Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

31-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Сіз “іргетасы берік қаланған қаланы” күтіп жүрсіз бе?

Сіз “іргетасы берік қаланған қаланы” күтіп жүрсіз бе?

“Ол сәулетшісі де, құрылысшысы да Құдайдың өзі болған, іргетасы берік қаланған қаланы күтті” (ЕВР. 11:10).

22-ӘН Құдай Патшалығы келсін!

АҢДАТПА *

1. Көп бауырластар қандай құрбандықтарға баруда және неге?

БҮГІНДЕ Құдайдың миллиондаған қызметшілері құрбандықтарға барып жүр. Көптеген қыз-жігіттеріміз салтбасты болып қалуды шешкен. Ал кейбір ерлі-зайыптылар балалы болуды кейінге шегеріп жатады. Ал көп отбасылары қарапайым өмір кешіп жүр. Олардың мұндай шешімге келуінің маңызды бір себебі — олар Ехобаға мүмкіндігінше көбірек қызмет еткісі келеді. Олар өте қанағатшыл және Ехоба қажет нәрселермен қамтамасыз ететініне сенеді. Олардың сенімдері ақтала ма? Міндетті түрде! Бұған неге сенімдіміз? Бұның бір себебі — Ехоба “сенімі арқылы әділ деп есептелетіндердің бәрінің түп атасы” Ыбырайымға батасын төккен (Рим. 4:11).

2. а) Еврейлерге 11:8—10 тармақтарға және 16-ға сай, неге Ыбырайым Ур қаласын тастап кетті? ә) Бұл мақалада біз не қарастырамыз?

2 Ыбырайым Ур қаласындағы жайлы өмірін тастап кетті. Өйткені ол “іргетасы берік қаланған қаланы күтті” (Еврейлерге 11:8—10, 16 оқыңыз). Бұл қандай қала? Бұл қаланың соғылғанын күтіп жүргенде, Ыбырайым қандай қиындықтарға кезікті? Біз Ыбырайымнан және оған еліктеген бүгіндегі бауырластардан қандай үлгі алсақ болады?

“ІРГЕТАСЫ БЕРІК ҚАЛАНҒАН ҚАЛА” ДЕГЕН НЕ?

3. Ыбырайым күткен қала қандай қала?

3 Ыбырайым күткен қала — Құдай Патшалығы. Бұл Патшалық Иса Мәсіхтен және 144 000 майланғаннан құралған. Пауыл бұл Патшалықты “тірі Құдайдың қаласы — көктегі Иерусалим” деп атады (Евр. 12:22; Аян 5:8—10; 14:1). Иса шәкірттеріне дәл осы Патшалық жайлы дұға етуді үйретіп, Құдайдың еркі көктегідей жер бетінде де орындалу үшін оның келуін сұрауды айтқан (Мат. 6:10).

4. Мұсаның 1-жазбасы 17:1, 2, 6-ға сай, Ыбырайым Құдай уәде еткен қала жайлы, яғни Патшалық жайлы қаншалықты жақсы білді?

4 Ыбырайым Құдай Патшалығының қалай құрылатынын егжей-тегжейлі білді ме? Жоқ. Көптеген ғасырлар бойы Патшалық жайлы мәліметтер “қасиетті құпия” болып келді (Ефес. 1:8—10; Қол. 1:26, 27). Бірақ Ыбырайым өз ұрпағының арасынан патшалар шығатынын білді. Өйткені Ехоба бұл жайлы оған нақты уәде еткен еді (Мұсаның 1-жазбасы 17:1, 2, 6 оқыңыз). Ыбырайым Құдайдың уәделеріне кәміл сенгені соншалық — ол Құдай Патшалығының Патшасы болатын Мәсіхті көргендей болды. Сондықтан да Иса өз заманындағы яһудилерге: “Бабаларың Ыбырайым менің күнімді көремін деп, қатты қуанды. Ол оны көріп, қуанды да”,— деген (Жох. 8:56). Ыбырайым үрім-бұтағы күндердің күнінде Ехобаның қолдауымен бір Патшалық құратынын білгені анық. Ол Ехобаның осы уәдесінің жүзеге асуын күтуге дайын болды.

Ыбырайым Ехобаның уәделеріне сенетінін қалай көрсетті? (5-абзацты қараңыз)

5. Ыбырайым сәулетшісі Құдайдың өзі болған қаланы күткенін қайдан білеміз?

5 Ыбырайым сәулетшісі Құдайдың өзі болған қаланы, яғни Патшалықты күтіп жүргені неден көрінді? Біріншіден, ол жердегі ешқандай патшалықтың азаматы болмады. Ол бір жерді тұрақтамай, көшпенді өмір сүрді, жердегі ешқандай патшаны да қолдамады. Сондай-ақ Ыбырайым өз патшалығын орнатуға тырыспады. Қайта, ол Ехобаға мойынсұнуын доғармай, оның уәдесі орындалатын уақытты күтті. Осылай Ыбырайым Ехобаға ерекше сенім танытты. Қазір Ыбырайым кезіккен кейбір қиындықтарды талдап, оған қалай еліктей алатынымызды көрейік.

