Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

29-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Әлсіз кезімде күштімін”

“Әлсіз кезімде күштімін”

“Мәсіх үшін әлсіз болудан, қорлық, мұқтаждық, қуғын-сүргін, қиыншылық көруден рақат табамын” (ҚОР. 2-Х. 12:10).

38-ӘН Құдай саған күш береді

АҢДАТПА *

1. Елші Пауыл нені ашық мойындаған?

ЕЛШІ ПАУЫЛ кейде өзін әлсіз сезінетінін ашық мойындаған. Ол “тәні тозып әлсірегенін”, дұрыс нәрсені жасау қиынға соққанын және Ехоба дұғаларына әрдайым өзі күткендей жауап бермегенін айтқан (Қор. 2-х. 4:16; 12:7—9; Рим. 7:21—23). Сондай-ақ Пауыл қарсыластары оны әлсіз * адам деп қарастыратынын да білген. Алайда ол өзгелердің жағымсыз көзқарасының және өз әлсіздіктерінің кесірінен өзін түкке тұрғысыз сезініп кетпеген (Қор. 2-х. 10:10—12, 17, 18).

2. Қорынттықтарға 2-хат 12:9, 10-ға сай, Пауыл қандай маңызды сабақ түйді?

2 Пауыл маңызды бір сабақ түйді: адам әлсіз кезінде де күшті бола алады (Қорынттықтарға 2-хат 12:9, 10 оқыңыз). Ехоба Пауылға: “Әлсіз кезіңде менің құдіретіме толық ие боласың”,— деп айтқан. Бұл сөздер Ехобаның құдіреті Пауылға қажет кезде күш дарытатынын білдірді. Алдымен қарсыластарымыздан қорлық көргенде неге мұны көңілге алмауымыз керектігін қарастырайық.

“ҚОРЛЫҚ... КӨРУДЕН РАҚАТ ТАБАМЫН”

3. Неліктен біз қорлық көруден рақат таба аламыз?

3 Қорлық көру қай-қайсысымызға да ұнамайды. Жауларымыздан қорлық көргенде, олардың айтқан сөздері көңілімізге тиіп, еңсемізді түсіруі мүмкін (Нақ. с. 24:10). Бірақ біз қарсыластарымыздың қорлығына қалай қарауымыз керек? Біз де Пауыл сияқты “қорлық... көруден рақат таба” аламыз (Қор. 2-х. 12:10). Неліктен? Өйткені қорлық пен қарсылықтар — Исаның шынайы шәкірті екеніміздің дәлелі (Пет. 1-х. 4:14). Иса ізбасарларының қуғындалатынын айтып кеткен (Жох. 15:18—20). Расымен де, бірінші ғасырдағы мәсіхшілер қуғын көрді. Грек мәдениетінің ықпалына берілгендер мәсіхшілерге сауатсыз, төмен адамдар деп қараған. Ал яһудилер болса мәсіхшілерді Петір мен Жохан сияқты “білімі жоқ қарапайым адамдар” деп қарастырған (Ел. іс. 4:13). Мәсіхшілер әлсіз әрі қорғансыз болып көрінді. Олардың саяси ықпалы да, әскери күші де болған жоқ. Сондықтан жұрт оларды мүлдем менсінбеген.

4. Ертедегі мәсіхшілерге қарсыластарының жағымсыз көзқарастары қалай әсер етті?

4 Қарсыластарының жағымсыз көзқарастары ертедегі мәсіхшілерді тоқтатты ма? Жоқ. Мысалы, елші Петір мен елші Жохан Исаның ізбасары болғандары үшін және оның тәлімдерін үйреткендері үшін қуғын көруді мәртебе санады (Ел. іс. 4:18—21; 5:27—29, 40—42). Шәкірттердің ұялуына еш себеп жоқ еді. Бірінші ғасырдағы бұл кішіпейіл мәсіхшілер қарсыластарына қарағанда, адамзат үшін әлдеқайда көп жақсылық жасады. Мысалы, кейбірінің киелі рухтың жетелеуімен жазып кеткен кітаптары әлі күнге дейін миллиондаған адамға үміт беріп, көмек болуда. Сондай-ақ олар уағыздап кеткен Патшалық қазір көкте билік етіп жатыр. Ал болашақта ол бүкіл адамзаттың үстінен билік ететін болады (Мат. 24:14). Сол мәсіхшілерді қудалаған үкіметке келсек, оның билігі әлдеқашан тоқтап, тарихтың тұңғиығына түскен. Ал сол кездегі адал мәсіхшілер қазір көкте патшалар болып отыр. Олардың қарсыластары болса жер қойнауында жатыр. Болашақта олар қайта тіріліп жатса, өздері жек көрген мәсіхшілер уағыздаған Патшалықтың қол астында болады (Аян 5:10).

