Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Оқырман сауалдары

Оқырман сауалдары

Иса қашан бас діни қызметкер болды және жаңа келісім бір уақытта бекітіліп, бір уақытта күшіне енген бе?

Иса б. з. 29 жылы шомылдыру рәсімінен өткен кезде бас діни қызметкер болды. Біз бұны қайдан білеміз? Шомылдыру рәсімінен өткен кезде, Иса өзінің өмірін Құдайдың “еркін” білдіретін бейнелі құрбандық ошағында ұсынуға дайын екенін көрсетті (Ғал. 1:4; Евр. 10:5—10). Бұл бейнелі құрбандық ошағы Иса шомылдыру рәсімінен өткенде пайда болды. Құрбандық ошағы ғибадатхананың маңызды бөлігі болғандықтан, ұлы рухани ғибадатхана да сол кезде пайда болғанға ұқсайды. Ұлы рухани ғибадатхана Ехобаның төлем құрбандығын негізге ала отырып таза ғибадат үшін жасаған шарасын бейнелейді (Мат. 3:16, 17; Евр. 5:4—6).

Ұлы рухани ғибадатхана пайда болған кезде, оның ішінде қызмет ететін бас діни қызметкер қажет болды. Сол үшін де Ехоба Исаны бас діни қызметкер етіп, “киелі рухымен және құдіретімен майлады” (Ел. іс. 10:37, 38; Мар. 1:9—11). Бірақ біз Исаның өліп, қайта тірілмей тұрып бас діни қызметкер ретінде майланғанын қайдан білеміз? Бұл сұраққа жауап беру үшін Харон мен одан кейінгі бас діни қызметкерлердің мысалын қарастырып көрейік.

Мұса заңы бойынша, киелі шатырдың және ғибадатхананың Ең қасиетті бөлмесіне тек қана бас діни қызметкер кіре алған. Ең қасиетті бөлме мен қасиетті бөлменің арасын шымылдық бөліп тұрған. Бас діни қызметкер шымылдықтың арғы жағына тек Күнәні өтейтін күні ғана өтетін (Евр. 9:1—3, 6, 7). Харон мен одан кейінгі бас діни қызметкерлер шымылдық арқылы Ең қасиетті бөлмеге өткенге дейін бас діни қызметкер ретінде майланып қоятын. Тура сол сияқты, Иса да өлмес бұрын бас діни қызметкер ретінде майланған. Содан кейін ғана ол көктегі өмірге “шымылдық, яғни өз денесі, арқылы” өткен (Евр. 10:20). Сол себептен де Елші Пауыл Исаның “бас діни қызметкер ретінде келіп, адам қолымен жасалмаған... анағұрлым ұлы әрі әлдеқайда жақсы шатырға” кіргенін және “көктің өзіне” енгенін айтқан (Евр. 9:11, 24).

Жаңа келісім бір уақытта бекітіліп, бір уақытта күшіне енген. Мұны қайдан білеміз? Бұл жаңа келісім бекітілу үшін де, ол күшіне ену үшін де бірдей үш нәрсе жасалу қажет еді. Бұл не нәрселер?

Біріншіден, Иса Ехобаның алдына келу керек еді. Екіншіден, ол өзінің құрбандығының құнын Ехобаға ұсынуы қажет еді. Үшіншіден, Ехоба Исаның төгілген қанының құнын қабыл алу керек болатын. Осы үш нәрсе жасалғаннан кейін ғана жаңа келісім бекітіліп, өз күшіне енді.

Киелі кітапта Ехоба Исаның төлем құрбандығының құнын дәл қай уақытта қабыл алғаны туралы ештеңе айтылмайды. Сондықтан біз де жаңа келісімнің дәл қай уақытта бекітіліп, күшіне енгенін кесіп айта алмаймыз. Бірақ бір білетініміз, Иса көкке Елуінші күн мейрамына он күн қалғанда көтерілген (Ел. іс. 1:3). Сол он күннің бір уақытында ол өзінің құрбандығының құнын Ехобаға ұсынды. Ал Ехоба оны қабыл алды (Евр. 9:12). Бұның растығын Елуінші күн мейрамында болған жағдай айқын дәлелдейді (Ел. іс. 2:1—4, 32, 33). Сол уақытта жаңа келісімнің бекітіліп, өз күшіне еніп қойғаны анық болды.

Қорыта айтсақ, жаңа келісім Ехоба Исаның төгілген қанының құнын қабыл алғаннан кейін ғана бекітіліп, өз күшіне енді және бас діни қызметкер Иса сол келісімнің келістірушісі ретінде қызмет ете бастады (Евр. 7:25; 8:1—3, 6; 9:13—15).