ЫБЫРАЙЫМ ҚАНДАЙ ҚИЫНДЫҚТАРҒА КЕЗІКТІ?

6. Ур қандай қала болған?

6 Ыбырайым артта қалдырған Ур қаласы қауіпсіз, дамыған және жайлы болған. Бұл қала мықты-мықты қабырғалармен қоршалған еді және оны үш жағынан терең су каналдары қорғап тұратын. Ал тұрғындары жазу мен есеп-қисап жағынан өте сауатты еді. Сол жерден көптеген іскерлік құжаттар табылғанына қарағанда, бұл қала іскерлік орталық болғанға да ұқсайды. Бұл қаладағы тұрғын үйлер кірпіштен соғылып, сыланып, әктелген. Олардың кейбірі 13-14 бөлмеден тұрған және айналасында тас төселген аулалары болған.

7. Ыбырайымның Ехобаға деген сенімі қалай сыналды?

7 Ыбырайымның Ехоба оны және отбасын қорғайтынына деген сенімі сынға алынды. Неліктен? Ыбырайым мен Сара Урдағы жайлы да қауіпсіз үйін тастап, Қанаханның жапан даласында шатырда тұрып жатқан еді. Енді Ыбырайым мен оның отбасын ешқандай мықты бекініс те, терең су да қорғап тұрған жоқ-тын. Жау шаба қалса, олар оңай олжа болатындай қорғансыз еді.

8. Бірде Ыбырайым қандай қиындыққа кезікті?

8 Ыбырайым Құдай еркін орындады. Десе де бірде оған отбасын асырау қиынға соқты. Өйткені Ехобаның өзі баруды айтқан жерді сұрапыл аштық жайлады. Бұл аштықтың үдеп кеткені сонша — Ыбырайым отбасымен уақытша Мысырға көшуді шешті. Алайда Мысырда жүргенде, сол елдің билеушісі перғауын Ыбырайымның әйелін өзіне алдыртты. Ехоба Сараны қайтартқанша, Ыбырайымның қалай уайымға салынғанын елестетіп көріңізші (Мұс. 1-ж. 12:10—19).

9. Ыбырайымның үй-ішінде қандай қиындықтар болды?

9 Ыбырайымның үй-ішінде де қиындықтар болды. Оның сүйікті әйелі Сара бала көтере алмады. Ондаған жылдар бойы олардың күткендері болмай, көңілдері түсіп келді. Ақырында, Сара бала туып берсін деп күңі Ажарды Ыбырайымға қосты. Бірақ Ажар Ысмағұлға аяғы ауыр екенін білгенде, Сараға менсінбей қарай бастады. Жағдайдың ушыққаны соншалық — Сара Ажарды үйден қуып жіберді (Мұс. 1-ж. 16:1—6).

10. Қандай екі жағдай Ыбырайымның Ехобаға деген сенімін сынға алды?

10 Кейін Сараның өзі жүкті болып, Ыбырайымға Ысқақты туып берді. Ыбырайым Ысмағұлды да, Ысқақты да жақсы көрді. Бірақ Ысмағұл Ысқақты келеке-мазақ еткендіктен, Ыбырайым Ысмағұл мен Ажарды үйінен кетіруге мәжбүр болды (Мұс. 1-ж. 21:9—14). Кейінірек Ехоба Ыбырайымға Ысқақты құрбандыққа шалуды айтты (Мұс. 1-ж. 22:1, 2; Евр. 11:17—19). Бұл екі жағдайда да Ыбырайым ұлдарына қатысты айтқан уәдесін Ехоба күндердің күнінде орындайтынына сенді.

11. Неге Ыбырайымға Ехобаны шыдаммен күту керек болды?

11 Осы уақыттары Ыбырайым Ехобаны шыдаммен күтті. Ол отбасымен Ур қаласынан шыққанда жасы 70-тен асқан болса керек (Мұс. 1-ж. 11:31—12:4). Ол шамамен жүз жыл бойы Қанахан жерін кезіп, шатырларда өмір сүрді. Ыбырайым 175 жасында өмірден өтті (Мұс. 1-ж. 25:7). Бірақ ол Ехоба уәде еткендей, Қанахан жерінің ұрпақтарына берілгенін көрген жоқ. Қаланың, яғни Құдай Патшалығының орнағанын да көрмеді. Соған қарамастан Ыбырайым “мағыналы да ұзақ ғұмыр кешіп” көз жұмды (Мұс. 1-ж. 25:8). Көптеген қиындыққа төзуге тура келсе де, Ыбырайым сенімін мықты етіп сақтап, Ехобаны күте беруге дайын болды. Ол ненің арқасында табанды болды? Ехоба Ыбырайымды досындай көріп, өмір бойы қорғап жүрді (Мұс. 1-ж. 15:1; Ишая 41:8; Жақ. 2:22, 23).

