Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

44-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Балаңыз өскенде Құдайға қызмет ете ме?

Балаңыз өскенде Құдайға қызмет ете ме?

“Иса өсіп, даналығы да, Құдай мен адамдарға ұнамдылығы да арта берді” (ЛҰҚА 2:52).

134-ӘН Балалар — Құдайдың аманаты

АҢДАТПА *

1. Әрбір адам қабылдай алатын ең жақсы шешім қандай?

АТА-АНАЛАРДЫҢ жасаған таңдауы балаларына қатты әсер етіп, бұның ықпалы жиі ұзақ уақытқа жалғасады. Егер ата-аналар даналықпен таңдау жасамаса, бұның зардабын балалары да көруі мүмкін. Ал егер даналықпен таңдау жасайтын болса, олар балаларының өмірі бақытты әрі мағынаға толы болуына жағдай жасайды. Әрине, балалардың өздері де дұрыс шешімдер қабылдау керек. Әрбір адам қабылдай алатын ең жақсы шешім — көктегі сүюші Әкеміз Ехобаға қызмет ету (Зәб. 73:28).

2. Иса мен оның ата-анасы қандай жақсы таңдаулар жасады?

2 Исаның ата-анасы Жүсіп пен Мәриям балаларының Ехобаға қызмет еткенін қалады және бұл олардың өмірдегі басты мақсаты екені жасаған таңдауларынан анық көрінді (Лұқа 2:40, 41, 52). Иса да жақсы таңдаулар жасады. Бұл оған Ехобаның ниетіндегі өз рөлін атқаруға көмектесті (Мат. 4:1—10). Иса мейірімді, адал, батыл болып ержетті. Бұндай ұл Құдайды қастерлейтін кез келген ата-ананың мақтанышы мен қуанышы болар еді.

3. Бұл мақалада біз қандай сұрақтарға жауап аламыз?

3 Бұл мақалада біз мынадай сұрақтарды қарастырамыз: Ехоба Исаға қатысты қандай жақсы таңдаулар жасады? Мәсіхші ата-аналар Исаның жердегі ата-анасының жасаған таңдауларынан не нәрсеге үйренсе болады? Сондай-ақ мәсіхші жастар Исаның жасаған таңдауларынан не нәрсеге үйрене алады?

ЕХОБАДАН ҮЙРЕНЕРІҢІЗ

4. Ехоба Ұлына қатысты қандай маңызды таңдау жасады?

4 Ехоба Иса үшін тамаша ата-ана таңдады (Мат. 1:18—23; Лұқа 1:26—38). Киелі кітаптағы Мәриямның шын жүректен айтқан сөздерінен оның Ехобаға және оның Сөзіне деген терең сүйіспеншілігін көреміз (Лұқа 1:46—55). Ал Жүсіптің Ехобаның нұсқауына құлақ асқанынан оның Құдайдан қорқатын және оның көңілінен шыққысы келген адам болғанын көруге болады (Мат. 1:24).

5, 6. Ехоба өз Ұлының қандай жағдайларды бастан кешуіне жол берді?

5 Байқасаңыз, Ехоба Иса үшін дәулетті ата-ана таңдаған жоқ. Жүсіп пен Мәриямның Иса туылғанда ұсынған құрбандығынан олардың кедей тұрғанын көреміз (Лұқа 2:24). Жүсіп ағаш ұстасы болып Назареттегі үйінің қасындағы кішігірім шеберханада істеген болуы мүмкін. Отбасылары кем дегенде жеті баладан тұрғандықтан, олардың өмірлері өте қарапайым болған болса керек (Мат. 13:55, 56).

6 Ехоба Исаны кейбір қауіп-қатерлерден қорғап қалған, десе де ол Ұлын барлық қиындықтардан қалқалап отырмаған (Мат. 2:13—15). Мысалы, Исаның кейбір туыстары оған сенбеген. Мәсіх екеніне өз үй ішінің бірден сенбегені оған қалай ауыр тигенін елестетіп көріңізші (Мар. 3:21; Жох. 7:5). Өгей әкесі Жүсіп Исаның бала кезінде қайтыс болған болса, бұл да оның жанына қатты батқан болса керек. Иса үйдің тұңғышы болғандықтан, оған әкесінің өлімінен кейін отбасылық кәсіпті өз мойнына алуға тура келген болар (Мар. 6:3). Иса өсе келе үй ішін қамқорлауды үйренді. Ол отбасын асырау үшін ауыр еңбек еткен болуы мүмкін. Иса күні бойы жұмыс істеп, шаршаудың не екенін жақсы білген.

