Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨМІРБАЯН

Мен істеуге тиістіні ғана істедім

Мен істеуге тиістіні ғана істедім

ДОНАЛЬД РИДЛИ — 30 жылдан аса уақыт бойы соттарда Ехоба куәгерлерінің құқығын қорғаған заңгер. Ол науқастардың қан құюдан бас тартуға құқығы бар екеніне көп адамның көзін жеткізуде біраз еңбек сіңірді. Ол жүргізген істердің көбісі Жоғарғы Соттарда жеңіспен аяқталды. Достарының арасында Дон деп аталып кеткен ол өте еңбекқор, кішіпейіл әрі жанқияр болатын.

2019 жылдың қаңтарында Донның емі жоқ сирек кездесетін неврологиялық ауруға ұшырағаны анықталды. Бұл ауру тез үдеп, ол сол жылдың 16 тамызында көз жұмды. Оның өмірбаяны мынадай:

Мен 1954 жылы АҚШ-тың Миннесота штатындағы Сент-Пол қаласында дүниеге келдім. Отбасым католик дінін ұстанатын тұрмысы қарапайым адамдар еді. Мен үйде бес баланың екіншісі едім. Мен католик мектебінде оқыдым және сол кездері діни қызметкердің көмекшісі болдым. Бірақ Киелі кітапты жақсы білмейтінмін. Бәрін жаратқан Құдай бар деп сенсем де, шіркеуде жүріп бар сенімімнен айырылдым.

ШЫНДЫҚТЫ БІЛУІМ

Уильям Митчелл атындағы Заң колледжінде оқып жүрген алғашқы жылы үйіме ерлі-зайыпты екі Куәгер келді. Ол кезде мен кір жуып жатқан едім. Олар ілтипатпен кейінірек келе алатындарын айтты. Олар қайтып келгенде, мен оларға мынадай екі сұрақ қойдым: “Неге мына дүниеде жақсы адамдардың жолы болмайды? Адам бақытқа қалай қол жеткізе алады?” Мен олардан “Мәңгілік өмірге алып баратын шындық” деген кітапты және көздің жауын алатын жасыл мұқабалы “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасын” алып қалдым. Сондай-ақ Киелі кітапты зерттеуге келістім. Зерттеудің арқасында көзім ашылды. Құдай Патшалығы жер бетінде адамдардың үстінен билік ететінін білгенде, бұл маған қатты әсер етті. Мен адамдардың мүлдем билік ете алмайтынын және олардың билігі тек қайғы-қасіретке, әділетсіздік пен апатқа ұшырататынын көріп жүрдім.

1982 жылдың басында мен Ехобаға бағышталдым, кейін сол жылы “Патшалық туралы шындық” деп аталатын аймақтық конгресте шомылдыру рәсімінен өттім. Бұл конгресс Сент-Полдағы үлкен бір ғимаратта өтті. Келесі аптада мен дәл осы ғимаратқа келіп, адвокаттық қызметпен айналысуға лицензия алу үшін емтихан тапсырдым. Қазан айының басында бұл емтиханнан өткенім белгілі болды.

“Патшалық туралы шындық” деген сол конгресте мен Бруклиндегі Бетелде қызмет ететін Майк Ричардсон деген ер бауырласпен таныстым. Ол маған бас басқармада Заң бөлімі бар екенін айтты. Сол кезде Елшілердің істері 8:36-дағы эфиопиялық қызметкердің айтқан сөздері есіме түсті. Сонда өзімнен: “Заң бөлімінде қызмет етуді өтінуіме қандай кедергі бар?”— деп сұрадым. Сөйтіп, Бетелде қызмет етуге арналған өтініш қағазын толтырдым.

Менің Ехоба куәгері болғанымды ата-анам ұнатпады. Әкем менен Бетелде қызмет етсем, бұл заңгер ретіндегі карьерама қалай әсер ететінін сұрады. Мен оған ерікті болып қызмет ететінімді және бетелдіктерге ай сайын берілетін 75 доллар жәрдемақы алатынымды айттым.