5. Жохан 15:19-ға сай, неге осы дүниенің адамдары Ехоба куәгерлерін менсінбейді?

5 Бүгінде кейбіреулер Ехоба куәгерлерін менсінбейді, оларды сауатсыз, әлсіз адамдар деп келеке-мазақ етеді. Өйткені біздің көзқарасымыз олардікінен өзгеше. Біз кішіпейіл, жұмсақ, мойынсұнғыш болуға тырысамыз. Ал осы дүние болса көкіректік, дөрекілік, бүлікшілдікті құп көреді. Сондай-ақ біз саясатқа араласпаймыз және ешқандай елдің әскери күшіне қосылмаймыз. Біз осы дүниенің талабына сай келмегендіктен, басқалар бізге жоғарыдан қарайды (Жохан 15:19 оқыңыз; Рим. 12:2).

6. Ехоба өз халқы арқылы қандай ғаламат істер атқаруда?

6 Осы дүние біз жайлы не ойласа да, Ехоба біз арқылы ұлы істер атқарып жатыр. Ол уағыздау ісін адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған деңгейде жүргізіп жатыр. Құдай халқы әдебиеттерді көптеген тілдерге аударып, таратуда, сондай-ақ Киелі кітапты қолданып, миллиондаған адамға өмірлерін жақсартуға көмектесуде. Бұл ғаламат істер тек Ехобаның арқасында атқарылып жатыр. Ол әлсіз болып көрінетін халықты қолданып, таңғажайып істер жасауда. Ал әрқайсысымызды жеке алсақ, Ехоба бізді күшті ете ала ма? Егер ете алса, сол күшке ие болу үшін біз не істеуіміз керек? Қазір елші Пауылдан үйренуге болатын үш жайтты қарастырайық.

ӨЗ КҮШІҢІЗГЕ СЕНІМ АРТПАҢЫЗ

7. Пауылдан қандай сабақ аламыз?

7 Пауылдан алатын бір сабағымыз мынадай: Ехобаға қызмет еткенде, өз күшіңіз бен қабілетіңізге сенім артпаңыз. Пауылдың жағдайы мен қабілеті көп адамды тәнті ететіндей еді. Оның көкірек керіп, өзімшіл болып кетуіне болар еді. Өйткені ол Рим провинциясының астанасы Тарс қаласында өсіп, ер жеткен. Ал Тарс атақты оқу орындары бар өркендеп тұрған қала еді. Пауыл өз заманындағы ең беделді деген яһуди жетекшілерінің бірі Гамалиелдің өзінен тәлім алған (Ел. іс. 5:34; 22:3). Бір кездері Пауылдың яһуди қоғамында қандай да бір ықпалы да болған. Ол: “Яһуди дінін ұстануда ұлттас құрдастарымның көбісінен оздым”,— деген (Ғал. 1:13, 14; Ел. іс. 26:4). Сонда да Пауыл өзіне арқа сүйеп кетпеді.

Пауыл үшін осы дүние бағалы деп есептейтін нәрселер Мәсіхтің шәкірті болу мәртебесінің қасында “түкке тұрғысыз қоқыстай” болды (8-абзацты қараңыз) *

8. Філіпіліктерге 3:8-ге сай, Пауыл өзі бас тартқан нәрселерге қалай қарады және неге ол әлсіз болудан “рақат тапты”?