Ата-аналар, балаңызға Құдай Сөзіне жүгінуді үйретіп, оны өмірде жиі кездесетін қиындықтарға дайындаңыз (7-абзацты қараңыз) *

7. а) Ерлі-зайыптылар бала тәрбиелеу үшін қандай сұрақтар жайлы ойлану керек? ә) Нақыл сөздер 2:1—6 тармақтарға сай, ата-аналар балаларын не нәрсеге үйретулері керек?

7 Егер сіздер неке құрған болсаңыздар және балалы болуды қаласаңыздар, мына сұрақтар жайлы ойланып көріңіздер: “Біз Ехобаны және оның Сөзін жақсы көретін кішіпейіл адамдармыз ба? Ехоба сәбидің бағалы өмірін сеніп тапсыру үшін бізді таңдар ма еді?” (Зәб. 127:3, 4). Ал егер бала тәрбиелеп отырған ата-ана болсаңыз, былай деп ойланып көріңіз: “Мен балама ауыр еңбек етудің жақсы екенін үйретемін бе? (Уағ. 3:12, 13). Балаларымды Шайтанның дүниесінде кезігуі мүмкін физикалық және моральдық қауіп-қатерден қорғау үшін қолымнан келгеннің бәрін істеймін бе?” (Нақ. с. 22:3). Әрине, балаларыңызды бастарына түсуі мүмкін барлық қиындықтан қалқалай алмайсыз. Бұл мүмкін емес. Бірақ сіз балаңызды өмірде жиі кездесетін қиындықтарға дайындай аласыз, бұл үшін оған Құдай Сөзіне жүгінуді үйрете беріңіз (Нақыл сөздер 2:1—6 оқыңыз). Мысалы, туысыңыз Ехобаны тастап кетсе, Киелі кітапты қолданып, балаңызға Ехобаға адал болып қалудың неліктен маңызды екенін түсінуге көмектесіңіз (Зәб. 31:23). Ал егер жақыныңыз қайтыс болса, балаңызға қайғымен күресіп, жантыныштығына ие болу үшін Құдай Сөзін қалай қолдануға болатынын үйретіңіз (Қор. 2-х. 1:3, 4; Тім. 2-х. 3:16).

ЖҮСІП ПЕН МӘРИЯМНАН ҮЙРЕНЕРІҢІЗ

8. Жүсіп пен Мәриям Мұсаның 5-жазбасы 6:6, 7-де жазылған қандай нұсқауға сай әрекет етті?

8 Жердегі ата-анасы Исаны Құдайдың көңілінен шығатын ер жігіт етіп тәрбиеледі. Жүсіп пен Мәриям Ехобаның ата-аналарға берген нұсқауына сай әрекет етті (Мұсаның 5-жазбасы 6:6, 7 оқыңыз). Олар Ехобаны қатты жақсы көрді және олардың өмірдегі басты мақсаттары осындай сүйіспеншілікті балаларының да жүрегіне ұялату болды.

9. Жүсіп пен Мәриям қандай маңызды таңдау жасады?

9 Жүсіп пен Мәриям бүкіл отбасымен рухани кестені мықтап ұстануды таңдады. Күмән жоқ, олар апта сайын Назареттегі мәжілісханаға барған, сондай-ақ жыл сайын Иерусалимдегі Құтқарылу мейрамына барып тұрған (Лұқа 2:41; 4:16). Олар отбасымен бірге Иерусалимге сапар шеккенде, Исаға және оның бауырларына Құдай халқының тарихы жайлы айтып берген болар, сондай-ақ Жазбаларда айтылған жерлерді көрсеткен шығар. Отбасында бала саны артқан сайын, Жүсіп пен Мәриямға рухани кестені мықтап ұстану қиындай түссе керек. Десе де олар еңбегінің мол жемісін көрді! Олар Ехобаға ғибадат етуді басты орынға қойғанның арқасында отбасылары Ехобаға жақын болып қалды.

10. Мәсіхші ата-аналар Жүсіп пен Мәриямнан не нәрсеге үйренсе болады?

10 Құдайдан қорқатын ата-ана Жүсіп пен Мәриямнан не нәрсеге үйрене алады? Бәрінен бұрын, балаларыңызға Ехобаны қатты жақсы көретініңізді сөзіңізбен және ісіңізбен көрсетіңіз. Мынаны да түсініңіз: балаларыңызға бере алатын ең керемет сыйыңыз — оларға Ехобаны жақсы көруді үйрету. Сондай-ақ балаңызға рухани кестені мықтап ұстанып, Құдай Сөзін зерттеуді, дұға етуді, қауым кездесулеріне баруды және уағызға шығуды үйретсеңіз, бұл балаңызға жасаған ең бағалы жақсылықтарыңыздың бірі болады (Тім. 1-х. 6:6). Әрине, балаңызды материалдық нәрселермен де қамтамасыз етуіңіз керек (Тім. 1-х. 5:8). Бірақ мынаны ұмытпаңыз: балаңызға осы дүниенің ақырында аман қалып, Құдайдың жаңа дүниесіне өтуге материалдық нәрселер емес, Ехобамен жақын қарым-қатынасы көмектеседі * (Езек. 7:19; Тім. 1-х. 4:8).