Мен сотта жұмыс істеуге келісіп қойғандықтан, Бетелге бірден бара алмадым. Сондықтан Бруклиндегі (Нью-Йорк) Бетелде қызмет етуді 1984 жылы бастадым. Мен Заң бөліміне тағайындалдым. Сотта жұмыс істегенде жинаған тәжірибем алдағы уақыттарда біраз кәдеме жарады.

СТЭНЛИ ТЕАТРЫН ҚАЙТА ЖӨНДЕУ

Стэнли театрының сатып алынған кезі

Джерси-Сити қаласындағы (Нью-Джерси) Стэнли театры 1983 жылдың қараша айында сатып алынған. Бауырластар театрдағы жарық және су құбыры жүйелерін жөндеуге рұқсат алғысы келді. Сөйтіп, жергілікті басшылармен кездескен кезде, бауырластар Стэнли театрын Ехоба куәгерлерінің конгресс сарайы ретінде қолданбақшы екендерін айтты. Бірақ бұл қиындық тудырды. Джерси-Сити қаласының заңы бойынша, ғибадат үшін қолданылатын ғимараттар тек қана тұрғын үйлер аумағында орналасу керек-тін. Ал Стэнли театры іскерлік аймақта орналасқан еді. Сондықтан қала басшылары бізге рұқсат бермей қойды. Бауырластар апелляциялық шағым берді, бірақ біздің шағымымыз қабылданбады.

Бетелдік қызметімнің алғашқы аптасында ұйымымыз осы мәселе бойынша аймақтық сотқа арызданды. Сент-Полдағы (Миннесота) аймақтық сотта екі жылдай жұмыс істегендіктен, мұндай сот істері маған өте таныс еді. Адвокаттарымыздың бірі Стэнли театрында бұрын кинодан бастап рок концерттеріне дейін неше түрлі жиындар өткені жайлы дәлелдеме келтірді. Олай болса, неге діни жиындар заңсыз деп қарастырылу керек деген сұрақ көтердік. Аймақтық сот мәселемізді қарастырып, Джерси-Сити қаласы діни бостандығымызды құрметтемеді деген шешім қабылдап, олардан бізге рұқсат беруді талап етті. Сонда мен Ехоба өз ісін алға жылжыту үшін заңды қолданып жатқан ұйымына батасын бергенін көрдім. Бұл іске мен де өз үлесімді қосқаныма сондай қуанышты болдым.

Бауырластар ауқымды қайта жөндеу жобасын бастап кетті. Содан бір жыл өтпей, 1985 жылдың 8 қыркүйегінде осы Джерси-Сити конгресс сарайында Ғалақат мектебінің 79-сыныбының бітіру салтанаты өтті. Заңгерлерімізбен бірге Патшалықтың ісін алға жылжытуға үлес қосу мен үшін зор мәртебе болды. Мен Бетелге дейінгі жұмысымнан осыншалықты қуаныш алмаған едім. Сол кездері Ехоба мені әлі неше түрлі сот істерінде қолданбақшы екенін білмеген де едім.

ҚАНСЫЗ ЕМ-ШАРАҒА ҚАТЫСТЫ ҚҰҚЫҚТАРДЫ ҚОРҒАУ

1980 жылдары ауруханалар мен дәрігерлер Куәгерлердің қансыз ем-шараға қатысты қалауларын жиі елеусіз қалдыратын. Әсіресе жүкті әйелдер осы жағынан көп қиындық көрді. Өйткені судьялар жүкті әйелдің қан құйдырудан бас тартуға құқығы жоқ деп қарастыратын. Олар қан құйылмаған жағдайда нәресте анасыз қалуы мүмкін деп пайымдайтын.

