Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

30-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Шындық жолында жүре беріңіз

Шындық жолында жүре беріңіз

“Мен үшін балаларымның шындық жолында жүргенін естуден артық қуаныш жоқ!” (ЖОХ. 3-Х. 4).

54-ӘН Міне, жол!

АҢДАТПА *

1. Жоханның 3-хаты 3, 4-ке сай, бізді не нәрсе қуанышқа бөлейді?

ЕЛШІ ЖОХАН өзі шындықты білуге көмектескен рухани балаларының әрі қарай да Ехобаға адал қызмет етіп жүргенін білгенде, қалай қуанғанын елестетіп көріңізші. Бұл мәсіхшілер өте көп қиындық көрді. Өз балаларындай көрген бұл адал мәсіхшілердің сенімін нығайту үшін Жохан барын салды. Сол сияқты, біз де туған не рухани балаларымыздың Ехобаға бағышталып, оған қызмет етіп жүргенін көргенде, қалай қуанамыз десеңізші! (Жоханның 3-хаты 3, 4 оқыңыз).

2. Жохан жазған хаттардың мақсаты қандай еді?

2 Елші Жохан б. з. 98 жылы Ефесте не оның маңында тұрғанға ұқсайды. Ол бұл жерге Патмос аралындағы тұтқыннан босағаннан кейін барған болса керек. Сол уақыттары Ехобаның киелі рухы оған үш хат жазуға қозғау салды. Бұл хаттардың мақсаты адал мәсіхшілерді Исаға деген сенімдерінде нық тұрып, шындық жолында жүре беруге талпындыру еді.

3. Бұл мақалада біз қандай сұрақтарды қарастырамыз?

3 Жохан көзі тірі соңғы елші еді. Ол қауымдарға жалған ұстаздардың ықпал етіп жатқанын ойлап уайымдады * (Жох. 1-х. 2:18, 19, 26). Жолдан тайған бұл ұстаздар Құдайды білеміз деп, бірақ Ехобаның заңдарына мойынсұнбаған. Қазір елші Жоханның киелі рухтың жетелеуімен берген кеңестерін қарастырайық. Қарастыру барысында мына үш сұрақтың жауабын аламыз: Шындық жолында жүру деген нені білдіреді? Біз қандай кедергілерге кезігуіміз мүмкін? Шындық жолында нық тұруға бір-бірімізге қалай көмектессек болады?

ШЫНДЫҚ ЖОЛЫНДА ЖҮРУ ДЕГЕН НЕНІ БІЛДІРЕДІ?

4. Жоханның 1-хаты 2:3—6 тармақтарға және Жоханның 2-хаты 4, 6-ға сай, шындықта жүру үшін не істеуіміз керек?

4 Шындықта жүру үшін біз Құдай Сөзі Киелі кітаптағы шындықты білуіміз керек. Сондай-ақ Ехобаның “өсиеттерін орындауымыз”, яғни оларға мойынсұнуымыз қажет (Жоханның 1-хаты 2:3—6; Жоханның 2-хаты 4, 6 оқыңыз). Иса Ехобаға мойынсұнудың кемелді үлгісін көрсетті. Сондықтан Исаның ізімен мейлінше тура жүру — Ехобаға мойынсұнудың маңызды жолы (Жох. 8:29; Пет. 1-х. 2:21).

5. Біз не нәрсеге сенімді болуымыз керек?

5 Шындықта жүре беру үшін біз Ехобаның үнемі шындықты айтатын Құдай екеніне және оның Киелі кітаптағы сөздерінің бәрі шындық екеніне нық сенуіміз керек. Сондай-ақ Исаның уәде етілген Мәсіх екеніне де сенімді болуымыз керек. Бүгінде көп адам Исаның Құдай Патшалығының патшасы екеніне күмән келтіреді. Жохан Ехоба мен Иса жайлы шындықтарға нық сенбейтіндерді “көптеген алдаушылар” адастыруға тырысатынын ескерткен (Жох. 2-х. 7—11). Жохан: “Исаның Мәсіх екенін мойындамайтын адам өтірікші емей кім?”— деп жазған (Жох. 1-х. 2:22). Біз үшін алданып қалмаудың жалғыз жолы — Құдай Сөзін зерттеу. Тек осылай ғана біз Ехоба мен Исаны танып-біле аламыз (Жох. 17:3). Сондай-ақ нанымдарымыздың шындық екеніне сенімді боламыз.

БІЗ ҚАНДАЙ КЕДЕРГІЛЕРГЕ КЕЗІГУІМІЗ МҮМКІН?

6. Жас мәсіхшілер қандай кедергіге кезігеді?