8 Пауыл осы дүние маңызды санаған нәрселерінен қуана-қуана бас тартты және оларды “қоқыс санады” (Філіпіліктерге 3:8 оқыңыз). Бірақ Мәсіхтің ізбасары болу үшін Пауыл біраз қиындық көрді. Ол өзінің туған халқы үшін жеккөрінішті болды (Ел. іс. 23:12—14). Ол Рим азаматы бола тұра, өзге Рим азаматтарынан жапа шекті. Олар оны ұрып-соғып, түрмеге жапты (Ел. іс. 16:19—24, 37). Бұған қоса, дұрыс нәрсені істеуге қиналғанда, өз кемелсіздігі жанына батты (Рим. 7:21—25). Бірақ Пауыл қарсыластары мен өз қателіктерінің өзін бұғаулап тастауына жол бермеген, қайта, ол әлсіз болудан “рақат тапты”. Неге? Өйткені ол әлсіз болған кезінде Құдайдың күшін сезінді (Қор. 2-х. 4:7; 12:10).

9. Бізде осы әлем маңызды деп санайтын нәрселер болмаса, бұған қалай қарауымыз керек?

9 Егер біз Ехобаның күшіне ие болғымыз келсе, қаншалықты бағалы екеніміз тәндік күшімізге, алған білімімізге, шыққан ортамыз бен дүние-мүлкімізге байланысты деп ойламауымыз керек. Бізді Ехобаның алдында жарамды ететін бұлар емес. Негізінен, Құдай халқының арасында “адами тұрғыдан қарағанда, даналар, күштілер не ақсүйектер көп емес”. Керісінше, Ехоба “осы дүние әлсіз деп санайтындарды” таңдап алған (Қор. 1-х. 1:26, 27). Сондықтан күшіңіз, біліміңіз, шыққан ортаңыз бен дүние-мүлкіңіз қандай болмасын, сіз Ехобаға қызмет ете аласыз. Сізде осы әлем маңызды деп санайтын нәрселер болмаса, мұны Ехобаның күшіне ие болудың мүмкіндігі деп қарастырыңыз. Мысалы, сеніміңізді шайқалтқысы келетін адамдардан қорықсаңыз, Ехобаға дұға етіп, сеніміңізді қорғауға батылдық сұраңыз (Ефес. 6:19, 20). Қандай да бір аурумен күресіп жүрген болсаңыз, қолдан келгенше қызметке атсалыса беру үшін Ехобадан күш сұраңыз. Ехобаның көмегін көрген сайын, сеніміңіз қатайып, өзіңіз де мықты бола түсесіз.

КИЕЛІ КІТАП КЕЙІПКЕРЛЕРІНЕН ҮЛГІ АЛЫҢЫЗ

10. Неге біз Киелі кітаптағы, соның ішінде Еврейлерге 11:32—34 тармақтарда жазылған адал кейіпкерлердің үлгілерін зерттеуіміз керек?

10 Пауыл Жазбаларды тыңғылықты зерттеген. Ол Құдай Сөзінде жазылған адал адамдардан көп нәрсеге үйренген. Пауыл еврей мәсіхшілерге жазған хатында Ехобаның адал қызметшілерінің ұзын тізімін келтіріп, солардан үлгі алуға шақырды (Еврейлерге 11:32—34 оқыңыз). Сол адал қызметшілердің біреуін ғана алып көрейік. Мысалы, Дәуіт патша тек жауларынан ғана емес, бір кездері достары болған адамдардан да қиындық көрген. Қазір Пауыл Дәуіттің өмірі жайлы ой жүгірткеннен қалай күш алған болуы мүмкін екенін және біздің Пауылға қалай еліктей алатынымызды көреміз.

Дәуіт жас әрі әлсіз көрінсе де, Ғолиятпен шайқасуға қорықпады. Ол Ехобаға арқа сүйеді, өйткені ол Ехобаның оған Ғолиятты жеңуге күш беретініне сенімді болды (11-абзацты қараңыз)

11. Неге Дәуіт әлсіз болып көрінді? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

11 Мықты жауынгер Ғолиятқа Дәуіт әлсіз болып көрінді. Сондықтан ол Дәуітке менсінбей қарады. Ғолият Дәуітке қарағанда ірі денелі, жақсырақ қаруланған және жақсырақ шыныққан жауынгер болатын. Ал Дәуіт жөндеп қаруланбаған, соғыста ешқандай тәжірибесі жоқ жас жігіт еді. Бірақ ол әлсіз болып көрінгенмен, шын мәнінде мықты болды. Өйткені Дәуіт Ехобаның күшіне арқа сүйеді. Соның арқасында ол Ғолиятты жеңіп шықты (Сам. 1-ж. 17:41—45, 50).