1988 жылы, 29 желтоқсанда Дениз Николо бауырласымыз босанғанда, одан тоқтамай қан кете бастады. Оның гемоглобині 50-ге дейін түсіп кеткенде, емдеуші дәрігер бауырласымыздан қан құйдыруға келісім беруін сұрады. Бірақ Дениз бауырлас бас тартты. Келесі күні таңертең аурухана сотқа жүгініп, бауырласымызға қан құюға рұқсат беруін сұрады. Ешқандай сот отырысын өткізбей, тіпті Дениз бауырлас пен оның күйеуіне ештеңе айтпастан, сот ауруханаға қан құюға құқық берді.

30 желтоқсанда, жұма күні, күйеуі мен өзге туыстарының қарсылығына қарамай, аурухана қызметшілері Дениз бауырласқа қан құйды. Сол күні кешке туыстары мен бірнеше ақсақал Дениз бауырласты айнала қоршап, қан құйдырмауға тырысқандары үшін тұтқындалды. Ал сенбі күні таңертең, 31 желтоқсанда, Нью-Йорк қаласы мен қасындағы Лонг-Айленд аралында бауырластардың тұтқындалғаны туралы жаңалықтар шықты.

Филип Брамли екеуміздің жас кезіміз

Біз осы мәселе бойынша сотқа шағымдандық. Дүйсенбі күні таңертең мен Жоғарғы Сот төрағасы Милтон Молленмен сөйлестім. Оған бұл істің мән-жайын түсіндіріп, соттың ешқандай сот отырысын өткізбей, қан құю туралы бұйрық шығарғанына ерекше назар аудардым. Судья Милтон Моллен осы күні түстен кейін айғақтар мен осыған қатысты заңдарды қарастыру үшін кеңсесіне келуімді өтінді. Молленнің кеңсесіне менімен бірге бөліміміздің бақылаушысы Филип Брамли де барды. Судья бізбен қоса, аурухана адвокатын да шақырыпты. Талқылауымыз өте қызу өтті. Бір кезде Филип бауырлас маған дәптерін көрсетіп, “өзіңді бас” деген жазуды көрсетті. Қазір ойлап қарасам, бұл кеңес өте орынды болған. Мен әлгі адвокаттың дәлелдемелерін жоққа шығарамын деп, көтеріліп кетіппін.

Солдан оңға қарай: Ричард Мок, Грегори Олдз, Пол Полидоро, Филип Брамли, мен және Марио Морено. “Күзет мұнарасы Страттон ауылына қарсы” деген іске қатысты АҚШ-тың Жоғарғы Сотында ауызша дәлелдемелер келтірген күніміз. 2003 жылғы “Ояныңдар!” (ор.) журналының 8 қаңтардағы санын қараңыз (3, 4, 5, 6—8, 9—11 беттер).

Шамамен бір сағаттан кейін, судья Милтон Моллен келесі күні таңертең бірінші кезекте осы істі қарастыратынын айтты. Кеңсесінен шығып бара жатқанда, судья бізге: “Ертең аурухана адвокатына қиын болады-ау”,— деді. Ол аурухананың Дениз бауырласқа күштеп қан құюға құқылы болғанын дәлелдеу адвокатқа қиынға соғатынын айтқысы келсе керек. Сол кезде Ехоба жеңіске жетуіміз әбден мүмкін екеніне мені сендіріп жатқандай болды. Өз еркін жүзеге асыру үшін Ехобаның бізді қолданып жатқанын ойлағанда, бойымды керемет сезім биледі.

Сол күні біз қандай дәлелдер келтіретінімізді ойластырып, түнге дейін жұмыс істедік. Сот ғимараты Бруклин Бетеліне өте жақын болғандықтан, шағын Заң бөліміміздегі бауырластардың басым бөлігі сол жерге жаяу барды. Төрт судья біздің дәлелдемелерімізді тыңдап болғаннан кейін, қан құю туралы шығарылған бұйрықты жоққа шығарды. Жоғарғы Сот істі Дениз бауырластың пайдасына шешіп, ешқандай сот отырысынсыз бұйрық шығару адамның негізгі құқықтарын бұзу болып табылатынын айтты.