Мәсіхші ата-аналардың өз отбасыларына қатысты дұрыс таңдау жасап жатқандарын көріп, қатты қуанамыз! (11-абзацты қараңыз) *

11. а) Тімөтеге 1-хат 6:17—19 тармақтарда жазылған кеңес бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға дұрыс таңдау жасауға қалай көмектеседі? ә) Отбасыңызбен қандай мақсаттар қойсаңыз болады және бұның қандай батасын көресіз? (“ Отбасыңыздың мақсаттары қандай?” деген қоршауды қараңыз.)

11 Көптеген мәсіхші ата-аналардың өз отбасыларына қатысты дұрыс таңдау жасап жатқандарын көріп, қатты қуанамыз! Олар үнемі Ехобаға бірлесе ғибадат етеді. Олар қауым кездесулері мен конгрестерге барады және уағызға шығады. Кейбір отбасылар тіпті сирек уағыздалатын аумақта уағыздайды. Өзгелері Бетелге экскурсияға барады, сондай-ақ теократиялық құрылыс жобаларына қатысады. Осындай істерге қатысуды таңдаған отбасыларына қаржылай құрбандықтарға баруға тура келеді және осы үшін олар қиындықтарға да кезігуі мүмкін. Бірақ нәтижесінде көретін баталары оларды рухани байытады (Тімөтеге 1-хат 6:17—19 оқыңыз). Осындай отбасында өскен балалар жиі жақсы әдеттерінен еш айнымайды және ата-аналарынан осындай тәрбие алғандарына қатты қуанады! (Нақ. с. 10:22).

ИСАДАН ҮЙРЕНЕРІҢІЗ

12. Неге Иса есейгенде өзі таңдау жасау керек еді?

12 Исаның көктегі Әкесі де, жердегі ата-анасы да Исаға қатысты дана шешімдер қабылдаған. Алайда Иса ержеткенде өзі таңдаулар жасау керек еді (Ғал. 6:5). Өйткені бәріміз сияқты, Исаның да таңдау еркі болды. Оның өз қалауларын басты орынға қоюды таңдауына болар еді, бірақ ол Ехобамен жақсы қарым-қатынасын сақтауды таңдады (Жох. 8:29). Оның үлгісі бүгінгі жастарға қалай көмектесе алады?

Жастар, ата-аналарыңның тәрбиесіне құлақ асыңдар (13-абзацты қараңыз) *

13. Иса ерте жастан қандай маңызды таңдау жасады?

13 Иса ерте жастан ата-анасына мойынсұнуды таңдады. Ол өзім көбірек білемін деп, ешқашан ата-анасының тәрбиесінен бас тартпаған. Қайта, ол ата-анасына “әрі қарай да мойынсұнып жүрген” (Лұқа 2:51). Үйдің үлкені болғандықтан, Исаға кейбір міндеттер жүктелгені сөзсіз. Ол осы міндеттерін атқаруға барын салған болар. Иса отбасын асырауға көмектесу үшін өгей әкесінен ұста болуды үйренді, бұл да ауыр еңбек етуді талап еткені анық.

14. Исаның Құдай Сөзін тыңғылықты зерттегенін қайдан білеміз?

14 Ата-анасы Исаға оның қалай керемет түрде туылғанын және Құдайдың хабаршылары ол туралы не дегенін айтып берген шығар (Лұқа 2:8—19, 25—38). Бірақ Иса осы естігендерімен ғана шектелмей, өзі де Жазбаларды тыңғылықты зерттеді. Мұны неден көруге болады? Ол әлі бала болған кезінде Иерусалимдегі ұстаздар “оның ұғымталдығына және берген жауаптарына қайран қалған” (Лұқа 2:46, 47). Иса Жазбаларды тыңғылықты зерттегені сонша — ол небәрі 12 жасында-ақ Ехоба оның Әкесі екенін түсініп алған (Лұқа 2:42, 43, 49).

15. Иса Ехобаның еркін орындауды таңдағанын қалай көрсетті?

15 Иса Ехобаның еркінде өзінің қандай рөл атқаратынын түсінгенде, ол өзіне жүктелген тапсырманы орындауды таңдады (Жох. 6:38). Иса көп адам оны жек көретінін білді. Бірақ бұлай болғанын қаламаса да, ол Ехобаға мойынсұнуды таңдады. Б. з. 29 жылы шомылдыру рәсімінен өткенде, Иса бар назарын Ехобаның еркін орындауға аударды (Евр. 10:5—7). Ол азап бағанасында өлейін деп жатқан кезде де, Әкесінің еркін орындауға деген шешімінен еш таймады (Жох. 19:30).

