Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

33-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Қайта тірілу Құдайдың сүйіспеншілігін, даналығын, шыдамдылығын паш етеді

Қайта тірілу Құдайдың сүйіспеншілігін, даналығын, шыдамдылығын паш етеді

“Құдайдың әділдерді де, әділетсіздерді де қайта тірілтетініне үміттенемін” (ЕЛ. ІС. 24:15).

151-ӘН Ол шақырады

АҢДАТПА *

1. Неге Ехоба өмірге бастау берді?

БІР КЕЗДЕРІ Ехоба жалғыз болған. Бірақ ол ешқашан жалғыздық сезінбеген. Ехоба бақытты болу үшін біреуді қажет етпейді. Десе де ол өзгелердің де өмір сүріп, бақытты болғанын қалады. Содан сүйіспеншілігінің қозғауымен Ехоба жаратылысқа бастау берді (Зәб. 36:9; Жох. 1-х. 4:19).

2. Иса мен өзге періштелер Ехобаның жаратқан туындыларын көргенде, қандай сезімде болды?

2 Алдымен, Ехоба өзіне көмекші етіп тұңғыш Ұлын жаратты. Кейін “бәрі сол арқылы жаратылды”, олардың ішінде миллиондаған періштелер де бар (Қол. 1:16). Иса Әкесімен бірге еңбектене алғанына қатты қуанды (Нақ. с. 8:30). Періштелер де зор шаттыққа бөленді. Өйткені олар Ехоба мен шебер жұмысшы Исаның көк пен жерді қалай жаратқанын бақылап тұрды. Олар жер пайда болғанда “шаттана мадақ айтты”, Ехобаның әрбір жаратылысын, әсіресе ерекше туындысы адамдарды көріп Ехобаны мадақтағандары сөзсіз (Әйүп 38:7; Нақ. с. 8:31). Ехобаның әрбір жаратылысынан оның сүйіспеншілігі мен даналығы анық көрініп тұрды (Зәб. 104:24; Рим. 1:20).

3. Қорынттықтарға 1-хат 15:21, 22-ден көрінетіндей, Исаның төлем құрбандығының арқасында не нәрсе мүмкін болды?

3 Ехоба өзі жаратқан әдемі де тамаша жұмақта адамзаттың мәңгі өмір сүргенін қалаған еді. Алайда Адам мен Хауа сүюші Әкелеріне қарсы бүлік шығарғанда, бүкіл жер бетін күнә мен өлім басты (Рим. 5:12). Сонда Ехоба не істеді? Ол бірден адамзатты қалай құтқаратынын айтты (Мұс. 1-ж. 3:15). Адам мен Хауаның ұрпақтары күнә мен өлімнен азат бола алу үшін Ехоба төлем беруді ниет етті. Осылайша әрбір адамның Ехобаға қызмет етуді таңдап, мәңгі өмір сүруге мүмкіндігі болмақ еді (Жох. 3:16; Рим. 6:23; Қорынттықтарға 1-хат 15:21, 22 оқыңыз).

4. Бұл мақалада қандай сұрақтарды қарастырамыз?

4 Құдайдың қайта тірілуге қатысты уәдесі жайлы көптеген сұрақтар туындайды. Мысалы, қайта тірілу қалай болады? Жақындарымыз қайта тірілгенде, біз оларды тани аламыз ба? Қайта тірілу қандай қуаныш әкеледі? Қайта тірілуден Ехобаның сүйіспеншілігі, даналығы мен шыдамдылығы жайлы не білеміз? Қазір осы сұрақтарды жеке-жеке қарастырып көрейік.

ҚАЙТА ТІРІЛУ ҚАЛАЙ БОЛАДЫ?

5. Неге адамдар тәртіппен, бірте-бірте тіріледі деп пайымдау қисынды?