Ыбырайым мен Сара сияқты, Ехобаның қызметшілері қалай сенім мен шыдамдылық танытып жүр? (12-абзацты қараңыз) *

12. Біз нені күтіп жүрміз және қазір не жайлы қарастырамыз?

12 Ыбырайым сияқты, біз де іргетасы берік қаланған қаланы күтіп жүрміз. Бірақ біз оның орнауын күтіп жүрген жоқпыз. Өйткені Құдай Патшалығы 1914 жылы орнап қойған. Қазір ол көкте толық билік етіп жатыр (Аян 12:7—10). Енді біз оның жерде де билік етуін күтіп жүрміз. Бұл орындалғанша, бізге де Ыбырайым мен Саранікіне ұқсас қиындықтарға төзу керек болады. Бүгінде Ехобаның көптеген қызметшілері Ыбырайымның үлгісіне еліктеп жүр. “Күзет мұнарасында” шығып тұратын өмірбаяндардан көрінетіндей, көптеген бауырластар Ыбырайым мен Сара сияқты сенім мен шыдамдылық танытуда. Қазір сондай бауырластардың бірнешеуіне тоқталып, олардан не үйрене алатынымызды көрейік.

ЫБЫРАЙЫМДЫ ҮЛГІ ЕТКЕНДЕР

Билл Уолден құрбандықтарға баруға дайын болған және Ехобаның баталарына кенелген

13. Сіз Билл бауырластың оқиғасынан не үйрендіңіз?

13 Құрбандықтарға баруға дайын болыңыз. Құдайдың қаласын, яғни Патшалығын басты орынға қойғымыз келсе, Ыбырайым сияқты болуымыз керек. Ол Құдайдың көңілінен шығу үшін құрбандықтарға баруға дайын болды (Мат. 6:33; Мар. 10:28—30). Қазір Билл Уолден бауырластың оқиғасын қарастырайық *. 1942 жылы Билл Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттей бастайды. Бұл кезде ол АҚШ университетінде сәулетші мамандығын тамамдағалы жатады. Сол уақыттары университет профессоры Билл үшін бір жұмыспен келісіп қояды. Бірақ Билл одан бас тартады. Ол ақысы жоғары сол жұмысқа келіспей, Құдайға толық уақыт қызмет етуді шешеді. Кейін көп ұзамай Билл әскерге шақырылады. Бірақ бас тартқаны үшін оған 10 000 доллар айыппұл салынады және ол бес жылға бас бостандығынан айырылады. Билл үш жылдан соң түрмеден босайды. Кейін ол Ғалақат мектебінде оқып, Африкада миссионер болып қызмет етеді. Кейін Билл Ева деген бауырласқа үйленіп, екеуі бірге Африкада қызмет етеді. Африкада өмір сүру оларға оңай болмайды. Бірнеше жылдан соң, олар Биллдің анасына қарау үшін Құрама Штаттарға оралады. Ол өз оқиғасын былай қорытындылаған: “Ехоба мені өзіне қызмет етуге 70 жылдан астам уақыт бойы қолданып келгенін ойласам, көзіме жас үйіріледі. Бұл мен үшін зор мәртебе! Өзіне қызмет етуді өмірлік ісім етуге басшылық бергені үшін Ехобаға ризашылығым шексіз”. Сіз де толық уақытты қызметті өмірлік ісіңіз ете аласыз ба?

Элени мен Аристотелис Апостолидис Ехобаның күшін сезінген

14, 15. Сіз Аристотелис пен Элени бауырластың оқиғасынан не үйрендіңіз?

14 Өміріңіз еш қиындықсыз болады деп күтпеңіз. Ыбырайымның өмірінен көрінетіндей, Ехобаға өмір бойы қызмет ететіндер де қиындықтарға кезігеді (Жақ. 1:2; Пет. 1-х. 5:9). Мұны Аристотелис Апостолидис деген ер бауырластың оқиғасы растайды *. Ол 1946 жылы Грекияда шомылдыру рәсімінен өткен. Ол 1952 жылы өзінікіндей мақсаттарды көздейтін Элени есімді бауырласпен үйленуге сөз байласады. Бірақ Элени ауруға шалдығып, миында қатерлі ісік бар екені анықталады. Сөйтіп, оған ота жасалады. Бірақ олар үйленгеннен кейін бірнеше жылдан соң, Эленидің миында қайтадан қатерлі ісік пайда болады. Дәрігерлер оған тағы да ота жасайды. Бірақ Элени жартылай сал болып қалады, содан сөйлеуі де нашарлап кетеді. Бірақ ол ауруына да, сол кездегі қуғын-сүргінге де қарамай, құлшынысты болып қала береді.

