінде қасымнан табылатын”. Маурисио бауырласымыз болса Киелі кітапты зерттеуге көмектескен тәлімгері шындықтан кетіп қалғанда қатты қиналады. Ол былай дейді: “Сол кездері ақсақалдар маған көңіл бөліп, қамқор болды. Олар менің жағдайымды сұрап тұратын, қызметке алып шығатын, жеке зерттеуде тапқан ойларымен бөлісетін, тіпті түрлі ойындарға шақырып тұратын”. Қазір Мелиса мен Маурисио да Бетелде қызмет етеді.

Қауымыңыздағы қай бауырласқа көңіл бөлгіңіз келер еді? (16—19 абзацтарды қараңыз) *

16, 17. Өзгелерге жақсылық жасаудың қандай жолдары бар?

16 Жақсылық жасайық (Ғал. 6:10). Отбасынан жырақта миссионер болып қызмет ететін Лео бауырлас былай дейді: “Қарапайым іс болса да, адамға дәл қажет кезде жасалған жақсылыққа не жетсін! Бірде мен көлік апатына түсіп қалдым. Сол күні үйге әрең жеттім. Өз-өзіме келе алмай жатқан кезде, бір ерлі-зайыпты мені қарапайым асқа шақырды. Сол кезде не жегенім есімде емес, бірақ бір есімде қалғаны — олар мені мұқият тыңдады. Осының арқасында әжептәуір жеңілдеп, жақсы болып қалдым”.

17 Конгрестер сияқты теократиялық жиындарда бас қосуды бәріміз де асыға күтеміз. Өйткені біз бауырластармен бірге араласқанды, конгрестен алған әсерімізбен бөліскенді ұнатамыз. Бірақ алдында айтылып кеткен Кэрл бауырласымыз былай дейді: “Маған конгрестерге бару оңай емес. Айналамда жүздеген, тіпті мыңдаған бауырлас болса да, өзімді жалғыз сезінемін. Олардың отбасыларымен бірге арқа-жарқа болып жатқанын көргенде, жүрегім сыздап кетеді”. Кейбір бауырластарға жұбайларын жоғалтқаннан кейін конгреске жалғыз бару өте қиын. Сіз осындай бауырласты немесе Кэрл сияқты бауырласты білесіз бе? Оған келесі конгреске отбасыңызбен бірге баруды ұсына аласыз ба?

18. Қорынттықтарға 2-хат 6:11—13 тармақтардағы кеңесті қалай қолдансақ болады?

18 Бірге уақыт өткізейік. Біз әртүрлі бауырластармен, әсіресе жалғызсырап жүргендермен араласайық. Оларға “жүрегімізді айқара ашайық” (Қорынттықтарға 2-хат 6:11—13 оқыңыз). “Бауырластар үйлеріне қонаққа шақырғанда, бір жерге қыдырып қайтуды ұсынғанда қатты қуанып кететінмін”,— дейді жоғарыда айтылған Мелиса. Сіз де қауымыңыздағы осындай бауырластарға қонақжайлылық таныта аласыз ба?

19. Әсіресе қандай кездері бауырластардың қасында болғанымыз дұрыс?

19 Әсіресе қандай кездері бауырластардың қастарынан табылғанымыз дұрыс? Кейбір бауырластарға мейрам күндері сенбейтін отбасының арасында болу қиын шығар. Ал басқалары жақын адамы қайтыс болған күні мұңға батып қатты қиналады. Әсіресе осындай кездері бауырластарымызбен бірге уақыт өткізсек — олардың “шын көңілден қамдарын ойлағанымыз” (Філіп. 2:20).

20. Жалғыздық сезінгенде Матай 12:48—50 тармақтар бізге қалай жігер береді?

20 Кейде біз өзімізді түрлі себептермен жалғыз сезінеміз. Бірақ біздің сезімдеріміз Ехоба үшін бәрібір емес екенін ұмытпайық. Ол бізге көмектесуге әрқашан дайын. Ол көбінесе бізге бауырластар арқылы демеу береді (Матай 12:48—50 оқыңыз). Бұл үшін Ехобаға риза екенімізді білдіріп, рухани отбасымызды барынша қолдай берейік. Өзімізді қаншалықты жалғыз сезінбейік, Ехоба әрқашан біздің қасымызда!

46-ӘН Ехоба, рақмет!

^ 5-абзац Өзіңізді жалғыз сезінетін кездеріңіз бола ма? Мұндайда Ехоба сіздің сезімдеріңізді түсінеді және ол сізге көмектескісі келеді. Бұл мақалада біз жалғыздық сезімінен қалай арылуға болатынын көреміз. Сондай-ақ өздерін жалғыз сезінетіндерге қалай көмектесе алатынымызды да қарастырамыз.

^ 5-абзац Кейбір есімдер өзгертілген.

^ 60-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Әйелі қайтыс болған ер бауырлас Киелі кітаптың және өзге де әдебиеттердің аудиожазбасын тыңдап отыр.

^ 62-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ер бауырлас қызы екеуі қауымдағы бір қарт бауырласты көріп қайтуға барды.