5 Біз Ехоба өз Ұлы арқылы миллиондаған адамды бір уақытта қайта тірілтеді деп күтпейміз. Неліктен? Егер адам саны бірден күрт өсіп кетсе, жер бетінде ретсіздік пен тәртіпсіздік орнар еді. Ал Ехоба қолына алған кез келген істі ұйымдасқан түрде, тәртіппен істейді. Ол адамдар тату-тәтті өмір сүру үшін тәртіптің болуы маңызды екенін біледі (Қор. 1-х. 14:33). Ехоба Исамен бірге адамзат үшін жерді дайындаған кезде даналық пен шыдамдылық танытып, жерді бірте-бірте жаратты. Тура сол сияқты, Иса да даналық пен шыдамдылық танытып, Армагеддоннан аман өткендермен бірге мыңжылдық билігі кезінде жерді қайта тірілетіндер үшін дайындайтын болады.

Армагеддоннан аман өткендер қайта тірілгендерге Құдай Патшалығы туралы және Ехобаның талаптары жайлы үйрететін болады (6-абзацты қараңыз) *

6. Елшілердің істері 24:15-ке сай, қайта тірілгендердің арасында кімдер болады?

6 Бәрінен де маңыздысы — Армагеддоннан аман өткендер қайта тірілгендерге Құдай Патшалығы туралы және Ехобаның талаптары жайлы үйрететін болады. Неге? Өйткені қайта тірілетіндердің басым бөлігі “әділетсіздердің” қатарында болады (Елшілердің істері 24:15 оқыңыз). Оларға Мәсіхтің төлем құрбандығының пайдасын көру үшін көптеген өзгерістер жасау керек болады. Ехоба туралы мүлдем бейхабар миллиондаған адамға Құдай туралы шындықты үйрету жайлы ойлап көріңізші. Бұл неткен ауқымды жұмыс болмақ! Қайта тірілген адамдармен бүгіндегідей жеке-жеке зерттеу сабағы жүргізіле ме? Олар қауымдарға тағайындалып, өздерінен кейін тірілетіндерге тәлім беруді үйрене ме? Оны көре жатармыз. Бір білетініміз — Мәсіхтің мыңжылдық билігінің аяғында “жер беті Ехоба туралы білімге толады” (Ишая 11:9). Бізді мыңжылдық билік кезінде көптеген қызықты істер күтіп тұр!

7. Қайта тірілгендерге тәлім бергенде Құдай халқы неге оларға түсінікпен қарайды?

7 Мәсіхтің мыңжылдық билігі кезінде Ехобаның жердегі қызметшілерінің бәрі оған ұнамды болу үшін әрі қарай да өзгерістер жасай береді. Олар қайта тірілгендерге түсінікпен қарап, оларға күнәкар бейімділіктерімен күресуге және Ехобаның талаптарына сай өмір сүруге көмектесетін болады (Пет. 1-х. 3:8). Қайта тірілгендер болса Құдай халқының кішіпейілділікпен “құтқарылуға ұмтылып”, әлі де өзгерістер жасап жүргенін көргенде, өздері де олармен бірге Ехобаға ғибадат еткісі келетін болады (Філіп. 2:12).

ҚАЙТА ТІРІЛГЕНДЕРДІ ТАНИ АЛАМЫЗ БА?

8. Жақындарымыз қайта тірілгенде, біз оларды тани аламыз деп пайымдау неге қисынды?

8 Жақындарымыз қайта тірілгенде, біз оларды тани аламыз. Бұлай деуіміздің бірнеше себебі бар. Мысалы, бұрынғы қайта тірілген адамдардың оқиғаларын ескеріп, Ехоба адамдарды өлер алдында олардың түр-әлпеті, даусы, ақыл-ойы мен жады қандай болған болса, дәл сондай етіп тірілтеді деп пайымдай аламыз. Есіңізде болса, Иса өлімді ұйқымен, ал қайта тірілуді оянумен салыстырған (Мат. 9:18, 24; Жох. 11:11—13). Адам ұйқыдан оянған кезде, оның түрі, даусы мен жадындағы мәліметтері қаз-қалпында қалады. Мысалы, Елазардың жағдайын алайық. Ол төрт күн өлім ұйқысында жатып, денесі шіри бастаған еді. Ал Иса оны тірілткен кезде, әпкелері оны бірден таныды, Марта мен Мәриям да Елазардың есінде еді (Жох. 11:38—44; 12:1, 2).