15 Аристотелис 30 жыл бойы әйеліне қарайды. Осы уақыттары ол ақсақал болып қызмет етеді, конгресс комитеттерінде еңбек етеді және Конгресс сарайының соғылуына үлес қосады. Кейін 1987 жылы Элени уағыздап жатқанда, артынан ауыр темір есік соғып, қатты жарақаттанады. Содан үш жыл комада жатып, кейін қайтыс болады. Аристотелис өмірбаянын былай деп аяқтады: “Жылдар бойы өмірімде кезіккен қиын жағдайлар мен күтпеген қиындықтар төзімді де табанды болуымды талап етті. Десе де Ехоба әрдайым маған бұл қиындықтарды еңсеруге қажетті күш беріп отырды” (Зәб. 94:18, 19). Қиындықтарына қарамай қолдан келгенше қызмет етіп жүрген қызметшілерін Ехоба қатты жақсы көреді!

Одри Хайд оң көзқарас сақтап, болашаққа көз тіккен

16. Норр бауырлас әйеліне қандай жақсы кеңес берді?

16 Болашаққа көз тігіңіз. Ыбырайым Ехобаның болашақта беретін баталарына көз тікті. Соның арқасында қиындықтарын жеңе білді. Одри Хайд есімді әйел бауырласымыз да осындай оң көзқарас танытуға тырысқан *. Оның бірінші күйеуі Нейтан Норр қатерлі ісіктен көз жұмған, ал екінші күйеуі Гленн Хайд альцгеймер ауруына шалдыққан. Норр бауырластың қайтыс боларынан бірнеше апта бұрын айтқан сөздері Одри бауырласқа көмек болған екен. Ол былай дейді: “Нейтан маған: “Өліммен бәрі бітпейді. Біздің шынайы үмітіміз бар, болашақта біз еш қиналмайтын боламыз”,— деді. Сосын мені талпындырып: “Алда күтіп тұрған баталарға көз тік. Өзгелерге жақсылық жасаудан қолың еш босамасын, бұл саған қуанышты болуыңа көмектеседі”,— деді”. Бұл біз үшін де керемет кеңес. Біз де өзгелерге көмектесуден қолымыз босамай, “үмітімізге қуана берейік!” (Рим. 12:12).

17. а) Неге бүгінде болашаққа көз тігуге себептер көп? ә) Миха 7:7-дегі сөздер болашақтағы баталарды қуанышпен күтуге қалай көмектеседі?

17 Бүгінде бізде болашаққа көз тігуге себептер бұрын-соңды болмағандай көп. Дүниеде болып жатқан оқиғалардан біздің соңғы күндердің соңғы күндерінде өмір сүріп жатқанымызды анық көруге болады. Жақында іргетасы берік қаланған қаланың жер бетінде билік ететін уақытын күтудің қажеті болмайды. Сол кезде біз көптеген баталардың куәсі боламыз. Солардың бірі — қайтыс болған жақындарымыздың тірілетіні. Ыбырайым мен оның отбасы да қайта тіріледі. Сол кезде Ехоба оның сенімі мен шыдамдылығының қарымтасын қайтарады. Оларды қарсы алып жатқандардың арасында сіз боласыз ба? Егер Ыбырайым сияқты, Құдай Патшалығы үшін құрбандыққа баруға дайын болсаңыз, қиындықтарға қарамай, сенім танытсаңыз, Ехобаны шыдаммен күте білсеңіз, олардың арасында сіз де боласыз (Миха 7:7 оқыңыз).

74-ӘН Патшалық әнін бірге шырқайық!

^ 5-абзац Уәделердің орындалуын күту шыдамымызды, кейде тіпті сенімімізді сынға алуы мүмкін. Ехобаның уәделерінің орындалуын шыдамдылықпен талмай күте беру жағынан Ыбырайымнан қандай үлгі алсақ болады? Ал Ехобаның бүгіндегі қызметшілері бұл жағынан қандай үлгі көрсетуде?

^ 13-абзац Билл Уолден бауырластың өмірбаяны 2013 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 желтоқсандағы санында жарық көрген (8—10 б.).

^ 14-абзац Аристотелис Апостолидис бауырластың өмірбаяны 2002 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 ақпандағы санында (ор.) жарық көрген (24—28 б.).

^ 16-абзац Одри Хайд бауырластың өмірбаяны 2004 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 шілдедегі санында (ор.) жарық көрген (23—29 б.).

^ 56-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Қарт ерлі-зайыпты қиындықтарға қарамай Ехобаға адалдықпен қызмет етіп жүр. Олар Ехобаның болашақ уәделеріне көз тігіп, сенімдерінде нық тұр.