12. Дәуіт тағы қандай қиындық көрді?

12 Дәуіт өзін әлсіз күйге түсірген тағы бір қиындыққа кезікті. Ол Ехобаның өзі Исраилге патша етіп тағайындаған Саулға адал қызмет еткен еді. Саул патша алғашында Дәуітті құрметтеп жүрді, бірақ кейін көкіректікке салынып, оған қызғанышпен қарай бастады. Саул Дәуітке жамандық жасап, тіпті оны өлтірмек болды (Сам. 1-ж. 18:6—9, 29; 19:9—11).

13. Дәуіт Саул патшадан әділетсіздік көргенде не істеді?

13 Саулдан әділетсіздік көрсе де, Дәуіт Ехоба тағайындаған патшаға құрмет көрсете берді (Сам. 1-ж. 24:6). Дәуіт Саулдың жасаған жамандықтары үшін Ехобаны кінәламады. Қайта, оған арқа сүйеп, оның осы қиындыққа төзуге күш беретініне сенімді болды (Зәб. 18:1 және кіріспе).

14. Пауыл Дәуіттікіне ұқсас қандай қиындықтарға кезікті?

14 Елші Пауыл да Дәуіттікіне ұқсас жағдайларды бастан кешкен. Пауылдың жаулары оның өзінен әлдеқайда мықты болды. Сол кездегі көптеген саяси және діни жетекшілер Пауылды жек көрді. Олар жиі Пауылды дүре соқтыртып, түрмеге жапқызған. Сондай-ақ Дәуіт сияқты, Пауыл да өзімен дос болатын жөні бар адамдардан жамандық көрген. Мәсіхшілер қауымында кейбіреулер Пауылға тіпті қарсы шыққан (Қор. 2-х. 12:11; Філіп. 3:18). Алайда Пауыл өзіне қарсы шыққандардың бәрін жеңді. Қалайша? Ол ешқандай қарсылыққа қарамай, уағыздауды жалғастыра берді. Сондай-ақ көңілін қалдырған кездері де бауырластарын жақсы көре берді. Бәрінен де маңыздысы — ол өмірінің соңына дейін Құдайға адал болып қалды (Тім. 2-х. 4:8). Ол бұл қиындықтың бәрін өзі мықты болғандықтан емес, Ехобаға арқа сүйегендіктен жеңе алды.

Сеніміңіз сынға алынған жағдайларда өзгелерге құрмет пен мейірімділік танытып сөйлеңіз (15-абзацты қараңыз) *

15. Біздің мақсатымыз қандай және оған қалай қол жеткізе аламыз?

15 Сіз әріптестеріңізден, сыныптастарыңыздан не Куәгер емес туыстарыңыздан қорлық не қарсылық көріп жүрсіз бе? Қауымда қандай да бір бауырластан жамандық көрген кезіңіз болған ба? Мұндайда Дәуіт пен Пауылдың үлгісін есте ұстаңыз. Сіз жамандықты “әрдайым жақсылықпен жеңіп шыға” аласыз (Рим. 12:21). Бірақ біздің мақсатымыз Дәуіт сияқты, біреудің маңдайына тас қадау емес, қайта, ақжүректі адамдардың жүрегі мен санасына Құдай Сөзін терең енгізу. Бұл мақсатыңызға қол жеткізу үшін, адамдардың сұрақтарына жауап бергенде Киелі кітапқа жүгініңіз, сізге жамандық жасағандарға құрмет пен мейірімділік танытыңыз және бәріне, тіпті жауларыңызға да жақсылық жасай беріңіз (Мат. 5:44; Пет. 1-х. 3:15—17).

ӨЗГЕЛЕРДІҢ КӨМЕГІН ҚАБЫЛ АЛЫҢЫЗ

16, 17. Пауыл нені естен шығармады?