9. Неге өмірден өткендер кемелді болып тірілмейді?

9 Ехоба жұмақта: “Ешкім: “Мен науқаспын”,— демейтін болады”,— деп уәде еткен (Ишая 33:24; Рим. 6:7). Демек, өлгендер сау тәнмен тіріледі. Бірақ олар бірден кемелді болып тірілмейді. Олай болған күнде, жақындары оларды танымай қалар еді. Біз Мәсіхтің мыңжылдық патшалығы кезінде адамзат бірте-бірте кемелділікке жетеді деп пайымдай аламыз. Сол кезде Ехобаның Патшалық арқылы жүзеге асырғысы келген барлық істері, соның ішінде адамзаттың кемелділікке жетуі де толықтай жүзеге асады. Содан кейін ғана, яғни мыңжылдықтың соңында Иса Патшалықты Әкесінің қолына тапсырады (Қор. 1-х. 15:24—28; Аян 20:1—3).

ҚАЙТА ТІРІЛУ ҚАНДАЙ ҚУАНЫШ ӘКЕЛЕДІ?

10. Жақындарыңыз қайта тірілгенде қандай сезімде боласыз?

10 Қайтыс болған жақындарыңызбен қайта қауышқан кезіңізді елестетіп көріңізші. Қуаныштан күлесіз бе, әлде жылайсыз ба? Я болмаса бар даусыңызбен Ехобаны мадақтап ән шырқайсыз ба? Бір жайт анық: қайта тірілу сыйы үшін қамқор Әкеңіз бен оның жанқияр Ұлына деген сүйіспеншілігіңіз тереңдей түседі!

11. Исаның Жохан 5:28, 29-дағы сөздеріне сай, Құдайдың әділ талаптарымен өмір сүретіндерді не күтіп тұр?

11 Қайта тірілгендер ескі болмыстарынан арылып, Құдай талаптарына сай өмір сүргенде қалай қуанады десеңізші! Өмірлерін осылай өзгертетіндер жұмақта мәңгі өмір сүретін болады. Ал Құдайға қарсы шығатындарға жұмақтың шырқын бұзуға жол берілмейді (Ишая 65:20; Жохан 5:28, 29 оқыңыз).

12. Жер бетіндегілердің бәрі Ехобаның қандай батасын көреді?

12 Патшалықтың қол астында Құдай халқы Нақыл сөздер 10:22-дегі: “Ехобаның батасы адамды байытады, Бұған ол еш қайғы-қасірет қоспайды”,— деген сөздердің растығын көреді. Киелі рухтың әсерімен Құдай халқы рухани байи түседі, яғни барған сайын Мәсіхке ұқсап, кемелділікке жете береді (Жох. 13:15—17; Ефес. 4:23, 24). Олардың денсаулықтары да, болмыстары да күн сайын жақсара береді. Бұл неткен бақытты өмір болмақ! (Әйүп 33:25). Бірақ қайта тірілу жайлы ой жүгіртер болсақ, оның пайдасын қазір де көре аламыз.

ЕХОБАНЫҢ СҮЙІСПЕНШІЛІГІ

13. Зәбүр 139:1—4 тармақтарға сай, Ехобаның бізді өте жақсы білетіні қайта тірілуден қалай көрінеді?

13 Жоғарыда қарастырғанымыздай, Ехоба адамдарды қайта тірілткен кезде, олардың жадындағы мәліметін және мінезі мен болмысын тура бұрынғыдай етіп тірілтеді. Бұл дегеніміз Ехобаның бізді жақсы көретіні сонша — ол ойларымызды, сезімдерімізді, сөздеріміз бен істерімізді бақылап, есіне сақтап отырады. Мысалы, сізді қайта тірілту керек болса, Ехоба сіздің жадыңыздағы мәліметті, көзқарасыңыз бен болмысыңызды оп-оңай қалпына келтіре алады. Дәуіт патша Ехобаның әрқайсысымызға қызығушылық танытатынын білген (Зәбүр 139:1—4 оқыңыз). Ал Ехобаның бізді өте жақсы білетінін түсінгеніміз бізге қалай әсер етеді?