Көп ұзамай Нью-Йорктің Жоғарғы Соты Дениз бауырлас қансыз ем-шара қабылдауға құқылы деген шешім шығарды. Бұл мен қатысқан әрі Жоғарғы Сотта жеңіспен біткен қанға қатысты төрт соттың бірі еді. (“ Жоғарғы Соттағы жеңістеріміз” деген қоршауды қараңыз.) Мен Бетелдегі өзге заңгерлермен бірге балаға қорғаншы болумен, ажырасумен және жылжымайтын мүліктермен байланысты істерге қатыстым.

ОТБАСЫЛЫҚ ӨМІРІМ

Әйелім Доунмен бірге

Әйелім Доунды алғаш кездестіргенде, ол күйеуінен ажырасқан, үш баласы бар жалғызбасты ана еді. Ол күн көру үшін жұмыс істей жүріп, ізашарлық қызметін де атқарып жүрді. Өмірде қиыншылығы көп болса да, оның Ехобаға аянбай қызмет етіп жүргені маған қатты әсер етті. 1992 жылы Нью-Йоркте өткен “Нұр шашушылар” деп аталатын аймақтық конгресте мен оған жақынырақ танысуды ұсындым. Бір жылдан соң екеуміз үйлендік. Мен бетелдік қызметімді әрі қарай да жалғастыра бердім. Рухани толысқан және жарқын да жайдары мұндай әйел мен үшін Ехобадан келген сый болды. Бірге тұрған күндердің бәрінде Доунның маған жасағаны тек жақсылық болды (Нақ. с. 31:12).

Біз үйленгенде, балалардың жастары 11-де, 13-те және 16-да еді. Мен оларға жақсы әке болғым келді, сондықтан өгей ата-ана болу жайлы әдебиеттерімізден тапқан мәліметтердің бәрін мұқият оқып, қолдана бастадым. Басында біраз жыл қиын болды, бірақ балалар мені сенімді дос және сүюші әке ретінде қабылдай алғандарына қатты қуандым. Біздің үйіміздің есігі балаларымыздың достары үшін әрдайым ашық болатын. Біз үйіміз күштері тасыған жастарға толып кеткенде мәз-мейрам болушы едік.

2013 жылы қартайған ата-анамызға қарау үшін Доун екеуміз Висконсинге көшіп бардық. Бір таңғалғаным, бетелдік қызметім тоқтаған жоқ. Ұйымымызға заңи мәселелерде әрі қарай да көмектесіп тұру үшін уақытша ерікті қызметші болып тағайындалдым.

КҮТПЕГЕН ӨЗГЕРІС

2018 жылдың қыркүйек айында тамағым біртүрлі болып жүргенін байқадым. Жергілікті дәрігерге барып қаралғанымда, ол мұның себебін анықтай алмады. Кейін басқа бір дәрігер неврологке көрінуге кеңес берді. Сөйтіп, 2019 жылдың қаңтарында невролог маған сирек кездесетін үдемелі неврологиялық ауруға шалдыққан болуым мүмкін екенін айтты.

Үш күннен кейін коньки теуіп жүрген кезімде құлап қалып, оң білегімді сындырып алдым. Мен конькиді өте жақсы тебетінмін, өйткені өмір бойы теуіп келген едім. Сонда мен қозғалу қабілетімнің бұзыла бастағанын түсіндім. Бұл аурудың тез асқынғанын көріп қатты таңғалдым. Өйткені сөйлеуім, жүріп-тұруым және жұтынуым қатты қиындап кетті.

Патшалық ісін алға жылжытуда заңгер ретінде кішкене болса да үлес қоса алғаныма қатты қуанамын. Мен дәрігерлерге, заңгерлер мен судьяларға арналған журналдарға көптеген мақалалар жаздым. Сондай-ақ қан құймай ота жасауға және ем-шара қабылдауға қатысты Ехоба куәгерлерінің құқықтарын қорғап, дүниежүзі бойынша семинарларда баяндамалар айттым. Бірақ Лұқа 17:10-да айтылғандай, “мен небәрі түкке тұрғысыз құлмын, істеуге тиістіні ғана істедім”.