16. Балалар Исаға қай жағынан еліктей алады?

16 Ата-анаңа мойынсұн. Жүсіп пен Мәриям сияқты, сенің де ата-анаң кемелсіз. Алайда Ехоба сені қорғауды, тәрбиелеп, бағыт-бағдар беруді ата-анаңа тапсырды. Егер сен Иса сияқты, ата-анаңның ақыл-кеңесіне құлақ ассаң және олардың құзырын сыйласаң, “өзіңе жақсы болады” (Ефес. 6:1—4).

17. Ешуа 24:15-ке сай, жастар нені шешіп алулары қажет?

17 Кімге қызмет ететініңді шешіп ал. Сен Ехобаның кім екенін, оның еркіне не жататынын және оның еркін қалай орындай алатыныңды түсініп алуың қажет (Рим. 12:2). Сонда сен өміріңдегі ең маңызды шешімді қабылдай аласың, бұл — Ехобаға қызмет ету (Ешуа 24:15 оқыңыз; Уағ. 12:1). Егер Киелі кітапты кесте бойынша жүйелі түрде оқып, зерттейтін болсаң, Ехобаны одан сайын жақсы көріп кетесің, сенімің де әлдеқайда мықты болады.

18. Жастар қандай таңдау жасаулары керек және мұның нәтижесі қандай болады?

18 Ехобаның еркін өміріңде басты орынға қоюды таңда. Шайтанның дүниесі қабілет-дарындарыңды өз пайдаң үшін қолдансаң, бақытқа жетесің деп уәде етеді. Бірақ шындығында материалдық нәрселерге ұмтылатын адамдар “көптеген қайғы-қасіретке ұшырайды” (Тім. 1-х. 6:9, 10). Ал Ехобаны тыңдап, оның еркін өмірде бірінші орынға қоюды таңдасаң, “жемісті болып, даналықпен әрекет етесің” (Ешуа 1:8).

СІЗ НЕ ІСТЕУДІ ТАҢДАЙСЫЗ?

19. Ата-аналар нені есте ұстаулары керек?

19 Ата-аналар, балаларыңыз Ехобаға қызмет ету үшін, қолыңыздан келгеннің бәрін істеңіз. Ехобаға арқа сүйеңіз, сонда ол сізге дана таңдаулар жасауға көмектеседі (Нақ. с. 3:5, 6). Мынаны есте ұстаңыз: балаларыңызға айтқан сөздеріңізден гөрі істеген істеріңіз көбірек әсер етеді. Ендеше, жасаған таңдауларыңыз балаларыңызға Ехобаның ықыласына ие болуға көмектесетіндей болсын!

20. Жастар Ехобаға қызмет етуді таңдаса, қандай баталарға кенеледі?

20 Жастар, ата-аналарың сендерге өмірде дана таңдаулар жасауға көмектесе алады. Бірақ Құдайдың ықыласына ие болу өздеріңе байланысты. Сондықтан Исаға еліктеп, көктегі сүюші Әкелеріңе қызмет етуді таңдаңдар. Сонда өмірлерің қызықты әрі мән-мағынаға толы болады (Тім. 1-х. 4:16). Ал болашақта ең керемет өмірдің рақатын көресіңдер!

133-ӘН Ехобаға жастайыңнан қызмет ет

^ 5-абзац Мәсіхші ата-аналар балаларының есейгенде бақытты болып, Ехобаға қызмет еткендерін қалайды. Бұл үшін ата-аналар қандай таңдау жасау керек? Ал мәсіхші жастар шынайы табысқа қол жеткізу үшін қандай таңдау жасау қажет? Бұл мақалада біз осы сұрақтардың жауабын білеміз.

^ 10-абзац “Ехоба таза ғибадатты қалпына келтірді!” кітабын қараңыз (69, 70-б., 17, 18-абз.).

^ 65-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Мәриям кішкентай Исаның жүрегіне Ехобаға деген терең сүйіспеншілік ұялатқан болса керек. Бүгінде аналар да балаларының жүрегіне Ехобаға деген сүйіспеншілік ұялата алады.

^ 67-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Жүсіп отбасымен бірге мәжілісханаға баруды маңызды санаған болса керек. Бүгінде әкелер де отбасымен бірге қауым кездесулеріне баруды маңызды санаса болады.

^ 69-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Иса әкесінен пайдалы істерді меңгеріп алды. Бүгінде жастар да әкелерінен пайдалы істерге үйренсе болады.