14. Ехобаның бізді өте жақсы білетіні бізге қалай әсер ету керек?

14 Ехобаның бізді өте жақсы білетіні бізді уайымдатпау керек. Неліктен? Ехобаның біздің қамымызды ойлайтынын ұмытпайық. Ол әрқайсысымызды дара тұлға ететін ерекшеліктерімізді қатты бағалайды. Ехоба бізді өмірдегі қандай жағдайлар қалыптастырып жатқанын есінде ұстайды. Бұл неткен жұбаныш! Біз ешқашан өзімізді жалғызбыз деп ойламауымыз керек. Ехоба күн сайын, минут сайын қасымызда болып, бізге қол ұшын берудің орайын іздейді (Шеж. 2-ж. 16:9).

ЕХОБАНЫҢ ДАНАЛЫҒЫ

15. Қайта тірілу үміті Ехобаның дана Құдай екенін қалай дәлелдейді?

15 Өліммен қорқыту — өте мықты қару. Шайтанның ықпалындағы адамдар осы қаруды қолданып, өзгелерді достарын сатуға, сенімдерінен аттап кетуге күштейді. Бірақ бұл қарудың бізге күші жүрмейді. Жауларымыз бізді өлтірген күнде, Ехоба бізді қайта тірілтіп алатынын білеміз (Аян 2:10). Ештеңе де бізді Ехобадан ажырата алмайтынына нық сенімдіміз (Рим. 8:35—39). Қайта тірілу үміті — Ехобаның дана Құдай екенінің дәлелі! Осындай тамаша үміт арқылы Ехоба бізді шайқалмас батылдықпен қаруландырып, ал Шайтанды қарусыз қалдырды.

Ехобаның қажет нәрселермен қамтамасыз ететініне сенетінім шешімдерімнен көріне ме? (16-абзацты қараңыз) *

16. Сіз қандай сұрақтар жайлы ойлануыңыз керек және жауабыңыз Ехобаға қаншалықты сенім артатыныңызды анықтауға қалай көмектеседі?

16 Ехобаның жаулары сізді өліммен қорқытса, өміріңізді Ехобаға сеніп тапсырасыз ба? Мұны қалай тексерсеңіз болады? Мысалы, былай деп ойланып көріңіз: “Менің күнделікті қабылдайтын кішігірім шешімдерімнен Ехобаға сенім артатыным байқала ма? (Лұқа 16:10). Ехоба Патшалықты бірінші орынға қоятындардың қамын ойлайтынына сенетінім өмір салтымнан көріне ме?” (Мат. 6:31—33). Бұл сұрақтарға “иә” деп жауап берсеңіз, Ехобаға сенім артатыныңызды дәлелдейсіз және болашақта болатын кез келген сынаққа дайын боласыз (Нақ. с. 3:5, 6).

ЕХОБАНЫҢ ШЫДАМДЫЛЫҒЫ

17. а) Қайта тірілу Ехобаның шыдамдылығын қалай паш етеді? ә) Ехобаның шыдамдылығына риза екенімізді қалай көрсетсек болады?

17 Ехоба бұл дүниенің соңы келетін күн мен сағатты нақты белгілеп қойған (Мат. 24:36). Ол шыдамсыздық танытып, уақытынан бұрын әрекет етпейді. Әрине, Ехоба өлгендерді қайта тірілтуді аңсайды, десе де ол шыдамдылық танытады (Әйүп 14:14, 15). Ехоба оларға қайтадан өмір сыйлау үшін оңтайлы уақытты күтуде (Жох. 5:28). Біз Ехобаның шыдамдылығы үшін риза болуымыз керек. Себебі Ехобаның шыдамдылығы болмаса, көп адамның, соның ішінде біздің де “өкінуге” жеткілікті уақытымыз болмас еді (Пет. 2-х. 3:9). Ол мейлінше көп адамның мәңгі өмір сүргенін қалайды. Ендеше, Ехобаның шыдамдылығына риза екенімізді көрсетейік. Қалайша? Бұл үшін біз қолымыздан келгенше “мәңгі өмірге ыңғай танытқандарды” іздеп тауып, оларға Ехобаны жақсы көруге және оған қызмет етуге көмектесуіміз керек (Ел. іс. 13:48). Сонда олар да біз сияқты Ехобаның шыдамдылығының игілігін көре алады.