16 Мәсіхтің шәкірті болғанға дейін елші Пауыл Исаның ізбасарларын қудалаған. Ол кезде Пауыл өрескел мінезді жас жігіт болатын (Ел. іс. 7:58; Тім. 1-х. 1:13). Ол Саул деген атпен де танымал еді. Мәсіхшілер қауымын қудалап жүрген Пауылды Исаның өзі тоқтатқан. Иса Пауылға көктен сөйледі және оның көзін соқыр етті. Көз жанарын қалпына келтіру үшін Пауыл өзі қудалап жүрген адамдардан көмек сұрауға мәжбүр болды. Ол жанарын қайтарған Анани есімді шәкірттің көмегін кішіпейілділікпен қабыл алды (Ел. іс. 9:3—9, 17, 18).

17 Кейінірек Пауыл мәсіхшілер қауымының маңызды мүшесіне айналды. Бірақ ол Исаның Дамаскіге барар жолда берген тәлімін ешқашан ұмытпады. Пауыл кішіпейіл болып қала берді және бауырластарының көмегін қуана қабылдады. Ол бауырластарын “тірегім” деп атаған (Қол. 4:10, 11).

18. Неге кейде өзгелердің көмегін қабылдау қиын болуы мүмкін?

18 Пауылдан не нәрсеге үйренсек болады? Ехобаның халқымен енді араласа бастағанда олардың көмегін қабыл алуға асық болған шығармыз. Өйткені өзіміздің рухани нәресте екенімізді және көп нәрсе үйренуіміз керектігін жақсы түсінетінбіз (Қор. 1-х. 3:1, 2). Ал қазір ше? Ехобаға көптеген жылдан бері қызмет етіп келе жатсақ, тәжірибеміз көп болса, өзгелердің ұсынған көмегін, әсіресе шындыққа бізден кейін келген бауырластың көмегін қабыл алу бізге қиын болуы мүмкін. Бірақ Ехоба бізді нығайту үшін жиі бауырластарды қолданады (Рим. 1:11, 12). Сондықтан Ехобаның күшіне ие болғымыз келсе, бауырластардың көмегін қабылдауымыз керек.

19. Пауыл ненің арқасында керемет істер атқара алды?

19 Пауыл мәсіхші болғаннан кейін көптеген керемет істер атқарды. Ненің арқасында? Мына жайтты түсінгенінің арқасында: шыққан ортасы, күші мен білімі және тұрмысы қандай болмасын, адам кішіпейіл болып, Ехобаға арқа сүйесе, көптеген игі істер жасай алады. Бәріміз де Пауылға еліктеп, 1) Ехобаға сенім артайық, 2) Киелі кітап кейіпкерлерінен сабақ алайық және 3) бауырластарымыздың көмегін қабылдайық. Сонда қаншалықты әлсіз болсақ та, Ехоба бізді күшті етеді!

71-ӘН Біз Ехобаның әскеріміз!

^ 5-абзац Бұл мақалада біз елші Пауылдың мысалына тоқталамыз. Сондай-ақ кішіпейіл болсақ, Ехоба келеке-мазаққа төзуге және әлсіздіктерімізді жеңуге күш беретінін қарастырамыз.

^ 1-абзац СӨЗ МӘНІ: Бұл мақаладағы әлсіз деген сөз біреу бізді менсінбегенде, өзімізді түкке тұрғысыз сезінгенде не көңіліміз түскенде болатын сезімге нұсқайды. Өзімізді әлсіз сезінуге кемелсіздік, тұрмыстың нашарлығы, ауру-сырқау, жеткілікті білім алмау сияқты жайттар себеп болуы мүмкін. Бұған қоса, жауларымыз бізді әлсіз сезіндіру үшін сөзбен не іспен шабуыл жасап жатады.

^ 57-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Пауыл Мәсіх жайлы уағыздауға кеткенде, парызшыл болған кезіндегі кейбір заттарын, мысалы, осы дүниелік шиыршықтар мен ішінде жазбалары бар маңдайға тағатын қорапшаны тастап кетті.

^ 61-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Әріптестері бауырласымызды туған күн тойлауға қоймай шақырып жатыр.