6 Мәсіхшілердің бәрі адамдардың пәлсапасына алданып қалудан абай болулары қажет (Жох. 1-х. 2:26). Осы тұзақтан әсіресе жастар сақ болу керек. Францияда тұратын 25 жасар Алексия * есімді қыз бауырлас былай дейді: “Мектепте оқып жүргенімде эволюция теориясы мен адамдардың пәлсапалары жайлы білдім. Сонда мен шындықта жүргеніме күмәнданып қалдым. Мектепте білген ілімдерім маған ұнай бастады. Бірақ мен тек мұғалімдеріме ғана сеніп, Ехобаға өзін қорғауға мүмкіндік бермегенім дұрыс болмас деп ойладым”. Сөйтіп, Алексия “Тіршілік қалай пайда болды? Эволюция жолымен бе, әлде жаратылды ма?” * деген кітапты зерттеп шықты. Бірнеше аптаның ішінде оның күмәні толықтай сейілді. Алексия тағы былай дейді: “Мен Киелі кітапта жазылғандардың шындық екеніне көзімді жеткізіп алдым. Сондай-ақ ондағы нормалармен өмір сүру маған қуаныш пен тыныштық әкелетінін түсіндім”.

7. Біз неден аулақ болуымыз керек және неге?

7 Адамдардың пәлсапасына алданудың арты екіжүзді өмір сүруге алып келеді. Бірақ барлық мәсіхшілер, жастар да, үлкендер де, екіжүзді өмір сүруден аулақ болулары қажет. Жохан біздің бір уақытта шындық жолымен де, азғындық жолымен де қатар жүре алмайтынымызды айтқан (Жох. 1-х. 1:6). Егер қазір де, болашақта да Құдайдың ықыласына ие болғымыз келсе, әрбір ісімізді бүкіл жұрттың алдында істеп жатқандай істеуіміз керек. Негізі, жасырын күнә деген болмайды, өйткені ешқандай ісіміз Ехобаның көзінен таса қалмайды (Евр. 4:13).

8. Біз не нәрседен бас тартуымыз керек?

8 Біз осы дүниенің күнәға қатысты көзқарасынан бас тартуымыз керек. Елші Жохан: “Егер күнәсізбіз десек, өз-өзімізді алдағанымыз”,— деп жазған (Жох. 1-х. 1:8). Жоханның күндерінде жолдантаюшылар адам әдейі күнә жасаса да, Құдаймен дос болып қала алатынын айтқан. Бүгінде біз дәл осындай көзқарас танытатын адамдардың арасында өмір сүріп жатырмыз. Көбісі Құдайға сенеміз дейді, бірақ Ехобаның күнәға қатысты, әсіресе жыныстық қатынасқа қатысты көзқарасымен келіспейді. Ехоба күнә деп қарастыратын іс-әрекеттерге қатысты олар “бұны жасауға болады, бұл адамның жеке таңдауы не қалауы” деп жатады.

Жастар, ненің дұрыс, ненің бұрыс екеніне қатысты Киелі кітапқа негізделген сенімдеріңді нығайтыңдар. Сонда сенімдеріңді қорғай аласыңдар (9-абзацты қараңыз) *

9. Жастар Киелі кітапқа негізделген сенімдерінде берік тұратын болса, олар бұның қандай пайдасын көреді?

9 Сыныптастары не әріптестері мәсіхші жастардың жыныстық қатынасқа қатысты көзқарастарын өзгертуге тырысуы мүмкін. Мұндайда мәсіхші жастарға дұрыс көзқарас сақтау қиын болуы мүмкін. Осындай жағдайды бастан кешкен Александр есімді ер бауырлас былай дейді: “Мектепте кейбір қыздар мені жыныстық қатынасқа көндіруге тырысты. Ұсыныстарынан бас тартқандықтан әрі қызбен жүрмегендіктен, олар мені гомосексуалист деп шықты”. Сіз де осындай сынаққа кезіксеңіз, мынаны ұмытпаңыз: Киелі кітапқа негізделген сеніміңізде берік тұрсаңыз, қадір-қасиетіңізді, денсаулығыңызды, жан тыныштығыңызды және Ехобамен қарым-қатынасыңызды сақтап қаласыз. Сынаққа қарсы тұрған сайын, дұрыс нәрсені істеу жеңілдей түседі. Сондай-ақ осы дүниенің жыныстық қатынасқа деген бұрмаланған көзқарасы Шайтаннан екенін де ұмытпаңыз. Осы дүниедегі адамдардың ойына қарсы тұратын болсаңыз, “зұлымды жеңіп шығасыз” (Жох. 1-х. 2:14).

10. Жоханның 1-хаты 1:9-дағы сөздер Ехобаға таза ар-ұжданмен қызмет етуге қалай көмектеседі?