18. Неге біз өзгелерге шыдамдылық танытуымыз керек?

18 Кемелділікке жеткенімізше, Ехоба мыңжылдықтың аяғына дейін шыдаммен күтеді. Сол уақыт келгенше, ол біздің күнәларымызды кешіруге дайын. Біз де Ехобаға еліктеп, өзгелердің жақсы жақтарына назар аударып, оларға шыдамдылық танытуымыз керек. Бір әйел бауырластың жағдайын алайық. Оның күйеуі әбден сарыуайымға салынып, содан азап шеккен, ақырында қауымға бармай қойған. Әйел бауырлас былай дейді: “Бұл жағдай қатты жаныма батты. Отбасымыздың жоспары күл-талқан болды”. Бірақ бұл әйел бауырлас күйеуіне шыдамдылық таныта берді. Ол еш мойымай, Ехобаға арқа сүйеді. Ехоба сияқты, ол да күйеуінің жақсы жақтарына назар аударды. Әйел бауырласымыз: “Күйеуімнің тамаша қасиеттері көп. Ол өзінің уайымын жайлап жеңіп келеді”,— дейді. Отбасымыздағы не қауымдағы өз қиындықтарымен күресіп жүргендерге шыдамдылық таныту қаншалықты маңызды десеңізші!

19. Біз не нәрсеге бекінуіміз керек?

19 Жер енді пайда болған кезде, Иса мен періштелер шат-шадыман болды. Ал жер беті Ехобаны жақсы көріп, оған қызмет ететін кемелді адамдарға толғанда, олардың қалай қуанатынын ойлап көріңізші. Мәсіхпен бірге билік ету үшін көкке баратындардың қуанышын айтсаңызшы. Олардың еңбектерінің игілігін күллі адамзат көретін болады! (Аян 4:4, 9—11; 5:9, 10). Көзімізге қайғыдан емес, қуаныштан жас келетін кез келгенде, зар еңіреу, ауру мен өлім құрып жоқ болғанда, қандай өмір болатынын елестетіп көріңізші (Аян 21:4). Сол уақыт келгенше, сүйіспеншілігі мол, дана да шыдамды Әкемізге еліктей беруге бекінейік! Осылай етсек, қандай сынаққа кезікпейік, қуанышымызды жоғалтпаймыз (Жақ. 1:2—4). Біз қайта тірілу жайлы уәдесі үшін Ехобаға шексіз ризамыз! (Ел. іс. 24:15).

141-ӘН Өмір — Құдайдан келген сый

^ 5-абзац Ехоба — сүйіспеншілігі мол, дана және шыдамды Әке. Оның бұл қасиеттерін жаратылыстарынан және қайта тірілуге қатысты ниетінен көруге болады. Бұл мақалада біз қайта тірілуге қатысты туындауы мүмкін кейбір сұрақтарды қарастырамыз. Сондай-ақ қайта тірілу Ехобаның сүйіспеншілігін, даналығы мен шыдамдылығын қалай паш ететініне және одан не үйренетінімізге назар аударамыз.

^ 59-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Жүздеген жыл бұрын қайтыс болған ер адам Мәсіхтің мыңжылдық билігі кезінде қайта тірілді. Армагеддоннан аман өткен ер бауырлас осы қайта тірілген кісіге Мәсіхтің төлем құрбандығының игілігін көру үшін не істеу керектігін үйретіп жатыр.

^ 61-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Бір ер бауырлас кейбір күндері қосымша жұмыс істей алмайтынын бастығына айтып жатыр. Сол күндері ол Ехобаға ғибадат етумен байланысты іс-шаралармен айналысатынын түсіндіріп жатыр. Бірақ басқа уақыттары, шұғыл іс болып жатса, қосымша жұмыс істеуге дайын екенін айтуда.