10 Біз ненің күнә екенін Ехоба шешуге құқылы екенін мойындаймыз. Сондай-ақ күнә жасамау үшін барымызды саламыз. Ал күнә жасап қойған жағдайда, Ехобаға дұға етіп, қателігімізді мойындаймыз (Жоханның 1-хаты 1:9 оқыңыз). Ал егер ауыр күнә жасап қойсақ, Ехоба бізді қамқорлау үшін тағайындаған ақсақалдардан көмек іздейміз (Жақ. 5:14—16). Алайда біз бұрынғы қателіктерімізді ойлап, өзімізді жегідей жемеуіміз керек. Өйткені сүюші Әкеміз күнәларымыз кешірілу үшін өз Ұлын төлем ретінде құрбандыққа берген. Ехоба өкінгендерді кешірем десе, расымен де, кешіреді. Сондықтан Ехобаға таза ар-ұжданмен қызмет етуге бізге ештеңе де кедергі бола алмайды (Жох. 1-х. 2:1, 2, 12; 3:19, 20).

11. Сенімімізді шайқалтатын ілімдерден санамызды қалай қорғай аламыз?

11 Біз жолдан тайғандардың ілімдеріне қарсы тұруымыз керек. Шайтан мәсіхшілер қауымы құрылғалы бері Құдайдың адал қызметшілерінің санасына күмән себу үшін көптеген алдаушыларды қолданып келеді. Сондықтан біз ненің шындық, ненің өтірік екенін ажырата білуіміз керек *. Жауларымыз біздің Ехобаға деген сенімімізді және бауырластарға деген сүйіспеншілігімізді әлсірету үшін ғаламтор мен әлеуметтік желіні қолдануы мүмкін. Өтіріктің артында кім тұрғанын есте ұстап, оларға қарсы тұрыңыз! (Жох. 1-х. 4:1, 6; Аян 12:9).

12. Неге біз шындықтарға деген сенімімізді арттыруымыз қажет?

12 Шайтанның шабуылдарына қарсы тұру үшін, біз Исаға деген және оның Ехобаның ниетінде маңызды рөл атқаратынына деген сенімділігімізді арттыруымыз керек. Сондай-ақ бүгінде Ехобаның қолданып жатқан жалғыз арнасына сенім артуымыз қажет (Мат. 24:45—47). Біз сенімділігімізді Құдай Сөзін жүйелі түрде зерттеу арқылы арттыра аламыз. Сонда сеніміміз терең тамыр жайған ағашқа ұқсайтын болады. Пауыл Қолостағы қауымға хат жазған кезде осыған ұқсас ой айтқан. Ол былай деген: “Иеміз Мәсіх Исаны қалай қабылдаған болсаңдар, солай онымен тығыз байланыста жүріңдер... Оған тамыр жайып, нығая беріңдер, сенімдеріңді де берік сақтаңдар” (Қол. 2:6, 7). Сенімін болаттай берік еткен мәсіхшіні Шайтан мен оның ықпалындағылар ешқалай шайқалта алмайды (Жох. 2-х. 8, 9).

13. Біз нені күтуіміз керек және неге?

13 Біз осы дүние бізді жек көреді деп күтуіміз керек (Жох. 1-х. 3:13). Жохан “бүкіл дүние Шайтанның билігінде” екенін айтқан (Жох. 1-х. 5:19). Бұл дүниенің соңы жақындаған сайын, Шайтанның ашуы да үдей түсуде (Аян 12:12). Ол азғындыққа азғыру немесе жолдан тайғандардың өтіріктері сияқты жасырын шабуылдармен ғана шектелмейді. Ол ашық та шабуылдап, аяусыз қуғын көрсетеді. Шайтан өз уақытының өте аз қалғанын білгендіктен, уағыз ісін тоқтату үшін және сенімімізді күйрету үшін қолынан келгеннің бәрін істеуде. Сондықтан біз кейбір елдерде ісімізге шектеулер қойылғанына не тыйым салынғанына таңғалмаймыз. Сол елдердегі бауырластарымыз ештеңеге қарамастан табандылық танытуда. Олар мынаны дәлелдеп жүр: Шайтан бізге не істемесін, біз оны жеңіп шыға аламыз!

БІР-БІРІМІЗГЕ ШЫНДЫҚТА НЫҚ ТҰРУҒА КӨМЕКТЕСЕЙІК

14. Бауырластарымызға шындықта нық тұруға көмектесудің бір жолы қандай?

14 Бауырластарымызға шындықта нық тұруға көмектесу үшін, біз жанашыр болуымыз керек (Жох. 1-х. 3:10, 11, 16—18). Біз бір-бірімізді жақсы кездерде ғана емес, қиын шақтарда да сүюіміз керек. Мысалы, жақынынан айырылып, жұбаныш пен көмекке мұқтаж болып жүрген біреуді білетін боларсыз. Я болмаса кейбір бауырластарымыздың табиғи апаттан зардап шеккенін және олардың Патшалық сарайлары мен үйлерін қалпына келтіру қажет екенін естіген шығарсыз. Біз бауырластарымызды қаншалықты жақсы көріп, оларға қаншалықты жанымыз ашитынын тек сөзімізбен ғана емес, ең бастысы, ісімізбен көрсетеміз.

15. Жоханның 1-хаты 4:7, 8-де айтылғандай, біз не істеуіміз керек?

15 Біз бір-бірімізді сүйсек, көктегі сүюші Әкеміз Ехобаға еліктегенімізді көрсетеміз (Жоханның 1-хаты 4:7, 8 оқыңыз). Сүйіспеншілік танытудың маңызды жолы — бір-бірімізді кешіру. Мысалы, бір бауырлас бізді ренжітіп, кейін кешірім сұрауы мүмкін. Оны кешіріп, қателігін ұмытар болсақ, осылай оған сүйіспеншілік танытамыз (Қол. 3:13). Алдо есімді ер бауырластың жағдайын алайық. Бірде ол жақсы сыйласып жүрген бір ер бауырластың оның нәсілі жайлы жағымсыз сөздер айтқанын естіп қалады. Бұл Алдоның көңіліне қатты тиіп кетеді. “Мен Ехобаға қайта-қайта дұға етіп, сол бауырлас жайлы жаман ойламауға көмектесуін сұрадым”,— дейді ол. Бірақ ол тағы бір нәрсе істейді. Ол әлгі бауырласпен қызметке шығуды ұйғарады. Бірге уағыздап жүргенде, Алдо оған сөздерінің өзіне қаншалықты ауыр тигенін айтып береді. Алдо былай дейді: “Ол бауырлас айтқан сөздерінің көңіліме тигенін естігенде, менен кешірім сұрады. Оның қаншалықты өкінетіні даусынан сезіліп тұрды. Біз болған жайтты артта қалдырып, бұрынғыдай дос болып қалдық”.

16, 17. Біз не нәрсеге бел бууымыз керек?

16 Елші Жохан бауырластарын қатты жақсы көрген және олардың сенімдерінің мықты болғанын қалаған. Жохан жазған үш хаттағы кеңестерден оның өз бауырластарын сүйетіні және оларды уайымдайтыны көрініп тұрды. Жохан сияқты қамқор да сүюші ерлер мен әйелдердің Мәсіхпен бірге көкте билік ететіні — біз үшін зор жұбаныш! (Жох. 1-х. 2:27).

17 Бүгінгі талқыланған кеңестерге мұқият ден қойыңыз. Өміріміздің барлық саласында Ехобаға мойынсұнып, шындық жолында жүре беруге беліңізді бекем буыңыз. Киелі кітапты зерттеп, ондағы сөздерге сенім артыңыз. Исаға деген берік сенім дамытыңыз. Адамдардың пәлсапасы мен жолдан тайғандардың ілімдеріне жоламаңыз. Екіжүзді өмір сүруден және күнә жасаудан аулақ болыңыз. Ехобаның жоғары нормаларына сай өмір сүріңіз. Бәріміз де кешіру арқылы және қажет кезде көмек көрсету арқылы бауырластарды нығайтайық. Осылай етер болсақ, ешқандай қиындыққа қарамай, шындық жолында жүре береміз!

49-ӘН Ехобаның жүрегін қуантайық

^ 5-абзац Біз өтіріктің әкесі Шайтан билік еткен дүниеде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан шындық жолымен жүру бізге өте қиын болуы мүмкін. Б. з. I ғасырының аяғында өмір сүрген мәсіхшілер де қиындықтарға кезіккен. Ехоба оларға да, бізге де көмек болсын деп киелі рухы арқылы елші Жоханға үш хат жаздырды. Бұл хаттардан қандай кедергілерге кезігетінімізді және оларды қалай жеңуге болатынын білеміз.

^ 3-абзац Жоханның хаттарының жазылу тарихы” деген қоршауды қараңыз.

^ 6-абзац Кейбір есімдер өзгертілген.

^ 6-абзац Бұл басылым орыс тілінде қол жетімді. “Жизнь — как она возникла? Путем эволюции или путем сотворения?”

^ 11-абзац 2018 жылғы “Күзет мұнарасының” тамыз айындағы санынан “Ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткіздіңіз бе?” деген мақаланы қараңыз.

^ 60-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Жас қыз бауырлас мектепте гомосексуализмді кәдімгі нәрсе етіп көрсететін насихатты барлық жерде көріп, естіп жүреді. (Кейбір мәдениетте кемпірқосақтың түстері гомосексуализмге нұсқайды.) Кейінірек, ол өз нанымдарының дұрыс екеніне толықтай сенімді болу үшін ізденіс жүргізеді. Осының арқасында ол қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдайды.